Дэн Сяопиннің АҚШ-қа сапары
Басы: Дэн Сяопин және Қытайдың дипломатиялық стратегиясы
Жалғасы: Баса билеуге қарсы тұрып, әлемдік бейбітшілікті қорғау
Жалғасы: Қарсыласу - достықтан, одақтасу - елдіктен айырады!
Қытай мен АҚШ 20 жылдан аса жауласты. Екі елдің дипломатиялық қатынас орнатудағы ең басты кедергісі – қоғамдық түзімдегі өзгешелік пен Тайвань мәселесі болатын. Бұл екі мәселенің алдыңғысы сол баяғы Маодың заманынан қалған капитализм ба социализм бе деген мәселе. Екіншісі - ұлттық тұтастық пен отаншылдыққа саятын аса нәзік мәселе.
Халықаралық құқық нормаларды қоса алғанда, Қытай-АҚШ қатынасы іс жүзінде үш түрлі факторға байланысты болады:
- Бірінші. Қытайдың басқару элитасындағы саяси күштердің ара салмағы және саяси шешімде капиталистік елдерге қандай позиция ұстану. Мұнда бір таяқпен бәрін сынау және терістеу немесе капиталистік елдерден де үйрену, олардың құнды тәжірибелерін Қытай үшін пайдалану. Әрине, басқару элитасындағы мұндай көзқарас алауыздығы Қытай-АҚШ қатынасын шешудің түпкілікті факторы саналмайды. Кемі Дэн Сяопиннің шешуші билікке келген соң, бұл фактордың маңызы соншалықты күрделі емес.
- Екіншісі. Қытай мен АҚШ Тайвань мәселесінде қандай ұстанымда болады? Екі жақ бұл мәселеге қаншалықты деңгейде түсіністік таныта алады деген мәселе. Бұл мәселе - Қытай-АҚШ қатынасына тікелей әсер ететін аса маңызды фактор.
- Үшіншісі. Қытай мен Кеңес Одағының қатынасы. Бұл көріністе сыртқы фактор болғанымен Қытайдың дәстүрлі дипломатиялық стратегиясында басты жау біреу ғана болуы керек. Бір мезгілде екі майданда қатар соғыса алмайсың. Егер Кеңес Одағы мен Қытайдың қатынасы күрделі жағдайға беттесе, бұл АҚШ-Қытай қатынасын жақындата түседі. Әрине, ол кездегі жағдайда Қытай мен Кеңес Одағының қатынасы біршама жақсарғанымен, Қытай-АҚШ қатынасын мүлде салқындатып жіберуге қабілетсіз болатын.
Аталған 3 фактор бір-бірін тежеп отырады. ХХ ғасырдың 70-жылдарында Қытай мен Кеңес Одағының солтүстік және батыс шекарасындағы жағдай дағдарыстық сипат алды. Сол себепті Мао Цзэдуң баса билеуші екі алып елге қарсы тұру стратегиясында Кеңес Одағының қаупіне баса назар аударды. Кеңес Одағымен салыстырғанда Америка мұхиттың арғы бетінде жатқан алыстағы жау. Сол себепті оның Қытайға қаупі орыстарға қарағанда әлдеқайда әлсіз болатын. 1972 жылы Мао Цзэдуң: «Тайваньнның мәселесі - ұсақ-түйек, ал әлемнің ісі - үлкен мәселе», - деген ұстаныммен Ричард Никсонмен қол алысып, татуласқан болатын. Сол арқылы Мао Цзэдуң АҚШ-пен сырт көзге одақтасқан кісімсіп, Кеңес Одағынан келетін қауіпті сейілтуге күш салып еді. Бірақ АҚШ-Қытай қарым-қатынасы осымен қалыпты арнаға түсіп кеткен жоқ. Жағдай сол беті күрделі күйінде қалды. Себебі, олар Тайваньды өзінің Тынық мұхиттағы «мәңгі батпайтын авиатасымалдағыш кемесі» ретінде санайтындықтан Вашингтон билігі Тайвань мәселесінде Қытайға жол бергісі келмеді. Ал Қытай сол баяғы сыңар езу сыртқы саясатының кесірінен әлемдегі №1 капиталистік елмен тіл табысуға талпынған да жоқ.
