ДІНИ БІРЛЕСТІКТЕРДІҢ САНЫН ҚЫСҚАРТҚАНМЕН, ЕЛДЕГІ ДІНИ АХУАЛ ОҢАЛА МА?
Бүркіт НҰРАСЫЛ
Жақында еліміздегі діни ұйымдар мен бірлестіктерді сүзгіден өткізіп, қайта тіркеп шыққан Дін істері агенттігі өз есебін жариялады. Нәтижесінде еліміздегі аты мен заты күдікті діни бірлестіктердің саны айтарлықтай қысқарып, басы артық біраз діни топтардан құтылғанымыз белгілі болды. Аталмыш агенттіктің есебін жариялап тұрып, төраға Қайрат Лама-Шәріп діни ұйымдарды қайта тіркеу арқылы еліміздегі діни ахуалды бір жүйеге келтіріп қана қоймай, республикада бірегей және біртұтас ислам ұйымын қалыптастыруға қол жеткізгендігін айтып біраз күпініп алды.
Бүркіт НҰРАСЫЛ
Жақында еліміздегі діни ұйымдар мен бірлестіктерді сүзгіден өткізіп, қайта тіркеп шыққан Дін істері агенттігі өз есебін жариялады. Нәтижесінде еліміздегі аты мен заты күдікті діни бірлестіктердің саны айтарлықтай қысқарып, басы артық біраз діни топтардан құтылғанымыз белгілі болды. Аталмыш агенттіктің есебін жариялап тұрып, төраға Қайрат Лама-Шәріп діни ұйымдарды қайта тіркеу арқылы еліміздегі діни ахуалды бір жүйеге келтіріп қана қоймай, республикада бірегей және біртұтас ислам ұйымын қалыптастыруға қол жеткізгендігін айтып біраз күпініп алды.
Қош делік! Құзырлы органдар кеш болса да қайта тіркеудің арқасында еліміздегі конфессияларды жіктеу жүйесін жетілдіру барысында олардың нақты саны ел айтып жүргендей қырық алты емес, он жеті екенін анықтапты. Сол 17 конфессияға жататын 3088 діни бірлестік қайта тіркелген. Оның 2228-і Қазақстан Мұсылмандары діни басқармасына қарасты мешіттер болса, 269-ы православтар шіркеуі болып отыр. Ал бұрындары елімізде емін-еркін «уағызын» жүргізіп, сауатсыз жұрттың «үшінші көзін» ашып беріп жүрген 26 иудаизм бірлестігінің небәрі төртеуі ғана тіркеуден өтіпті. Оған да тәубә! Рим-католик шіркеуінің 79 бөлімі мен тағы 2 бірлестігі айы оңынан туып, ары қарай «бүлдіруге» жолдама алған. Қалған «дәстүрлі емес» діни ұйымдардың көпшілігі қайта тіркеуден өтпеген немесе құжаттарын дер кезінде өткізбеген.
Осылайша, бір жылдық тазалық жұмыстары (2011 жылдың 25 қазаны мен 2012 жылдың 25 қазаны аралығы) еліміздегі діни бірлестік немесе қауымдастық атауын жамылған ұйымдардың үштен бірінің, яғни 32 пайызының қайта тіркеуге алынбай қалуымен аяқталды. Бір қарасаң 32 пайыз аз көрсеткіш емес. Он ұйымның үшеуінің аяғына тұсау салынды деген сөз. Бірақ неге 32 пайыз? Бүгінде кейбір сарапшылар 32 пайыздың өзін «аз көрсеткіш» деп пәтуә жасап үлгерді. Өйткені жұрт осы бір «тазалық науқаны» басталғанда елдің санасына салмақ салған кірме ағымдардың тобырын 32 емес, кем дегенде 50-60 пайызға азайту керек дескен-тін. Мұны бір деп қойыңыз.
Екіншіден, көрегендігі бар-жоғын білмейміз, Дін істері агенттігінің төрағасы Лама-Шәріп мырза тіркеуден өте алмайтын немесе тіркеуге лайық емес ұйымдардың нақты санын тіркеу аяқталып, ресми қорытынды шығардан бір емес, бірнеше ай бұрын «болжап» білді. Сұхбаттарының бірінде діни ұйымдардың үштен бірі қысқаратынын мәлімдеген болатын. Осының өзі атағынан ат үркетін агенттіктің бір жыл бойы қара тер болған жұмысын жылымықтатып жіберді. Яғни қазіргі қорытындыны заң аясында жасалған жұмыстың нәтижесі емес, алдын ала жоспарланған мақсатты дүние деп бағалауға алып келді. Бағасын алып та үлгерді, разы болмағандар айтып та жатыр. Бір ғана Қарағанды қаласының өзінде тіркеуден өтпей қалған ұйымдардың: «Уақытымыз аз болды немесе әділет орындары тым артық кетті. Тіркеу ережесін жұмсартуды сұраймыз», -
деп оңды-солды хат жазуды бастап кетті. Бұл туралы сәл кейінірек.
