Өзге ел басшылары Қазақстанды құттықтап жатыр
Президенттің атына шетелдік мемлекет басшыларынан Қазақстанды түркі елдеріне ортақ «Наурыз» мейрамымен құттықтаған жеделхаттар келіп жатыр. Бұл туралы Ақорда сайты жариялады.
АҚШ Президенті Джо Байден : – Бейбітшілік пен жаңаруға үндейтін бұл күні Құрама Штаттардағы және бүкіл әлемдегі көптеген адам осынау керемет мейрамды Сізбен бірге тойлайды. Қазақстан мен АҚШ 30 жылдан бері берік әрі тұрақты серіктестікке негізделген дипломатиялық қатынастарды жалғастырып келеді. Менің Әкімшілігім халқыңыздың экономикалық, әлеуметтік және саяси мүмкіндіктерін қалыптастыруды көздейтін реформаларыңыздың бағдарламасына қолдау көрсетеді. Наурыз құтты болсын! – делінген Джо Байденнің жеделхатында.
Өзбекстан Президенті Шавкат Мирзиёев : – Адамзат тарихында үлкен орын алатын осы айтулы мереке халықтарымыз бен елдеріміз арасындағы достық арқауын бекемдеуге, ынтымақтастық пен үйлесімді қатынастарды нығайтуға өлшеусіз үлес қосады. Біз екі ел арасындағы өзара сенім мен құрметке негізделген тату көршілік байланыстарымызды, стратегиялық серіктестігіміз бен одақтастық қатынастарымызды одан әрі кеңейте беретініміз сөзсіз, – делінген құттықтау хатта.
Тәжікстан Президенті Эмомали Рахмон : – Қастерлі Наурыз мерекесінің ізгі дәстүрлеріне негізделген Тәжікстан мен Қазақстан арасындағы достық, стратегиялық серіктестік қатынастары халықтарымыздың түпкі мүдделеріне сәйкес алдағы уақытта да дамып, кеңейе береді, – деп жазған Эмомали Рахмон.
Әзербайжан Президенті Ильхам Әлиев: – Өзімнің және әзербайжан халқының атынан Сізді және халқыңызды қасиетті Наурыз мейрамымен шын жүректен құттықтаймын. Бұл мереке – табиғатқа деген шексіз махаббат пен үлкен құрметтің белгісі. Мыңдаған жылдар бойы сынаққа төзіп келген өмірлік философияның нышаны, – делінген құттықтау жеделхатта.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың атына өз құттықтауларын Түркі мемлекеттері ұйымының бас хатшысы Бағдат Әміреев, Кавказ мұсылмандар басқармасының төрағасы, ТМД дінаралық кеңесінің төрағалығын қоса атқарушы шейх-уль-ислам Аллахшүкір Паше-заде, "Шеврон" корпорациясы еуразиялық бөлімшесінің басқарушы директоры Дерек Магнесс, Еуразиялық даму банкінің басқарма төрағасы Николай Подгузов, Байқоңыр қаласы қалалық әкімшілігінің басшысы Константин Бусыгин және басқалары жолдады.
Қазақстанның Ресейдегі Елшілігі де қазақстандықтарды Наурыз мейрамымен құттықтады: Ежелден бері халықтың рухани ұлылығын көрсететін бұл жарқын мереке уақыт пен ұрпақтың үздіксіз байланысын бейнелейді, көктемгі күн мен түннің теңелуін, барлық тіршіліктің жаңаруы мен оянуын білдіреді. Бұл күні біз өткен күнді қорытындылаймыз, болашаққа жоспар құрамыз. Көктем жылуымен келген Наурыз рухани тазаруға, бейбітшілік пен келісімнің нығаюына ықпал етеді, Халқымыздың мәдени байлығын паш етіп, Қазақстанда тұратын басқа да этностар өкілдерінің басын біріктіреді. Шын мәнінде бүкілхалықтық мерекені атап өту осы бір үлкен отбасының дәстүріне айналды. Наурыз мейрамы сіздердің үйлеріңізге көктемгі керемет көңіл-күймен, жомарт дастарханмен, қуанышпен кірсін! Сіздерге зор денсаулық, бақыт пен амандық, жақсылық пен келісім, молшылық пен береке , тыныштық пен бейбіт болашақ тілейміз!
Abai.kz