Бейсенбі, 4 Қыркүйек 2025
Аласапыран 271 0 пікір 4 Қыркүйек, 2025 сағат 13:08

Ультиматум һәм ядролық триада

Сурет: bbc.com сайтынан алынды.

Қытайдағы әскери парадты көруге жұрт қатарлы Солтүстік Корейдің басшысы Ким Шен Ын да қызы Ким Шыжу Е-ні ертіп барды. Ал әлемдік БАҚ назары Ши, Ким мен Путин үштігіне ауды.

Әлемдік БАҚ: «Бұл үштіктің Бейжіңдегі әскери парадта басқосуы - Батысқа қарсы күш біріктіруге мақұл екенін демонстрациялағаны», - деп жазуда.

«The New Statesman» басылымы: «Путин, Ши мен Ким жаңа әлемдік тәртіп жасамақ. Барлық елдің диктаторлары бірігіңдер», - деп жазды.

Ал «The New York Times» басылымы: «Парадқа Путин мырзаның қатысуы Ресей мен Қытайдың тарихи мүдделерін келісуге деген ұмтылысын білдіреді. Олар Екінші дүниежүзілік соғысты – осы мақсатта өз елдерінің қандай құрбандықтарға бара алатынын көрсету үшін пайдалануда», - деп жазды.

Әйгілі «Bloomberg» болса: «Бір жағына Путинді, бір жағына Кимді және қастарына Пезешкианды тұрғызып қойған Шидің образы – «тұрақсыздар бірлігін» көрсетеді. Олардың бұл коалициясы – АҚШ доминант күшке ие әлемде жаңа тәртіп орнатуды қалайтын тұрақсыз коалицияны көрсетеді», - деп жазды.

Аталған басқосуда бірнеше маңызды кездесу өтіп, бірсыпыра маңызды мәлімдемелер айтылды. Енді соларға шолу жасайық...

ПУТИН МЕН КИМ

Ресейбасы Путинмен кездесу өткізген Ким Шен Ын: «Солтүстік Корей Ресейге көмектесуі керек болса, демек, біз сөзсіз ол көмекті аяп қалмаймыз. Өйткені біздің көмегіміз бауырдың бауырға деген көмегі», - деді.

Ал Путин: «Солтүстік Корей сарбаздарының Курскіні азат етуге қатысуы – неонацизиммен күреске қосқан өлшеусіз үлес», - деп лепірді.

Оңтүстік Корей барлауы КХРД жуырда Ресейге көмекке тағы 6 мың сарбазын жіберуді жоспарлап отырғанын айтады. Ал жуырда 1 мың сапер жіберген.

Солтүстік Корей былтырғы жылдың қазан айынан бері Ресейге ұзын-ырғасы 13 мың сарбаз көмекке жіберілгені айтылады. Олар Курскіні Украинадан азат етуге қатысты. Қазір КХДР әскерінің дені тылда орналастырылған дейді.

ШИ МЕН ТРАМП

Ал Трамп Ши төрағаға арнап үшбу хат жазыпты (әлеуметтік желіде). Бүйдейді:

«Басты сұрақ – Қытай төрағасы Ши Жипиң Қытайдың басқыншы жаумен күресте азаттыққа қол жеткізуіне қосқан АҚШ-тың орасан зор үлесін атап айта ма, жоқ па? Сол соғыста Қытайдың жеңісі жолында көптеген америкалық қаза тапты. Олардың сол ержүректігінне лайықты құрмет көрсетіліп, еске алынады деп үміттенемін. Ши төраға, сендер АҚШ-қа қарсы астыртын сөз байласып жатқан жерден, Владимир Путин мен Ким Шен Ынға менің ыстық сәлемімді жеткізіңіз!», - деді президент Трамп.

Ал Қытай осы жолы әскери парадта ядролық триадасын алып жүрді. Қараңыз:

Әуеден ұшырылатын ядролық оқтұмсықты «Цзинлэй-1» зымырандары, Сүңгуір қайықтардан ұшырылатын құрлықаралық баллистикалық «Джуланг-3» зымырандары, Құрлықаралық баллистикалық «Дунфэн-61» және «Дунфэн-31» зымырандары колонна болып өтті.

Сонымен қатар, Бейжің стратегиялық қауіпсіздікті қамтамасыз етудің маңызды құралы ретінде позициялайтын тұтас планетаны жоюға қабілетті деп сипатталатын «DF-5C» стратегиялық құрлықаралық ядролық зымыраны сап түзелді.

ТРАМП ПЕН ПУТИН

Айтпақшы, президент Трамптың Ресейбасы Путинге қойған ультиматумының мерзімі аяқталды. Уашиңтон әзірге бұл жайында үнсіз. Трамп әлгінде тепсініп тұрып, «Путинге келіссөз үстеліне отыруға пәленше уақыт беремін» деген еді.

Осылайша, әлемдік геосаяси атмосфера алағай да бұлағай болып тұр...

Abai.kz

0 пікір