Сенбі, 23 Қараша 2024
Жаңалықтар 2498 0 пікір 15 Қараша, 2012 сағат 07:12

Ырысбек Дәбей. Тау басындағы қардың дәмі

Мұстай Кәрімнің «Ұзыннан ұзақ балалық шағын» оқыған кезде есеюдің - «кеше бала ең» кезеңге шаң баса бастаған терезеден ұзақ үңіліп, құлазу сезімін кешерін ол кезде ойлаған жоқ едік. «Керемет жазылған шығарма» екен деп, жаба салғанбыз. Уақыт мәңгілік басымызға тұрақтайтындай, бас қатырмайтын шақ емес пе, ол да бір дәурен екен. Бүгін ойласаң қызық, мүлде ондай дәуір болмаған секілді. Алып қаланың аласапыран тіршілігіне де бой үйренген. Толассыз ағылған машиналар тасқыны таптап өтердей, өрекпіген өмір. «Тасыған өзені гүрілдеген» Алтайдың сұлу түні, жазира жайлауы - балалық шақтың тұп-тұнық көзіндей мөлдіреп, алқымыңа ащы өксік болып тығылып тұрып алады...

Мұстай Кәрімнің «Ұзыннан ұзақ балалық шағын» оқыған кезде есеюдің - «кеше бала ең» кезеңге шаң баса бастаған терезеден ұзақ үңіліп, құлазу сезімін кешерін ол кезде ойлаған жоқ едік. «Керемет жазылған шығарма» екен деп, жаба салғанбыз. Уақыт мәңгілік басымызға тұрақтайтындай, бас қатырмайтын шақ емес пе, ол да бір дәурен екен. Бүгін ойласаң қызық, мүлде ондай дәуір болмаған секілді. Алып қаланың аласапыран тіршілігіне де бой үйренген. Толассыз ағылған машиналар тасқыны таптап өтердей, өрекпіген өмір. «Тасыған өзені гүрілдеген» Алтайдың сұлу түні, жазира жайлауы - балалық шақтың тұп-тұнық көзіндей мөлдіреп, алқымыңа ащы өксік болып тығылып тұрып алады...

Алтайдың қытымыр қысы кетіп, кербез даланы жаймашуақ жаздың жасыл барқыты кежімдегенде үйіміз жайлауға көшетін. Азын-аулақ мал-сұлдың қамы дей ме, әлде шыбынсыз маусымды жаны қалайтындықтан ба әкейдің шешімі солай-тұғын. Көшуі көшесің ғой, қозы-лақ бағудың машақатын айтсаңшы. Кесілмейтін шөре - ол міндет бізге тиесілі. Жайлаудың күні тез-ақ өтіп кетеді. Кешкі азан-қазан уақытта тындырып тастағандай үйге қайтасың. Бір күні кербағып, марқа туған төлден көз жазып қалыппын. Оны да үйге келген соң, шешемнің айқайынан білдім. «Ай қарап жүрсің бе? Қара қозы жоқ қой. Басқа елдің малына қосылып кеткен шығар. Тез барып, тауып кел!», - деді шешем. «Бұйрық қатты, жан тәтті» өріске қарай жөнелдім. Ары-бері бос сенделіп, қас қарая үйге беттедім. «Қайда жүр екен қасқыр жегір, үйге қайтіп кірдім?». Үй сыртынан (киіз үй ғой) баспалай келіп, тың тыңдасам, әкем: «Соны өлтіресіңдер ме? Күні бойы қозы-лақ бағады, тамағын да ішкен жоқ. Аясаңдар қайтеді. Барыңдар, малы құрысын, өзін шақырып келіңдер», - деп тетелес іні-қарындастарыма ұрсып жатыр екен. Мына сөзден кейін «Мен шеккен өмірдің қорлығын айтқызбай білген қайран әкем-ай!» деп, аяғым алдыға қарай кетіп, үйге сүйеніп отыра кеттім. Көздің жасы кетіп жатыр. Інілерім сыртқа беттегенде жүгіріп барып, үйден бір-екі жүз метр қашықтықтағы жартастың үстіне шығып үлгердім. Олар қасыма таяп, атымды айтып, айқайлап шақырғанда барып «а... мұндамын» деп дерегімді тапқыздым...

