Вячеслав Солодилов. Путинге хат: Қазақтар бізді әбден басынып бітті
РФ Президенті Путин мен Кирилл әкейге хат
shyn.kz сайты Батыс Қазақстан облысында тұрып, өмір сүріп жатқан, өздерін «казактар» деп білетін бір топ қауымның Ресей Президенті Путинге, Мәскеудің және жалпы Ресейдің патриархы Кириллге жазған хатын жариялады. Хатқа қол қойған Солодилов деген азамат екен. Ол өзін «атаман» атайтын көрінеді. Еліміздің заңы бойынша ұйымдар мен қозғалыстардың, қоғамдық қорлардың жетекшілері «төраға», «төрайым», «бас директор», тіпті «президент» аталады. Бірақ, «атаман» деген атымен жоқ. Сонда бұл қайдан шыққан лауазым? Оны ондай лауазымға тағайындап, талтаңдатып қойған кім? Әлде атаман деген ертекші атайдың бір ныспысы ма? Бұлай деуімізге себеп, Солодиловтың сорғалатып жазған хатын шолып шығып таң-тамаша болдық. «Қазақстан қазақ тілді болып кетті, - деп күңіренеді ол, - орыс тілінде сұрақ қойсаң қазақша жауап аласың. Көшелердегі жарнама, ақпараттар да қазақ тіліне көшіп үлгерді. Үкімет мүшелері қазақша сөйлейді, тек президент қана тілдік тепе-теңдікті сақтап отыр».

Әй, Солодилов-ай, қатырасың сен. Біз білетін солодиловтар осындай елде жоқ әңгімені осыдан 15-20 жыл бұрын да айтып жүретін. Сол сөздерінен әлі танбапты. Және сол танбай табандауларының арқасында Президентті де, атқарушы билік пен заң шығарушы органды да - барлығын орыс тілінің баяғы отарында ұстап отыр. Бірінің әлкүнге беті бүлк етіп, сирағы сылқ етер емес. Керсінше күлбеттеніп алып күшейіп, жонданып барады. Олар осылай ышқынған сайын ресми билік бас көтеріп бірді екілі сөз айтатын қазақтардың аузын жауып, мемлекет мүддесін тағы да аяқ асты ете салады. Міне, мына хаттан кейін де біздің Астанадағы ақ жағалы ұлықтарымыз ұлардай шулап «қай тұстан қателестік» деп қапаланып, казактар мен вожактардың алдында бөжек қағары даусыз. Өйткені, оған көзіміз әбден жеткен. Аты дардай Қазақстан халықтарының ассамблеясы, ассамблеядан Мәжіліске тікелей сайланатын депутаттар әлгі көзіміз жеткендердің көкесі болып табылады. «Солай да солай, Солодилов дейтін сойқан бастап жүрген көрінеді, сіз не дейсіз?» деп ассамблея мүшелерінің біріне хабарласып көрейікші, сұрағыңнан ат тонын ала қашады. Ау, сонда ассамблеямыз ұлт бірлігіне дәнекер болып, Солодилов сияқты солақай соғып жүргендерді келеге салып, кеңеске шақырмаса, несіне ассамблея болып отыр. Дым түсінбедік.
Хатымызға оралайық. Ақ патшасы мен қасиетті әкейіне жазған хатында Солодилов тағы былай дейді:
«Қазақтар бізді әбден басынып бітті. Тарихи отанымызда, ата-бабамыздың жерінде өмір сүре тұра ит көрмеген қорлықты бастан кешірудеміз. Барлық жерде қазақша сөйлеуге мәжбүрміз. Барлық мемлекеттік мекемелерде, қоғамдық, медициналық, әлеуметтік, сот, құқықтық мекемелерде ақпараттар қазақша жазылады. Бұл бізді қорлау емей немене?! Қазақтарға қырсыққанда бұл жерден көшіп кеткіміз-ақ келеді. Бірақ ата-баба мекенін біз кетсек кім қорғайды? Осы жерді қорғау үшін 20 жыл бұрын құрылған Ұйымымыз талмай жұмыс істеп келеді. Бірақ бізді соңғы кезде қазақтар мүлдем қорлап бітірді. Жауынгерлік рухымызды таптап біздерге мереке-тойда ән салдырып, би билетіп әртіс қылып жіберді. Біз би билеу үшін емес, қылышымыз жалаңдап жерімізді қорғау үшін жаратылдық емес пе?! Мұндай қорлықтан бізді арашалап алыңыз, Владимир Владимирұлы!»
Хатқа қол қойған атаман Вячеслав Солодилов (суретте) Орал қаласын жылумен қамтамасыз ететін «Жайықжылуқуат» АҚ-да коммерциялық директор болып қызмет атқарады екен. Ол өзінің салақұлаш хатының бір қиырында Ресей казактарды көшіріп алса деген емеурін білдіреді. Дұрыс қой, көшсе өз отаны. Қазақстан заңында көшіп кетуге де, көшіп келуге де болады. Әрине, солодиловтар көшіп кеткеннен қазақ жері қорғансыз қалмайды, алайда аталған акционерлік қоғам бар жиған тергенінен айрылып қалуы мүмкін. Бізде байып алып қашып жатқандар аз ба, соны ескерте келіп құқық қорғау органдарының құлағына алтын сырға дейміз.
«Аbai.kz»