Есбол Өміржанов. Көзқаман
Суретте - әйгілі суретші Эдвард Мунктің "Айқай" картинасы
Суретте - әйгілі суретші Эдвард Мунктің "Айқай" картинасы
Ұстазым Сәкен Өзбекұлы елде орын алып жатқан келеңсіз жайттарға қатысты кейіп отырып «көзқамандар елдің түбіне жетпесе болды ғой» деп ауыр күрсінуші еді. Өмірінің соңғы жылдары айналасындағы өріс алған теріс қылықтар мен оспадар мінездерге, қоғамды кері итеріп бара жатқан түрлі опасыз әрекеттер мен ұлтқа қарсы жасалынып жатқан жымысқы саясатқа әбден мезі болып, терісіне сыймай ызаланып, ішқұсаланатын. Қоғамдағы келеңсіз көріністерден жалыққандықтан ба ұстазымыз кездесе қалғанда бүгінгі тірлік жайлы сөз қозғаудан бас тартып, өлім турасында көп әңгіме айтқанды жөн көретін-ді. Кей кездері әділетсіздікке қарсы күрес майданында жеңіске жете алмаса да өзінің өр мінезімен талай шәкіртке үлгі болған ұстазым жайлы еске алғанда оның ызбарлана отырып айтатын «көзқаман» деген сөзі ойыма орала береді. Осы сөздің мәнін бірде досым Мұқан Исаханнан сұрағанда ол бұл сөздің қырғыздың Манас эпосында кездесетіндігін, өз елінде өмір сүре тұра сол елдің мүддесі үшін емес, жекелеген топтардың, сыртқы күштердің мүддесіне жұмыс істейтін адамдарды «көзқамандар» деп атайтындығын айтып еді. Бұрын естігенім болмаса, мәтінімен таныспаған Манас жырын интернеттен бір шолып қарап, оның Көзқамандарға арналған бөлімімен жіті таныстым (өкінішке орай мен жырдың орыс тіліне аударылған нұсқасымен ғана таныса алдым). Манас жырында баяндалғандай қара қытай Есен ханның Манастың басын алған адамға хандық ұсынғанын естіп Ораздының ұрпағы Үсен «Көзқаман» деп өзіне есім алып, Манастың басын шабу үшін үлкен ұлы Көкшекөз екеуі Манас ханның сарайына келіп, онымен жақсы қатынас орнатады. Көзқаман - кезінде қара қытайлардың қолына тұтқынға түсіп өз тілін, ділін ұмытқан Манастың туысы болатын. Өзінің кезінде тұтқын болып өзге елде өмір сүргені жайлы зарын айтып Манасқа хат жазған Көзқаман батырдың сеніміне кіріп елге келеді. Манастың ықыласына бөленген Көзқаман бірде әскерлер көршілес аймаққа кеткенде Манасты үйіне шақырып у қосылған арақ береді. Уланған батырдың басын кеспек болып жатқанда Манастың әйелі Қаныкей мен қызметшісі Ақаяр қаскөйлерді өлтіріп батырды құтқарып қалады. Он күн бойы Қаныкей Манасты емдеп жазып алады. Қырғыздың эпостық жыры арқылы бізге келген көзқаман сөзінің мәні мен мағынасы турасында академик Рахманқұл Бердібайдың орыс тіліне аударылған «Козкаманы или о национальном предательстве и его отличии от манкуртизма» деген мақаласында жан-жақты мәлімет беріліп, автор көзқаман ретінде бүгінгі қазақ қоғамындағы өз тілі мен ділінен жеріп қазақ мәселесіне қатысты кері пікір білдіріп, ұлт мүддесіне қарсы әрекет жасаушы орыс тілді қазақтарды мысалға келтіреді. Автор өз тілін білмейтін, білгісі де келмейтін, өз тарихын менсінбей өзгенің тарихын қызыға оқитын, білімді, жоғары лауазым иеленген адамдарды мәңгүрт емес, көзқаман деп атайды. Себебі, бұл адамдар мәңгүрт сияқты зорлықпен есінен адасқан жоқ, біздің жағдайымызбен сараласақ олардың өзге тілді болып қала беруі аса мәжбүрліліктен емес, тек олардың өз тілін менсінбеушілігінен болып отыр. Сонымен қатар, бұл адамдар қазақтың тілінің, ділінің, дінінің қайта жаңғырып, кең өріс алуына қарсы, яғни саналы түрде өз ұлтының мүддесіне қарсы әрекеттерге баруда. Дегенмен, тек өз тілі мен ділінен ада жандардың барлығын дерлік ұлт үшін зиянды элемент, көзқаман ретінде тану дұрыс еместігін де мойындау қажет, мұнда автор өзге тілде сөйлейтін қандастардың ішінде өз ұлтын өгейсініп, ұлт мүддесіне қарсы әрекетке барушыларды ғана бөліп қарастырады. Жалпы көзқаман орыс отарында болып азаттық алған, әлі де орыс отарындағы түркі тектес