Сенбі, 23 Қараша 2024
Алашорда 4481 1 пікір 7 Сәуір, 2022 сағат 12:02

Қостанай облысы: Қуғын-сүргін зардабы

Қостанай облысының аумағында 1920-1950 жылдар кезеңінде қуғын-сүргінге ұшыраған адамдар туралы ақпаратқа назар аударсақ (облыстық соттың мәліметі бойынша), қуғын – сүргінге ұшырағандардың жалпы саны-1061; ақталған тұлғалар саны – 1061; ақталғандар қатарынан ату жазасына кесілгендер саны – 458 екен. Қаншама жазықсыз жапа шеккендер, құрбан болғандар? Жаның сыздайды, жүрегің ауырады. Сол істердің кейбірімен танысудың сәті түсті.

Алдымызда қалың да емес, жұқа да емес, отыз жетінші жылғы зобалаңның айғағындай іс қағаздары жатыр. Бір ғана істе Жітіқара ауданы бойынша сотталған, жазықыз жапа шегіп, ату жазасына кесілген оннан астам адамның тағдыры бар. Ішкі істер халық комиссариатының Мемлекеттік қауіпсіздік жөніндегі Бас басқармасының  тергеушілерінің тергеу хаттамаларындағы сұрақтар егіз қозыдай бір бірінен айнымайды.

НКВД-ның тергеушілерінң негізгі айыптаулары сол кездегі заңның 22,28-ші баптары бойынша діни насихатқа қатысты, 23 бабы бойынша колективтендіруге қарсы үгіт жүргізді, 27 бап бойынша колхоздан шығып кетті, малды қырды, 32 және 36 баптар бойынша Совет үкіметін жамандады, СССР Жоғарғы Советінің сайлауын өткізуге бөгет жасады дегенге құрылған екен.

1937 жылдың 19 желтоқсанында «халық жауы» деп танылған бес кісіні тұтқынға алуға жергілікті НКВД органдары ордер береді. Олар:

1. Мустафинов Дархан (шын аты-жөні Мустафин Нұрхан) 1887 ж. туған,

2. Бекчентаев Сейтжан (шын аты-жөні Бекшентаев Сейітжан) 1874 ж. туған.

3. Жиенқұлов Шәріп, 69 жаста, балаларымен бірге тұрады.

4. Исмухамедов Қарғаш 1898 ж. туған.

5. Исмухамедова Ағайша 1886 ж. туған.

Бұлардың барлығы да шала сауатты деп көрсетілген. Қарғаш деген кісі туралы сауатсыз деп жазыпты. Ол бай болған, саудагер болған,  дауыс беру құқы жоқ, контрреволюциялық қызметі үшін 1931 жылы жеті жылға сотталған деген анықтама қоса тіркеліпті.

Бір қызығы айыптау қорытындысында алдында шала сауатты деп көрсетілен Нұрхан Мустафинды сауатты деп жазыпты.

Көптеген қазақтардың қанды қырғынға ұшырауына өз ауылдастары, жерлестері себеп болған жайлар көп екен. ¥ҚК мұрағатында сақталған № 02754 істегі құжаттарға назар аударсақ, Қостанай облыстык УНКВД үштігінің 1938 жылдың 13 акпанындағы қаулысы бойынша Жітіқара ауданының Забеловка селосының тұрғыны Нұрхан Мұстафин ату жазасына кесілген.

Үкім 1938 жылдың 16 ақпанында орындалған. Дәл осы күні белгілі ақын, Жітіқара каласының тұрғыны Сейітжан Бекшентайұлына да «Жітіқара-алтын» прийскісінде үкіметке қарсы үгіт жүргізген бай-молдалар тобының мүшесі деген айып тағылып, оған да осындай үкім кесілген. Сүйтіп, алғашқысы өз елінде Дархан әулие деген атқа ие болған, кейінгісі арқалы ақын болған қос азамат бір уақытта ұсталып, бір  мезгілде каза тапқан.

Аталған екі арыс 1990 жылы 22 тамызда ақталды. Нұрхан Мұстафинның сол кездегі өмірбаяндық деректерінде оның 55 жастағы Мұдиха және 45 жастағы Айнакүл деген екі әйелі болғаны, қыздары Кәмаш бес жаста, Кәлима бір жаста екені көрсетіліпті. Дархан әулиенің Айнамкүл (Айнакүл емес) деген әйелі болғанын Забеловка ауылында тұрған  біздің анамыз да айтып отыратын. Ол кісі біраз ғұмыр жасады.