Бұл мәселені тарих тағдырдың жазуымен Дэн Сяопиннің дұрыс арнаға бұруына қалдырыпты. Дэн Сяопиннің арманы қандай жолдармен болса да Қытайды бай-қуатты, осы заманғы елге айналдыру болатын. Оның тетігі арбаның қос дөңгелегі қатар айлануға тиіс. Оның біріншісі - ішке қарата ескі құрылымның барлық ажырғыларын шешіп,қоғамдық өндіргіш күшті азат ету. Екіншісі – ұзақ жылдарға созылған томаға-тұйық оқшаулану саясатын аяқтап, бүкіл әлемге, әсіресе, дамыған батыс әлеміне есікті айқара ашу арқылы озық ғылым-техникалық біліммен осы заманғы басқару тәжірибесін меңгеру болатын. Дэн Сяопин тәжірибелі дипломат ретінде батыс әлеміне есік ашудың кілті АҚШ-тан бастау алатындығын жақсы түсінді. АҚШ дамыған батыс әлемінің бас қалқасы және осы замандандыру жағындағы даму өресі ең озық мемлекет. Бұрын Қытай күллі батыс әлемінен мүлде оқшауланып, томаға-тұйық өмір кешті. Әсіресе, Корея майданында қан-қасап қырқыстан кегі кетіп, ішіне қан қатқан екі жақ бітіспес жауларға айналған болатын. Енді Дэн Сяопин үшін өткеннің бәріне салауат айтып, батыс әлеміне бастар жолда ең алдымен АҚШ-тың қақпасын қағуға тура келді.
Дэн Сяопин шешуші билікті өз қолына алғанымен, оның да адымын аштырайтын түрлі кедергілер баршылық болатын. Сол себепті ол аса сақтықпен қимылдап, ақырын жүріп, анық басуға мәжбүр болды. 1977 жылы АҚШ мемлекеттік хатшысы Вэнс Сайрус Қытайға сапарлай келді. Дэн Сяопин онымен АҚШ-Қытай қарым-қатынасын қалыпты арнаға бұру мәселесін талқылады. Әңгіме барысында Дэн күрмеуі қиын, нәзік мәселелерден әдейі тайсақтап, Тайвань мәселесін сөз етпеуге тырысты. Кейін Ақ Үйдің мәлімдемесінде бұл реткі кездесудің ілгерлеушілік болғанын, Қытай басшыларының екі ел қарым-қатынасын қалыпты арнаға бұруда икемділік танытқандығын баса көрсетті. Дэн Сяопин Ақ Үйдің мұндай мәлімдемесін теріске шығарып, түсінбеушілік болғанын ашық мәлімдеді. Себебі, Тайвань мәселесі иелік құқыққа саятын, Қытай үшін ешқашан жол беруге болмайтын ерекше нәзік мәселе болатын. Дэн Сяопиннің бұл мәлімдемесі АҚШ дипломаттарын таңғалдырғанымен, іс жүзінде оны түсіну онша қиынға соқпайтын. Себебі АҚШ мемлекеттік хатшысын қабылдағанда Дэн Сяопиннің билікке оралғанына онша көп бола қоймаған. Оның саяси негіздері де айтарлықтай әлсіз еді. Сондықтан да, Қытай-АҚШ қатынасындағы осы бір түйткілді нәзік мәселеде Дэн Сяопиннің арғы ойын ашық айтуға мүмкіндігі жеткіліксіз болатын. 1978 жылдың мамырында АҚШ ұлттық қауіпсіздік комитетінің кеңесшісі Збигнев Бжезинский келген кезде жағдай мүлде басқаша болатын. Ол кезде Дэн Сяопиннің билігі әлдеқайда бекемделе түскен. Ол енді Қытайдың АҚШ-пен қарым-қатынасын қалыпты арнаға бұру үшін нақты келіссөздер бастауға дайын екенін ашық мәлімдеді. Оған жалғас Кеңес Одағы мен Қытай қарым-қатынасының Вьетнамға байланысты мәселеде ушыға түсуі отқа май құйып, АҚШ-Қытай қарым-қатынасын жақындастыруға үлкен серпін берді. 