Жексенбі, 24 Қараша 2024
Алыстағы бауырым 2424 0 пікір 25 Наурыз, 2022 сағат 12:36

Жаңа Қазақстан: Көш көлікті болуы керек

Қазақстан Тәуелсіздігінің елең-алаңында басталған алыс-жақын шет елдердегі этникалық қазақтардың тарихи Отаны – Қазақстанға көші қазірге дейін жалғасып келеді. Әрине, соңғы жылдарда пандемияға байланысты қауырт көштің қатары сейілгені рас. Алайда үшінші елді айналып келіп жатқандар бар. Бұның өзі көштің тоқтамайтынын көрсетеді.

ХХІ ғасыр басталысымен өзінің күрделі болатынын байқатты. Соған негізделіп мен «Жаңа ғасыр және Қазақстандағы оралмандар мәселесі» («Қазақ елі» газеті, 2003 ж., № 16) деген тақырыпта мақала жазып, үстегі ғасырда болуы ықтимал ахуалдарға болжам жасаған едім. Қазір байқасақ, сол болжамдар қате болмаған сияқты, әлемдік ахуал тіпті де күрдеділесе де түсті. Ол мақаламда «жаңа ғасырда халықаралық терроризм, экстремизм және жаһандану ағымы айқындыла түсті. Оған Біріккен ұлттар ұйымы (БҰҰ) беделінің төмендеуі мен Халықаралық заңдарды аяққа басу құбылысы қосылды. ... мұның үлгісін алып держава АҚШ-тың өзі көрсетті. Ендігі жерде оны номері екінші, үшінші алып державалар қайталамауына ешкім де кепілдік бере алмайды. Міне, осы тұрғыдан алып қарағанда, белгілі бір мемлекеттің шапқыншылыққа ұшырамауына БҰҰ ара түседі, өзара қол қойған кепілдік келісімдер оған қалқан болады деу – тым ақкөңілдік болатын сияқты. Тәуелсіз Қазақстанның ұлттық қауіпсіздігін қорғайтын, әлеуметтік дамуын ілгерлететін күш – Қазақстан халқы, әсіресе, негізгі ұлт болып отырған қазақ халқы екенін жете түінуіміз керек» деп жазыппын. Қазіргі таңдағы сол болжамдар Украинада болып жатыр. Кезінде Украинаға ядролық қаруды ұстап отырған державалардың бәрі (ішінде Ресейдің өзі де) антсу ішіп, сені сыртқы агрессиядан қорғаймыз деп кепілдік келісімге қол қойған болатын. Қазіршы? Демек, сол теориялық болжам практикада дәлелденіп отыр. Ол болжам тек Украинаға ғана тән емес, жалпылық сипат алатын ақиқат. Кез келген теорияның дұрыстығы қоғамдық практикада дәлелденгенде ғана ол ғылым болып саналады.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 2022 жылы 16 науырызда жариялаған «Жаңа Қазақстан: жаңғыру мен жаңғыру жолы» атты Жолдауы – Қазақстанның жаңыру кезеңіне қадам басқанының мәлімдемесі. Ал жаңғырудың мақсаты жөнінде «біздің мұратымыз – Жаңа Қазақстанды құру. Жаңа Қазақстан дегеніміз – егемен еліміздің болашақтағы бейнесі» дейді Президент. Сондай-ақ ол Жаңа Қазақстанның бейнесін қалыптастыруда біздің ұстанар «ең басты құндылығымыз – Тәуелсіздігімізді сақтап, ұлттық бірегейлігіміздің негізін нығайтып, елімізді жаңғырту жолында ұйыстыру» деп атап көрсетті. Елімізде ұлттық бірегейлену үдерісі тәуелсіздік таңы атысымен, төрткіл дүниеден этникалық қазақтардың тарихи Отаны - Қазақстанға көшіп келуімен жалғасқан-ды. Соған байланысты Қазақстанда сыртқы және ішкі көші-қон саясаты мен заңы қалыптасқан және ұтымды жұмыс жасап келеді. Әсіресе шет елдердегі этникалық қазақтардың  елге оралу көші-қоны өте нәтижелі болды деуге негіз бар. Сондықтан Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев өзінің алғашқы Қазақстан халқына Жолдауында: «Шетелдегі қандастарымызды елге қайтару ісі ешқашан назардан тыс қалған емес, қалмайды да. Дүниежүзіндегі қандастарымыздың басын туған жерде біріктіру – біздің қасиетті паразымыз» деп атап көрсеткен болатын. Соңғы Жолдауындағы ұлттық бірегейленуды нығайтыуды дәріптеуі сол ұстанымның нақтылануы деп түсінемін.