халықтардың барлығына ортақ құбылыс. Орыстың отаршылдық саясаты өз қарамағындағы ұлттардың бетке ұстар қайраткерлерінің көзін жойып, орысқа жағынып, орыс болуды мақсат еткендерді айрықша қолдап, қолпаштап отырды. Сәйкесінше, бұл адамдар өзі жақсылығын көрген орыс ұлтына табынып, өзін де, бала шағасында орыстарға бағынышты етті. Осылайша, орыстың жақсылығын көрген, орысқа қызмет еткен адамдардың ұрпақтары ендігі жерде өз ұлтынан жерініп, ұлт мәселесіне қатысты сыңаржақ пікірлер білдіріп, тіпті өз ұлтын орыс тілді және қазақ, қырғыз, татар және т.б. тілділер деп бөліп қарастыруға ұмтылуда. Көзқамандықтың негізгі белгісі өз тілінде сөйлемеу деп түсінудің қате екендігін жоғарыда айтқан болатынбыз, себебі, өз ана тілінде сөйлемейтіндер ғана өз ұлтына қатысты сатқындыққа, дұшпандыққа барады деп ойлау қате болар еді. Бұлай деуімізге себеп ана тілінде сөйлеп, ойлағанымен өз ұлтының ұлттық мүддесін өз мүддесі жолында тәрк ететін адамдардың да елімізде жиі кездесетіндігін жасыра алмаймыз.
Жиырма жылдық тәуелсіздік тарихында қазақ халқы небір сатқындыққа куә болды, сол сатқындықтың сорақы бір нұсқасын кеден қызметкерлері көрсетті. Осы іске байланысты жарияланған материалдарды қарап отырып тек орыс тілді ғана емес, қазақ тілді қазақтардың да көзқамандық сипатына куә боласың. Бүгінгі күні адамдардың саналы түрде жеке бас мүддесін ұлттық мүддеден жоғары қоюы ұлттың ауыр қасыреті болып тұр. Яғни, өз тілі мен ділінен ажырап мәңгүрттік күйге түскендер ғана емес, қазақша сөйлеп, қазақша ойласа да қазақ мүддесін өз мүддесіне бағындыра салатын адамдар қарасының көбеюі ойлантатын жайт. Менің ойымша, ұлттық, мемлекеттік мүддені қара басының мүддесі үшін құрбан ететін адам қанша жерден өз тілін біліп, салт дәстүрден аттамаса да сол ұлттың нағыз өкілі бола алмайды. Себебі, санасы отбасылық, рулық деңгейде қалып ұлттық деңгейге көтерілмеген адам ұлтқа пайда бермейді. Осы негізден алғанда тілі мен ділінен, дінінен жерігендерді ғана емес, өз тілінде сөйлесе де арман тілегі ұлттың болашағымен ұштаспайтын адамдарды да көзқамандар ретінде тануға болатын сияқты. Мұндай адамдар кез-келген сәтте бас пайдасы үшін ұлтты, елді сатып кетуден тайынбайтындардың қатарынан.
Елдің басын біріктіретін ұлттық идеологияның жасалмауы, адамдарды бір арнаға бағыттайтын мықты идеяның болмауы адамдардың бытыраңқы күйге еніп, қара басы үшін өмір сүруді басты мақсат етіп қоюына әкелді. «Әркім өзі үшін әрекет жасасын» деп адамды қоғамнан бөліп, дара тірлік етуге үндеу, адамның қоғам үшін жауаптылығын жоққа шығару - қарапайым адамдарды болсын, биліктегі азаматтарды болсын жеке мүдденің құлына айналдырды. Ендігі жерде әр адам мүмкіндігінше бас пайдасы үшін қызмет істеп, сол бас пайда жолында ортақ құндылықтар мен ұлттық мүддені шетке ысыра салатын болды.
Тәуелсіздіктің жиырма жылында мемлекеттік жоғарғы лауазымды шенеунік былай тұрсын, төменгі эшалондағы орынтақты иеленген шенеуніктердің де жаппай сыбайлас жемқорлыққа ұрынуы қарапайым адамның басына «мемлекеттік қызметке кіру - жақсы өмір сүру» деген ойды жапсырды. Ендігі жерде қарапайым еңбек адамы қолындағы барын сатып балаларын заңгер, экономист, кеден, халықаралық қатынас мамандықтарына оқытып, олардың мемлекеттік қызметке кіруі үшін барын салуда. Себебі, халық санасында мемлекеттік қызметке кірген адамның пара алып, мемлекеттен бөлінген қаржыны жеп, мемлекет мүлкін иеленіп жақсы өмір сүретіндігі, әр жерде сөзі жүріп, туыстарға көмек бере алатындығы жөнінде пікір мықтап қалыптасты. Тіпті, бұрынғы қызметін тастап мемлекеттік қызметке кіру үшін заң факультеттерінің сырттай бөліміне құжат тапсырып, диплом алушылардың жылдан жылға артуы да осы сөзімізге дәлел бола алады.