1978 жылы қарашада Кеңес Одағы мен Вьетнам қауіпсіздік шартына қол қойды. Бір ай өткенде Вьетнам әскері Камбоджаға басып кіріп, Кеңес Одағының Қытайды стратегиялық қоршауы асқына түсті де, Кеңес Одағы мен Қытайдың қарым-қатынасы жақсарады деген үміт селге кетті. АҚШ Кеңес Одағының оңтүстік Азиядағы ықпал-көлемінің кеңеюіне байланысты белсенді әрекет қолданып, бірінші рет Қытайдың Тайваньнан АҚШ әскерін шегіндіру, ресми дипломатиялық қарым-қатынасын үзу және барлық келісім-шарттардың күшін жою жөніндегі 3 түрлі талабын жарым-жартылай орындап, тек қана Тайваньға қару-жарақ сату құқығын ғана сақтап қалды. АҚШ-пен бірлесіп, Кеңес Одағын тежеу Мао Цзэдуңның тірі кезіндегі ойы болатын. Дэн Сяопин осы орайда осы бір үрдісті бір белеске көтеріп тастады. 1978 жылдың 1-қаңтарында Қытай мен АҚШ ресми дипломатиялық қатынас орнатып, 8 жылға созылған күрделі келіссөзге нүкте қойды. Дипломатиядағы аталған жетістік содан аз бұрын ғана ҚКП 11-кезекті орталық комитетінің үшінші жалпы мәжілісіндегі тарихи бетбұрыспен тұспа-тұс келіп, Қытай үшін жаңа бір дәуірдің келе жатқандығын әйгіледі.
Іле-шала 1979 жылдың 28-қаңтарынан 8-ақпанына дейін Дэн Сяопин Қытайдың іс жүзіндегі ең жоғары басшысы салауатымен АҚШ-та ресми сапарда болды. Дэн Сяопиннің бұл сапары жаңа ғана қалыптасқан АҚШ-Қытай достық қарым-қатынасын бекемдеу және дамыту мақсатынан тыс, тағы да үш түрлі тарихи миссияны орындауды мақсат еткен болатын:
- Бірінші. Америкамен бірлесіп, Кеңес Одағының ірге кеңейтуін тежеу арқылы Қытайдың шекаралық аймақтарындағы қорғаныс басымдылығын азайту.
- Екінші. Тайвань мәселесін шешіп, Қытайды бірлікке келтірудің нақты күнтәртібін белгілеу.
- Үшінші. Енді ғана басталған Қытайдың осы замандандыру құрылысына экономикалық, технологиялық мүмкіндіктерді қарастырып, инвестиция тарту.
Дэн Сяопин аталған сапарын Қытайдың диқандар календарі бойынша жаңа жылдың бірінші күніне орайластырды. Бұл күні күллі Қытай дәстүрлі жаңа жылын тойлап, бір-біріне қыдырып, ізгі тілектерін айтып, өкпе-реніштерін кешірісіп, шат-шадыман күйге түсетін. Дэн Сяопиннің де осы күнді таңдап, Тынық мұхиттың екінші жағалауына ат басын тіреуі сол кездегі АҚШ президенті Джимми Картерді ерекше әсерлендірді. Мәртебелі қонаққа арналған қарсы алу сөзінде Джимми Картер: «Вице-премьер мырза, кеше сіздер үшін көктем мерекесінің бірінші күні, әрі Қытай халқының жаңа бір тарихи беталысқа қадам басқан дәстүрлі мерекесі! Менің естуімше, сіздер үшін жаңа жылдың осы күні шексіз мейірімді жаратушыға барлық есік-терезелеріңізді ашып қояды екенсіздер. Бұл ағайын арасында, отбасында барлық өкпе-реніштерді ұмытатын күн. Адамдар туыстарымен сағына қауышып, достарына сәлем беретін қымбат сәттер. Әрі бас қосу мен түсінісудің таптырмас сәті. Біздің елдеріміз үшін бүгін мерейлі қауышу мен жаңа бір дәуірдің басталу сәті. Бүгін татуласу мен ұзақ жылдар тарс бекітіліп қалған есік-терезенің қайта ашылар жұлдызды сәті болды», - деген жүрекжарды лебізін арнады.