Мемлекет басшысы қазіргі халықаралық жағдайды «бүгінде жер жүзінде геосаясаттың дүлей дауылы соғып тұр» деп сипатады. Айтса айтқандай, әлемде теріс дауыл гулеп тұр, кертартпалық өршіп тұр. БҰҰ-ның хартиясы мен заңдары, халықаралық, мемлекетаралық келісімшарттар сақталмайтын, атқарылмайтын болып барады. Бұл жағдай еліміздің тәуелсіздігі мен территориялық тұтастығына сын-қатер әкеледі деп санаймыз. Сондықтан ендігі жерде бүкіл ел болып жұмылып, бүкіл ұлт бірігіп Қазақстанның қауіпсіздігін нығайтып, әлеуметтік экономикалық, ғылыми-техникалық әлеуетін арттыруымыз керек. Ол үшін Қазақстанның демографиясы өсіп, азаматтар сапасы биіктей түсуі қажет. Қазақстанға құйылатын демографиялық ресурс қайнары шет елдердегі этникалық қазақтар.

Қазіргі таңда шет елдердегі этникалық қазақтардың ассимиляциялануы тездеп барады. Әсіресе Қытайдағы қазақтардың ұлттық болмысы қолдан жойылып барады. Сондықтан олар өзінің ұлттық болмысын сақтау үшін және өсіп-өнуі үшін тек тарихи Отаны – Қазақстанға көшіп келуге тиіс. Ендеше Қазақстан Үкіметі қазақ халқының тарихы мен болашағына жауапкерлікпен қарай отырып, еліміздің қауіпсіздігі мен әлеуметтік дамуын ескере отырып, дүниежүзіндегі қазақтарды елге оралту ісін Қазақстанның жаңа дәуірінде жоғары деңгейге көтеруге тиісті деп санаймыз.

Елімізде ішкі және сыртқы көш-қонды орнрналастыру принципі анықталған. Көштің басым бағыты - Солтүстіктегі бес облысқа ойысқан. Бұл стратегиялық және әлеуметтік даму тұрғыдан өте дұрыс қабылданған саясат. Деседе оны жаңа жағдайға байланысты әлі де жетілдіре түсу керек деп санаймыз. Осыған байланысты Үкіметке мынадай ұсыныс айтуды жөн көріп отырмын:

1) Шет елден көшіп келген қандастарды Солтүстік облыстарға топтап қоныстандырылса. Аз дегенде 30-дан астам отбасын бір ауыл-селоға орналастырып, оларға тұрғын үй, мал бағатын жайылым және егістік жер мәселесін деркезінде шешіп берсе. Сонда ғана олардың әлеуметтік экономикалық жағдайы тез жақсарып, барған жерлерінде тұрақтап тұрып, өркен жайып кетер еді.

2) Қолданыстағы «Жер кодексіне» өзгерістер мен толықтырулар енгізілсе. Өйткені Солтүстік облыстарда ауыл бос қалғанымен бос жатқан жайылым жер де, егстік жер де жоқ. Бұрынғы ауылдың жерлерін қазір қалада тұраған дөкейлер қалағандарынша меншігіне алып қойған.  Сондықтан «Жер кодексін» толықтырып, жеке адамдардың жайылым және егістік жер иеленуінің максималды шегін анықтап, артық жерлерді мемлекетке қайтарып алып, жаңа көшіп келгендер мен жерінен айырылып қалған бұрынғы малшылар мен дихандардың жан саны мен еңбек үшіне негізделіп бөліп берілсе. Сонда ғана  ауыл-қыстақ жандана түседі.

