Ерлік жүрекке жетердей насихатталып жатыр ма?
7 мамырды көбіміз ер азаматтар мерекесі ретінде қабылдап, жан-жағымыздағы азаматтарды құттықтап, сыйлық жасаумен шектеліп жүрміз. Осы мереке арқылы болашақ ұрпақ санасына патриоттықтың дәнін егіп, отансүйгіштікке тәрбиелеу керек екенімізды ұмытпайық. Бұл күні Отан үшін отқа түскен ерендердің ерлігі жүрекке жетердей насихатталып жатыр ма деген сұрақ мазалайды. Әлемде соңғы кезде орын алған оқиғалар соғыс оты бір күнде бұрқ ететінін дәлелдеді. Бұл оқиғалар жігері жасымайтын, бос сөзге ермейтін жастарды тәрбиелеп, өзімізге де жаңа көзқараста болу керектігін көрсетті.
Осы тұста өзім тәнті болған Қобда елді-мекені туралы айта кетейін. Еліміздегі әйгілі Қобда ауданы - "батырлар мекені" деп аталады. Бұл жер Қобыланды батырдан бастап "көрінбес әулие" атанған, Пугачев көтерілісі кезінде қол бастаған Сафура Мәтенқызының мекені, ұлт-азаттық көтеріліс Исатай Тайманұлының соңғы шайқасы өткен қасиетті мекен. Батыр бұл жерде туылмағанымен, соңғы шайқасы осы жерде өткен. Қобдадан 8 Кеңес Одағының батыры, 4 социалистік еңбек ері шыққан. Ауданға кірер жерде осы мекеннің қақпасы ретінде Әлия ауылы қарсы алады. Ауданға кіргенде мен мұндалап батырлардың ескерткіштері басталады. Аркада батырлардың қару-жарағы бейнеленген. Осы көрініс Қобданың көп айтыла бермейтін патриоттықтың мекен екенін сөзсіз танытып тұр. Қобдаға Ақтөбеден кірер тұстан Қобыланды ескерткіші қарсы алады. Қобдадан Оралға шығатын бағытта Исатай Тайманұлы ескерткіші тұр. Орталықтағы саябақта Әлия Молдағұлова ескерткіші бар. Аудандағы гимназияға Исатай батырдың бюсті қойылса, Қобда мектебінде Қобыланды батырға бюст қойылған.
Батырлар көшесінде әртүрлі жарнама емес, Абайдың қара сөздері мен өзге де ұлылардың ұлағатты сөздері ілінген, ерікіз назар аударасың. Ауданның патриоттыққа тәрбиелеудегі идеологиялық жұмыстары бұдан да көп. Патриоттық тәрбиені осылай берудегі Қобда тәжірибесін еліміздің барлық облысына ұсыну керек деп ойлаймын. Ол үшін түрлі семинарлар ұйымдастырылса да артық емес.
Нағыз батырларға лайықты құрмет көрсетіліп отырған мекен деп Қобданы айтар едім.
Айсұлу Дүтбаева
Abai.kz