Вашингтонда мәртебелі мейманға арнап жайылған мемлекеттік қонақасыда Дэн Сяопин: «Біздің елдеріміз өткен 30 жылда бір-бірімізден мүлде оқшау өмір сүрдік. Қазір мұндай қалыпсыз жағдай келмеске кетті», - деп, күллі әлем журналистерінің алдында президент Джимии Картердің тағы бір рет қолын қысып тұрып, ерекше толқыған сезіммен: «Қазір екі ел халқы өзара қауышты деп қабылдаңыздар», - деп сөзін аяқтады.
Кеңес Одағына екі елдің бірлесіп қарсы тұруы жайлы құпия келісімдерден тыс, екі ел басшылары бірқыдыру ғылым-техникалық істестік және мәдени барыс-келістерге байланысты келісімдерге қол қойды. Келісімнің нақты мазмұндарына келсек, екі ел өзара консулдықтар ашу, өзара студенттер алмасу, энергетика көздерін бірлесіп ашу, жоғарғы қуатты физика және ғарыш технологиясы саласындағы ынтымақтастық қатарлы көптеген саланы қамтыды. Президент Джимми Картер аталған келісімдер Қытай-АҚШ қатынасының шыт жаңа, кері бұруға келмейтін дәуір ағысының символы деп бағалады. Ал Дэн Сяопин: «Бұл келісімдер - екі ел қатынасының тек қана басталуы, бұл істер мұнымен аяқталмайды. Алдағы болашақта екі жақ істестігінің көптеген салалардағы көкжиегі ашылады және екі ел қатынасындағы жаңа арналар біздің ашуымызды күтіп тұр», - деп қорытты.
Келіспестіктердің бәрі осы бір сапармен шешіліп кетпеген болатын. Мұндағы талас тудырған екі үлкен мәселе жайлы кейін келе Джимми Картер өз естелігінде былай деп жазды: «Дэн Сяопин АҚШ миссионерлерінің Қытайға дін тарату жоспарына үзілді-кесілді қарсы болды. Бірақ ол АҚШ ақпарат агенттіктерінің Қытайда өз бөлімшелерін ашуына принциптік тұрғыда келісім берді. Дэн Сяопин АҚШ-тың Тайваньға қару сатуын қолдамайтындығын, бірақ ол маған келесі жылдан бастап Тайваньға қару сатуда ерекше абай болуымды ескертті. Және АҚШ-пен Жапонияның Тайваньның ұлы құрлықпен келіссөз үстеліне отыруына мұрындық болуын өтінді».
Дэн Сяопин АҚШ-та болған 8 күндік сапарында уақытының тең жартысын АҚШ-тың 3 үлкен өнеркәсіп орталығы Атланта, Хьюстон және Сиэтл қалаларын аралаумен өткізді. Мұндағы мақсаты бұдан кейінгі экономикалық, техникалық істестіктерге негіз қалау болатын. Бұл барыста ол АҚШ-тың жоғарғы, жаңа технологиясы мен осы замандандыру табыстарына ерекше назар аударды. Ол айналасындағыларға АҚШ-тан Қытайдың үйренетін жері ерекше көп екен деумен болды. Былай қараған адамға оның бұл сөздері кішіпейілдік пен сөз салты сияқты әсер беретін. Бірақ іс жүзінде Қытай шын мәнінде АҚШ-тан алатыны көп екендігін ашық мойындау еді. Сиэтлде Дэн Сяопин өзінің қоштасу сөзінде: «Біздің сапарымыздың соңғы аялдамасы - сіздердің «шығысқа ашылған қақпа» деп аталатын көрікті шаһарларыңыз болды. Біз бір судың екі жағалауында өмір сүріп жатқан көршілер екенімізді терең сезіндік. Тынық мұхиты ендігәрі бізді екіге бөліп жататын кедергі емес, бізді байланыстыратын дәліз болуға тиіс», - деп аяқтады.
