Біз ерекшеленуді ерекше жақсы көреміз
Түркиедегі танысыма хабарластым:
– Түркия Республикасының Конституциясында Мұстафа Кемал Ата туралы арнайы бап бар ма?
– Жоқ, – деді ол.
Ішкі Қытайда, Бейжіңде оқыған ағаларымнан сұрадым:
– Жүңго мемлекеті – Қытай Халық Республикасының Конституциясында Мао туралы бап бар ма?
– Жоқ.
Содан өзімізге – Өзбекстанға оралдым. Айтып айтпай не керек, Ислам әка да өзін өзбектің әкесі есебінде білген адам еді ғой.
Өзбекстан Республикасының Конституциясы 1992 жылы 15 желтоқсанда қабылданған екен. Содан беріде бірер өзгерістер мен толықтырулар болыпты. Бірақ Каримов туралы бап та жоқ, сап та жоқ.
Бұл үшеуінен көңілім қалып, Түркіменбашы еліне тарттым. Сенгенім сеңсең бөріктілер еді, олар да тауанымды жығып, талабымды қайтарды.
Конституциясында Сапармұраттың да, Құрбанқұлдың да аты-жөні ерекеше аталмаған. Оны айтасыз, «Президент Түркіменстанның Конституциясы мен Милли Генгеш қабылдаған заңдарды бұзатын болса, оған сенімісіздік білдіріліп, лауазымынан босатылады» деген бап тұр (75-бап).
Билік басына мемлекеттік төңкеріс жасап, күреспен келген Таяу Шығыс елдеріндегі әскери тұлғалар да өздеріне Конституциядан бапандай бап сайлап әуіре болмағанға ұқсайды. Бірақ іздене бердім. «Іздеген жетер мұратқа» деген. Іздендім, таптым! Жасасын Халықтық Демократиялық Солтүстік Корея Республикасы!
Мүштегін қисық тістеп отырып Сталин мен Молотов жасап берген СК-нің Конституциясы 1948 жылы 8 қыркүйектен бері қатарынан бірнеше рет: 1954 -1955 жылдары, 1972 жылы, 1992 жылы, 1998 жылы, 2009 жылы, 2010 жылы, 2012 жылы, 2013 жылы, 2016 жылы, 2019 жылы өзгертіліп, толықтырылыпты.
Осы өзгертулерде Ким Чен Ирді Мемлекеттік қорғаныс комитетінің (МҚК) төрағасы ретінде тану туралы, Ким Ир Сеннің қайтыс болғаны туралы және оны Мәңгілік президент деп мойындау туралы, Ким Чен Ирдің биліктегі құзыретін арттыру туралы (МҚК төрағасы Корея Демократиялық Халықтық Республикасының ең жоғарғы басшысы болып табылады), содан кейін Кымсуандағы Күн сарайынан жандары сая тапқан әкелі-балалы Ким Ир Сен мен Ким Чен Ирдің жатқан жерін корей халқы тәу ететін «Мәңгілік ғибадатхана» ету туралы баптар кездеседі.
Екінші дүниежүзілік соғыстан кейін Еуропаның отарынан азаттық алған Африка құрлығындағы елдер де өзінің тәуелсіз, бостан мемлекетін құруға ұмтылды. КСРО күйреген соң одаққа мүше республикалардың бәрі дерлік заманауи мемлекет болып үлгерді. Біз де солардың қатарындамыз. Ерекше айта қаларлықтай ештеңеміз жоқ. Әйтсе де біз ерекшеленуді ерекше жақсы көреміз. Ендігі бағыт – Халықтық Демократиялық Солтүстік Корея Республикасы. Соларды ерекше бір қарқынмен басып озсақ – ар жағы мидай жазық.
Дәурен Қуат
Abai.kz