Жексенбі, 24 Қараша 2024
Арылу 3690 4 пікір 17 Наурыз, 2022 сағат 13:09

Мәслихат Тәуелсіз болмай, әкім әділ болмайды!

Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың бұл жолғы Жолдауын қалың жұртшылықтың тағатсыздана күткені рас. Өйткені бұл Жолдаудың орны бөлек еді. Мемлекет басшысының өзі айтқандай, күні кешегі «Қаңтар оқиғасы» айқын көрсеткендей, қоғамымызда саяси реформаны жүзеге асыру секілді күрделі мәселелердің толғағы әбден жеткен еді. Жолдауда ол проблемалар толық көрініс тауып, халықтың көңілінде күпті болып жүрген дүниелердің толық қамтылғаны байқалады.

Бұл жолғы Жолдауда алдымен рухани дүниелерге ерекше көңіл бөлінгендігі байқалып тұр. Мәселен, бұрынғы Шығыс Қазақстан облысы деген сүреңсіз де мағынасыз жер атауы еліміздің қасиетті есімдері – хакім Абай, бұрынғы Жезқазған облысы Ұлытау атауын алды. Алматы облысы да екіге бөлініп, бірінің орталығына заманымыздың ұлы тұлғасы - Дінмұхаммед Қонаевтың есім берілуі тарихи әділеттіктің орнауы десек, артық айтқандық болмас.

Сонымен қатар, бұрынғы ешбір билігі жоқ, тек атауы ғана бар Конституциялық кеңестің орнына Конституциялық соттың құрылуы саяси реформаға соны серпін берері сөзсіз. Ал Президент туыстарының жоғары саяси лауазымдарға қойылмауы – келешекте мемлекет басшысының маңайындағы билікті шағын ғана топ өз мақсатына пайдаланып, халық байлығын иемденіп кетуіне жол бермейтін механизмді дүниеге әкелді. Бұл – бұрынғы Президенттің ең осал тұсы еді. Билік пен байлыққа әбден мастанған, халықтың жай-күйін мүлдем ұмытқан туысқандар тобырының әбден шектен шыққан қылығы ақыры кешегі қанды қаңтарға әкеліп соққандығы белгілі. Келешекте мұндай бассыздыққа тосқауыл қойып, олардан сабақ алу – бүгінгі биліктің парызы.

Дей тұрсақ та, Жолдауда айтылғанмен келешекте толық жүзеге аса қоюы неғайбыл екі проблемаға ерекше тоқталмақ ниеттеміз. Оның біріншісі – облыс әкімдерін екі кандидат арқылы баламалы түрде тағайындау.

Бұл жерде жергілікті мәслихаттардың рөлі күшеймек. Міне, дәл осы жерде күмәнді ой белең алады. Біріншіден, мына мәслихаттың қазіргі күйі көңіл көншітпейді. Ондағылардың барлығы дерлік әкімнің өз адамдары, түгелімен «сен тимесең, мен тимен бадырақ көздер». Өзіндік пікір айтуға батылы бармайтын, өйткені қызметімен немесе бизнесімен сол әкімге тікелей тәуелді жандар.

Олар облысқа жалғыз қожа болған әкімнің бюджет ақшасын қалай шашам десе де қыңқ етуге шамалары жоқ, ештеңе жаны аши қоймайтын уақытша отырған адамдар екендігі екінің-біріне айқын. Демек, бұларды алдағы уақытта халыққа адалдығымен, белгілі жеке тұлғалармен және тәуелсіз партия өкілдерімен нығайтса ғана, өз өкілеттігін орындай алады.

Сосын, келешек әкім болатын жандардың бағдарламалары баспасөз беттерінде жарияланып, олардың қалай орындалатын жолдары көрсетілуі тиіс. Егер сол қызмет жасаған уақытында ол бағдарламаны орындай алмаса, демагогтар қатарына жатқызылып, қызметтен мүлдем шететілуі шарт.

