Жексенбі, 24 Қараша 2024
Билік 2785 4 пікір 17 Наурыз, 2022 сағат 15:50

Жоғарғы Сотқа: Адвокат адвокатқа араша сұрайды

Естеріңізде болса, 2018 жылы Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорының (БЖЗҚ) бұрынғы басшысы Руслан Ерденаев 12 жылға сотталды. Ол «қор қаржысын талан-таражға салды және пара алды» деп айыпталған. Сот шешімімен Ерденаевқа өмір бойы мемлекеттік қызметпен айналысуға тыйым салған.  Осы істе Руслан Ерденаевқа қорғаушы болған Гүлнар Смағұлова да кейін, 2020 жылы Алматы қалалық мамандандырылған қылмыстық істер жөніндегі сотының шешімімен, 11 жылға сотталған болатын.

Жуырда Гүлнар Смағұловаға жақындары мен қорғаушысы Жоғарғы Сотқа шағым түсіріп, адвокат Смағұловаға араша сұрапты. Қорғаушы Мейрам Шаймерденов өзінің әріптесіне шыққан үкім заңсыз деп санайды. Оның айтуынша, Г.Смағұлова БЖЗҚ-ның бұрынғы төрағасы Руслан Ерденаевтың қорғаушысы болған.

Экс-төраға 12 жылға сотталып кеткен соң, оның туыстары ҰҚКД қызметкерлерінің және адвокаттардың үстінен пара алды және бопсалады деп арызданған. Адвокат Шаймерденовтың сөзінше, Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі ешқандай дәлел болмағандықтан, істі қысқартып тастаған. Алайда, арада бір жыл өткенде Алматы қалалық Полиция департаменті қос адавокаттың үстінен іс қозғап, сотқа жібереді.

Біз Гүлнар Смағұлқызының қорғаушысы Мейрам Шаймерденовтен пікір сұраған едік...

Мейрам Шаймерденов, қорғаушы:

- Мен Гүлнар Смағұлқызын сотта қорғағанмын. 2020 жылы қылмыстық ісі бойынша Алматы қаласында сот отырысы болды. Оның заңсыз сотталғаны айқын көрініп тұр.

Гүлнар Смағұлқызы өзі адвокат. Гүлнар Смағұлқызы Александр Блок атты адвокатпен бірге Алматы зейнетақы қорының бұрынғы төрағасы, қазір түрмеде жазасын өтеп жатқан Руслан Ерденаевтың қорғаушысы болады. Ерденаев қордан 6 миллиард теңге ұрлап, белгісіз бір компания арқылы шетелге шығарады. Ол 12 жылға сотталды. Осы іс барысында Руслан Ерденаевтың ағасы болып келетін Ерден Ерденаев деген кісі Гүлнар Смағұлқызынан көмек сұрайды. Ерден Ерденаев пен Гүлнар Смағұлқызы бұрыннан жақсы достық қарым-қатынаста болған, аралас-құралас адамдар.

Ерденаевтың үстінен Алматы облысы департаменті іс қозғайды. Тергеу кезінде Ерденаевқа «егер қылмысты мойындаса, қылмысқа қатысы бар тұлғаларды атаса және кім пәрмен бергенін айтса, жазасын жеңелдетеміз» деген ұсыныс болған. Бірақ Ерденаев ұсыныстан бас тартады да 12 жылға сотталып кетеді.

Ерденаевтың ағасы Гүлнар Смағұлқызымен сөйлескен барлық сөзін аудиожазбаға жазып жүреді. Осылайша Ерденаев сотталып кеткен соң, оның ағасы Гүлнар Смағұлқызына «берген ақшамды қайтар» дейді. Менің түсінгенім бойынша, Гүлнар Смағұлқызы ешқандай пара алмаған. Ерденавтың ағасы айтқан ақшаға қатысы жоқ. Ерден Ерденаев пен Руслан Ерденаевтың әйелі Елена Ли Гүлнар Смағұлқызы мен Александр Блоктың үсінен «пара алды» деп, Бас прокуратураға шағым түсіреді.

Бұл арыз бойынша Алматының жемқорлыққа қарсы комитеті тергеу жұмыстарын жүргізеді, бірақ істі қысқартады. Кейбір материалды алып, Алматы полиция департаментіне жібереді. Олар «алаяқтық» бойынша іс қозғайды да, сотқа жібереді. Сот басты дәлел ретінде Ерден Ерденавтың бір жыл бұрын, іс қозғалмай тұрып жазып алған аудиожазбасын «дәлел» ретінде қабылдап отыр.

Бізде 2006 жылы 20 сәуірде шығарған соттың қаулысы бар. Сол жерде 21-ші бапта көрсетілген, бейнежазба, аудиожазбаны заңсыз басқа адам жазып алған болса, ол дәлел болып саналмайды. Бірақ тергеу мен сот оны дәлел ретінде қабылдап, Гүлнар Смағұлқызын 11 жылға бас бостандығынан айырды.

