Досан Баймолда. Көші-қон: Шетел тәжірибелері
Әлемде шеттегі өз қандастарын елге шақырушы елдер санаулы ғана. Әлем елдері арасында өз қандастарын елге шақырып қоныстандыруда Германия , Израиль және Қазақстан басқаларға үлгі елдер ретінде айтылады. Бұл үшеуі шеттегі өз отандастарын елге тұрақты тұруға шақырса, ал Польша, Грекия, Чехия секілді мемлекеттер шетелдегі өз отандастарын уақытша тұруға шақыратын тәжірибесі бар. Кеңес одағы ыдырағаннан кейін Литва, Латвия және Эстония секілді Балтық жағалауы елдері, Ресей және Қазақстан этникалық көші-қон мәселесін өзінің стратегиялық маңызды мәселелерінің бірі ретінде атап, іске асыра бастады. Этникалық көші-қон саясатын жүзеге асырушы осы елдер, шеттегі қандастарын елге көшіруді өздерінің басты мақсаты және моральдық борышы санады. Мысалы, Финляндия Сталин бұйрығымен 1944 жылы депортацияға ұшыраған финдерді іздестіруді, елге қайтаруды өзінің моральдық борышы санаса, Польша Кеңес одағы ыдырағаннан кейін «Шығыста қалып қойған ағайындарын» іздестіріп, оларға бірінші кезекте рухани көмек көрсетуді өзінің басты парызы санады.
Әлемде шеттегі өз қандастарын елге шақырушы елдер санаулы ғана. Әлем елдері арасында өз қандастарын елге шақырып қоныстандыруда Германия , Израиль және Қазақстан басқаларға үлгі елдер ретінде айтылады. Бұл үшеуі шеттегі өз отандастарын елге тұрақты тұруға шақырса, ал Польша, Грекия, Чехия секілді мемлекеттер шетелдегі өз отандастарын уақытша тұруға шақыратын тәжірибесі бар. Кеңес одағы ыдырағаннан кейін Литва, Латвия және Эстония секілді Балтық жағалауы елдері, Ресей және Қазақстан этникалық көші-қон мәселесін өзінің стратегиялық маңызды мәселелерінің бірі ретінде атап, іске асыра бастады. Этникалық көші-қон саясатын жүзеге асырушы осы елдер, шеттегі қандастарын елге көшіруді өздерінің басты мақсаты және моральдық борышы санады. Мысалы, Финляндия Сталин бұйрығымен 1944 жылы депортацияға ұшыраған финдерді іздестіруді, елге қайтаруды өзінің моральдық борышы санаса, Польша Кеңес одағы ыдырағаннан кейін «Шығыста қалып қойған ағайындарын» іздестіріп, оларға бірінші кезекте рухани көмек көрсетуді өзінің басты парызы санады.
Жаңадан тәуелсіздігін жариялаған Қазақ елі де шеттегі қандастарын елге шақыруды, сол арқылы ел керегесін кеңейтуді өзінің басты мақсатының бірі деп таныды. Бұған Қазақ елі президенті Н.Назарбаевтың баспасөз арқылы шеттегі ағайынға жолдаған ақ тілегін айтуға болады. Әрине Қазақ елі шеттегі ағайынына «елге оралыңдар» деп жай шақырып қана қоймай, оларды қоныстандыру, азаматтық әперу, маманды жұмыспен қамту, үй баспаналы болдыру мәселелерін шешетін заңнама, бағдарламаларды қабылдап,бұған арнап миллиардтаған теңгенің қаражаттарын бөлгендіктен 1991-2011 жылдары Қазақстанға оралған қандастар саны 1 миллионнан асқан. Көші-қон саласында әлі де істелетін жұмыстар шаш етектен. Дегенмен «көш жүре түзеледі» деп атам қазақ айтқанындай қазақ көшінің бағыт бағдары айқын. Осы орайда Израиль, Германия, Чехия секілді елдердің көші-қон саласындағы кейбір тәжірибелеріне тоқталуды жөн көріп отырмын. Бұл Қазақстанның көші-қон саласын басқаратын азаматтардың да назарында болса екен деген тілегім бар.