Тағы бір дүниені айтпай өтуге болмас. Жоғары жақ қайта тіркеудің «бейнетімен» жүргенде, Діни бірлестіктер туралы заңның бір бұрышынан саңылау тауып үлгерген пысықтар аталмыш құжатты пайдасына да жаратыпты. Яғни жаңа заңның арқасында тағы бірнеше діни мекеме өмірге жолдама алған. Мұны әрине сенсация дей алмаймыз. Дәл Қайрат Лама-Шәріп өзі басқаратын агенттіктің ақпараттарынан көріп қалған деректеріміз. «Сонымен қатар жаңа заңға сәйкес православ дінінің аясында Армян апостолдар шіркеуі мен тағы сегіз көне әдет-ғұрыптар шіркеуі қызмет ете бастады» деп көрсетілген агенттік хабарламасында. Сонымен қатар онсыз да бүлдіріп жіберуге даяр отырған православ шіркеуінде де бірқатар құрылымдық өзгерістер болып, 17 қазан күні 261 приход пен тоғыз бірдей епархияның басын қосып жұмылып күш болып отырған Митрополиялық округ республикалық діни бірлестік деген дәреже алып отыр. Дін істері агенттігі су жаңа бірлестікке арнайы куәлік тапсырып, жеке отау етіп шығарды. Білген адамға бұл да қауіп.
Сонымен қатар, кейбір бұқаралық ақпарат құралдары Діни қызмет туралы ережеге де өзгерістер енгенін айтады. Қазақстан мұсылмандар діни басқармасы бөлімшесінің жарғысына сәйкес, әрбір мешіт кірісінен 30 пайыз ақшаны басқармаға беріп отырады деген ақпараттар айтылып жүр.
Кешелі-бері «тіркеуден» ілік тауып, өзінше айды аспанға шығаруға тырысып жатқандар да табылып жатыр. Еліміздегі демократияның батыстық «жебеушісі» құқыққорғаушы, Алматы
Хельсинки комитетінің жетекшісі Нинель Фокина отандық басылымдардың біріне «Діни бірлестіктерді қайта тіркеудің күмәнді тұстары көп», - деп көлдей сұхбат беріпті. Фокина бүй дейді: «Мәселен, орыс православ шіркеуі мен Қазақстан Мұсылмандарының діни басқармасы әуелі өздері тіркеліп, кейіннен оларға қарасты мешіттер мен шіркеулер филиал ретінде тіркелген. Бірақ заңда филиал туралы ешбір мәселе жазылмаған. Ол ұғымды агенттік қызметкерлері тіркеу барысында іске қосып жіберген. Сол сияқты мысалдар көп», - деп қайырып келіп, тіркелмеген ұйымдардың болашағына да біраз үңіліп көріпті. «Ондай ұйымдар (Қайта тіркеуден өтпеген ұйымдар - автор) заң бізді тіркемеді екен деп жоғалып кетпейді, жабылып қалмайды. Қалай жұмыс істейді, тура солай жұмыстарын жалғастырады. Мәселен, баптистер ешқашан тек бізде ғана емес, өзге елдерде де принципті түрде тіркеуге қатыспайды, яғни мемлекетпен ешқандай қарым-қатынаста болғысы келмейді. Оларға айып та тақты, қылмыстық іс те қозғады, тіпті Кеңес өкіметі кезінде абақтыға да жапты. Бірақ олар әлі өмір сүріп келеді», - дей келе, Дін істері агенттігі мамандарының әлі де ашық айта қоймаған «күнгей» тұстарын тілге тиек ете кетіпті. «Мәселен радикалды исламды, терроризмді насихаттаушы моджахеттер сынды діни бірлестіктер ешқашан тіркелген емес. Тіркелмейді де. Олар өз жұмыстарын жасырын
істейді. Тіркеу мәселесі экстремизм мен терроризмді жоюға көмектеспейді. Себебі, қылмыстық пиғылы бар ұйымдар ешқашан тіркеліп, мемлекеттің пікірімен санасқан емес», - депті. Бұл да ойланарлық мәселе!
Енді жоғарыда айтып өткеніміздей, Қарағанды мәселесіне оралайық. Жергілікті ақпарат құралдарының жазуынша, облыс бойынша тіркеуден өте алмай қалған 26 діни бірлестіктің кейбірінің өкілдері тіркеу шартын жұмсарту мәселесін көтере бастаған. Қайта тіркеуден өте алмай қалған діни бірлестіктердің арасында Топар, Абай ауданындағы бірнеше мешіт пен Бахаи қауымдастығы және «Ислам нұры» деп аталатын ағартушылық қоғамы да бар. Сондай-ақ, осы облыстың Октябрь ауданындағы «Ақыт қажы» мешіті жеке діни бірлестік ретінде «жойылып», Қазақстан Мұсылмандар діни басқармасының бөлімшесіне айналғанын айтады.
Осылайша, бір жылға созылған қайта тіркеу науқаны енді біраз бірлестіктің біржолата жабылуымен аяқталатын секілді. Облыстардағы жергілікті Әділет департаменттері діни ұйымдарды жабу туралы сотқа шағым түсіруді бастап кетті. Өткен аптада (қарашаның 8-і күні) алғашқылардың бірі болып Қарағандыда діни ұйымдарды жабу туралы сот отырыстары басталды. Олардың арасында Балқаштағы «Кришна санасы қауымдастығы», талай адамның санасын улаған тағы бір бірлестік - Қарағандыдағы «Майқұдық» евангелистік қоғамы бар. Бұл ұйым мүшелерінің саны межеге жетпей қалғандықтан тіркеуден өте алмаған.
"Халық сөзі" газеті