Ұлттық қауіпсіздік комитеті Қостанай облыстық басқармасында № 02754 мұрағат (архив) материалдарында   сақталған ісінде Сейітжан ақынның араб таңбасымен өзі қол қойған өмірбаяндық деректері және берген жауабы да тігулі. Онда ақын 1874 жылы (туған-туыстарының айтуына қарағанда, 1875 жылы туған) Оңтүстік Қазақстан (қазіргі Қызылорда) облысының Қармақшы ауданында үшінші ауылда туғаны, партияда болмағаны, орта шаруадан шыққаны атап көрсетілген. 1937 жылдың 20 желтоқсанында толтырылған анкетада оның әйелінің есімі Айжан, тігінші болып жұмыс істейтіні, ал қызы Зибаның тоғыз жаста екені айтылған.

Ақынның тұтқынға алынар алдындағы тұрған жері Жітіқара қаласы (құжатта Жітіқара приискісі деп көрсетілген), № 5 учаске, 8 март көшесі, 353-ші үй деп атап жазылған. Жауап алу хаттамасындағы (протоколдағы) ақын лебізін сөзбе-сөз беретін болсақ, онда ақын: «Бұрынғы патша мемлекетіне қарсы өлең жазғаным рас. Өзім орта шаруа қатарына жатамын», - деп атап көрсеткен. Бірақ, НКВД «үштігінің» айыптау қорытындысында: «Сейітжан ақын бай баласы, Қарақұмда әрекет еткен бандылар қимылына белсене қатысушы, тұтқындалғанға дейін еш жерде жұмыс істемеген, діни ғұрыптарды орындау арқылы күнкөріс жасаған, капиталистік құрылысты дәріптеп, діни насихат жүргізген, Совет үкіметіне қарсы өлеңдер шығарып, оны домбыраға қосып, ел ішінде орындаған», – деп айыпталған.

Жітіқара поселкелік советінің 1903 ж. 2 желтоқсан күні берген анықтамасында  Сейітжан бұрын бай болған және бандит болған деп жазылыпты. Тағы бір шала сауатты куә Сейітжан Дархан және Нұрмұхамбет Тасболатов молдалармен тығыз байланыста болды деп жауап береді. Бұл арада оның айтып отырғаны Нұрхан Мустафин. Оны халық арасында Дархан әулие деп атап кеткені белгілі.

1937 жылдың 29 желтоқсанында Сейітжан Бекшентайұлын (құжатта Бекчентаев деп жазылған) халық жауы есебінде он жылға соттайды. Алайда, арада жарты ай да өтпей жатып арсыздар сол құрамда аталған істі қайта қарап, 1938 жылғы 13 ақпандағы шешім бойынша ақынды ату жазасына кеседі. Үкім 1938 жылдың 16 ақпанында орындалған. Ақынның жерленген жері туралы мәлімет жоқ.

Тергеушілердің мәжіліс-хаттарында (протокол) халық жауы деп танылғандардыың ату жазасына кесілгені және жазаның орындалғаны көрсетілсе де, олардың жерленген жері туралы мүлде жазылмаған. Ол арнаулы графада «белгісіз» деп көрсетілген. Әрине, олардың атылған орны да, жерленген жері де айыптаушыларға да, жазаны орындаған жендеттерге де белгілі,  тек оны құпия сақтаған.

Бір ғажабы, істе тіркелген осы «сауатсыз» және «шала сауатты» деп танылған кісілер жала жабу арыздарын жазғандар, тергеушіге куә есебінде жауап бергендер арасында да сауатты адамдар жоқтың қасы.

