Дүйсенбі, 25 Қараша 2024
Алаң 3735 31 пікір 26 Сәуір, 2022 сағат 14:10

Қазақстан неге Ресей газына құштар болып отыр?

Ел-жұрт Конституциядағы экс-президент Назарбаевтың статусы жайлы қызылкеңірдек болып жатқанда, көңіл алаңтарлық ақпарат Сенаттағы алқа-қотан жиынға барып қатысқан министр Болат Ақшолақовтың аузынан шықты. Қазақстан билігі Солтүстік өңірлер мен Шығыс Қазақстанды газдандыру үшін Ресеймен келісім жасасуы әбден мүмкін.

«Солтүстік өңірлер мен Шығыс Қазақстан облысын газдандыру мәселесіне келсек, екі нақты нұсқамыз бар. Соның біріншісі және ең тиімдісі, жылдамы – Ресей арқылы газдандыру», - депті министр. Яғни, аталған аймақтарға Ресей газын тарту. Тіпті, Ресей қазірдің өзінде бұған апыл-ғұпыл кірісіп кетіпті. Мамырдың соңына дейін есеп-қисап жасап, баға ұсынуы керек екен.

Ақшолақов басқаратын министрліктің есебінше, алғашқы кезеңде ШҚО, СҚО мен Павлодар облыстарын газбен қамту үшін жылына 2,7 млрд куб метр газ қажет. Бұл бағыт Барнауылдан Рубцовскі, Семей, Өскемен арқылы Павлодарға дейінгі жолды қамтымақ көрінеді. Ұзындығы мың шақырымға жуықтайды. Ал екінші жол - Есіл жағалап, Петропавл, Көкшетау арқылы қазіргі бар «Сарыарқа» құбырына жалғанып кетеді. Оның ұзындығы 644 шақырым екен.

«Қазір Ресей тарабы есеп жүргізіп жатыр. Мамырдың аяғына дейін бізге есептеп беруі керек. Ал екінші тоқсанның аяғына дейін біз газ бағасы бойынша нақты жауап аламыз деп ойлаймын», - дейді министр.

Министрдің айтуынша, аталған аймақтарды газдандырудың тағы бір амалы бар екен. Ол – қазір қолданыста бар «Сарыарқа» газ құбыры арқылы газ тарту. Қазіргі уақытта «Астанагаз ҚМГ» АҚ Ақмола және Солтүстік Қазақстан облыстарын газдандыруды көздейтін магистральдық газ құбырының екінші және үшінші кезеңі құрылысының техникалық-экономикалық негіздемесін түзетіп жатыр екен.

«Біз мемлекеттік сараптама қорытындысын күтіп отырмыз. 2022 жылдың маусымының соңына қарай дайын болуы керек. «Астанагаз ҚМГ» АҚ есебінше, жалпы ұзындығы 483 шақырымды құрайтын «Сарыарқа» газ құбыры құрылысының екінші және үшінші кезеңіне 165 млрд теңге керек», - дейді министр.

Ақпарат тәмам. Солтүстік өңірлер мен Шығыс Қазақстанды газдандыру үшін Қазақстан билігі Ресейден газ алмақ. Бағасы есептеліп жатыр. Министрдің сөзінше, бізге жылдам, тиімді әрі тұрақты түрде газ жеткізіп беретін бірден-бір – Ресей болып отыр-мыс.

Осы тұста тағы да Украинадағы қан-қасап соғысты һәм әлем елдерінің, әсіресе, Еуропа елдерінің Ресейге үн қатуы жайлы айту керек. АҚШ пен Батыс Ресейге қарсы экономикалық һәм саяси санкцияларды дүркін-дүркін жариялауда. Қазір санкциялардың алтыншы легін ақылдасып жатыр. Әр жолы ызу-қызу талқы болып жатыр. Себеп біреу – Ресей газына тәуелділік.

Қайсыбір жолы Ресей билігі: «Батыс Ресей мұнайын сатып алудан бас тартатын болса, Ресей Еуропаға жеткізіп жатқан газды да тоқтатады», - деп ашық айтып, қоқан-лоқы жасаған (РФ вице-премьері Новак). Сөйте тұра, «Солтүстік ағын-2» толық тоқтады. Бірақ, бұл Еуропа едері Ресей газынан толық бас тартты деген сөз емес. Ресей газы – Кремльдің қысым жасау тетігі. Сондықтан да, Еуропаның кей мемлекеттері Ресейдің Украинаға және бұрынғы КСРО елдеріне қарсы ашық агрессиясына келгенде үндері бәсең шығып жатыр. Сондықтан да Ресей: «Керек болса, газ үшін рубльмен төлейсіңдер», - деп кеуде қағуда.

Осыны көрген-білген Еуропа бірте-бірте Ресей газына тәуелділіктен арылудың жайын айта бастады. Бірақ, бұл процесс те «айттым – бітті, кестім – үзілдімен», биыл жүзеге аса қоймайтыны түсінікті. Кейбірі: «Жэыл соңына дейін Ресей газынан бас тартамыз», - десе, енді біреулері: «Бізге әлі 2-3 жыл уақыт керек», - дегенді айтуда. Ал біздің билік керісінше, Ресейден газ сатып алуға құштарлық танытып отыр екен...

Нұргелді Әбдіғаниұлы

Abai.kz

31 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1507
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3280
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5798