Сенбі, 23 Қараша 2024
Жаңалықтар 1979 0 пікір 13 Қараша, 2012 сағат 09:52

«ҚазМұнайГаз» Барлау Өндiру» компаниясының бас директоры Алик Айдарбаев: Қолымнан келмейтiн iске уәде бермеймiн

Бүгiнде әлемнiң төрт көзi Жаңаөзенге тiгiлген шақ. Ол жердегi басшының да, мұнайшының да әр қадамы қоғам бақылауына iлiнген. «Жас Алаштың» назары әрдайым осы жақта. Бұл жолы «ҚазМұнайГаз» Барлау Өндiру» акционерлiк қоғамының бас директоры Алик АЙДАРБАЕВТЫ ашық әңгiмеге шақырдық. Бас тартқан жоқ. Керiсiнше, «жасыратын ештеңем жоқ, бәлкiм, өндiрiстi бiрге аралармыз» деген ұсыныс бiлдiрдi. Бәрiн көзбен көрдiк. Ереуiл басылды дегенмен, көңiлдерi орныққан мұнайшы көрiнбейдi. Бiлiктi басшы оны да жасырмады.

ҚАРАЖАНБАСТА

Сапарды Қаражанбас кенiшiнен бастағанды жөн көрдiк. Оның се­бебi де жоқ емес едi. Жалақыларына риза болмай, оны көтерудi әу баста талап еткен де осы ке­нiштiң мұнайшылары-тұғын. Кейiн оларға бейiлдестiк танытқан «Өзенмұнайгаз» бен «Қаражанбас» компаниясының ереуiлдеген мұнайшылары жұмыстарына кiрiскенiмен, осы кенiштiң ондаған адамы әлi де талаптарынан бас тартқан жоқ. Оны да бiлгiмiз келген.

Бүгiнде әлемнiң төрт көзi Жаңаөзенге тiгiлген шақ. Ол жердегi басшының да, мұнайшының да әр қадамы қоғам бақылауына iлiнген. «Жас Алаштың» назары әрдайым осы жақта. Бұл жолы «ҚазМұнайГаз» Барлау Өндiру» акционерлiк қоғамының бас директоры Алик АЙДАРБАЕВТЫ ашық әңгiмеге шақырдық. Бас тартқан жоқ. Керiсiнше, «жасыратын ештеңем жоқ, бәлкiм, өндiрiстi бiрге аралармыз» деген ұсыныс бiлдiрдi. Бәрiн көзбен көрдiк. Ереуiл басылды дегенмен, көңiлдерi орныққан мұнайшы көрiнбейдi. Бiлiктi басшы оны да жасырмады.

ҚАРАЖАНБАСТА

Сапарды Қаражанбас кенiшiнен бастағанды жөн көрдiк. Оның се­бебi де жоқ емес едi. Жалақыларына риза болмай, оны көтерудi әу баста талап еткен де осы ке­нiштiң мұнайшылары-тұғын. Кейiн оларға бейiлдестiк танытқан «Өзенмұнайгаз» бен «Қаражанбас» компаниясының ереуiлдеген мұнайшылары жұмыстарына кiрiскенiмен, осы кенiштiң ондаған адамы әлi де талаптарынан бас тартқан жоқ. Оны да бiлгiмiз келген.

Қаржанбасқа келгенде қас қа­рай­ды. Жаңадан салынған вахталық кешендердiң бiрiне жайғастық. Еске сала кетсек, бұған дейiн мыңнан аса адамды жұмыспен қамтитын көлiктердi жөндейтiн соңғы үлгiдегi техникамен жабдықталған кәсiпорыннан өзге Қаражанбаста 400 орындық және Қаламқас кенiшiнде 200 орындық вахталық қалашықтың тұрғызылатыны туралы Айдарбаевтың өзi талай астын сыза айтқан едi. Орындалыпты. Жанға жайлы бөлмелер мен таза жуынатын орындары замануи жабдықтармен жабдықталыпты.