Мысалы, мамандығы жүргізуші А.А. (1905 ж. туған) тергеушінің «Шәріп Жиенқұловтың контрреволюциялық қызметі туралы не білесіз!» деген сауалға шала сауатты куә: «Оның әкесі Жиенқұл бай әрі ишан болды. Шәріп кәмпескеге ілінген жоқ, оны інісі Жиенқұлов Шайзада арашалап қалды. Шәріп Жітіқара приискісінде балалары Кәрім және Ғалыммен бірге тұрады. Олар Совет үкіметін жек көреді, Совет үкіметінң жауы болып есептеледі. Шәріп 1925-1926 жылдары жалдамалы жұмысшылар ұстады»  - деп жауап беріп, Шәріптің бауырлары Жиенқұлов Зайнолла және Жиенқұлов Шайзада да үкіметке қарсы дейді. Тағы бір куә И.Ж.(1905 ж туған) өзі шала сауатты болса да оқыған Шайзада туралы «ол Гурьев қаласында прокурор болып қызмет атқарды, байдың және ишанның баласы ретінде партиядан шығарылған» деген түсініктеме береді.

Жітіқара ауданындағы алтыншы ауылдың тұрғыны, 1896 ж. туған, бугхалтер болып қызмет атқарған Б.О. (бұл да шала сауатты) Сейітжан ақынмен қатар Шәріп бай мен оның бауыры Зайноллаға айып тағады.  «Бай менен молданы қойдай қу қамшымен» деген заман елдің бетке ұстар азаматтарын қойдай көгендеп, атарын атып, аман қалғанын түрмеге тығады,

Қ.Л. деген тағы бір сауатсыз жұмысшы Исмухамедова Ағайшаға байланысты  СССР Жоғарғы Советі сайлауына қарсы үгіт жүргізді дегенді жазыпты. 1891 ж. туған шала сауатты кедей Ж.К. болса Дархан әулие молда Нұрмұхамбет Тасболатовпен бірге мешіт салуға қаржы жинады, Тасболатов Уфа қаласына діни басқармаға арнайы барып рұқсат та алып келді, алайда, жергілікті органдар оған рұқсат етпеді. Содан кейін Дархан өзі тағы да Уфаға барды, сол қаладағы діни басқарма орталығымен тығыз байланыста болды, сонымен бірге олар Шәріп баймен араласып тұрады. Дархан болса қайтқан кісілердің жаназасын шығарады, Құран оқиды деп айып тағады. Қаржы қашан, кімнен жиналды, қанша жиналды деген айғақтар жоқ.

Енді бір сауатты куә, 1901 ж. туған, мұғалім болып жұмыс істеген О.Е. ерлі-зайыпты Қарғаш пен Ағайша мешіт салуға ақша жинады деп көрсетеді. Оның да нақты дәлелі жоқ.

Дінсіз қоғамдағы айыптаулардың түрі осындай болғанда, куәға тартылып жауап бергендердің сиқы мынандай екенін көргенде қынжылмасқа амал жоқ. Ахмет Бапйтұрсынұлының :

Қинамайды абақтыға жапқаны,
Қиын емес, дарға асқаны, атқаны,
Маған қиын осылардың бəрінен
Өз аулыңның иттері үріп- қапқаны... – деген жолдар еріксіз ойға оралады.

№ 473 іске көз салсақ, Меңдіқара ауданының тумасы, ауданға Батпаққарадан көшіп келгенге дейін ауылында  молда болған Мұхамбет Мурзин туралы ақпарат та осы істе тігулі. Ол мұнай қоймвсынла күзетші болған екен. Тергеушінің сауалдарына тілмаш арқылы жауап берген. Аудармашы Мұхамедов деген кісі болған.

Молданың Рақима есімді әйелі, Балке деген анасы, Мұқыш деген ұлы және Ағифа деген қызы болған. Батпаққара ауданына қарасты Жаңаталап ауылының тумасы кейін Ақсуат ауылына қоңыс аударған. Оған қарсы куәлік бергендер оның Торғайдан коллективтендіру кезінде қашып кеткенін, 1929 жылдан бері діни рәсімдер атқарумен айналысқанын айтыпты. Соларлың бірі Совет Одағына қарсы үгіт жүргізді, ертең нан болмайды, мал қалмайды, аштан қырыласың деді десе, екінші бір колхозшы ол қазақ балаларын шоқындырды (крестил) дейді.  Мұсылман дінін ұстанған молда туалы сауатсыз куәнің айтқанына тергеуші ештеңе демеген. Шамасы, мұсылман мен христианның айырмасын өзі де білмеген.

Айыпталушы болса тағылған айыптың ешқайсысын да мойындамаған. Ол берген жауабында бұрын молда болғаным рас, бірақ, Меңдіқара ауданына көшіп келгеннен кейін діни рәсімдерді мүлде орындаған жоқпын дейді. Осы жауаптан да кім сауатты, кім сауатсыз екенін байқаймыз.