Дэн Сяопин бастаған делегацияның АҚШ-тағы 8 күндік сапары ерекше тығыз күн тәртіппен орналастырылған болатын. Осы 8 күнде Дэн Сяопин АҚШ Президентінен тартып, түрлі деңгейдегі лауазым иелерімен кездесу өткізуден тыс, депутаттармен, шатат губернаторларымен, қала әкімдерімен және кәсіпкерлер, білім-ғылым саласының таңдаулы өкілдерімен де жүздеген кездесулер жасады. Түрліше ортада сан мыңдаған адамдардың алдында сөз сөйлеп, ақпарат құралдарының өкілдерінің сұрақтарына жалықпастан жауап беріп жатты. Сол кезде Дэн Сяопин сапарына байланысты екі мыңнан аса журналист түрліше хабарлар таратыпты. АҚШ-тың 3 үлкен телеарнасы ең оңтайлы сәтті Дэн Сяопин сапарына арнап, Дэн Сяопиннің уақытына айналдырып жіберіпті деседі. Әлемдік ақпарат Дэн Сяопиннің осы реткі АҚШ сапарын бұрын-соңды болмаған сән-салтанат пен ерекше құрметке бөленгендігі АҚШ-тың соңғы 20 жыл дипломатия тарихында болып көрмегендігі айтылады.
Дэн Сяопиннің АҚШ сапары АҚШ-Қытай қарым-қатынастарын бұрын-соңды болмаған шырқау биікке көтерді. Бірақ осыған сәйкес түрлі өсек-аяңдар да аз болған жоқ. Сыртқы көз Қытай АҚШ-тың құшағына біржола құлады деген қате тұжырым жасады. Тіпті, Тайвань мәселесі Қытай мен Кеңес Одағының арасындағы текетірестің құрбанына айналды деп соққандар да болды. Дэн Сяопин мұндай қызуқанды қарым-қатынастың бетіне су бүркіп, салқындату керек-ау деген шешімге келді. Бұл жерде геосаясаттың беталысы да басқа бағытқа бұрылған болатын. 1979 жылдың көктеміндегі Қытай-Вьетнам соғысында Кеңес Одағының бейтарап саясат ұстануы Қытай мен Кеңес Одағы арасындағы текетіресті біршама бәсеңдеткен еді. Ал АҚШ-та Джимии Картер билігінің соңын ала «Тайваньмен қарым-қатынас туралы» деп аталатын Заң қабылданды. Ал оған ілесе Рональд Рейганнің сайлау алды бағдарламасында кейбір пікірлері Қытай-АҚШ қарым-қатынасына өз салқынын тигізіп, айтарлықтай алаңшылық туғызды. Осымен бір уақытта Дэн Сяопин бастаған Хуа Гопинге қарсы майдан өз ішіне бөлшектенді де, Дэн Сяопин реформасы қатты қарсылыққа тап болды. Дэн Сяопиннің АҚШ-қа сапарлаған екінші жылынан бастап, АҚШ-Қытай қарым-қатынасы салқын күй кешті. Осыдан соңғы көптеген жыл бойы Қытай Тайвань мәселесінде АҚШ-қа қарсы мәлімдеме жасаумен болды. Ал АҚШ Қытайдың кісілік құқық мәселесін көлденең тартып, Қытайға «ең тиімді сауда әріптесі» мәртебесін беруді саудаға салды. Екі жақтың ұрыс-керісі толастамағанымен, экономикалық-техникалық селбестіктер Дэн Сяопин сапарында қол қойысқан келісімдер негізінде ың-дыңсыз жүріп жатты.
Жалғасы бар...
Рақым Айыпұлы
Abai.kz