Жексенбі, 24 Қараша 2024
Ел іші... 3235 3 пікір 31 Наурыз, 2022 сағат 13:37

Жер үшін Жетісудан Арқаға ат сабылтқандар

Алматы облысының әкімі
Қ. Бозымбаевтың назарына!

«Мемлекеттен жерді тегін жалға алу құқығына ие болғандардың көпшілігі жерді игермей, босқа ұстап отыр. Елімізде "шөп қорыған иттің" кебін киген "латифундистер" көбейіп кетті. Пайдаланылмай жатқан ауыл шаруашылығы жерлерін қайтарып алатын кез келді. Жер – біздің ортақ байлығымыз және оны кім игерсе, соған тиесілі болуы тиіс. Үкімет пен Парламент осы түйткілді реттеудің тиімді жолдарын ұсынуы керек. Бұл – өте маңызды мәселе. Мұны шешпей, отандық агроөнеркәсіп кешенінің сапалы дамуы мүмкін емес!».

Бұл – Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаевтың жерге байланысты 2019 жылғы «Сындарлы қоғамдық диалог – Қазақстанның тұрақтылығы мен өркендеуінің негізі» атты Жолдауында шегелеп тұрып айтқан сөзі.

Осыдан соң тарихи шешім қабылданды. Жер шетелдіктерге сатылмайтын болды. «Жер Кодексіне» өзгертулер мен толықтырулар енгізіліп, 2021 жылы оған Президент қол қойды.

Өкінішке орай, бүгінгі таңда Қасым-Жомарт Кемелұлының «Жер – біздің ортақ байлығымыз және оны кім игерсе, соған тиесілі болуы тиіс» деген сол тапсырмасының өз деңгейінде шешім таппағаны көріне бастады. Нақтылап айтсақ, Үкімет пен Парламент Президентке осы түйткілді реттеудің тиімді жолдарын ұсына алмапты. «Жер – кім игерсе, соған тиесілі болуы тиіс» деген түйінді шешуге келгенде, Заң жобасын дайындаушылар да, Парламенттің қос палатасы да қол ұшын қимылдатпаған, сол баяғы ескі сүрдек, көне сарынмен кете берген. Бір сөзбен айтқанда, Президенттің қадап тұрып берген тапсырмасын еленбеген, ескерілмеген. Бұл туралы сәл кейінірек.

Ауыл тұрғындарының шаруа немесе фермер қожалығын, ауыл шаруашылығы өндірісін жүргізу үшін жер телімдерін алуына екі мәлселе айтарлықтай кедергі болып тұр.

Бірі – «Жер көдексінің» 43-1-бабындағы «Мемлекеттік меншіктегі және жер пайдалануға берілмеген жер учаскелерін шаруа немесе фермер қожалығын, ауыл шаруашылығы өндірісін жүргізу үшін уақытша өтеулі жер пайдалану (жалға алу) құқығымен беру осы бапта белгіленген тәртіппен және шарттарда шаруа немесе фермер қожалығын, ауыл шаруашылығы өндірісін жүргізу үшін уақытша өтеулі жер пайдалану (жалға алу) құқығын беру жөніндегі конкурс негізінде жүзеге асырылады» деген норма.

Екіншісі – сол баяғы Президент айтқан «шөп қорыған иттің» кебін киген латифундистер.

Міне, соның кесірінен ең алдымен ауыл шаруашылығымен шұғылданатын ауыл тұрғындары жер теліміне қол жеткізе алмай, сергелдеңге түсуде. Әсіресе, шеттен көшіп келген қандастарымыз...

Сондай азаматтың біреуі – Естай Нүсіпбекұлы.

«Amanat» партиясына өтініш айта келген азаматты қабылдап, жөн сұрастық. Таныса келе, ол өзіміздің жерлесіміз, атақты байдың ұрпағы болып шықты.