Алик Серiкұлы бiзбен бiрге кеш­кi ас iшiп, жұмысшылар ауқатының сапасымен танысты. Көз ала бердi әрекетi болар деп ойлағам iштей. Өзiнiң қарапайымдылығын көрсет­кiсi келген шығар. «Жоқ, - дестi мұнайшылар, - өткен желтоқсаннан соң ба, басшымыз бiзге жиi келе­дi. Онысын бiз де тәуiр көремiз. Солай болуы тиiс те ғой. Ол келген сайын проблемаларымызды айтамыз, олар шешiлiп те жатыр». Кешкi асқа жиналған мұнайшы қауымы ас сапасына наразылық бiлдiрдi. Жадына түйген басшы бiрден тиiстi адамдарға тапсырма берiп жатты.

Ертеңгi күн өндiрiстi аралап, мұнайшылармен кездесуден басталды. Ренiшi тарқамаған мұнайшылар түсiнуi тиiс мәселелер де баршылық. Соның бiрi жаңадан құрылып жатқан көлiк жөндеу мекемесi құрылысына өзiнiң болашақ жұмыс орыны ретiнде барынша қолғабыс жасау, iргетасын бiрге қаласу. Содан соң жаңа еу­ро­палық талаптарға сай жабдықталған жайлы жұмыс орнында су жаңа техникамен беймарал жұмыс бастау. Бiткен iске сыншы көп. Ал жаңадан iске асырыла бастаған дүниеге мiн тағушылардың iлегi одан да асып түсетiнi белгiлi. Етектен тартатын тағы бiр мәселе - түрлi деңгейдегi басшылар мен мұнайшылардың ара қатынасы. Яғни, цех бастығы, мастер дегендер де бас басына би болуды әлi күнге дейiн жөн санайтын көрiнедi. Оған ширығуы басылмаған еңбекшi тап көнер емес. Осындай бiр кикiлжiңнiң куәсi болдық. Мұнайшы деген мамандығын қасиеттеген қаражанбастықтар кез келген қара жұмысты iстеуден бас тартқан. «Бiз қара жұмысшы емеспiз. Жер қазатын трактор тұрып, бiздi қолмен траншея қаздырмақ. Жасамадық» дестi олар. Бас директор қазылығын айтты. Жұмысшы талабы орынды дедi. Жылға жуық уақыт жұмыссыз жүрсе де талаптарын айтудан жалықпаған қаражанбастықтардың тағы бiр өтiнiшi - ұйыған ұжымды бiр-бiрiнен бөлмеу. Ол талапты да ескеруге уәде берiлдi. Яғни, жаңа өндiрiс iске қосылғанда олар да жаңа мамандыққа ие болады. Қайта даярлау, оқытудан өтедi. Ал мұнайшы болып қала бер­гiсi келетiндерi қалаған ке­нiштерiнен орын табады. Айтылған сөз - атылған оқ. Оның орында­луын бiз де қадағалайтын боламыз.

БОЯМАСЫЗ ӘҢГIМЕ

Кеш бата вахталық поселкеге оралдық.

- Шаршамайды екен­сiз...

- Жұмыстың көптiгiн өзiңiз де көрдiңiз. «ҚазМұнайГаз» Барлау Өндiрудiң» алдындағы мiндет­тер­дi жүзеге асыру үшiн, жағдайды оңалту үшiн атқарылатын iстер қайда әлi. Ең бастысы, өзiңнiң күмәнiң мен күдi­гiңдi, шаршағаныңды өзiңнiң қарауыңдағыларға, тiптi орынбасарларыңа да көрсетпеу керек. Өйткенi олар басшы ретiнде саған қарайды, үлгi алады. Бақылау­шылар да жеткiлiктi: арасында ниеттестер де, iлiк iздеу­шiлер де бар. Сондықтан ылғи да сергек болуға тура келедi. Қандай жағдайда да дер кезiнде ұйықтауды және таң­ертең­гiлiк жаттығуды құр жi­бермеуге тырысамын. Сол үшiн көп ретте кейбiр маңызды, қызықты дүниелерден бас тартуға тура келедi.

- Дегенмен, мынадай тығыз кестемен оны сақтау да мүмкiн емес тәрiздi ғой...