Израиль. 1948 жылы Ұлыбритания және АҚШ қолдауымен Палестина жерінде Израиль мемлекеті құрылды. Осы күнінен бастап әлемдегі исі еврей барлық азаматын елге шақыруды басты мақсат еткен жас мемлекет жеке мемлекет ретіндегі тұғырын қатайта түсті. Екінші дүниежүзілік соғыста Гитлер 6 млндай еврей азаматтарын «еврей» болғандары үшін қырып салғаны тарихтан белгілі. Израиль мемлекеті әлемде тарыдай шашыраған еврей ұлты өкілдерінің басын бір шаңыраққа жинау- өзінің тұрақтылығы мен қауіпсіздігін сақтаудың басты кепілі деп білді. Сондықтан этникалық көші-қон саясаты мемлекет саясаты мен үкімет бағдарламасының ең маңыздысы деп есептеледі. Израиль мемлекеті құрылғалы 65 жыл ішінде сырттан 3 млндай еврей ұлтының өкілдері Израильге қоныс аударыпты. Бұл аз ба, көп пе, егерде бұл санды 20 жылда Қазақстанға қоныс аударған қазақтар санымен салыстырар болсақ, екеуі ұқсас шығады.
Израильдің 1950-шы жылы қабылдаған көші-қон заңы бойынша өзінің еврей екендігін дәләлдеген әрбір азамат олеха ретінде (oleh-Израилге қоныс аударушы еврей яғни біздегі оралман-қазақ мәртебесі секілді) Израиль азаматтығын алады. Осы заң бойынша егер сен нағыз еврей болсаң онда отбасы мүшелеріңмен бірге Израильге көшіп келуге жол ашық. Тіптен өзіңнің еврей текті екеніңді немесе анаңның еврей екенін дәлелдей алсаң онда да саған жол ашық. 1970-шы жылы қабылданған көші-қонның кеңейтілген заңы бойынша еврей жанұясындағы еврей текті емес балалар, немерелер, әйелдер сондай-ақ иудайзм дінін қабылдаған адамдар Израильге түпкілікті қоныс аудара алады.
Израиль мемлекетінің көші-қон саясатын Иммигранттарды бейімдеу министрлігі (Біздегі Көші-қон комитеті) және Еврей агенттігі іске асырады. Еврей агентігі (Біздегі Дүниежүзі қазақтары қауымдастығының ұйымы секілді) шетелдердегі еврейлермен байланыс, қарым-қатынас орнатып, олардың Израильге көшіп келуіне керек алғашқы көмекті жасайды. Атап айтқанда көшуге қатысты құжат қағаздарды дайындау, Израильге көшіп келген алғашқы күндері көмек көрсету және заңдық кеңестер берумен айналысады. Имигранттарды бейімдеу министрлігі арнайы қабылданған көші-қон бағдарламасы бойынша еврейлерді елге біржола қоныстандыру, үй-баспанамен қанымдау, білім беру, жұмыс тауып беру секілді нақты істермен айналысады. Бүгінде аядай Израиль жерінде жеті миллион төрт жүз мың еврей текті халық бақуатты өмір сүреді. Ұлт қамын ойлаған еврей оқығандары мен өзінің жеке байлығын ұлттық мемлекет құруға арнаған кәсіпкерлерінің әлде неше ұрпағы Израиль мемлекетін қалыптастыру жолында бір ғасырға жуық азапты күрестер жүргізді. Соның арқасында еврейлер жоқтан бар етіп, мемлекет құрып шықты.
Германия. Екінші дүниежүзілік соғысты бастаған ел ретінде соғыстан қирай жеңіліп, бұрынғы бір мемлекет екіге, екі бөлекше идеологиялық жүйе ұстанған Батыс Германия (Германия Федеративтік Республикасы) және Шығыс Германия (Германия Демократиялық Республикасы) деген мемлекеттер болып бөлінді. 1980-ші жылдардың соңындағы Кеңес одағында басталған саяси реформалар салдарынан екі Германия қайта қосылғаны белгілі. Соғыс зардабын көп тартқан ел ретінде Германия жыл сайын 350-400 мың шетел иммигранттарын алуға мәжбүр жағдайға барды. Бұл көші-қон үрдісі 2004 жылы қабылданған жаңа көші-қон заңы бойынша реттеледі.
