«Қаңтардан» кейін қамауға алынғандар...
«Қасіретті қаңтар» оқиғасы елімізде тұтқындаулар мен айыптауларға ұласты. Ең алғаш болып ҰҚК басшысы Кәрім Мәсімов тұтқындалды. Мәсімов 6 қаңтар күні тұтқынға алынған еді. Оған «мемлекеттік билікті басып алмақ болды және төңкеріс ұйымдастырды» деген айып тағылды.
Бүгінде Мәсімовтің ісін тергеу және тексеру құпия санатында жүзеге асуда. Ал Бас прокурор оның кінәсі дәлелденсе 17 жылға сотталуы мүмкін екенін айтты. Мәсімов ісіне қатысты өзге де деректер шықты. Бас прокуратура:
«Жылжымайтын мүлікті заңсыз алу деректері, қымбат сыйлықтар, оның ішінде мәдени құндылықтар, отандық бизнес-қоғамдастық өкілдерінен және шетелдік субъектілерден қомақты қаражат алу дерегі құжатқа түсті.
Атап айтқанда, ҰҚК төрағасы лауазымында Мәсімовтың жабық келісімшарттардың бірі бойынша шет мемлекет өкілдерінен 2 миллион АҚШ доллары сомасында пара алу дерегіне тергеу жүріп жатыр», - делінген хабарлама таратқан еді.
Аталған қаражаттың Гонконгтан Қазақстан Ұлттық банкіне қайтарылуы қамтамасыз етілетіні айтылды. Мәсімов Премьер-министр лауазымында болғанда Елордада бизнес-құрылымдардың бірінен құны 2,5 миллиард теңгеге жуық элиталық қонақ үй мен жер учаскесін алу дерегі бойынша тергеу басталды. Мәсімов ұсталғаннан кейін, 2022 жылдың қаңтарында бұл қонақ үйден 17,2 миллион АҚШ доллары, сондай-ақ, көптеген сәнді заттар - элиталық сағаттар, алтын құймалар, антиквариат және тағы басқа заттар тәркіленгені хабарланды. Одан бөлек, бизнес-класс санатындағы 11 қымбат автокөлік тәркіленді.
Сонымен қатар оның АҚШ-та жүздеген миллион доллар тұратын 16 зәулім үйі бары дай айтылуда. Тергеу жұмыстары Мәсімовтың мүлкін тәркілеу, сырттағы қаржысын елге қайтару жұмыстарын жалғастыратыны айтылды.
13 наурыз күні Қайрат Сатыбалды ұсталып, уақытша тергеу изоляторына қамалды. «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет лауазымдық өкілеттіктерін асыра пайдалану және «Қазақтелеком» АҚ-ның қаражатын аса ірі көлемде ұрлау фактілері бойынша қылмыстық істі тергеуде. Аталған қылмыстарды жасады деген күдікпен Қайрат Сатыбалдыұлы ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамалды. Қ. Сатыбалдыұлының мемлекет қауіпсіздігіне нұқсан келтіретін басқа да қылмыстарға қатыстылығы тексерілуде», – делінген агенттік хабарламасы таратылды. Тергеу жалғасуда. ҚПК-нің 201-бабына сәйкес өзге ақпарат тергеу мүддесінде жария етуге жатпайды.
Қайрат Сатыбалды Елбасы әулетіндегі ең ықпалды тұлғалардың бірі саналады. Оның қаңтар оқиғаларана тікелей қатысы болуы мүмкін деген ақпаратты сан түрлі БАҚ көздері жазуда. Ал ұзақ жылдар бойы Сатыбалды еліміздегі радикализмге тікелей қатысы бар адам ретінде аталып келеді.
Қайрат Сатыбалдының Kaspi.kz АҚмында акциялары болған. Сонымен бірге ол «Алатау Капитал Инвест» ЖШС арқылы «Қазақтелеком» АҚ-да үлесі бар. «Амир ЛТД» ЖШС, «Дүние Корпорейшн» ЖШС, «Дүние-Күзет» ЖШС, «Дүние-Агро» ЖШС иелік еткен. «Түркі халықтарының дәстүрлі спорт түрлерінің халықаралық қауымдастығы» заңды тұлғалар бірлестігінің президенті қызметін атқарған. Ашық дереккөздер бойынша байлығы 167 млн доллар көлемінде. Қайрат Сатыбалды 2 айға қамауға алынды.
Артынша Қайрат Сатыбалдының жұбайы Гүлмира Сатыбалды да ұсталды. Ол 16 наурызда ұсталып, Нұр-Сұлтандағы тергеу изоляторына қамалды. Оған рейдерлікпен айналысты деген айып тағылуда.
Қайрат Сатыбалдыдан кейін араға екі күн салып, Қайрат Боранбаев тұтқындалды. Әйгілі «Қайрат» футбол клубымен көпшілікке танымал Боранбаев сот шешімімен екі айға қамауға алынды.
«2022 жылғы 17 наурызда Нұр-Сұлтан қаласының мамандандырылған ауданаралық тергеу соты күдікті Қайрат Боранбаевқа қатысты екі ай мерзімге қамауға алу түріндегі бұлтартпау шарасын санкциялады», - делінген арнайы хабарламада.
Соталы тергеп-тексерудің басқа деректері Қылмыстық іс жүргізу кодексінің 201-бабына сәйкес жария етуге жатпайды.
Қайрат Боранбаев Қазақстан Ұлттық паралимпиада комитетінің басшысы. Forbes Kazakhstan-ның 2021 жылғы «Қазақстанның ең ықпалды 50 кәсіпкері» рейтингіне енеді. Forbes мәліметінше, ол Қазақстан, Беларусь және Ресейдің бірнеше өңіріндегі McDonald's франшизасына, сондай-ақ, «Алекс-Сарыағаш» минералды су құю компаниясы, «Алмалы» активтерді басқару компаниясы» ЖШС, «Кемикал» қазақстандық мұнай-химия компаниясы» ЖШС, «ҚазТурбоЖөндеу» холдинг компаниясы» ЖШС-на иелік етеді. Байлығы 590 млн долларды құрайды.
Бұл соңғы тұтқындаулар емес дейді сарапшылар. Олардың пайымдауынша «Қасіретті қаңтар» оқиғасынан кейін жұмысынан алынған кез келген тұлғаға қатысты қылмыстық іс ашылуы мүмкін. Барлығы да тергеу жұмыстарының қандай ақпарат табатынына тікелей байланысты болмақ.
Асхат Қасенғали
Abai.kz