Бұл заңсыз. Алматы апелляциялық сотының өзі бұл жағдайды көзге ілмеген. Көптеген кәсіби өрескел заң бұзушылықтар болды. Біріншіден, аудиожазба – заңсыз. Егер тергеу барысында заң қызметкерлері жасаған жазба болса, онда сөзсіз заңды болар еді.

Екіншіден, Жемқорлыққа қарсы күрес комитеті тергеу жүргізген кезде 2019 жылғы 24 қыркүйекте істі қысқартады. Бірақ сот сараптамасы қарашада іс қысқартылғаннан кейін жүргізіледі. Сот сараптамасын тергеу кезінде жасау керек қой. 24 қыркүйекте іс қысқартылады, қараша айында сот сараптама қорытындысын шығарады. Соны іске тігіп, дәлел қылып отыр. Бірінші сот кезінде де, аппеляциялық сотта да айттық. Ешкім мән бермеді.

Үшіншіден, тергеу уақыты. Бір созып, бір тоқтатып болды. Тоқтату үшін бірнеше себеп керек, қылмыскер анықталмаған, қашып кеткен, шетелге кеткен т.с.с. жағдайларда тоқтатуға болады.  Ал бұл жерде ондай жоқ. Теугеуді тоқтатып қойып, сот сараптамасын жүргізе берген.

Төртіншіден, бейнетаспа дискіге жазылған болатын. Бірінші рет дәлел ретінде Ерденаев пен Ли берген дискілер келесі жолы жоқ болып кетті. Орнына басқа дискілерді алып келді. Біз түсінбедік. Сотта анықтап, дәлелдеп айттық. Бір дискіден басқа дискіге жазып алып келген.

Бесіншіден, Қылмыстық кодекстің 367-ші бабы «пара беру» бойынша Алматы полиция департаменті іс қозғайды және тергеу жұмыстарын жүргізді. Прокурор кейіннен өзінің қаулысымен полиция департаментіне жүктейді. Прокурордың қаулысы заңсыз. Себебі, мұндағы айтылған пара көлемі  ауыр қылмысқа жатады. Ірі жаза 10-15 жылға дейін беріледі. Мұны тек жемқорлыққа қарсы күрес комитеті ғана тергеп, іс қозғауға құқылы.  Біз мұны да айттық. Біздің өтінішті қараған да жоқ. Үкімде жазбаған. Қалай жазады? Заң бұзушылық екенін сот біліп отыр. Осындай өрескел заңсыздықтар болып, Гүлнар Смағұлқызы 11 жылға жазықсыз бас бостандығынан айырылды. Қылмыстық кодекстің 367-ші бабы «пара беру» және 190-шы бап «алаяқтық» бойынша сотталып отыр.

Мен параны кім, қалай, қайда бергенін білмеймін. Мұнда тек Ерден Ерденаевтың сөзі қаперге алынып отыр. Оның сөзінің рас-өтірігі тексерілуі керек. Ол сотта: «Александр Блокқа 50 мың доллор бердім»,- деді. Алдында «100 мың доллор бердім»,- деді. Гүлнар Смағұлқызы «алдым», деп мойындамады. Гүлнар Смағұлқызы: «Бұл ақшаға ешқандай қатысым жоқ, қызметіме гонорар төледі, мен жұмыс істедім», - деді.

Біз қазір Жоғарғы сотқа істі қайта қарауға өтініш бердік. Жоғарғы сот заңды әділ шешім шығарады деп сенеміз. Басқа амал жоқ. Қазіргі күні өзгерістер болып жатыр. Бұрын заңсыз шығарылған үкімдер күшін жойып жатыр. Бізде содан үміттіміз. Гүлнар Смағұлқызы қазір 56 жаста, заңсыз сотталып кетті. Үйінде кәмелетке жетпеген ұлы қалды.

Үкімнің күші жойылуы керек. Гүлнар Смағұлқызы ақталуы керек. Мен Александр Блок туралы ештеңе айта алмаймын. Мен оған қорғаушы болған жоқпын, оның өзінің қорғаушысы бар. Жоғарғы сот қарап, әділ шешім шығарса тек қана қуанамыз.

Мынадай бір мысал бар, Ерден Ерденаев берген аудиожазба сияқты, тергеуден тыс жазылған заңсыз жазбаның кесірінен Елордада 190-шы бап бойынша екі азаматша сотталады. Оларды 2018 жылы 26 желтоқсанда ақтап шығарады. Сонда Заң Нұр-Сұлтанда жұмыс істейді де, Алматыда істеймей ме?..

Abai.kz

4 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1496
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3267
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5623