Қазақстан Ресей ұсынысына қарсы шықты
Еуразия экономикалық комиссиясының 20 мамырдағы жиналысында Ресей Еуразия экономикалық одағы мүшелерінің барлығы үшінші бір елге астық экспорттауға квота мен баж салығын енгізсін деген талап қойған.
Шетелге астық экспорттауға мүдделі Қазақстан бұл ұсынысқа қарсы шықты, деп хабарлады ресейлік "Коммерсант".
Ресей 2022 жылы көп астық жинағанына қарамастан, Кремль астық экспортын ЕАЭО аясында қатаң бақылау енгізуге талпынып отыр.
Басылым мәліметінше, биыл көктемде Қазақстан Сібір жақтан астықты көптеп сатып ала бастағанда Ресей ЕАЭО елдеріне астық шығаруға 30 маусымға дейін тыйым салған. Мұндай шешімге наразы болған Қазақстан да астық пен ұн экспортына квота енгізген.
Беларусь астықты сыртқа шығаруды толықтай тыйып тастады. Армения мен Қырғызстан квота мен баж салығын енгізу туралы шешім дайындап жатыр. Қазақстан баж салығын енгізуге қарсы шықты, өйткені мұндай шешім жергілікті шаруашылықтарға халықаралық міндеттерін орындауға кедергі жасайды.
Батыс елдері Ресейге Украинаға шабуылдағаны үшін санкция салған соң Кремль азық-түлік тауарларының кейбір түрлерін экспорттауды азайтты. Содан кейін Қазақстанда тауарлардың кейбір түрлері бірден қымбаттап кетті. Наурыз айында республиканың бірнеше аймағында қант тапшы болса, сәуір айында ұн қымбаттады.
13 мамырда Қазақстан ауыл шарушылығы министрлігі 23 мамырдан бастап қантты жарты жыл сыртқа шығармауға тыйым салды.
Abai.kz