Енді бір таң қалатын жай – молдаға қарсы қозғалған іс 1937 жылдың 25 қарашасында басталған да, сол жылдың 2 желтоқсанында аяқталған, Яғни, тергеушілер оның ақ-қарасын ажыратып жатпастан айналдырған бір аптаның ішінде  «халық жауы» деген шешім шығарған. Не деген асығыстық?! Әлде «халық жауы» санын көбейтіп, жоспарды орындау науқаны ма? Осындай саяси науқан барлық молдаларға қолданылған секілді.

Әуелі он жылға сотталған Мурзин туралы шешімді Қостанай УНКВД-ы қайта қарап, 1938 жылы 31 қаңтарда  ату жазасын кеседі. Марқұм 1989 жылы қаңтар айында СССР Жоғарғы Советінің  Президиумының «Отызыншы-қырқыншы жылдардағы және елуінші жылдардың басындағы кезеңде орын алған репрессия құрбандарына байланысты әділетті қалпына келтіру жөніндегі қосымша шаралар туралы» Қаулысы шыққаннан кейін ғана ақталады.

Осы істердің барлығында да «құпия» деген белгі бар. Марқұмдардың қаза тапқанына да сексен бес жыл өтіпті.  Енді құпияны сақтаудың қанша қажеті бар. Оны алып тастап, жалған куәлардың есімін елге әйілесек қана шындық салтанат құрады.

Біздің ойымызша, ақты ақ, қараны қара демекші, кім болса да өз заманында қандай қызмет жасаса да, олардың әділ бағасын беруіміз керек. Бай-кедей деп бөлінгенде, «кедейдің сөзін сөйлейік, байлардың барлығы онбаған» деген пиғылдан, Совет Одағы тұсында ел басқарғандардың барлығы қиянатшыл деген ойдан да арылу керек секілді. Ол үшін осы күні қөшелер, мектептерге есімдері берілген кісілердің еңбегін түгендегеннің де айыбы жоқ. Әйтпесе  аталастары мен руластарының, ауылдастарының  жырын жырлағандардың сөзі өтіп кетіп жүргенін күнде көріп-біліп жұрміз. Бір ғажабы, кешегі аштық, қастық жылдарында қызмет еткен әлдебір «қайраткерсымақтарға» да көше аттары беріле бастады.

Википедияда отыз алтыншы жылы тамыз-қараша айларында Қазақ АССР Орталық атқару комитеті Президиумының ұйымдастыру комитетінің төрағасы қызметін атқарған, 1936—1937 жылдары Қостанай облыстық атқару комитетінің төрағасы болған Байдақов  Бақытжан (1898—1938) деген кісіні совет, партия және мемлекет қайраткері деп атап көрсетіпті. Сол сұрапыл жылдары халыққа емес, қаныпезер үкіметке қызмет еткен адамдарды қайраткер деп танимыз ба, әлде қылмыскер деп жариялаймыз ба?!

2014 жылдың 15 тамызында «Түркістан» газетінде жарық көрген «Жасындай ағып өткен» деген мақалада Тараздық  медицина ғылымдарының докторы, профессор Сағындық Ордабеков 1938 жылдың 28 ақпаны күні   40 адамға «халық жауы» деген жала жабылып, мәскеулік көшпелі соттың үкімімен (НКВД-нің үштігімен) атылған қазақ интеллегенциясының сол кездегі қаймақтары қатарында Б.Байдақовты да атайды.

Кедей отбасында тәрбиеленген, шешесінен үш жасында жетім қалған кісінің тағдыры оны солақай саясаттың теріс жолына салып жібергені рас. 1926 жылдан ВКП(б) мүшесі болған Б.Байдақов 1918 жылы Ақтөбе мұғалімдер семинариясын бітіріп шыққаннан кейін ауыл мұғалімі болады.Содан кейін аудандық дайындау кеңсесі саяси ұйымының меңгерушісі,Темір уездік еңбек, сақтық кассасының меңгерушісі, Казкрайсоюздың саяси бөлімі меңгерушілігінен Батыс Қазақстан облысының Орал аудандық комитетінің бірінші хатшысы, Батыс Қазақстан облыстық партия комитетінің үшінші хатшысы дәрежесіне дейін көтеріледі. Басқа да партия-совет қызметін атқарады. 1928 жылдары байларды кәмпескелеу науқанына белсене араласады, одан кейін Темір және Ырғыз аудандарында  коллективтендіруге қарсы шыққан көтерілісшілерді басып-жаншуға қатысады.