- Шынымды айтсам, мен өзiмдi аса бiр еңбекқор жанмын деп айта алмаймын. Өзiм де, қарауымдағылар да басқа ми­нистрлiк қызметкерлерiндей түнгi сағат тоғызға дейiн кеңседе отырмайды. Менiң бiр басты ұстанымым бар. Ол - күндi ұтымды жоспарлау. Аса маңызды мәселенi ғана бүгiнгi күннiң шешiмiне қалдыру және оны орындау. Бiрсыпыра кездесулерден бас тартуға тура келедi. Оған ренжитiндер де бар. Бiрақ жағдай солай. Көп нәрсеге үлгеру үшiн осылайша кейде өзiңдi шектейсiң.

- Сiз қазiр Астанадан гөрi Ақтау­да, Өзен мен Қаражанбаста көбiрек уа­қыт өткiзетiн сияқтысыз. Бiр жағынан ұлт­тық компа­ния­ның топ ме­неджер­ле­рiнiң еңбек­шi тапқа тек желтоқсан оқиғасынан соң көңiл бөле бастағаны өкi­нiштi-ақ, әрине...

- Расында, мен мұнда уақы­тымның 70 пайызын өткiземiн. Қал­ғаны Астананың үлесiнде. Астанада аса маңызды мәселелер шешiлетiнi рас. Онда бiр кездерi 400 адамнан тұратын қомақты штат бар едi. Оны 25 пайызға қысқарттық, 300 адам қалды. Оның өзiн тағы 50-60 адамға қысқарту жоспарда бар. Бiздiң астаналық кеңсемiз жылжымалы болуы керек. Солай болды да. Ұжымды басқару саясаты түбiрiнен өзгердi. Менiң орынбасарларым - Абат Нұр­сейiт­ов, пен Бақытжан Өте­ғалиев, активтердi басқару жө­нiн­дегi директор Дәулетжан Хасанов, қызметкерлердi дамыту және басқару жөнiн­дегi басқарушы директор Ботагөз Әшiр­беко­ва, әлеу­меттiк сая­сат депар­та­ментiнiң директоры Бақыт Иманғалиев үнемi осында. Кәсiпорын­дардағы жағдайды тұрақты түрде мониторингтен өткiзедi. Проблема болды ма, дереу шешедi, қолдарынан келмесе бiздiң алдымызға қояды. Мұн­да маған 20-30 адам көмек­теседi. Құрылымда көп нәрсе өзгердi. Қазаннан бастап ӨМГ мен ЕМГ қайта бөлек акцио­нерлiк қо­ғам атанды. Оның өзi оңайға түскен жоқ. Өйткенi олардың жеке акционерлiк қоғам болуына келiспейтiндер де жет­кiлiктi едi. Бiз бiр орталықтан бас­қаруды бастан өткердiк. Не өзгердi? Ең бастысы, ол неге алып келдi? Қыз­мет бабын асыра пайдаланушылық пен шектен шығудың нәтижесi көз алдарыңызда. Әрине, «ҚазМұнайГаз» Барлау Өн­дiру» бас акционер ретiнде бақылауды уыстан шығармайды. Онсыз тағы болмайды. Себебi бү­гiнде көп проблеманы дереу сабырлылықпен әрi дұрыс шеше алатын басшылар жоқтың қасы, оларды қайта тәр­биелеуге тура келедi. Мәсе­ленiң тағы бiр ұшы - сатып алуларда. Көп ретте тендер мәсе­лесi өндiрiстен де маңызды саналып келгенiн жоққа шығара алмаймын. Ал филиалдар бұл процес­­тердiң бiрiне де қатыспады, оған құқы да болған жоқ.

- Сатып алулар демек­шi, өндiрiстi аралау барысында миллиондаған қаражатқа сатып алынған жабдықтардың қоймада пайдасыз жатқанын көзбен көрдiк. Мәселен, құны 33 млн. теңге тұратын коллектор орнына алынған әл­де­бiр механизмнiң өзi неге тұ­рады? Немесе 72 мың долларға Кореядан алынған иiлгiш тұрбалар. Ал жала­қыға келгенде қа­ражат жоқ.

- Қоймада артық бөлшектер, бұрандалар жатқанын да көр­дiңiз. Бұл жақсы. Iсiне мығым қожайынның қоры болуы керек. Ал мына айтып отырған керексiз заттардың қомақты сомаға алынып, қоймада жатуы­ның себебi кезiндегi дұрыс жасалмаған бизнес проце­с­тердiң салдары. Компаниядағы тұтас сатып алуға, тендерге қатысты кеткен қателiк­тер. Оны «Қаражанбас» АҚ сатып алу департаментiнiң жа­ңа басшысы Дастан Жарқынбеков реттейтiн болады.