Естай Нүсіпбекұлы 2012 жылы Қытайдан көшіп келіп, Панфилов ауданы, Қоңырөлең ауылына қоныстаныпты. Қасында ағасы және інісі бар екен. Үшеуі де аталған ауылда мал бағумен айналысады. Қазір үш жігіт  қойдың санын 1037-басқа, жылқының санын 40-басқа жеткізіпті. Алла қаласа, ұсақ малы биылғы төлімен 1600-басқа жетпек, жылқысы жүзге таямақ...

Бірақ, ағайынды үш жігіт осыншама мал өсіргенімен, он жылдан бері не жайылымдық, не шабыстық жерге қолы жетпепті.

Естай Нүсіпбекұлының атасы – Тоғжігіт Бақшайұлы деген байдың дәулеті мен даңқын Жетісудың басы – Көкқамыр алабында білмейтін қазақ жоқ. Кезінде жүйрік ат мінген, құмай тазы жүгірткен, түзу мылтық асынған өңкей сал-серілер шыққан Шағырай руының азаматы. Бес мың қой, мың жылқы біткен бай. 1958 жылы Қытайда «Халық коммунасы» құрылып, байлардың малы түгел тәркіленді. Тоғжігіт Бақшайұлы да сол кезде табан ет, маңдай терімен тапқан адал малынан бір күнде айырылған атақты байлардың бірі.

«Жақсының аты өшпейді!» деген рас екен, Естай мырза атасының атын айтқанда, «Отызыншы жылдары Бөлекейдегі "Дадай мектебі" салынғанда, Тоғжігіт бай жүз еркек қой атапты...» деп, бала күнімізде үлкендерден естіген аңызға бергісіз әңгіме бірден ойымызға оралды.

Қазақта «Шөп – шыққан жерге шығады!» деген сөз бекер айтылмаса керек, сол Тоғжігіт байдың үш немересі енді атажұрт Қазақстанға оралып, міне, аз ғана жылдың ішінде Қоңырөлеңнің төсінде мың қойды мыңғыртып шыға келіпті.

Жергілікті жердің басшыларынан тұшымды жауап болмаған соң, Естай Нүсіпбекұлы жер үшін Жетісудан Арқаға ат саблтып келіп отыр. Уәжін тыңдап болған соң, Памфилов ауданы Қоңырөлең ауылдық округіның әкімі Нұрлан Алімовке телефон соғып, сөйлестік.

Жас әкім Нұрлан Берікұлы қамшы салдырған жоқ, үш жігітті танитынын, олардың мың бастан артық қойының барын, бірақ ол қойды бағатын жері жоқ екенін мал иесінің өзінен артық қып айтып берді бізге.

«Енді неге жер бермейсіз бұл жігіттерге?!» деген сұрағымызға, әкім жігіт фермер қожалығын, ауыл шаруашылығы өндірісін жүргізу үшін уақытша өтеулі жер пайдалану (жалға алу) құқығын беру конкурс негізінде жүзеге асырылатынын айтып, Жер кодекісін алға тартты. Конкурс құрғыры жылына екі-ақ рет өткізіледі екен. Ол конкурстің желкесінде қыдиып он төрт адамнан құралған комиссия тұратын көрінеді. Иә, біз де білеміз, Жер кодекісі бойынша,  конкурсқа шығарылған жер теліміне өтініш беруші қоғамдық кеңестермен, агроөнеркәсіптік кешен саласындағы мемлекеттік емес ұйымдармен, Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасымен және жергілікті өзін-өзі басқару органдарымен келісілеген соң барып конкурсқа қатыса алады.

Ал, Панфилов ауданында құрылған ол комиссияның құрамында шеттен көшіп келген қандастарымыздан бірде-бір адам болмай шықты.

