Сенбі, 23 Қараша 2024
Алашорда 5330 1 пікір 16 Мамыр, 2022 сағат 12:21

«Айқап» журналы ағарту тақырыбын қалай көтерді?

XX ғасыр басы қазақ тарихы – ұлттық тұтастық негізінде саяси өрлеуге, сапалық өсуге талпынған кезең болды. Ресей түркілері арасында қалыптасқан жалпы қоғамдық-cаяси және ағартушылық қозғалыс «Жәдитизімнен» қазақ қоғамы да қағыс қалмады. Осы ғасырдың алғашқы жирма жылдығында қазақтар арасында да жәдиттік бағыттағы ағартушылық қозғалыс барынша өркен жайып, алаш идеясы өрістеді. Ұлтты ұйысуға үндеген өлең-жырлар жұрт арасына кең тарап, елшілік мүдде жанданды. Ұлттық баспасөздер пайда болып, қалыптасты. Қазақ зиялылары ұлттың бірлігін, жердің тұтастығын ойлап, ұлтты өркениетті жұрттар қатарына қосу үшін ең алдымен ағартушылық һәм іскерлік жолға салуды көздеді.  Осы бастамамен «төте оқу» деп аталатын жаңаша оқыту әдістерімен қазақ даласының әр түпкірінде медресе және мектептер сала бастады. Дәл осы мектеп ашу, «төте оқыту» мәселелері қазақтың тұңғыш журналы «Айқапта» кеңінен талқыланып, түрлі мақалалар жазыла бастады. Халықтың сана сезімі мен ұлттық мәдениетті көтере отырып теңдік пен еркіндікке жетуге тырысты. Бұл жолда, бұл бағытта қазақтың тұңғыш баспасөздерінің атқарған міндеті өте пайдалы болды. Журналда оқу мәселесі туралы ең көп талқыланған тақырыптар: медресе ашу, төте оқу және қыздарға білім беру мәселелері еді.

«Айқап» журналының алғашқы сандарының бірінде Нұралдин Моллағазин былай деп жазады: «Біз, қазақ баласына бір бірінің хал ахуалын біліп тұруға, басқа жұрттардың әңгімесін естіп, басқалардан үлгі алуға қысқасы: қазақ халқын ағартып, надандықтан шығаруға ең керекті нәрселер газет һәм журнал еді. Құдай ғұмырын ұзақ қылсын! «Айқап» журналы жоғарғы тілектерімізге жеткізер деп ілгерімізге қуанамын. «Айқаптың» пробный нөмерін көрген уақытымда Астраханда «Қазақстан» газеті шығады дегенді естіп екі есе артық қуандым» («Айқап».№2.1911).

Ендігі газет-журналдарымыз барлық қайрат күшін орынсызға шығармай қазақ халқына оқу, оқыту, мектеп медіресе ашу, ынтымақты болу, жер жәйі туралы жазуы керек екенін айтады. Мектеп, медресе, мешіт салдырып ұлтқа пайдасын тигізіп жатқан азаматтардың атын атап, басқаларға үлгі ретінде көрсетіп, жол нұсқайды. Одардың қатарында мына кісілерді атап өтеді: 1) Оралда Әбдолла қазірет Досжанов медресесінде 150 шамалы шәкірт оқитынын; 2) Темір (Қарақамыс) Молдағазы қазірет Қалмұхамедов екі медресесінде 3 мұғалім бар екенін және әр жылы 100 ден астам шәкірт «төте оқумен» білім алатынын жазады; 3) Жетісуда Шабдан батыр Жантаев қырғыз манабы төте оқумен 200 шамалы бала оқытатынын жазса, 4) Қырғыз төрелерінен Қанағат қажы төте оқумен жүзге жуық бала оқытатынын, өз болысынан Уфадағы «Ғалия» медресесіне бес баланы жібергенін; 5) Қапалдағы Маманов медресесі туралы да ақ тілегін айтады. Соңында: «Еңбекті ерлер, білекті жігіттер, дәулетті байлар, қаламы жүйрік молдалар, жас ағалар тірі тұрғанда мен қазақтан күдер үзбеймін» деп сөзін аяқтайды.

Ұлт өзін ұлт ретінде сақатап қалу үшін ең бастысы тіл екенін Алаш оқығандары алдын ала білді һәм сол бағытта жұмыстар атқарады. «Төте оқу» жолымен алғашқы оқулықтарды жазды. Ұлт тілінде мектеп ашуға талпынды. Қазақтар білімді қай тілде алу және қазақ тілінің болашағы туралы алаш азазматтары да өз ойларын баспасөз беттерінде жазып тұрды. Өз кезегінде қарапайым халық та мұндай өзгеріске дайын болу керек болды. Өзгеріс барысында жұртты дұрыс жолға салып, жол нұсқап бағыт көрсететін әрине оқыған азаматтар. Ол туралы Міржақып Дулатов: «Қазақ тілін шұғыл әлдендіру қажет деп білем. Үйткені: шәкірттер мектепті  қай тілде оқып тамам етсе сол тілде сөйлеп, жазып кетеді, олай болғанда біраз жылдан соң оқығандарымыз татарша сөйлеп һәм жазып, тіпті ескіше (қазақша) сөйлеп араларында байланыс кесіледі» дейді.

