«Мәскеу» суға кетті...
Ресейдің тағы бір кемесі «Мәскеу» крейсері суға кетті. Тағы бір дейтін себебіміз бұған дейін де Ресей кемелеріне шабуыл жасалып, суға кеткендері бар. Ресей Украинаға соғыс ашқан сәтте, ең бірінші Украинаның теңіз күштеріне шабуыл жасап, порттық қалаларды зымыран соққысына алды. Алғаш болып Бердянск қалашығы мен портын басып алды.
24 ақпан күні Ресей Бердянск портын басып алып, әскерін топтастырды. Артынша аталмыш порт арқылы әскери техника, азық-түлік пен резервтік күштерді тасымалдауды іске асыра бастады. Араға тура бір ай салып, Украина сарбаздары Бердянск портына зымыранмен соққы жасады. Порттағы үш кеме зақымданып, «Саратов» десанттық кемесі су астына кетті. Украина «Точка У» зымыранымен соққы жасағаны белгілі болды. Негізінен құрлықтық нысандарды жоюға арналған зымыран теңіз нысанасын жойғаны бірінші жағдай дейді сарапшылар. «Саратов» десанттық кемесінде Ресейдің әскери техникасы мен ондаған сарбазы қаза тапқан. Алайда Ресей ресми бұл оқиғаға қатысты пікір білдірмеді. Ғарыштық түсірілімдер «Саратов» кемесінің суға кеткен суретін жариялады.
13 сәуір күні Ресейдің кезекті кемесіне соққы жасалды. Бұл жолы Ресей үшін маңызды крейсер соққы алды. «Мәскеу» крейсеріне зымыранмен соққы жасалғаны жайлы хабарламаны алғаш болып Украинаның БАҚ-тары жаза бастады. Кемеге екі «Нептун» зымыраны тигені айтылды. Ресейлік БАҚ бұл ақпараттарды жоққа шығарды, алайда 12 сағат өткеннен кейін «Мәскеу» крейсері отқа оранғанын мойындады. «Мәскеу крейсері кемедегі снарядтардың өзіндік тұтану салдарынан болған жарылыстан отқа оранды», - деді Ресей қорғаныс министрлігі. Олар кеменің өзі Қырымға дейін жүзіп барғанын айтты. Тағы бір хабарламада кемені сүйреп апара жатқаны айтылса, бүгін «Мәскеу» крейсерінің суға батып кеткенін хабарлады. Осылайша «Мәскеу» суға кеткенін Ресей де, Украина да, Батыс та мәлімдеді.
Бұл оқиға саяси, әскери және идеологиялық тұрғыдан өте маңызды. Қара теңіз флотының флагманы саналған, үш сатылы қорғаныс жүйесі бар кеменің снарядтардың өзіндік тұтануынан өртеніп кетуі екіталай. Сарапшылар зымыран соққысы болды деген нұсқаға көбірек сенім артуда. Ұзындығы 190 метрді құрайтын, 500-ден астам экипаж құрамы болған алып кемені Украинаның «Нептун» зымыраны жойғаны да маңызды. «Нептун» Украина өзі жасап шыққан зымыран, 2014 жылы Ресей Қырымдағы Украина кемелерін тартып алғаннан кейін, Киев әскери флотының тең жартысынан айырылды. Оның ішінде соңғы сүңгуір қайығы да бар еді. Сол мезеттен бастап Киев кемеге қарсы қорғаныс жүйесіне көңіл бөлуді арттырды. Қырымда орналасқан әскери портты, Одесса қаласына ауыстырды.
Осылайша Украина Ресейдің астанасынің құрметіне атауы қойылған Мәскеу крейсерін төл зымыранымен суға батырып, идеологиялық және саяси тұрғыдан ұпай жинады.
Abai.kz