Қазіргі студенттер қауымы ақпараттық технологиялардың жемісін жеп жатқан ұрпақ, жан жақты кемел жастар деп айтуға болады. Студенттермен ой бөлісу, оларға пікір айтып, жауаптарын тыңдау мен үшін маңызды. Сондықтан да болар көбінесе ақыл айтып, жөн көрсетуге келгенде олар менен басым түсіп жатады. Мен кезіндегі Кенесарының қазақтың соңғы ханы ретінде дүйім қазақ жұртының басын біріктіруге қатысты ерлік істерін, Мұстафа Шоқайдың түркі жұртының басын біріктіріп орыс пен қытайдан азат, мықты мемлекет құру идеясын, Жағда Бабалықұлының жер жүзіндегі бытырап кеткен қазақтың басын қосып өз жерінде қазақтың басымдығын қамтамасыз ету турасындағы ұсыныстарын айтсам олар үнсіз тыңдап, мені қоштаған сыңай танытқанымен артынша жекелеп келіп маған өмір жайлы әңгіме айтып, жөн көрсетіп жатады.
Қазіргі уақытта жоғарғы оқу орындарындағы орын алып жатқан әртүрлі келеңсіз жағдайлар, әртүрлі жолдармен ғылыми атақтар мен дәрежелерді иеленген профессорлық оқытушылық құрамның сапасыздығы, студенттер қауымында «оқытушы болып тек өзге салада жолы болмаған адамдар, зейнеткерлікке шығып үйінде отырғаннан жалыққан шал кемпірлер ғана жұмыс істейді» деген пікірді қалыптастыра алды. Үздік оқитын студенттерге магистратураға түсіп ғылыммен айналысуды ұсыну олардың езуіне күлкі ұялатып, кекесінмен жауап бергізеді. Ал, магистранттарға сабақ өтуге кіргенде ғылым жолына түсіп, ғалым болуды армандаған азаматты емес, тек магистр атағын алу үшін келген пысықай ұл-қыздарды кездестіресің. Бірнеше жоғарғы оқу орнында қызмет істегеніммен барлық жерде студенттердің оқытушыларға қатысты пікірі бірыңғай, көбінесе теріс. Бұл ғылым мен білім саласына тәуелсіздіктің бастапқы жылдарында нақты көңіл бөлінбеуінің, білімнің құнының төмендеп, бұл саланың жемқорлықпен ластануының салдары болып отыр.
Көптеген студенттер менің неліктен оқытушы болып қызмет істейтіндігіме түсініспеушілікпен қарап, маған басқа салаға кетуге ақыл беріп жатады. Сондағы айтатын уәждері оқытушының жалақысының төмендігі, қоғамда ешқандай беделінің, қолында ешқандай билігінің, байлық жиып шалқып өмір сүруге мүмкіндігінің жоқтығы тағы с.с. Осындай әңгімелерден менің түйгенім көпшілік жастардың өмірдегі негізгі мақсаты ақша табу, байлық жию, қолдың ұзын болуы сияқты материалдық құндылықтармен байланысты нәрселер болып отырғандығы. Ал ұлт мүддесі, ұлттық құндылықтар, ел ертеңі сияқты мәселелер екінші орынға ығыстырылып қалғандай. Осы ретте шәкірттерімнің өзіме айтқан бір сарынды ақыл кеңестерінің бірін оқырманға әңгімелеп бергенді жөн көрдім.