Халықты ату жазасына кесу туралы НКВД-ның аса құпия № 00447 жарлығына орай ҚСРО ішкі істерінің халық комисариаты 1937 жылдың 13 шілдесінде шығарған № 00447 жарлығында: «Жүргізілген тексеріске сәйкес Кеңес одағына қарсы адамдар, бұрынғы биліктегі азаматтар, ертеректе репрессияға ұшырағандар және лагерьлер мен итжеккенге айдалғандардың көбі ауылдарда (деревня) тұрып жатыр. Сондай-ақ ауылдарда діндарлар мен Кеңес үкіметіне қарсы саяси ұйымдардың өкілдері де шоғырланған. Осы аталғандардың біразы қалаға келіп өндіріс ұйымдарына, көлік пен құрылыс саласына кіріп кетті. Олардың барлығы да халық жаулары. Үкіметімізге қарсы іс-шаралар ұйымдастырып жатуы әбден мүмкін. Мемлекеттік қауіпсіздік ұйымдары алдында бұлардың көзін жойып, жұмысшы тапты қорғау туралы мәселе тұр. Кеңес мемлекетінің саясатына қарсы келетіндерді біржолата құрту керек. Сондықтан 1937 ЖЫЛДЫҢ 5 ТАМЫЗЫНАН БАСТАП БАРЛЫҚ РЕСПУБЛИКАЛАРДА, ОБЛЫСТАР МЕН АЙМАҚТАРДА КЕҢЕС ҮКІМЕТІНЕ ҚАРСЫ БАСКЕСЕРЛЕРДІ ҰСТАП, КӨЗДЕРІН ЖОЮҒА бұйырамын» деген бұйрық дайындалған. 1937 жылғы репрессиялау туралы бұйрықты «ruskline» сайтынан алып  «Намыс порталы (аударған Рүстем Нүркен. namys.kz) репрессия 19372015-12-18жариялады.

Бұйрықта халық жаулары екі топқа бөлініп, бірінші топтағылар  дереу тұтқындалып, үштіктің ұйғарымы бойынша атылуға тиісті аса қауіптілер қатарына жатқызылған. Ал екінші топтағылар аса қауіпті емес, бірақ қарсылық көзқарасы бар элементтер ретінде сотталып, 8-10 жыл арасында түрмеге қамалсын деген нұсқау берілген. НКВД-ның аудандық және облыстық бөлімшелерінің есебі бойынша репрессиялануы тиіс адамдар саны Қостанай облысы бойынша бірінші топта 150, екінші топта 450 деп көрсетілген.

КСРО ІШКІ ІСТЕРІНІҢ ХАЛЫҚ КОМИСАРИАТЫ МЕМЛЕКЕТТІК ҚАУІПСІЗДІГІНІҢ БАС КОМИСАРЫ Н. ЕЖОВ қол қойған құжаттың негізінде Қостанай облысындағы үштіктің құрамы төраға — Павлов,
мүшелері Кузнецов, Байдақов болып бекітілген.Халық жауларын әшкерелеу операциясы 1937 жылдың 5 тамызында басталып, төрт  айдың ішінде аяқталуына қарағанда, жазаланған 600 адамның тағдырына Байдақов тікелей араласқан.

Қостанай облыстық мұрағатыңда сақталған Р-125 қорындағы 2 жазбадағы 14 істе Бақытжан Байдақовқа 57 және 58 баптар бойынша айып тағылғаны көрсетілген.

Байдақовтан жауап алған Зеленцов деген тергеушінің «Сізді антисоветтік ұлттық ұйымға кім тарты?» деген сауалға ол: «Мені отыз бесінші жылы Құлымбетов тартқан болатын. Одан кейін Жандосовпен, Молдажановпен, Төреғожинмен, Оразовпен, Жаманмұрыновпен, Жүргеновпен байланыс жасап тұрдым» - деп жауап беріпті. Ол осы ұйымға Жітіқара аудандық атқару комитеті төрағасы Құдайбергеновты, Меңдіқара аудандық комитеті хатшысы Бұқарбаевты, Обаған аудандық комитеті хатшысы Үмітбаевты және облыстық атқару комитеті хатшысы Аметовты тартқанын айтыпты. Бұлардан басқа да ондаған кісінің аты-жөні айтылады.

