Кремль өз ішінен жау іздеуге кірісті
Ресей мен Украина арасындағы соғыс басталғалы, Кремль өз арасында жаппай тазалау жұмыстарын жүргізіп жатқаны жайлы ақпараттар түрлі БАҚ көздерінде жазылуда.
Ресейдің Украина қалаларын тез басып алу жоспары іске аспады. Әскери блицкриг жоспары жоспар күйінде қалды. Киевті жылдам алу, Зеленскийді тақтан тайдыру, Украинаны ЕО кіру жоспарын тоқтату, демилитаризация мен денацификация сынды сандырақтың бірі де іске аспады. Әлемдік рейтингте 2 орында тұрған Ресей әскерінің сәтсіздіктерін әскери сарапшылар жаппай жаза бастады. Ола Ресей әскерінің құрамындағы жемқорлық, сатқындық пен парақорлық, барлау қызметінің біліксіздігі жайлы талдауларды жариялады. Көп ұзамай Ресей билігі "тазалау" жұмыстарын бастады.
Bellingcat комнадасының мүшесі Христо Грозев Ресей билігі 150 ФҚК (ФСБ) қызметкерінің жұмыстан шеттетілгені немесе тұтқынға алынғаны жайлы жазды. Журналист ФҚК бесінші қызметінің генерал-полковнигі Сергей Беседаның тұтқындалып, қамауға алынғанын бірінші болып жазған еді. "Олардың басым бөлігі тұтқындалмаса да, ФҚК жұмыс істемейді. Алдағы уақытта көбірек ақпарат тауып, тарата бастаймыз", – деді журналист.
Ресей Украина соғысындағы қолбасшыны алмастырды. Ол бір ай сәтсіздіктен кейін генерал Александр Дворниковты қолбасшылыққа тағайындады. Дворников ұзақ уақыт Сирияда әскери операцияны басқарған, орыс-шешен соғысына қатысқан. Батыс сарапшылары оның қатыгездігі жайлы жазып, мысал ретінде Сирия қалаларын бомбалағанын айтты.
Әйгілі Bild басылымы Ресей билігіндегі "тазалаулар" мен "сенімсіздік" жайлы жазды. Қорғаныс министрі Сергей Шойгуге қатысты былай дейді: "Соғыс басталған сәтте Ресейдің қорғаныс министрі Сергей Шойгу халық назарынан жоғалып кетті. Оның жүрек талмасына ұшырап, ем алғаны жайлы жазылды. Артынша Путин мен Шойгу қатысқан видеоконференция видеосы жарияланды. Алайда Шойгудың бейнесі бұлыңғыр және шынайы көрінбеді. Тек араға бір ай салып, 21 сәуір күні Шойгу мен Путин кездесіп, Мариуполь жайлы талқылады. Осының барлығы екі саясаткер арасында қарама қайшылық болғанын аңғартса керек" , - деп жазды.
Bild наурыз айында Ресей ұлттық гвардиясының орынбасары Роман Гаврилов тұтқындалған. Алайда бұл жайлы БАҚ ақпарат таратпады. Ол құпия ақпаратты Украина тарапына берді немесе жанармай сатты деген күдікпен ұсталған дейді Bild.
Ресейдегі саяси және әскери тұлғалар арасындағы "тазалаудан" бөлек, мұнай-газ саласындағы басшылық қызмет өкілдері құпия жағдайда қаза таба бастады. Мәскеу қаласында Газпромбанкта вице-президент қызметін атқарған Владислав Аваевтың денесі табылды. Оның әйелі, қызы және өзінің денесін туыстары тапқан. Тергеу қызметкерлері Аваев әйелі мен қызын өлтіріп, артынша өзіне қол жұмсаған дегенді айтады.
Испанияда "Новатэк" компаниясының директорлар кеңесінің мүшесі болған Сергей Протосеннің әйелі мен қызы және өзінің денесі табылды. Олардың қазасына нақты не себепкер болғаны белгісіз, алайда Аваев сценарийі қайталанды дейдй ресейлік БАҚ-тар.
Осылайша екі бірдей газ компаниясындағы жоғары лауазым атқарған басшылардың көз жұмғаны белгілі болды. Батыс сарапшылары соғыстың ұзаққа созылуы Кремль ішіндегі талас пен тартысты арттырып, өз ішінен жау іздеу басталып кеткеніне сенімді.
Ка Мырза
Abai.kz