Президент: «Майшелпек орындарды» үлестіруге жол берілмейді
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев «Құқық қорғау органдарынан бірінші кезекте алаяқтық, қаржыны жылыстату, заңсыз ақша табу, қаржы пирамидаларын құру әрекеттерін әшкерелеуді талап етті», - деп хабарлайды Akorda.kz.
Президент еліміздің бизнес өкілдерімен кездесу барысында «Майшелпек орындар» мен жайлы қызмет орындарын үлестіруге жол берілмейтінін айтты.
«Жалпы, жұмысты дұрыс жүргізу үшін мемлекеттік органдардың есебі жеткіліксіз. Елімізде және әлемде болып жатқан оқиғалар туралы сіздердің пікірлеріңізді білу аса маңызды. Мен, ең алдымен, бір мәселені нақты айтқым келеді. «Ойын ережесі» әділ әрі бәріне бірдей болатын ашық экономика саясаты жалғаса береді. Бұл – менің берік ұстанымым. «Майшелпек орындар» мен жайлы қызметтерді үлестіруге жол берілмейді, – деді Президент.
Сондай-ақ мемлекет басшысы Қазақстандық бизнесте ешқандай рейдерлік болмауы керегін нақтылап өтті.
«Өңірлік билік пен аумақтық құқық қорғау бөлімшелерінің басшылары кәсіпкерлермен бірігіп, бизнесті қолдау деген сылтаумен үнемі заңды бола бермейтін әрекеттердің жүзеге асырылуына септігін тигізгені жасырын емес. Бұл – үлесті өзара бөлісіп алған деген сөз. Мұның бәрі сыбайлас жемқорлыққа, көлеңкелі әрекеттерге, әкімшілік ресурстарға негізделген және тендерлер мен бюджет қаржысын оңды-солды шашуға бағытталған қазақстандық бизнестің ащы да болса шынайы бейнесін қалыптастырды. Мұндай қылмыс түрлеріне мемлекет батыл әрі міндетті түрде жүйелі тосқауыл қоюға тиіс. Бұл – үлкен міндет. Отандық бизнестің дәл осындай сипаты тұтас мемлекеттің беделіне зор нұқсан келтіреді. Басқаша айтқанда, елімізде ешқандай да қолдаушы тірек пен рейдерлік болмауы керек. Егер бизнес адал жұмыс істеуге дайын әрі креативті, заманға сай сұранысқа ие болса, оны қолдау қажет. Ұлттық экономиканың жаңа моделіне енуге көмектесу керек. Біз бизнес пен мемлекет мүддесі арасындағы теңгерімді қатаң сақтауға тиіспіз, – деді Қазақстан басшысы.
Abai.kz