Кеше ғана БАҚ-тан оқыдық,  2022 жылғы 1 наурыздағы мәлімет бойынша 1 миллион 89,7 мың этникалық қазақ Отанға оралыпты. Соның 12%-ы жоғары білімді, 39,8%-ы орта кәсіби білімді, 47,1%-ы жалпы орта білімді азаматтар екен.

Сонда, Қоңырөлеңге қоныстанған қандастарымыздың ішінен сол жер беру туралы комиссияға лайықты бір адам шықпағаны ма?! Естай Нүсіпбекұлы Шыңжаң университетін бітіріпті. Ол неге ескерілмеген?!

Мұндай сұрақтарға келгенде, әкім ініміз жауап таппай қысыла бастады. Ақырындап шынына көшті, ауылдағы жер ауыл әкімін қайырып қойып, облыс орталығында неше мың гектарлап бөліске салынатын, байлар мен билігі барларға берілетін көрінеді...

Естай Нүсіпбекұлы секілді Жердің тақсыретін әбден тартып, Жетісудан Елордаға атбасын тіреген кәсіпкердің тағы біреуі – Азангүл Әлбосынқызы.

Азангүл жалғыз жүруден қорықса керек, жолдасы Жарқын Жұмағазыұлын ерте келіпті.

Олардың да уәжін мұқият тыңдадық, екеуі Іле қазақ автономиялы облысының екі ауданның тумасы екен. Оқу іздеп келіп, Қазақстанда танысып, отау құрыпты. О жер, бұ жерге күл төгіп жүріп, ақырында Еңбекшіқазақ ауданының Қаражота ауылдық округіне қарайтын Сарбұлақ ауылына тұрақтапты. Түйе өсіріп, шұбат сатумен айналысып жатыпты. Қазір қолдарында елу төрт бас түйе бар екен. Пандемия басталғалы, шұбат ішушілердің қатарының көбейгенін, саудасының жақсы жүріп жатқанын айтады. Түйлерінің санын одан ары көйбете түскісі келетінін, шұбатты шикі күйінде сата бергеннен гөрі, болашақта зауат құрып, отандық өнім шығарғысы келетінін, соған түйе бағатын және оның азығын дайындайтын жерге қолдары жетпей келе жатқанын жеткізді.

Қос жұбайдың өтінішін тыңдап болған соң, Қаражота ауылдық округінің әкімі Ерік Сүлейменұлына да телефон соқтық.

Шынын айтсам, мардымды жауап бере алмады әкім. Біресе жер бар дейді, біресе жер жоқ дейді. Әр шөптің басын бір шала бастаған соң, тәджікелесіп отыратын емес, телефонынды жабуға тура келді.

Ал, Алматы облысының Қаратал ауданынан хабарласқан Ерзат Бекенұлы деген азаматтың жер туралы әңгімесін естісеңіз, не жыларыңды, не күлеріңді білмей басың қатады.

Ерзат Бекенұлы да Қытайдан көшіп келіп, аталған ауданның бір ауылына қоныс теуіпті. Ол да мал шаруашылығымен айналысып келе жатқанын айтты. Қолында 800-бас ұсақ малы, 40-50 бас ірі қарасы бар екен. 2015 жылы Қаратал ауданы әкімі Қ. Бисембаевтың шешімімен 1000.0 гектар көлемінде жайлымдық жер алады. 2018 жылы аудан әкімінің орынбасары Жәнібек Тасыбаев Ерзат Бекенұлына берілген сол жердің госактісінің түп нұсқасын өзі тартып алып, күні бүгінге дейін бермепті. Артынан мың гектар жерді де қайтарып алыпты.

Заң бойынша, жерді қайтарып алу соттың шешімімен орындалуы керек қой. Жоқ, Қаратал ауданының әкімі жер телімінің алым-берімін заңмен емес, ниетпен басқаратын көрінеді. Сот та өзі, прокурор да өзі! Жерден айырылған қандасымыз «Ерзат» атты шаруа қожалығын жауып, малын жайылым жалдап бағуға мәжбүр болыпты...