- Жалақы талабы өзге­рiс­сiз қалған сыңайлы. Жұ­мыс­шылар оны көтерудi әлi талап етiп отыр. Олай болса, мәселенi ше­шiлдi деп қалай айтуға болады?

- Жаңадан ашылған өн­дiрiс­тегi жалақы деңгейi «Қа­ра­жанбас» компаниясымен бiрдей. Олар ендi жалақыларын «Өзенмұнайгазбен» дең­гей­лестiрудi талап етiп отыр. Жалпы жалақыны өсiру туралы талап заңды естiледi тыңдаған құлаққа. Сондықтан да олар аудандық коэффициент, аймақтық коэффициент тәрiз­дi бүгiнде жеке мәнi жоқ, бiрақ Еңбек кодексiне сай жалақы iшiне есептелiп кеткен сауалдарды көтередi. Оны талап қоюшылардың өздерi де жақсы түсiнедi. Түптеп келгенде, әңгiме коэффицент емес, жалақыны көтеру туралы. Қазiр олар «Өзенмұнайгазбен» салыстырғанда шамамен 15% кем алады. Оны теңестiру де уақыт еншiсiнде. Дегенмен, мынаны ескеруiмiз керек. Жалақы деңгейi көтерi­луiне өндiру көлемi, кәсiпорын экономикасы деңгейi де айтарлықтай әсер етедi. Олар алатын жалақыларын аз санайды. Бiр жағынан түсiнiктi де. Өйткенi жалақы ешуақытта көптiк етпеген. Бiрақ кез келген мекеме жұмысшысы тек жалақы туралы ойлайтын болса, онда өндiрiс­тiң өркендеуi туралы әңгiме далада қалмай ма? Расын айтқанда ол өз мүддесiн кәсiпорын мүддесiне қарсы қояды. Бiр жағынан алғанда, бұл - тұтас бiр басшылықтың кiнәсi. Оны кәсiпорын мүддесiн бiрлесiп ойлауға ешкiм тартқан жоқ. Бүгiнгi ортақ тақырыбымыз осыған тiреледi. Туған кәсiп­орын, ұрпақ сабақтастығы деген идеология бұрыннан бар. Оны ешкiм алып тастаған емес. Өкiнiштiсi сол, оған ешкiм дер кезiнде түбiрлi мәселе ре­тiнде мән бермеген. Бұл жайды батыс экономикасы әлдеқашан басынан кешiр­дi. Бiз ендi келе жатырмыз еңбек пен капитал дауына.

- Қаражанбаста түнедi­ңiз, жұмысшылар асханасында тамақтандыңыз. Мұ­ны «Жа­ңа­өзен­нiң сабағы» немесе басшы ре­тiн­дегi кредоңыз деп түсiнге­нiмiз жөн бе?

- Мен қарапайым жұмысшы отбасында туып өстiм. Әке тәр­биесiн көрмегендiктен аса көп артықшылықтарға қолым жете қойған жоқ. Әлдебiр бас­тықтың, әкiмнiң немесе танымал мұнайшының баласы болмаған соң да, жылы-жұм­сақтың ауылы менен алыс едi. Бұған дейiн Қызылордада тұрдым, вахталық әдiспен жұмыс iстедiм. Қай кезде болмасын жұмысшылармен бiрге асханада тамақтандым. Себебi мен олардың жан дү­ниесiн терең түсiнемiн. Өзiмдi ұжымнан бөлгiм келмейдi. Сондықтан кредо деп түсiн­генiңiз абзал.

- Мұнайшылардың сенi­мiне ие боламын деп едiңiз. Не орындалды? Не өзгерiссiз қалды? Қаражанбастағы жағдай мұнайшылардың күмәнi­нен хабар бергендей...

