Қазақстан мен Өзбекстан қандай келісім жасады?
Өзбекстан президенті Шавкат Мирзияевтің қаулысымен төтенше жағдайлардың алдын-алу және оның салдарын жою туралы өзбек және қазақ үкіметі арасындағы келісім бекітілді.
Былтыр желтоқсан айында Өзбекстан басшысының елімізге сапары уақытында құжатқа екі тараптың қолы қойылған болатын. Келісімде табиғи және техногендік апаттардың алдын алу, олардың салдарын азайту бойынша төтенше жағдайлар мекемелері бірлесіп тиімді іс атқаруы үшін кешендік шаралар мен әрекеттер қарастырылған және негізгі басымдық шекараға жақын аймақтарға берілмек.
Бұдан бөлек келісімде қауіпті техногендік және экологиялық процесстерге, жаратылыс құбылыстарына мониторинг жүргізу және болжамдар бойынша өзара үздіксіз ақпарат алмасу, табиғи апаттардың алдын алу, методикалық әдебиеттер, видео және фотоматериалдар, сонымен бірге арнайы техникалық құралдар алмасу жайында жазылған.
Айта кетейік, 2020 жылдың жазында Өзбекстандағы Сардоба су қоймасы жарылып, Қазақстанның Түркістан облысындағы Мақтаарал ауданын су басқан. 30 мыңнан астам адам қауіпсіз жерге эвакуацияланды. Су Өзбекстанмен шектесетін бес ауылды, сонымен бірге 7 639 гектар мақта алқабын басып қалған.
Abai.kz