Сөз реті келіп тұрғанда айта кетейін, жоғарыдағы аты аталған үш азамат та сталиндік репрессиямен жер аударылып келген келімсектер емес, Тәуелсіз Қазақстанның Тұңғыш президенті жолға қойған көші-қон саясатының арқасында тарихи Отанына оралған өзіміздің қандастарымыз, туыстарымыз.

Көріп отырсыздар, Естай Нүсіпбекұлы арғы беттегі Мао режімінің құрбаны болған атымтай жомарттың ұрпағы екен. Атажұртына орала салып, тағы мың бас малды мыңғыртып шыға келсе, оны Отанға оралған құт ретінде бағалап, арқасынан қақпай ма!

Елге келіп, шаңырақ көтерген жас жұбайлар Азангүл Әлбосынқызы мен Жарқын Жұмағазыұлы өз еңбегімен өсірген түйелерін сауып, өз күшімен кәсіптеніп жатса, оның несі айып?!

«Бұл жүйенің өзегінде қоғам алдындағы жауапкершілігін сезіне білетін кәсіпкерлеріміздің ауқымды тобы тұратыны анық. Яғни бұл – өзінің және балаларының тағдырын Қазақстанмен ғана байланыстыратын кәсіпкерлер.» дегенде, Президент Қасым-Жомарт Кемелұлы осы Е. Нүсіпбекұлы мен А. Әлбосынқызы секілді жанкештілерді меңзегені анық.

Ендеше, әкімдер өз күшімен өмір сүрудің, кәсіп көзін ашудың жарқын үлгісін көрсете білген мұндай азаматтарды кеудесінен итермей, жатып ішерлер жалқаулар мен масылдарға үлгі қып көрсетуді, үнемі даңғалазап отыруды қызметінің басты бағытана айналдыруы керек!

Соңғы кезде мал бағатын жер таппай қиналғандардың кілең арғы беттен оралған қандастарымыз екенін ескерсек, жергілікті жердегі әкімдердің оларды қолдап-қуаттағаннан гөрі, шетке қағып, бөле қарап жатқанын аңғару қиын емес сияқты.

Оның үстіне, жоғарыда айтылған, Жер Кодексіндегі «...уақытша өтеулі жер пайдалану (жалға алу) құқығын конкурс арқылы беру» деген норма, ашығын айтайын, жемқорлыққа, қағазбастылыққа және бирократия даңғыл жол ашып қойды.

Біз Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Жер – біздің ортақ байлығымыз және оны кім игерсе, соған тиесілі болуы тиіс. Үкімет пен Парламент осы түйткілді реттеудің тиімді жолдарын ұсынуы керек. Бұл – өте маңызды мәселе!» деген сөзін текке айтып отырған жоқпыз.

Жер туралы заңның жобасын жасаған Ауыл шаруашылығы министрлігі, оны күзеп-түзеген Президент әкімшілігі және ноториус ретінде бектіп берген Парламент Президенттің осы сөзін кәперлеріне алып, «Жер кодексінің» 48-бабына жүз бастан артық ұсақ малы, елу бастан жоғары ірі қара малы бар азаматтарға ауыл шаруашылығы мақсатындағы жер телімін конкурссіз беретін норма енгізгенде, малмен айналысып, өз күнін өзі көріп келе жатқан шаруаларымыз бүйтіп сергелдеңге түспес еді, ат сабылтып ауылдан астанаға келмес еді!

Заңның аты – заң, әрине.

Бірақ, ауыл, аудан, облыс басшыларының мың бас малды мыңғыртып отырған өз тұрғындарын он жыл бойы телміртпей-ақ, ел қатары қолданыстағы заң аясында-ақ жайлымдық және шабындық жермен қаматамасыз етуіне әбден болды ғой. Бірақ, оған ниет пен жылы жүрек, өз қызметіне деген жауапкершілік, халқына деген қамқорлық керек. Ең бастысы, ұлттық сана болуы тиіс!