Үй-ішімдегілер, туыс-туғандарды састырып, «керектігіме» тағы бір көзім жеткен кез - қара қозы табылып, қайтадан «Мені осылар онша жақсы көрмейді-ау!» деген ойға кеп жүрген кезде болды. Көрші-қолаң, туыс-қиысы бар бір топ жігіт маған: «Қал әрмен! Біз аң атып келеміз», - деп тауға сіңіп кеткен. Төрт-бес жастағы мені адам екен демейді. Соңдарынан біраз еріп ем, ұрсып-ұрсып қуып жіберді. Олар сәл ұзаған соң, соңдарынан ердім. Бағытым - басын қысы-жазы қырау шалып тұратын, біздиген қара шоқы. Маған сол кезде бүкіл аң-құс, тіпті Айдостың (бірге ойнайтын бала) қайтыс болған шешесі де сол биікке шықса көрінетіндей сезілетін. Қанша жүргенімді кім білсін, тілім аузыма симай, әбден шөлдегенде қасат боп қатқан қарға іліндім. Бетін таспен қырнап, ұсақ-ұсақ мұзды аузыма төсеймін. Етекке көз тастап, аңшыларды байқап қоям. Аңшы да, жыбырлаған тірі тышқан да көрінбейді. Үйге қыдырып келген сайын «Осы таудың ар жағында тұрамыз» дейтін Сейсен қарияның сөзі есіме түсе кетті. «Солай бармаймын ба» деп шештім. Біздиген шоқының күнгей бетіне астым да кеттім. Ымырт үйіріліп, ел орынға отырған шақта қара саным үзіліп, етекке зорға жеттім. Қалқиған үйдің қарасы көрінгенде жүректі қуаныш сезімі биледі. Үй маңына келгенде мал қоралап жүрген біреу «Не қылған бала» десе керек, аңтарылып қарады да қалды. «Сейсен атаның үйі қай жақта?», - дедім мен үнсіздікті бұзып. «Мына сайды өрлеп жүре берсең табасың», - деді ол да самарқау ғана. Қазір ойласам, жеті түнде тентіреп жүрген бала онша таңғалдырмаған, жөн-жайымды сұрап та қоймаған тау халқының мінезі қызық осы... Сонымен не керек, әлгі кісі нұсқаған бағытпен Сейсен ақсақалдың үйін де таптым. Үйге кіріп барғанымда қария жамбастап жатыр екен, орнынан ұшып түрегелді. «Мынаның дені дұрыс па? Түн ішінде не ғып жүрсің? Біреумен еріп келдің бе, әлде?». Менің миыма келгені «ұрыспаса екен» деген ой болса да, жөпелдемеде жалтаратын сөз таппай, шынымды айттым. Қария иманын үйіріп, сосын: «Мынаған тамақ бер. Ертең үйіне жеткізіп салармын», - деп кемпіріне бұйыра сөйледі. Тамақ ішуге қайдағы шама, бір шара айранды жұттым да құладым. Ертесі айран берген апам түртіп оятты. Орнымнан әзер-әзер қозғалып, тұрдым. Аяқ бастырмайды. Сыртта қариямен самбырлап сөйлескен дыбысты да анық құлағым шалды. «Бүкіл ауыл түнімен бұл баланы іздеп, тау-тасты кезіп кетті. Тез үйіне жеткізейік. Шешесі көз шырымын алмай, түнімен жылады». Дауысынан танып тұрмын, кеше мені ертпей кеткен мықтының бірі. Үйге кірген екі жігіт: «Әй, батырым-ай!», - деді де, аттың артына мінгестіріп ала жөнелді. Дүңк-дүңк желген аттың үстінде аяғым одан сайын мазамды қашырып келе жатса да, айыбымды біліп, қыңқ демедім. Үйге де жеттік-ау! Сүйінші сұрап, алдымен шауып кеткен бір жігіт бәрін жеткізсе керек, үйге кіргенде «Қайда бардың, қайда болдың?» деген сауалдар сұралған жоқ. Шешем бауырына қысып, жылап жатыр. Ұрыспайтындарына көзім жетіп, бойымды еркіндік биледі. Бір күн, бір түн жоғалғанымда қадірім әбден артыпты. Жиылған жұрт тарап, ініммен сөйлесетін сәт те туды. Бірдеңе айтқысы кеп тұрғанын үйге кірген кезде сезгем. Қа­сыма келген інім: «Кеше қайда кетіп қалдың? Біз манты жедік. Ана қаладан келген апай келген, сол істеді. Сен не тамақ іштің?», - деп мені қызықтырып-ақ жіберді. Ол кезде жайлауда болатын екі-үш айда манты жеу деген үлкен өркениет. Қап-ай, ә! Мен апаның берген айранын қанша мақтасам да, жаңалық болмады. «А-а-а... айран ба?!», - деп інім мән де берген жоқ...

«Abai.kz»

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1472
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3248
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5435