Бірде дәріс соңында Абайдың қара сөздеріндегі жемқорлыққа қатысты ойларды оқып қосымша баға алу үшін студенттеріме талдау жасауға тапсырма бердім. Артынша менің кабинетіме бір студентім келіп маған айтар сөзі бар екендігін білдірді. Ол өз сөзін келесіден бастады: «Ағай, сіз бізге жемқорлықтан бас тарт, ол ұлт үшін үлкен қауіп дейсіз. Өзіңіз ойлап көріңізші, парасыз, жемқорлықсыз біз қазір өмір сүре аламыз ба? Міне, менің әкем аудандық дәрежедегі органда бастық, ол өз орнын сақтап қалу үшін өзінен бір саты жоғарыдағыларға салық төлейді, егер ол салықты төлемесе, жұмысынан айрылады. Сонда не, ол жемқор болмаймын деп қызметінен айрылуы керек пе? Бұл схема барлық жерде жұмыс істейді, адам таныссыз, ақшасыз ешқандай да карьера жасай алмайды. Барлық жерде ақшасыз ештеңе өнбейді, сенің ақшаң болмаса, сен иттен де әрменсің. Сондықтан, адам ең алдымен ақша табуы тиіс, егер сен ақша тапсаң ойыңа келгенді жасауға болады. Бізде өз бетіңмен кәсіп істеп ақша таба алмайсың, тапсаң да оның жартысы крышаңа кетеді. Ендеше, ең дұрысы өзің мемлекеттік қызметте отырып басқалардан доля алып отыру. Қандай қызметте отырғың келсе де ең алдымен ақша, сосын таныс болуы шарт. Ал сіз айтатын адамгершілік, ұлтын сүю деген әңгіме ешкімді де қызықтырмайды. Снимите свои розовые очки. Қай ғасырда өмір сүріп жүрсіз? Сіз универден басқа ештеңе көрмегендіктен өмір керемет деп ойлайтын шығарсыз. Хотя, басқа универде оқып жүрген таныс балдар оқытушылардың жемқорлығы туралы айтқанда жағың айрылып қалардай таң қаласың. Ағай, сізге айтар ақылым, тастаңыз мына жұмысты, сіз оқытушы болып ешқашан да жақсы ақша таба алмайсыз, қайтсеңіз де бір мемлекеттік органға жұмысқа тұрыңыз. Бір ағашкаға жағып алсаңыз ол сізге крыша болады, зато басыңыз бар, барлық жұмысты істеп отырасыз. Астыңызда крутой мәшине, басыңызда шикарный коттедж, банкте счетта көп ақшаңыз болады. Жақсы махинациялар ойластырып ақша жасап, кейін шет елге кетіп қалуға болады. Мемлекеттік органдарға да істі жүргізетін сауаты бар орындаушылар керек қой. Өңкей сауатсыз отырса, мемлекет баяғыда құлап қалар еді. Солай ағай, ақылды көп жасағаннан емес, көпті көргеннен сұрау керек. Мен сізге қарағанда ата-анамнан, туыстарымнан өмір жайлы көп естігенмін, көпті көргенмін, көп оқымасам да». Осылайша маған ақыл айтқан шәкіртім кабинеттен шығып жүре берді.
Кезінде қырғыз елінің түбіне жетіп, күшті мемлекетті талқан қылған өз ішінен шыққан көзқамандардың заманға сай қайта бой көрсетіп жалпылық сипатқа ене бастауы, адамдардың азаматтық ұстанымнан саналы түрде бас тартып ел ертеңіне қатысты мәселелерге енжар қарауы, басты мәселе ретінде қарынның тоқтығын қарастыруы олардың санасын селт еткізер, бағыттаушы идеяның, қоғамды біріктіретін жалпыға ортақ идеологияның болмауынан деп тұжырымдаған жөн. Адамдардың санаға сіңген тұжырымынан ажырауы өте қиын, көпшілік жағдайда ұсынылған идеяның адамдардың көңілінен шығып, жылы қабылдауы үшін ол идея адамдардың ұлттық ерекшеліктерімен, тарихи қалыптасқан өмір сүру қалпымен қабысып жатуы тиіс. Идеяны ұсынушы адам сол идея жолында өзін, өз болашағын құрбан етуге дайын болуы, соған өзгелердің көзін жеткізе білуі тиіс, сонда ғана қоғам ол идеяны қабылдап, өзін сол идеяға бағыштай алады. Мысал үшін Мұстафа Шоқайдың «Үлкен Түркістан» идеясын алсақ, қаншама жыл кеңестік үкімет қараласа да оның әлі де халық санасынан өшпей, өмір сүруін жалғастырып жатқанын көре аламыз. Тек оның жаңа заманға сай кейіпке еніп жүзеге асырылуы үшін түркі тілдес, көршілес жатқан бес мемлекеттің мемлекеттік саясаттарының сол идеямен ұштаспауы кедергі келтіруде. Идеяның халық санасына кірігуі үшін халыққа күшпен таңылуы оның уақыт өте келе социализм идеясы сияқты күйрейтіндігін тарих көрсетіп берді. Даму тарихында әр халық ары қарай өмір сүру үшін өзіне рухани күш пен идеяны арқау етеді, ал оның болмауы адамдардың рухани деградацияға ұшырауына жол береді. Қазіргі «қазақстандық біртұтас ұлт», «үш тұғырлы тіл», «діни еркіндік (бейберекетсіздік)», «Кедендік Одақ», «Еуразиялық Одақ» сияқты соңғы жылдары ұсынылған идеялар халықтың мүддесімен ұштаспайтындықтан қарапайым адамдар арасында қолдауға ие бола алмауда. Ал, идеялық жаңалықтың болмауы жұрттың жаппай құлқынның құлына айналып, көзқамандық сипатқа енуіне жол ашуда.
«Abai.kz»