Сенбі, 23 Қараша 2024
Әне, көрдің бе? 3690 0 пікір 24 Мамыр, 2022 сағат 13:20

Душанбе Қытай қарызын Бадахшан жерімен өтеп жатыр

Қатаған-Бадахшан өлкесінің әу бастағы негізгі аумағы - Тәжікстанның шығысы мен Ауғанстанның солтүстік-шығыс бөлегін алып жатқан таулы өңір болатын. Бұл өлкенің Қатаған аталуының да өзіндік себебі бар. Қатағандар Шыңғыс хан заманында Қияттың Нирун тобына жататын түркі тайпаларының бірі болған. Одан кейін Алтын Орда дәуірінде 92 баулы Қыпшақ тайпалары арасында да аты аталады. Бүгінде қатағандар қазақ, өзбек, моңғол, хазара, тәжік т.б. ұлттардың құрамынан кезігеді.

Біздің тақырыпқа арқау болған Қатаған-Бадахшан өлкесіне қатағандардың қашан, қалай келгені белгісіз. Қатағандар бұл өлкеге толықтай қоныстанбаған болуы да мүмкін, бірақ билігі жүрген. Сол дәуірдегі қатағандар өзбек пен тәжікке сіңіп кеткені аңғарылады. Ауғаныстан мен Тәжікстандағы өзбектердің арасынан әлі күнге дейін қатағанбыз, қоңыратпыз дейтіндер көп кезігеді екен. Қатағаннан шыққан билеушілер XIX ғасырдың соңына дейін бұл өлкенің әр өңірінде билік жүргізіп тұрған.

Қатаған-Бадахшан өлкесі 1890 жылдары Ресей, Қытай және Ауғанстан қатарлы үш мемлекеттің таласына түсіп, үшке бөлінді. Ресей - Пиянж өзенінің солтүстігін иемденіп, Таулы Бадахшан деп атады. Яғни, бүгінгі Тәжікстанның құрамындағы Таулы Бадахшан автономиялы облысы. Ал, Қытай осы өлкенің ең шығыс бөлегі Ташқорған (Сарыкөл деп те аталады, аумағы - 25 мың км2) өңіріне бақылау орнатты.  Ауғанстан Пиянж өзенінің оңтүстік бөлегін меншіктеп, 1890 жылы Қатаған-Бадахшан өлкесін құрды. 1963 жылы Қатаған-Бадахшан өлкесін таратып, оның орнына Бағлан, Құндыз, Тахар, Бадахшан облыстары құрылды.

Тәжікстанға қарасты Таулы Бадахшанның тарихында шым-шытырық оқиғалар өте көп. Бұл өлке 1923 жылдан 1925 жылға дейін Бұхар Халық Кеңес Республикасы мен Түркістан Кеңес Республикасының құрамында болды. Одан кейін Тәжік АКСР-нің құрамына қосылды. 1936 жылы 5 желтоқсанда Таулы Бадахшан автономиялы ауданы болып құрылды.

1992 жылы 11 сәуірде Таулы Бадахшан автономиялы ауданының халық депутаттарының кеңесі Таулы Бадахшан Республикасын жариялады. Алайда Тәжікстан Республикасының Жоғарғы Кеңесі бұл шешімнің негізі жоқ деп мәлімдеді.

Алайда, ежелден еншісі бөлінбеген бұл өлкенің даулы мәселесі 1890 жылғы бөліністен басталады. Қытай бұл бөлініске әу бастан-ақ, қанағаттанбапты. Олар Қатаған-Бадахшан өлкесінің Тәжікстанға қарасты шығыс бөлігін өзінікі санап, Памир шекарасын анықтауды кейінге шегеріп келгеніне 130 жылдан астам уақыт болыпты. Содан бері келісімге келмей, орайлы сәтті күтіп жүргені анық.

Орта Азияда Тәжікстанның Қытаймен шекарасы әлі күнге дейін толық белгіленбеген.  Қытай Тәжікстанға қарасты Бадахшан облысының 28000 км2 аумағын алуды көздейді. Оның үстіне 1991 жылдан бері қарай Қытай Тәжікстанға көп мөлшерде қаржылай көмек, қарызға ақша беріп, саяси ықпалын іске асырудың жолын ашты. Соның жемісі болса керек, Тәжікстан Қытайға 1999 жылы Маркансу (200 км2), Марзақ (250 км2) қатарлы жерлерін бүтіндей берді. 2011 жылы Сарыкөл (1158 км2) деген жерін басы бүтін берді. 2012 жылы Руми, Явон ауданынан жалға жер берген. 2017 жылы 5 мың гектар жерін 15 жылға жалға берді. 2019 жылы 500 гектар жерін 49 жылға жалға берді.

Бұл жерлердің барлығы Тәжікстанның құрамындағы Таулы Бадахшан автономиялы облысының аумағы еді. Бұл жағдай Таулы Бадахшандықтарға ұнаған емес. Олар 25 жылдан бері наразылық танытып, ереуілге шығып, саяси талаптарын қойып келеді. Наразы топтың арасында дербестікті талап етіп жүргендері де бар көрінеді. Осы жолы Тәжікстанға қарасты Таулы Бадахшандықтар тағы да көтерілді. Көтерілістің бұл жолғы себептері әлеуметтік-экономикалық теңсіздік, саяси қуғын-сүргін мәселелерімен байланысты болғанымен, түп негізі жер мәселесінен туындап отыр. Себебі, Қытайдан қарызға ақшаны Душанбе алады, оның өтемін Таулы Бадахшанның жерімен қайтарады. Тәжікстандағы Таулы Бадахшанды негізінен Памир халықтары мекен етеді. Олар өздерін тәжіктен бөлек ұлт ретінде санап, шығыс иран тілдерінің вахан, шуғнан, ишқашым тілдерінде сөйлейді.

Бірақ, Тәжікстан билігі оларды ұлт ретінде мойындағысы келмей, тәжіктің диалекті тобы ретінде қарайды. Ал, Памир халқының Қытайда қалған бөлегі Қашқар аймағының Ташқорған Тәжік автономиялы ауданын мекен етеді. Жалпы саны 50 мың адам. Олар Саркөлдіктер немесе Галша деп те аталады. Бірақ, Қытай билігі 1964 жылы елдегі барлық халықтарға санақ жүргізіп, анықталған 183 ұлттың ішінен үкімет 56 ұлтты ғана танып, қалғанын біріне-бірін қосып жібереді. Соның кесірінен Ташқорғандағы Памир халқы Сарыкөл (Галша) ұлты мен Вахан ұлтын тәжік деп бекітеді.

Ал, Ауғанстанның Бадахшан облысын негізінен тәжіктер мен қырғыздар мекендейді.

Ертай Жомарт

Abai.kz

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1470
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3245
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5411