Әрине, Байдақов олардың аты-жөнін өз бетімен айтып отыр деуге сену де қиын. Өйткені хаттамадғы «менің айтуыммен жазылды және оқып шықтым» деген сөйлем де, тергеу хаттамасы да машинкеге басылған, алайда, онда не тергеушінің, не айыпталушыың қолдары қойылмаған,

1937 жылдың қыркүйек айында (күні көрсетілмеген) УНКВД төртінші бөлімінің бастығы, мемлекеттік қауіпсіздік қызметінің лейтенанты Велозеровтың  қылмыскерге қарсы шара қолдану  және оны айыптау туралы қаулыларында Байдақовтың ұлттық ұйым құруға қатысқаны толық дәлелденгені, сондықтан оны 17 қыркүйекте тұтқынға алу керектігі жазылған.

Бақытжан Байдақов 1937 жылдың 10 қыркүйегінде өзіне өзі қол салады. Сол кезде УНКВД тергеушісі: «обнаружен во дворе собственного дома, в каменном сарае, крытом жестью, на земляном полу приваленным к стенке деревянного курятника лежал на правом боку председатель Облисполкома тов. Байдаков с тяжелой раной из огнестрельного оружия в правой височной стороне головы. Около него вблизи лежало двуствольное 20-го калибра ружье с одним заряженным и другим выстреленным патроном… Серая простреленная кепка, осеннее окровавленное кожаное коричневого цвета пальто … изъяты... Мы застали тов. Байдакова лежавшим на боку в курятнике при дворе при сильном кровотечении из головы после саморанения. Никаких предсмертных записок или же писем не обнаружено», - деп болған жайды толық баяндап жазады. Кім біледі, ол өткен іске өкініп, өзіне өзі қол салды ма, әлде, жазаланатынын біліп, өмірден қиналмай кетудің жолын іздеді ме, ол жағы бір Аллаға ғана аян.

1937 жылдың 10 қарашасында облыстық партия комитетінің  ІІІ пленумы облыстық атқару комитетнің бұрынғы төрағасын контрреволюционер-ұлтшылдардың облыстық ұйымының филиалына басшылық жасады деген айыппен пленум мүшесі құрамынан шығару туралы шешім қабылдайды.

Кезінде жоғарыдан келетін бұйрықты орындаушылардың бірі болған Бақытжан Байдақов та құрбан болғандар қатарында аталып, елу сегізінші жылы көппен бірге ақталды. Бірақ, жазықсыз жапа шеккендердің үрім-бұтағы оны кешіре қояр ма екен? Күні кеше Алматыда Желтоқсан көтерілісі кезінде өз бауырларына қорлық көрсеткендер, Жаңаөзендегі қанды қырғында қарусыз халыққа оқ атқандар да бұйрықты орындадық деп ақталуы мүмкін. Алайда, сол бұйрықты орындай алмаймын десе ғана олар халықтың қарғысына қалмас еді, алғысын алар еді.

Қостанай қаласындағы Жастар көшесі осыдан бірнеше жыл бұрын өзгертіліп, генерал Таутан Арыстанбековтың есімі берілді.Ол туралы да энциклопедияда мемлекет және қоғам қайраткері деп жазылған. Бұл кісі КГБ жүйесінде ең алғаш генерал-майор атағын алған адам екен. Сондықтан да қазіргі КНБ ардагерлері оның есімін көшеге беру туралы ұсыныс жасаған.

Энциклопедияда келтірілген мәліметтерге сүйенсек, Қазақ жастарының демократиялық кеңесі ұйымын құрушылардың бірі Таутан Арыстанбеков қазіргі Қостанай облысында (бұрынғы Торғай облысы Қостанай уезі Обаған болысы) туған. «Бірлік» қоғамының жұмысына белсене қатысқан. 1917 жылдың аяғында С.Сейфуллиннің ықпалымен Т.Арыстанбеков, Ж.Садуақасов, Ә.Досов, Х.Жүсіпбеков «Бірлік» қоғамынан бөлініп шығып, «Қазақ жастарының демократиялық кеңесі» атты ұйым құрған. Жаңа ұйымның төрағалығына Таутан Арыстанбеков сайланады. 1918 жылы көктемде үгіт-насихат жұмысын жүргізгені үшін абақтыға қамалады.