Белгіленген тәртіп бойынша, үш азаматтың өтінішін «Amanat» партиясына тіркеп, Алматы облысының әкімдігіне жолдап қойдық.

Айпақшы, Азангүл Әлбосынқызы өткен жылдың шілде айында жер сұрап, «Nur Otan» партиясына өтініш жазған болатын. Ол өтініш Алматы облысының әкімдігіне жолданған. Аталған өтінішке орай, Еңбекшіқазақ ауданы әкімінің орынбасары Б. Бименов Азангүл Әлбосынқызының бизнес-жоспары Алматы облысы бойынша Аймақтық  үйлестіру кеңсесі отырысының шешімімен инвестициялық жоба ретінде бекітіле қалған жағдайда, Жер кодексінің 48-бабының 1-1, 1-15 тармақшаларына сәйкес жер учаскесін алуына болатынын айта келіп, «Сіздің өтінішіңізді қарау барысында Еңбекшіқазақ ауданының Жер қатынастары бөлімінің тарапынан "Азаматтарға арналған үкімет" мемлекеттік корпорациясы КЕАҚ-ның Алматы облысы бойынша филиалының Еңбекшіқазақ ауданының тіркеу және Жер қатынастары бөліміне инвестициялық жоба ретінде аудан аумағынан сұрастырылып отырған көлемі 300.0 га бос шабындық немесе жайылымдық жер учаскелері жөнінде мәлімет беру сұралып сұраныс хат жолдаған болатын. Аталған бөлімнен көлемі 300.0 га болатын жер учаскелерінің жоқтығы жөнінде мәлімет алынды...» деп, жауап беріпті.

Аудан әкімінің орынбасары Б. Бименов бұл жауабын мен «Қоянбұлтақ» деп есептеймін. Сонда, Еңбекшіқазақ ауданында көлемі 300.0 гектар шабындық немесе жайылымдық бос жер телімі болмаса, түйе бағумен және шұбат сатумен кәсібін дөңгелетіп отырған кәсіпкер Азангүл Әлбосынқызына мүлде жер берілмеуі керек пе, әлде 300.0 гектар жер босағанға дейін күтуі тиіс пе?! Айтыңызшы, аудан аумағында 300.0 гектар болмаса, 100.0 гектар, 50.0 гектар, тіпті 5.0 гектар бос жер жоқ па?!

Бар, әрине! Бір ауданнан елу түйеге бес гектар жер табылмайды дегенге кім сенеді?! Тек, аудан мен ауыл әкімінде Азангүл Әлбосынқызына жер берейін деген НИЕТ жоқ!

Мен Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Жер – біздің ортақ байлығымыз және оны кім игерсе, соған тиесілі болуы тиіс» деген сөзін тағы да қайталаймын, мал шаруашылығымен айналысатын ауыл тұрғындары бірінші кезекте сөзсіз шабындық және жайылымдық жермен қамтамасыз етілуі керек!

Аталған мәселелерді оңтайлы шешу үшін, Үкімет пен Парламент  «достарға – бәрі, қалғандарына – заң бойынша» (Қ. Тоқаев) қағидатымен жер бөлісін жасайтын «Жер кодексіндегі» конкурске қатысты норманы қайта қарап, жүз бастан артық ұсақ малы, елу бастан жоғары ірі қара малы бар азаматтарға ауыл шаруашылығы мақсатындағы жер телімін конкурссіз, акционсыз берілетін норма енгізуі тиіс деп есептеймін.

Сондай-ақ, жоғарыдағы үш малшының жер алу туралы мәселесін де облыс әкімі Қанат Бозымбаев мырза өз назарына алып, қолданыстағы заңдар аясында оң шешім шығарады деген сенімдеміз!

Ауыт Мұқибек

Abai.kz

3 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1490
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3257
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5553