Сонымен қатар олардың қызмет мерзімін айқындап, биік басында әкесінен қалған мұрадай жабысып алып, айырылмайтын үрдістен арылтқан жөн. Одан әрі мұндай әкімдерді қазіргі кейбіреулері секілді жетпіске дейін тапжылтпай ұстамай, зейнеткер жасына жеткен соң, қош айтысқан дұрыс.

Елімізде қырықтан енді ғана асқан білімді де ақылды жастар жетіп артылады. Өзгесі түгілі, бір кезде «Болашақ» бағдарламасымен оқып келген жас жеткіншектердің өзі қазірде мосқал тартып қалды. Міне, осы талаптар орындалғанда ғана халық мүддесімен өмір сүретін әкімдер командасы қалыптасуы әбден мүмкін.

Ендігі бір өзекті мәселе - баспасөз жайы, әсіресе, қазақ баспасөзі жайлы. Жолдауда журналистердің еркін де ашық қызмет етуіне жағдай жасалуы қажет екендігі, оларды арнайы тапсырыспен қол-аяғын байлап-матап тастамауы жайы анық айтылды.

Шындығында қазіргі қазақ баспасөзі үлкен тоқырау үстінде. Әрине, олардың мемлекеттік тапсырыссыз, бюджет қаражатынсыз өмір сүре алмайтындығы белгілі. Алайда бұл жағдай олардың материалдарды обьективті түрде, шыншылдық тұрғысынан жазуға үлкен кедергі болып жүр.

Егер әлдеқалай бір облыстық газет сол өңірдегі толлғағы жеткен проблемаларды жазып, кей тұста жергілікті билікке жақпай қалатын деректер келтірсе, ол түбі мемлекеттік тапсырыстан мүлдем қағылып қалуы да ғажап емес. Сондықтан да ондағы журналистер мұндай пәлелі жерлерден аулақ жүріп, тек әкімнің құлағына майдай жағатын дүниелерді, мемлекеттік тапсырыстағы көрсетілген тақырыпты ғана қамтып, әкімнің жүрген-тұрғандығы жіпке тізетін материалдарды ғана жазуға мәжбүр. Ол үшін көп таланттың қажеті жоқ. Ондай сүреңсіз дүниелерді жазуға машықтансаң болғаны. Ізденудің, фактілер іздеп шаршаудың мүлдем қажеті жоқ. Онсыз да тәп-тәуір күн көруге болады. Ал бұл тоқырауға, журналистикалық шеберліктің күйреуіне алып келеді. Демек, келешекте мемлекеттік тапсырысқа тек аса қажетті тақырыптарды ғана белгілеп, журналистерге кеңірек мүмкіндік берген жөн. Әкім жиналыс өткізсе немесе жұрттың өз ақшасымен алған пәтерлерінің кілтін салтанатпен тапсырса, оның бұл тікелей жұмысы. Сол үшін де олар елде жоқ айлық - 2 миллион теңге шамасында жалақы алады.

Сосын облыстық газет редакторларын да конкурстық жүйемен ғана, таланттыларын іріктеп алған жөн. Әйтпесе, қазіргі таңдағы не әкімге жағымпаздық мақалдарымен көзге түскен жандар, не газетті басқаратын мемлекетік орган - ішкі саясат басқармасының басшысының жақын дос-жараны болсаң, жетіп жатыр. Сосын жетпісті желкелеп қалғанша әкімнің жырын жырлап отыра бер. Мұртың қисаймайды, атақ-абыройдан да кенде болмайсың. Ал сол жердегі журналистика мүлдем құлдыраса, ол сенің шаруаң емес. Ең бастысы, құрылтайшың аман болсын. Мінекей, қазақ журналистикасының түбіне жеткен де осы.

Жолдаудан түйген ойымыздың бірер түйіні осындай еді.

Жайберген Болатов

Abai.kz

4 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1496
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3267
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5627