1918-1923 жылдары Қостанай өңірінде мұғалімдік қызмет атқарады. 1921 жылы Қазақстан Кеңестерінің ІІ съезіне қатысып, Қазақ АКСР-і Орталық комитетінің мүшесі болады. Кейін Қостанай округтік прокурорының орынбасары, округтік халық ағарту бөлімінің меңгерушісі, 1927-1928 жылдар аралығында Қазақ АКСР  Заң халық комиссариатының прокуроры, Сырдария губерниялық сотының төрағасы қызметтерін атқарған. 1937 жылы С.Сейфуллиннің жақын адамы ретінде он жылға сотталады. 1947 жылы мүгедек болып елге оралғанымен, 1948 жылы қайтадан Краснояр өлкесіне жер аударылады. 1957 жылы толық ақталған.

Қостанай облыстық архивінің 125 қорындағы 2-ші жазбада 37 істе Батпаққара ауданындағы 10 ауылдың тұрғыны. 1896 жылы туған Қабақ Тоқболатовты айыптау туралы жазылған. 1937 жылы оныншы мамыр күні облыс прокурорының көмекшісі Көкенаманов аталған іске шолу жасағанда айыптаушылар Тоқболатов Қабақ, Тиышбаев Өтеғұл, Жүсіпбаев Торбай 1918 жылғы азамат соғысы жылдарында Алашорда көсемінің бірі Міржақып Дулатов басшылық еткен Алаш отрядында болғанын, Аманкелді мен Әбдіғапар Жанбосыновтың  әскеріне қарсы соғысып, А.Имановты тұтқынға алғанын және Аманкелдіні атуға қатысқанын жазыпты. Олардың Қызыл Армияның жеңісінен кейін де әшкереленбегенін көрсеткен прокурор осыған орай қосымша жауап алуға тиісті бірнеше кісінің есімін атайды. Ал  маусым айында сол кезде Аманкелді  ауданында НКВД бастығы болған Арыстанбеков тергеу жұмыстарын жалғастыру туралы қаулы шығарады. Бұл қаулыда Тоқболатовтың Аманкелдіні атуға қатысқаны, ал 1930 жылдан бастап ауылдық кеңес төрағасы қызметін атқарғаны, байлармен байланыс орнатқаны, оның жазаланбауына сол кездегі Аманкелді ВКП(б) аудандық комитетінің бұрынғы хатшысы Измаиловтың кінәлі екендігі айтылыпты. Аманкелді ауданында халық соты болып қызмет еткен  Садық Дастанов, сол ауданда сауда бөлімінде жұмыс істеген Шындай Оразбаев, бай саудагер болып есептелген  Қапан Шапақов, мемлекеттік банктің бастығы Нағашыбай Жүсіпов, аудан тұрғындары Сыздық Қайыров, Досмағамбет Оразалин секілді азаматтарды да 58 статья бойынша айыптап, Қостанай түрмесіне жіберу туралы шешім қабылданған.

Мен облыстық онамастика комиссиясының мүшесі болатынмын. Ұсынысты талқылау кезінде өз ойымды ашық айттым, «генералдың жақсы адам екеніне дау жоқ, алайда, ол кісі, марқұмға қара жер хабар бермесін, отыз жетінші жылы НКВД бастығы болып қызмет жасаған екен,  сол кездегі қылмыстарға қатысы болуы да мүмкін ғой» деген уәж айттым. Мені қолдаушылар да аз болған жоқ. Сүйтіп ұсыныс өтпей қалды, бірақ, арада бірер ай өткенде облыстық мәслихаттың мәжілісінде (мені қатыстырмай)  аталған комиссия мүшелігінен шығарып тастады да, әлгі даулы мәселені қайта дауысқа салып, белден басып дегендей, көше атауын өзгертіп тынды.

Әрине, сол тұста күштік құрылымдарда қызмет атқарған кісілерді бұйрықты орындаушы деп ақтаушылар табылар. Дегенмен оларды қайраткер ретінде қабылдау ақылға сыйымсыз.

Ақылбек Шаяхмет

Abai.kz

1 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1465
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3233
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5352