Бақташы болғың келсе, АҚШ-қа барып оқып кел
Associated Press-ке берген сұхбатында Солтүстiк Дакотаның сауда офисiнiң атқарушы директоры Дин Гордердiң осы аймақтың сиырлары Қазақстанның суық климатына үйренгенiн айтыпты. Бiрақ қазақ бақташылары оларды бағудың ретiн бiлмейтiн көрiнедi. Сол себептi ендi бiздiң бақташылар АҚШ-қа барып, сиыр бағудың сырын меңгерiп, кәсiби бiлiктiлiгiн арттырып қайтады екен. 12 қазақстандық бақташы Солтүстiк Дакотаға мал бағуды үйренуге екi апталық оқуға барады.
Сонымен қатар Д.Гордер қазақстандық шенеунiктерге iрi қара малдың тойымды тамақтануы керегiн тағы да ескерттi. Салмақ қосу жағынан артта қалған қазақстандық сиырлар құнарлы жем-шөппен қамтамасыз етiлмеген. Осындай түйiн жасаған Дин мырза өз ұсынысының қолдау табарына сенiмдi.
Онсыз да талай рет күлкiге қалған қазақ ауыл шаруашылығы министрлiгi ендi сайқымазақ мекемеге айналып бара жатқандай. Себебi - күтiмi белгiсiз шетелдiк сиырларды елге әкелген осы министрлiк болатын. Жұртты да, өзiмiздi де етке қарық етемiз деп жүрiп сырттан келген сиырдың жем-шөбiн жарытпағаны тағы бар. Ендi мiне, мал бағудың қыр-сырын қазекем Америкада арнайы оқып, үйренiп қайтуы керек екен.

Бiздiң шопандар мен бақташылар неге мал бағуды шетелден үйренуi керек? Қолынан таяғы түспей, кез келген түлiктiң сырын түгел меңгерген қазекемдi мал бағуға үйретпек болғандардың мұнысын ғажап деймiз бе, мазақ деймiз бе? Қалай десек те, келесi айдан бастап шетелдiк малдың бабын тауып, төлдету сияқты мәселелердi меңгеру үшiн қазақстандық малшылар АҚШ-қа барып, арнайы курстан өтiп, қолына сертификат алып қайтуға тиiс. Бұған қанша шығын жұмсалып, оны кiм төлейтiнi әзiрге белгiсiз. Өткен аптада мемлекеттiк БАҚ павлодарлық шаруаның интернетпен сиыр жайып жүргенiн жарыса жарнамалағаны бар. Қазақ шаруаларын АҚШ-та оқыту идеясы да осындайлардан туған сияқты. Әлгi бақташы сиырларының мойнына спутник арқылы анықтайтын құрылғы орнатып, үйде отырып малдарының қайда жүргенiн бiлетiнiн, мұндай әдiспен ұры-қарыдан да сақтануға болатынын айтқан едi. Бес мың теңгелiк құрылғыға қызыққандар аз емес, әрине. Алайда жем-шөбiн толық қамтамасыз ете алмай отырған шаруаның әр сиырына шетелдiк қоңырау тағуға, АҚШ-қа барып оқуға шамасы келер ме екен?
Артықбай СӘРСЕНҰЛЫ, бақташы:
- Сиыр бағып күнелткенiме биыл отыз жыл болды. Бiрақ осыған дейiн мұндай мазақы жаңалықты естiмеген шығармын. Шетелдiк малдың бабы үшiн шетелде оқыту - бiздiң министрлiкке кезектi ақша шашу науқанын бастайды деп қабылдаймын. Қора-қопсысы қирап, жайылымы тарылған сиырға АҚШ-та оқып келiп бақташы болғаның не керек? Осының көк тиындық пайдасы жоғын министрлiктегiлер мен басқалары бiлсе де, бiлмегенсидi. Әйтпесе, өзiмiзде бар iрiлi-ұсақ малдың санын көбейтiп, отандық ет өнiмдерiн экспортқа шығармас па едi. Ал бiздiң шенеунiктер шетелден мал әкелiп соның бабын таппай әлек. Әлгi интернет арқылы мал қайыру да әлдекiмнiң қалтасын толтыру үшiн жасалған жарнама деп ойлаймын. Ешқандай спутниксiз де осы уақытқа дейiн қара таяқпен мал қайырып едiк. Ендi бес мыңдап дабыл қоңырауын сатып алсақ, жетiскен екенбiз. Сол ақшаға сиырларымның қорасын жаңалап, шөбiн молырақ етiп түсiрмеймiн бе?...
Сапарғали ҮСЕНБЕКОВ, бақташы:
- Ауыл шаруашылығы министрлiгiн Асылжан Мамытбеков басқарғалы берi мұндай қызықтың талайына куә болдық қой. Өзiмiздi былай қойып, өзгелердi етпен қарық қыламыз деп ауызды айға бiлеп едi министр. Ол айтқан мерзiм де жақындап қалды. Әйтсе де, елiмiз шетелден ет тасуын үдетпесе, азайтпады. Оның себебi белгiлi ғой, отандық мал шаруашылығы құлдырап, құрудың алдында тұр. Ендi келiп АҚШ-та мал бағудың қыр-сырын оқытса, шетелдiктерге дайын анекдотқа айналатын шығармыз. Атадан балаға жалғасқан кәсiптiң негiзгiсi мал бағу болған қазаққа американдықтар ненi оқытып, үйрететiнi түсiнiксiз. Егер әлгi сертификатымыз болмаса, бiз сияқтыларға мал бақтырмайтын шығар. Солай болып жатса, таңғалмаймын. Бiзде осындай түкке тұрғысыз нәрселерден ақша табуды кәсiп еткен шенеунiктер көп қой. Бәлкiм, "Болашақ" бағдарламасына мал бағу мамандығын қосып, арнайы дипломды бақташыларды жасақтар. Қалай десек те, адамның күлкiсiн келтiретiн бұл бастаманың баянсыз екенiне дау жоқ.
Меруерт ХУСАИНОВА
«Жас Алаш» газеті