Ал ғасырлар бойы Кеңес одағы, Польша, Чехословакия, Румыния секілді елдерде өмір сүріп келген этникалық немістерді (Аussidler) көшіріп алу ісін реттейтін арнайы заң шықты. Осы заң шеңберінде 1980-1991 жылдары Германияға 1.6 млн этникалық неміс қоныс аударған болса, одан кейінгі жылдары жыл сайын 200 мың адам Германияға қоныс аударып келді. Германия заңы бойынша тегі неміс кімде -кім Германия азаматы бола алады. Алайда заңда бір нәрсе көрсетілген ол 1923 жылдың 31 желтоқсанынан кейінгі туылған адамдар Германия азаматының тікелей ұрпағы екендігін не неміс ұлтының ұрпақтары екендіктерін құжат -қағаз түрінде дәлелдеулері керек. Заң бойынша отандастарын орналастыру ісімен Германияның Кельн қаласында орналасқан Федаральдық басқару бюросы айналысады. 1993 жылдан бастап Германия жыл сайын 225 мың отандасын қабылдайды.
Кеңес одағы ыдыраған соң кеңес империясының құрамында болған Ресей, Қазақстан, Украйнадан немістер атажұрты-Германияға қарай ағылды. Тек Қазақстаннан 1,5 миллиондай неміс өз отандарына қайтты. Барған отандастарына Германия үкіметі көмек жәрдемін аямады. Ең алдымен шетелден қанша неміс ұлтының адамы көшіп келгелі отыр дегенді анықтап алды. Соған қарай жыл сайын осы елден осынша неміс ұлтының азаматын отбасымен бірге көшіріп аламыз дегенді алдын ала хабарлап отырды. Көшіп келетін немістерді әуелі бейімдеу орталықтарында болғызып, сол жерде құжат қағаздарын, денсаулықтарын жақсылап тексеріп болған соң, оларға бірінші кезекте неміс тілін үйрету сабақтарын жүргізді. Аздап тіл сындыра бастасымен Германияның тарихы, әдебиеті және заңын түсіндіру сабақтары жүріледі. Бұрынғы болған елдерінде мысалы Қазақстан не Ресейде қандай бір мамандық игерген болса сол негізінде жұмыс және адам санына қарай үй баспана қарастырылады. Шамасы 6 айдан 1 жыл аралығында әлгі бейімдеу орталықтарында болған отандастарын мамандығы бойынша жұмыс және үй баспана табылған аймаққа, ауданға, қалаға апарып орналастырады. Қолдарына бейімдеу орталығында Германия азаматтығы төлқұжаты және басқадай документтер бірден тапсырылады. «Елім» деп келген оралман қазақтарды ең алдымен бейімдеу орталықтарында қабылдайтын осы юір жақсы тәжірибені Қазақстанда іске асыратын кез жетті деп ойлаймын.
Чехия. 1990-шы жылдардың басында Словакиядан бөлінген Чехия елі де өзінің қандастарын елге шақыра бастады. Бірінші кезекте Словакияда, Польшада, Румынияда және Украинада тұратын этникалық чехтардың өз ата-жұртына қоныстану мүмкіндіктері туды. Ол үшін Чехия үкіметі шетелдегі қандастарын елге қоныстандыру жөніндегі арнайы бағдарламаны қабылдады. Осы бағдарлама бойынша этникалық чехтарды елге әкелу, елде қоныстандыру жұмысымен Чехияның ішікі істер министрлігі айналысты. Сол кездегі Чехияның ішкі істер мнистрі Ян Румл (президент Васлав Хавелдің жақын досы) көп жұмыстар атқарды. Өзім сол жылдары Прагадағы Чехияның Техникалық университетінде докторантурада оқып жүргендіктен әмбе өз отбасымды тәуелсіз Қазақ еліне көшіріп әкелгендіктен Чехтардың өз қандастарын қалай көшіріп әкеліп жатқан тәжірибесін чех баспасөзі беттерінен шолып, осы тақырыпты қызыға оқушы едім.