- Сенiм бiлдiру артып ке­ледi деп нық айта аламын. Әрине, айтылған уәделердiң орындалатынына күмәнмен қарайтындардың барлығын жоққа шығармаймын. Дегенмен, қазiр «Ембi­мұнайгаз» бен «Өзенмұнайгаз» кеудесiн кере түстi. Ондағы басшылар жұ­мыс­тарының жанданып келе жатқанын көрiп отыр. Бұл олар­ға күш бередi. Жүзеге асып жат­қан заттарға қатысты қолдауды естiп те, көрiп те ке­лемiн. Биыл бiз Маңғыстау облысы бойынша екi мекеменi құруға 20 млрд. теңгеден астам қаражат бөлдiк. Маңғыстаудағы Қарақияқ ауданы мен Жаңаөзен қаласының әлеу­меттiк инфрақұрылымдарын дамыту үшiн 900 млн. теңге бөлiндi, 200 млн. теңге Жаңа­өзендегi коммуналдық мекемелерде әлеуметтiк жұ­мыс орындарын ашуға жұм­сал­ды. Атырау облысына әлеуметтiк инфрақұрылымдар үшiн 6,6 млрд. теңге бөлiндi. Түсiнбеу­шiлiк те бар. Бiрақ бiреуге ар­тар өкпем жоқ. Өзiңiз көрдiңiз ғой, цех бастығы жұмысшылар жұмыс iстегiсi келмейдi деп шағым тү­сiрдi. Ал жiлiктеп келгенде, мұнайшылар техника атқаратын мәнсiз iстi қолмен жасағысы келмеген. Бұл, әрине, сол жер­­дегi басшының бiлiк­сiз­дiгi. Әлi күнгi ескi түсiнiк жо­йылмай келедi. Қолына сәл билiк тигенi өз бетiнше адамдарға бұйырғысы, ықпал еткiсi келедi. Ал мұ­найшылар бiз одан жоғары жұмысқа лайық­тымыз деп талап қойған. Мен олармен келiсемiн. Олармен жұмыс iстеуге болады, түсiнiсуге де болады. Ол қолдан келедi. Менiң де өндiрiс­тегi тәжiрибем жеткiлiктi. Әрине, қазiр жағдай сәл шашыраңқы. Жұмыс барысында кiм кiмге бағынышты екенi белгiсiздеу. Бiрақ ертең жаңа кәсiпорын iске кiрiсiп, әркiм­нiң мiндетi айқын­дал­ғанда, әңгiме басқаша болады. Оны мұнайшылардың өздерi де түсiнедi.

- Еңбек дауының бiр ұшы кәсiподақтардың жұ­мысының, нақтырақ айтсақ, еркiн­дi­гiнiң жоқтығының салдары десек қарсылық танытпассыз. Бүгiнгi кәсiп­одақтар не тындырып жатыр? Оларға бостандық бе­рiлген бе, жоқ әл­­де мұ­найшылар құқын сiз­дермен «ақылдасып» қорғай ма?

- ӨМГ мен Қаражанбастағы барлық мекемелер кәсiподақ басшыларын өз қалауларынша сайлады. Мәселен, жаңадан құрылған Технологиялық көлiк және ұңғыма­лар­ға қызмет көрсету ЖШС кәсiподағы ұйымы жетекшiсi болып Сұлтанғали Есбай сайланды. Бiз бiрiгiп жұмыс iстеп жатырмыз.

- Қаражанбасмұнайдың қойған талаптарынан бас тартпаған бiрсыпыра мұ­найшылары әлi күнге дейiн наразылық танытып, компания ме­ке­месiнiң алдында тұр. Ол мә­селе қалай реттелмек?

- Жыл басында бұрын жұмыстан шығарылған адамдарды қайта жұмысқа қабылдау процесi мейiлiнше ашық жүргiзiлдi. Жаңадан құрылған мекемеге мыңнан аса жұмысшыны қайта қабылдадық. Кейбiр ондаған адам бiздiң керi шақыруымызды тыңдамады. Жалақы төленетiнiн, жаңа кәсiпорын жұмысы басталғанда жұмысқа шығатындарын айттық. Келiс­педi. Сонда мә­се­ле неде? «Әдiлдiкке қол жет­кiзу үшiн тұра беремiз» дедi. Бiз оларға «егер өзiңiздi заңсыз жұмыстан шығарылдым деп санасаңыз, апелляция­лық шағым түсiрiңiз, бiз қолдайық» дедiк. Бiрақ олар «жоқ, соңына дейiн тұрамыз» деп, райынан қайтар емес. Егер олар кездесуге ниеттенсе, мен ерiнбеймiн, әңгiмелесуге дайынмын. Жұмысқа сұранса, қабылдаудан бас тартпаймыз. Басқа уәде бере алмаймын.

