Сәрсенбі, 25 Желтоқсан 2024
Билік 4378 28 пікір 29 Сәуір, 2022 сағат 13:46

Ассамблея жиыны: Тоқаев не айтты?

Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалығымен Қазақстан халқы Ассамблеясының «Ел бірлігі – жаңарған Қазақстанның тірегі» атты отыз бірінші сессиясы өтті. Мемлекет басшысы қандай маңызды мәселелерді атап өтті?

«Бірлік, татулық және бейбітшілік – біздің мызғымас құндылықтарымыз. Оның айрықша маңызды екенін қаңтар оқиғалары кезінде айқын сезіндік. Қазір қатерлі күндер артта қалды. Сол кезде қандай қауіппен бетпе-бет келгенімізді уақыт өткен сайын ұғына түсеміз. Шын мәнінде, біз мемлекеттілігімізді жоғалтып ала жаздадық. Халқымыз қаңтар қасіретінен сабақ ала білуі керек. Енді ондай жағдай қайталанбауы үшін қолдан келгеннің бәрін жасауға тиіспіз»,- деді мемлекет басшысы.

Әлемдегі геосаяси жағдайдың ушыққанын да тілге тиек етті. «Қазір геосаяси ахуал ушығып тұр. Жаңа сын-қатерлер пайда болуда. Мұндай жағдайда еліміздің азаматтық бірегейлігін нығайтып, отаншылдық рухын көтеруге баса мән беруіміз керек. «Бірлігіміз – әралуандықта» деген басты қағидатымыз ешқашан өзгермейді. Біз жас ұрпақты нағыз отаншыл азамат етіп тәрбиелеуіміз керек»,-деді президент. Расымен әлем елдері арасындағы жағдай ушығып барады. Әлем қайта қырғи-қабақ соғыс кезеңіне аяқ басқан сыңайлы.

Ассамблея жиыны болғандықтан, сөздің басым бөлігі Ассамблея қызметіне бағытталды.

«Ассамблея бұрынғысынша біздің бейбітшілік пен келісім саясатымыздың берік институционалдық тірегі болады деп сенемін. Бүгінгі сессияның міндеттері – Ассамблеяның саяси жүйені реформалаудағы орны мен рөлін айқындау, оның одан әрі даму векторын белгілеу. Біз саяси жаңғыртудың іргелі құрамдас бөлігі ретінде "Біз әртүрліміз бірақ біргеміз" қағидатын негізге аламыз»,- деді президент. «Мәжілістегі Ассамблея квотасын жою демократиялық сайлау стандарттарын сақтауға қатысты бірқатар мәселелерді шешеді. Бұл ретте Ассамблея атынан сайланған сенаторлар жалпыұлттық интеграция мен этномәдени саналуандық негізінде Қазақстанның этностық топтары мүдделерінің жиынтығын білдіретін болады. Мұндай үлгі халықаралық тәжірибені және Қазақстанның парламенттік жүйесінің ерекшелігін көрсетеді", - деді мемлекет басшысы өз сөзінде.
«Осыған байланысты Ассамблея Сенат депутаттығына кандидаттарды іріктеудің тиімді әрі ашық рәсімдерін әзірлеуі керек. Осы мәселелердің барлығы жаңарған "Қазақстан халқы Ассамблеясы туралы" заңда көрініс табуға тиіс», - деді ол.

Президен саяси реформалар жайында да айта кетті. «Партиялық және сайлау жүйесін реформалау барлық азаматтардың сайлау процестеріне қатысуына жаңа мүмкіндіктер ашады. Барлық электоралды ландшафтты қамтитын жаңа партиялар пайда болады деп болжануда. Партиялық тізімдер, сондай-ақ бір мандатты округтер бойынша кандидаттар сайлауы Қазақстанның этностық әралуандығын іс жүзінде көрсетеді деп сенемін”,- деп атап өтті президент.