Отандастарын елге көшіру мәселесін Чехияның «Rude Pravo», «MF Dnes», «Noviny» секілді газеттері күн құрғатпай жазушы еді. 1995 жылдан бастап Чехия үкіметі Қазақстанда тұратын этникалық чехтарды көшіру жұмысын бастады. Тағдыр тәлкегімен Қазақ жеріне келіп паналаған осы чехтардың саны онша көп болмаса да олар ежелгі ата-жұртына көшуге асықты. Бұған себеп: Чехия үкіметінің шетелдегі отандастарын іздей бастауы және өздері тұрып жатқан Қазақ еліндегі сол жылдардағы эконмикалық қал-ақуалдың қиын болғаны әсер етсе керек.
Тек қана Ақтөбе облысынан ондаған чех отбасылары Еуропаға, Чехияға көшіп барды. Үкімет ең әуелі оларды қайда қабылдау керектігін анықтап алды. Соған байланысты «қазақтанған чехтар» елдің батыс өлкелеріне көбірек қоныстанды. Бір отбасына үй-баспана сатып алынуы үшін және алғашқы кездегі көмек ақша ретінде шамамен 1 млн крон (30 мың АҚШ долларындай) ақша бөлінгені есімде. Өз отандастарына бөлінген бұл ақша арнайы есеп-шот арқылы, қатаң бақылау жағдайында іске асқандықтан, жемқорлық деген мәселе болған жоқ. Мұнда бір қызық жағдайды айта кеткенді жөн санап отырмын. Шеттен оралып жатқан осы туысқандарын жергілікті халық сонша ыстық қарсы алмай жатқан туралы газет беттерінде мақалалар жиі жарияланып тұрды. Өйткені салқын қанды чехтардың өз туысқандарын дәл қазақтай іздемейтіндігіне көзім жетті.
Бірде Украинаның Ужгород қаласынан Чехияның батысындағы бір кішірек қалаға көшіп барған этникалық чех отбасы өздерінің армандаған ата-жұртында жағдайлары жайласпағандықтан қайтадан Ужгородқа көшуге бел байлағандары туралы хабарды кешкі телеарна жаңалықтарынан естідім.Олардың айтуларынша үкімет екі қабат жақсы, жаңа үй берген. Оны естіген қала тұрғындары «бұл қалай» деп шу көтеріпті. Тіптен жергілікті қала тұрғындарының балалары мектепте оқитын чех оралманының балаларының жанына отырғысы келмейді екен. Сөйтсе олардың әке-шешелері «Украинаның батысынан көшіп келген чехтардың денелерінде Чернобыль апаты әсерінен радиация көп болады, содан сақтану керек» деген кеңес берген екен. Міне осы ащы сөзді естіген соң олар келген жақтарына қайта көшуге бел байлапты. Бұндай жағдай алғашқы жылдары «елім» деп келген қазақтардың алдынан да шыққаны бар. Ең дұрысы бұндайда төзімділік, сабырлылық керек екенін айту жөн. 1990 жылдары Қазақстаннан Германияға, Грекияға, Ресейге, Украинаға, Беларусьқа және тағы да басқа елдерге көшкен жұрттың соңғы жылдары Қазақстанға қайта орала бастауы және Қазақ елінің азаматтығын қайта алуға құштарлық білдіруі де жақсы ойланып, шешуді талап етеді. Бір кез Қазақстан жаңадан тәуелсіздігін жариялап, аяғынан енді тәй-тәй баса бастаған кезде елді тастап кеткен ағайынды құшақ жая қарсы алу қажет пе? Оларда «отаншылдық» қасиет бар дегенге күманым бар. Қазіргі Еуропа елдеріндегі экономикалық қиыншылық жағдай оларды Қазақстанға қарай баруға жетелер отырмасына кім сенеді. Қазақ елі үшін ең маңыздысы шеттегі қазақтарын ата-жұртына жеткізу, оларды қоныстандыру басты мақсат болып қала беруі керек.
«Көш жүре түзеледі» дегендей Қазақ көшіне де «Көш көлікті», «Көш байсалды» болсын дейік ағайын!
Досан Баймолда
Саясаттанушы, Көші-қон жөніндегі қоғамдық кеңес мүшесі
«Abai.kz»