- Қызметкерлердi бас­қару мен әлеуметтiк саясаттағы өзгерiстердi де шолып өтсек...

Қызметкерлердi оқытуға көп көңiл бөлемiз. Онсыз ешнәрсе өнбейдi. Мамандарымыз Францияға оқуға барып келдi, Бакуге кеттi. Өзiмiзде үлкен тренингтiк орталықтар салу жоспарымызда бар. Мұнайшыларды, барлық дең­гейдегi жетекшiлердi үнемi оқытпай, бәрi бос әурешiлiк болмақ. Одан ақша аяудың қа­жетi жоқ. Бұрын да мұндай оқулар болған, әрине. Өкiнiш­ке қарай, формальды түрде ғана. Қазiр Өзенде басшылар, мастерлер, цех бастықтары арасында тимбилдингтер өте бастады. Ол адамдарды жақындастырады. Олар басшылықтың өздерiне көңiл аударғанын, өздерiмен жұмыс iстеуге ынталы екенiн көрiп отыр. Көптеген мұнайшылар реабилитациядан өттi. Сөйт­се де, «мұның бәрi көзбояушылық, ертең Айдарбаев кетедi» дегендi айтатындар да бар. Менiң мақсатым - әр кiсiнiң өзiне жүктелеген мiндеттi атқаруына қол жеткiзу. Ұсынысым да қарапайым: «Жiгiттер, келiңдер, бiрiгiп жұмыс iс­тейiк елiмiз үшiн, мемлекетi­мiздiң болашағы үшiн мұнай өндiрудi ұлғайтайық». Әлеу­меттiк саясат та жұмысшылардың еңбек жағдайын жақсартумен тiкелей байланысты. Жалпы, бiздiң салып жатқан кәсiпорындарымыз қандай! Алып жатқан қондырғыларымыздың Қазақстанда теңдесi жоқ. Осыншама қысқа мерзiм iшiнде заманауи сервистiк кәсiпорын құру бұрын-соңды болмаған. Кеудемдi босқа соқ­қаным емес, расы осы. Салынып бiткенде, ол әлi бә­рiне үлгi болады. Жуырда әде­йi ҚМГ БӨ директорлар кеңесiнiң кезектi отырысын Өзенде өткiздiк. Барлық ҚМГ топ ме­неджерлерi, тәуелсiз шетел­дiк директорлар таң­ғалды. Шынымды айтсам, арманым - бульдозермен ескiнiң бәрiн күреп тастап, оның орнына осындай заманауи мекемелер тұрғызу. Оны орындайтынымызға шек келтiр­меймiн.

- Ақшаны қайдан алмақсыз?

- Компанияны дамытамыз, ак­тивтер сатып аламыз деген қаражаттың бәрiн осында жұм­саймыз. Осыдан 1,5 ай шамасында бiздiң рыноктағы 40% акциямыздың иегер­ле­рiн, шетелдiк инвесторларды шақырдық Өзенге. Батыс компаниясы деген атпен iс жүзiнде қандай артта қалған кеңестiк кезеңнiң қалдықтарымен жұмыс iстеп жатқанын көрсету болатын мақсатымыз. Өйткенi олар акционер бол­ған соң неге өнiм өндiру көлемi артпайды деп сауалды жиi қояды. Олар бастарын ұстап, бiздi қаншама жыл алдап келген дестi. Бiз оларға жасалып жатқан жұмыстар, миллиардтаған шығындар туралы айттық.

- Қалай сонда, шетел­дiк­­тер алдында «құпияны» ашқаныңыз үшiн сiздi еш­кiм маңдайдан сипамаған болар?