Хабиболла Лекеров «Біздерге не істеу керек?» деген мақаласы арқылы қазақ халқына ең керекті бес нәрсені айтып, ұлытқа үндеу жасайды. Ілгері кеткен халықтардың істеген істеріненен үлгі ала отырып, солардың жолымен жүруге бағыт сілтейді. Маңызды мәселлер қатарында әр жерде мектеп, медіреселер салдырып, баллардың дүниетанымын арттыратын керекті ғылымды оқытуды ескертеді. «Біздер бұл күнге шейін жалғыз ақ дін ғылымын оқытамыз. Заманымызға қарай дүние ғылымын да оқып білуге керек» дей келе, жер тарылса шаруа ғылымын, сауда ғылымын, егін егу ғылымын, өнер үйренуі керек екенін, қазақта жоқ орыс школдарынан оқыту керек дайді («Айқап». №6.1911).

Оқу туралы Петропавлдан Дүйсенбай қажы Тұранов «Қазақ халқына ең керекті оқу» атты мақаласында:  «Ата бабамыз көп заманнан бері мал бағып кең сахараны қоныс қылып, аса көп мұқтад болмаған себепті қазақ халқымыз әр түрлі өзіне жақын һәм алыс жатқан халықтың заманына қарай ыңғайлап істеп жатқан кәсібін, түрлі өнерін, ыждағаттап оқумен білім тауып ілгері жүріп кеткенін өз ретімен керексіз қылып тұрады» дей келе, қазақ халқы оқыған десе би болыс, ауылнай сайлауына түсетін болмаса молладан сауат ашқан адамдар елестейді. Ұлтқа шын жаны ашитын азаматттар өте аз деп күйінеді.

Журналда сонымен қатар қазақ қыздарын да оқыту мәселесі көптеп талқыланады. Сақыпжамал Тілеубай қызы арнаулы «Қазақ қыздарының аталарына» атты мақала жазып, қазақ қыздары болашақ ана екенін, бола тәрбиелеу үшін, ұрпаққа өнеге беру үшін қазақ қыздарның білімді болғаны дұрыс екенін еске салады. «Тым болмаса жеті сегізден он бес жасымызға шейі оқытсаңыздар қайтеді?...біз надан қалсақ, түк те білмесек, дүниеден қор болып өтсек, мұның обалы қыз аталары сізге болмай кімге болады? Бізді оқыту сіздердің мойныңызға борыш» («Айқап»№7.1911) деп, көз жасымызға қалмай оқытсаңыздар, «Менің бұл сөзім бір өз басымның сөзі емес, бүкіл қазақ қыздарының сөзі  осы» - деп, қазақ қыздары туралы тіпті қолына қалам ұстаған, оқыған ер азаматтарымыз да ештеңе жазбайды, өзім қалада бірнеше жыл оқығандықтан бұл мәселені көтеріп отырғанын айтады.

Бұл жазбаға жауап ретінде Оралдан Жүбекен Тілеубергенов мырза басындағы мұңын айтып барша қыздардың қайғысы өз қайғысындай жоқтаған Сақыпжамал қарындасына ризашылық білдіріп: «Іштен шыққан баламыза жанымыз ашымайды, енді кімге жанымыз ашиды? Көзіміздің ағы менен қарасындай ғазез қыздарымызды не үшін надан қыламыз?» деп, қазақ қыздарының мұң-мұқтажынан сыр шертеді.

Уфадан Ибраһим Тасболатов заманның жылдан жылға тарылып, күнелту һәм тіршілік ету қиын болып бара жатқанын, ендігі заман оқу мен өнер заманы екенін, ер баллармен бірге қыздарды да оқыту керегін айта келеп: «Қыздарымызды оқытып ғылымды, өнерлі ана етіп шығарсақ келешек заманымыз жарқыраған жарық заман болар. Ел ағалары бұған көз салыңыздар!» деп, ел басқарған ағаларға өтінішін білдіреді.

Қорыта айтар болсақ, 1911 жылы Троицкіден шыққан қазақтың тұңғыш журналы «Айқап» өз кезегінде ұлтты ұйысуға бағатталған ең басты – жер, тіл, дін, әділ сайлау, әйел теңдігігі сияқты мәселелерге баса назар аударды. Оқу, жаңаша мектеп ашу мәселелерін барынша көтеруге тырысты. Аталған  тақырыптарды 1913 жылы Орынбордан шыққан жалпыұлттық «Қазақ» газеті де күн тәртібінен түсірмей талқылап, жұртқа нәсихаттады. Қазақ халқын ағартушылыққа бастаған алғашқы қазақ журналы «Айқап» өз бағытынан жаңылмай, қазақ тарихында ізін қалдырып 1915 жылы тамыз айында соңғы №88 саны шығып барып тоқтады.

Абай Мырзағали

Abai.kz

1 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1475
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3249
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5454