3) Еліміздегі анархиялық урбанизацияның салдарынан ауыл-қыстақ тұрғындары қатты азайды да, қала кедейлері өте көбейді. Соған байланысты әлеуметтік проблемалар туындап, қоғамдық қарама-қайшылықтар шиленісті. Соның салдары «Қаңтар оқиғасында» көрінген жоқ па?! Әрине, «Қаңтар қасыретінің» себебі бір ол ғана емес, ол күрделі факторлардың жиынтық жарғысы. Дегенмен оны қалада немесе қала маңында тұратын кембағалдардың наразылығанан бөле қарауға да болмайды. Кезінде біздің Үкімет ауыл тұрғындарының әлеуметтік дамуына айтарлықтай жағдай жасамады да, олар  шұбырып қалаға келгенде оларды баспанамен, жұмыспен қамтимын деп жобадан жобаны жасай берді, қаланы кеңейтіп құрлысты сала берді (мүмкін бұл кейбір топтарға пайлады шығар), бірақ мәселе шешілмеді, керісінше  көбейе түсті. Ауыл-қыстақ құлазыды, қалада проблемалар көбейді. Қазақстанның басымдылығының бірі аграрлық сектор. Қазір астық мәселесі әлемде алдыңғы қатарға шығып отыр. Сондықтан Үкімет қала мен қыстақты сәйкесті дамытудың кешенді жобасын жасап, жүйелі түрде іске асырса дегіміз келеді.

4) Жоғары оқу орындарына түсетін қандас талапкерлерге квота санын көбейтіп, Солтүстік облыстардағы орта кәсіптік техникомдар мен жоғары оқу орындарына көбірек қабылдаса. Сондай-ақ олар оқу бітірген соң сол облыстарда жұмысқа орналасуына мүмкіндік жасалса, обылыс пен аудандардағы маман кадрларға сұраныс шешілер еді.

5) Шекара аудандарға ерекше жеңілдік статус берілсе. Қазір еліміздің Шығыс және Солтүстік шекара аудандарының тұрғындары көптеп қалаға көшіп кеткендіктен олардың жұрты қаңғырап бос қалды. Бұл жағдай ұлттық қауіпсіздігімізге және әлеуметтік эконоомикалық дамуға өте тиімсіз болып тұр. Бұл жағдайды түбегейлі өзгерту керек. Ол үшін шекара аудандарға ерекше жеңілдік беретін саясат қолдану қажет.

Аталмыш «ерекше саясаты»: Мемлекет шекара аудандары тұрғындарына арнауы субсидия тағайындау; шекара аудан, ауылдарда қызмет істейтін мемлекет қызыметкерлеріне, оқытушы, дәрігерлерге берілетін еңбекақыны басқа аудандардан аз дегенде екі есе көбейту; шекара аудандарында мектеп бітірген талапкерлерді арнайы квотамен орта және жоғары оқу орындарына қабылдау; шекара аудандардың тұрғындарына жаңа модельде замануи көрікті тұрғын үй салып беріп, үй құрлыс ақысын он жылда қайтаратын режим орнату; шекара аудандарының бұрынғы тұрғындарын өз ауылдарына нәсихаттап қайтару және қандастарды орналастыру. Осындай саясат қолданғанда ғана шекара аудандардың іргесі бекемделеді, әлеуметтік экономикасы дами түседі. Бұл саясатты ұлттық қауіпсіздік стратегиясы деңгейінде жүзеге асырылуы қажет.

Мұндай саясатты ҚХР Тибет және Шыңжаң сияқты шеткері аудандарында қолданып келеді. Соның нәтижесінде олар шекара аудандарды тұрғындармен толтырып, қауіпсіздігін нығайтып, экономикасын дамытып отырғанын көзіміз көріп отыр. Байқасаңыз, шекараның арғы жағы адамға толы, бергі жағы қаңғырап жұтап жатыр. «Бос жатқан жер жау шақырады» деген сөз бар. Сондықтан бұл жағдайды түбегейлі өзгертіп, шекара аудандарымыздың әлеуетін көтеру үшін ерекше саясат қабылдау керек деп санаймыз.

Нәбижан Мұқаметханұлы,

тарих ғылымдарының докторы, әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың профессоры

Abai.kz

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1494
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3263
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5588