- Парадокс, сенесiз бе, бiз керi­сiнше олардан құптау естi­дiк. Себебi олар - адал инвесторлар. Олар үшiн бiз­дегiдей қандай жолмен болсын ақша табу мақсат емес. Олар үшiн еңбек және қоршаған орта қауiпсiздiгiн сақтай отырып, таза табыс табу пайдадан да жоғары орында. Шетелдiк инвесторлар «дұ­рыс, қалай iстесеңiз де, ла­йықты кәсiпорын құрыңыз» дедi. Сол себептi қазiр күр­делi шығындар көлемi артып отыр. Мәселен, «Ембiмұ­най­газ» АҚ Прорва кенiшiнен шығатын iлеспе газды күкiрт­тен тазартып, контейнерлермен тасымалдауға мүмкiндiк бе­ретiн инновациялық бағдарлама жүзеге асырылатын болады. Прова-Теңiз мұнайқұбыры жөн­деу­ден өттi. Ақкiн­ген-Аққұдық-Қисымбай ке­нiш­терiнде ұзындығы 61 шақырымдық жоғары қысымды газ құбыры салынды. Атырау-Астрахань тас жолы бойындағы кенiш­тер арасындағы жолдар жөндеуден өтiп жатыр. «Өзенмұнайгаз» АҚ екi учаске­сiндегi салынып жатқан кә­сiпорын­дар, ұңғымаларды жабатын сұйық да­йындау, жер­асты жабдықтарын, мұнай жабдықтарын жөн­деу цехтары - 1000 шақты көлiктi бiр мезетте жөн­дей­тiн цехтар - бұл жобалардың барлығына 100 млрд. теңгеден астам қаражат жұмсалады деп жоспарланды. Оның 20,6 млрд. тең­гесi игерiлiп те жатыр. Мұның бәрiне маған кiм рұқсат етiп отыр дейсiз ғой. Бiздiң үс­тiмiзден де қарайтын «Қаз­МұнайГаз» ұлттық компания­сы мен «Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қоры бар.

- Мiне, мiне мен де соны сұрағым келген.

- Менiң қолымда көзiрiм бар. Қандай екенiн бiлгiңiз келе ме? «Егер бұл бюджетпен келiскiле­рiңiз келмесе, «Барлау Өндiрудi» өз қолдарыңызға алыңыздар. Мұнайшыларға барып бұлай ету керек емес деп түсiндiрiңiздер» деймiн. Өйткенi мен мұнайшыларға сөз бердiм, оны орындауға тиiстiмiн. Қолымнан келмесе, орнымды босатуым керек қой. Осы жерде мен «ҚазМұнайГаз» ұлттық компаниясының басшысы Ләззат Қиынов­тың үлкен қолдауын баса айтқым келедi. Өзi мұнайшы болған Қиынов мырзаға мұны терең түсiндiрудiң мүлде қажетi жоқ. Бұл бiз үшiн ерекше демеу.

- «Ембiмұнайгаздың» сар­қылған кенiшi - Байшонастағы халықты көшiруге қар­жы бөлiнетi­нiн айтқан едiңiз. Бiрақ олардың биыл тағы қыстайтын түрi бар.

- Қаржы бөлу туралы уәде­мiз­дi 100 пайыз орындадық. Атырау облысының бұрынғы әкiмi басында қаражаттың алдымен жартысын ғана бөлудi сұраған, соны игерген соң, қалғанын бөлерсiздер деген. Жаңа әкiм ақшаны толық бөлудi сұрады. Бiз қосымша келiсiмшарт жасасып, барлық 5,4 млрд. теңгенi шотқа салдық. Ендi Атырау облыстық әкiмдiгi тұрғын үй қорын тексеру туралы әңгiменi көлденең тартып отыр. Судың да сұ­рауы бар, ақша бөлдiк деп сырт қалмаймыз. Қаражаттың игерiлуi мен мерзiмi бақылауда болады. Се­бебi бiзге дү­йiм ел қарап отыр. Байшонас маған жат мекен емес. Бiр кездерi сол ауылда өндi­рiстiк тәжiрибеден өткенмiн. Сондықтан Байшонас тағдырына бейжай қарай алмаймын. Ол - бiздiң мұнайшыларымыздың ауылы. Оларды елеусiз қалдырады деген ой тумасын.

- Әңгiмеңiзге рақмет!

Әңгiмелескен -

Сәния ТОЙКЕН.

Атырау - Ақтау -

Қаражанбас - Ақтау.

"Жас Алаш" газеті

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1482
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3253
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5475