Әрбір партия бәсекелестік ұстанымында жеңіске жетуі керек
Әрбір партия бәсекелестік ұстанымында жеңіске жетуі керек. Бұл пікірді сенатор Ақылбек Күрішбаев айтты, деп хабарлайды.
«Көптеген елде осындай екі палата бар, бізге де дамыған елдердің бағытымен жүру керек. Осыған дейін Мәжіліске партиялық тізіммен келді. Мемлекет басшысы партиядағы мүшеліктен шығатынын айтып, оны заң жүзінде бекіту ұсынылды. AMANAT партиясы басқа партиялар сияқты тек бәсекелестікте болады. Осы орайда Парламент құрамы мен сайлау мәселесі басқаша болады», - деді А. Күрішбаев тілшілер сауалына жауап бере отырып.
Бұдан бұрын хабарланғандай, партияларды тіркеу ресімі едәуір жеңілдейді .
Мемлекет басшысы тіркеу шегін 4 есеге – 20 мыңнан 5 мың адамға азайтқан жөн болатынын айтты. Өңірлердегі өкілдер саны 600-ден 200 адамға төмендетіледі. Партия құру үшін азаматтардың бастамашыл тобының ең төменгі саны үштен бірге, яғни 1000-нан 700 адамға азаяды.
Айта кетейік, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев биылғы Жолдауында Президенттің Сенаттағы квотасын 15-тен 10 депутатқа дейін азайту туралы шешім қабылдағанын жариялады. Оның бесеуін Қазақстан халқы Ассамблеясы қазіргідей сайламайды, тек ұсынатын болады .
Қазақстан халқы Ассамблеясының Мәжілістегі квотасы жойылмақ. «Менің ойымша, бұл – саяси жағынан да, заңдық тұрғыдан да дұрыс қадам. Бұл квота Сенатқа ауысады және 9-дан 5 депутатқа дейін кемиді», - деді Президент.
Бұдан бөлек, Мемлекет басшысы Сенатқа Мәжіліс қабылдаған заңдарды тек мақұлдау немесе мақұлдамау құқығын беретін норма енгізген дұрыс деп санайтынын айтты.
«Соған сәйкес, заң қабылдау құқығы Мәжіліске ғана тиесілі болады. Ал, Сенаттың өкілеттігін Конституциялық кеңес пен Жоғары сот кеңесінің төрағасы лауазымына ұсынылатын кандидаттарға келісім беру құқығымен толықтырған жөн. Бұл өзгеріс саяси жүйедегі тепе-теңдік және тежемелік механизмдерін елеулі түрде нығайта түседі, заң шығару үдерісін едәуір жеңілдетеді. Сонымен қатар, төменгі палатаның құзыретін кеңейту қажет», - деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Abai.kz