Сонымен қатар, Президент ешбір жағдайда этносаралық факторды саясиландыруға, осы тақырыпта жағымсыз және арандатушылық пікірталастарға жол беруге болмайтынын айтты. «Елімізде тұратын барлық этнос өкілдерінің жалпыазаматтық құндылықтармен бөлісіп, өздерін Қазақстанмен байланыстыруы өте маңызды. Бұл біздің тәуелсіздік жылдарындағы орасан зор жетістігіміз және біз оны жан-жақты нығайтуға міндеттіміз», - деді мемлекет басшысы.

«Мәдениетіміз әралуан екенін көрсететін ерекше ақпаратты әзірлеу қажет. Соның ішінде, қазақ тілді аудиториямен жұмыс жүргізген жөн. Қазақ тілді аудиторияның ауқымы кеңейіп жатыр. Бұл – жағымды, оң үрдіс. Қазақстанды дамытуға өзге этностардың қосып жатқан үлесін мемлекеттік тілде насихаттау маңызды. Біз осы бағытта жұмыс істейтін ақпарат құралдарын барынша қолдауымыз керек», - деді мемлекет басшысы. «Бір айдан кейін жаңа диалог алаңының алғашқы отырысы – "Ұлттық құрылтай" өтеді. Құрылтай ел дамуының өзекті мәселелерін талқылау үшін қоғамды жұмылдыруға арналған. Ол жалпыұлттық диалогтың әмбебап моделіне айналады. Құрылтай құрамына депутаттар, Ассамблея мүшелері, сарапшылар мен құқық қорғаушылар, сондай-ақ Азаматтық альянстың, қоғамдық кеңестердің, үкіметтік емес ұйымдардың, бизнес-қауымдастықтардың және өндіріс саласының өкілдері кіреді",- деді ол.

"Мен Конституцияға елдің саяси жүйесін түбегейлі өзгертетін өзгерістер енгізуге бастама көтердім. Біз жаңа мемлекеттік модельге, мемлекет пен қоғам арасындағы өзара іс-қимылдың жаңа форматына көшудеміз. Мұны Екінші республика деп атауға болады. Жұмыс тобы Негізгі Заңның 33-бабына түзетулер дайындады, ал бұл бүкіл Конституцияның үштен бірі. Аталған өзгерістерді енгізу туралы заң жобасы Конституциялық кеңеске берілді, ол жақын арада өз үкімін шығарады", - деді президент

«Осы реформалар қолға алынған кезде Конституцияға енгізілетін өзгерістер мен толықтырулардың жобасын Парламент қарайды деп ойлаған едік. Бұл – қолданыстағы заңнамада орныққан рәсімнің бірі. Алайда, алдағы ауқымды әрі маңызды өзгерістер ел болашағына айрықша әсер етеді. Сондықтан, мен Ата заңға өзгерістер мен толықтырулар енгізу жөнінде республикалық референдум өткізуді ұсынамын. Референдум әрбір азаматқа ел тағдырын шешуге тікелей қатысуға мүмкіндік береді және жан-жақты демократияландыру мен жаңа Қазақстанды құру жөніндегі бағытымызды нығайтады», -деді мемлекет басшысы.

«Біз барлық жоспарымызды міндетті түрде жүзеге асырамыз. Мен бұған кәміл сенемін. Біз Екінші Республиканы бірге құрамыз, Жаңа Қазақстанды бірге өркендетеміз! Әр азаматқа бірдей мүмкіндік беретін әділ әрі дамыған мемлекет боламыз! Сөз соңында сіздерді алда келе жатқан Қазақстан халқының бірлігі күнімен және Ораза айт мерекесімен құттықтаймын»,- сөзін қорытындылады президент.

Abai.kz

28 пікір

Үздік материалдар

46 - сөз

Тибет қалай Тәуелсіздігінен айырылды?

Бейсенғазы Ұлықбек 2036