Бас бостандығынан айрылғандар босқа қарап жатпасын
Сотталғандарды Үдемелі индустрияландыру жобаларын жүзеге асыруға «жегу» қажет. Кеше Астанада өткен Жергілікті билік органдарының ұлттық форумында қызықты ұсыныс жасалды. Ол Парламент өкілдері тарапынан қолдау тапты. Бір айта кетер жайт, тіпті өзін қазіргі заманауи өркениеттің көшбасшысы санайтын Америка Құрама Штаттарында да ірі инфрақұрылымдық жобалардың құрылысын салуға, әсіресе, егер олар шөл дала сияқты адам төзбес, ауыр жағдайларда жүретін болса, аса ауыр қылмыстары үшін бас бостандығынан айырылғандарды тарту тәжірибесі бар. Ал Қазақстанда болса, Ұлттық форумға қатысушылардың байламынша, үлкен адами ресурс пайдаға жаратылмай жатыр. Қазіргі кезде Қазақстандағы бірқатар ірі жобаларды іске асыруға жұмыс қолының жетпейтіні ашық айтыла бастады. Елбасының Үдемелі индустрияландыру саясатын ілгерілетуге бел шеше, білек сыбана кіріскен еліміз «Батыс Қытай-Батыс Еуропа» халықаралық тасымал дәлізі сияқты алып құрылыстарды қолға алған. Атап айтқанда, осынау жалғыз ғана мега-жоба 50 мыңдай жұмысшыны қажет етіпті. Қазақстан алда да осындай орасан зор жұмыс күші жұмылдырылуға тиісті жобаларды жүзеге асыруға бел буа берері сөзсіз.
Сотталғандарды Үдемелі индустрияландыру жобаларын жүзеге асыруға «жегу» қажет. Кеше Астанада өткен Жергілікті билік органдарының ұлттық форумында қызықты ұсыныс жасалды. Ол Парламент өкілдері тарапынан қолдау тапты. Бір айта кетер жайт, тіпті өзін қазіргі заманауи өркениеттің көшбасшысы санайтын Америка Құрама Штаттарында да ірі инфрақұрылымдық жобалардың құрылысын салуға, әсіресе, егер олар шөл дала сияқты адам төзбес, ауыр жағдайларда жүретін болса, аса ауыр қылмыстары үшін бас бостандығынан айырылғандарды тарту тәжірибесі бар. Ал Қазақстанда болса, Ұлттық форумға қатысушылардың байламынша, үлкен адами ресурс пайдаға жаратылмай жатыр. Қазіргі кезде Қазақстандағы бірқатар ірі жобаларды іске асыруға жұмыс қолының жетпейтіні ашық айтыла бастады. Елбасының Үдемелі индустрияландыру саясатын ілгерілетуге бел шеше, білек сыбана кіріскен еліміз «Батыс Қытай-Батыс Еуропа» халықаралық тасымал дәлізі сияқты алып құрылыстарды қолға алған. Атап айтқанда, осынау жалғыз ғана мега-жоба 50 мыңдай жұмысшыны қажет етіпті. Қазақстан алда да осындай орасан зор жұмыс күші жұмылдырылуға тиісті жобаларды жүзеге асыруға бел буа берері сөзсіз.
- Бүгінде экономикалық қылмыстары үшін өте көп адам отыр, - дейді Мәжіліс депутаты Айгүл Соловьева. - Олар жеткілікті түрде дарынды, интеллектуалдық әлеуеті жоғары адамдар. Егер олар түзелу жолымен жүрсе, неге олар осыған қатыса алмайды?! Мемлекет бұдан ұтады, «екі жеп, биге шықпақ»: біріншіден, ондай азаматтарының теріс жақтарын жақсыға айналдыруға, қабілет-қасиеттерін қоғам үшін пайдалы, ізгі іске бағыттауға ықпал етеді. Екіншіден, қосымша жұмыс күшіне ие болады.
Айгүл Сағадибекқызы темір тордың ар жағында қандай да бір өнімді анағұрлым жетілдіріп, инновациялық сипат бере алатын өнертапқыштар да отырғандығын айтады. Оның айтуынша, депутаттар Ақмола облысындағы бас бостандығынан айыру орындарында болыпты. «Сонда көрдік. Біз зонада паркті тамашаладық, онда сотталғандар бюсттер жасап, сурет салады, ағаштан бұйымдар әзірлейді екен. Бұл ол адамдардың еңбекті сағынғандығын, олардың жұмыс жасай алатындығын, жеткілікті түрде көрнекті өнім шығара алатындығын көрсетеді. Егер мемлекет оларды қайта даярлап, жаңа кәсіптерге оқытса, олар елде жүріп жатқан үдеріске тиімді тартыла алады» деген А.Соловьева мұның сыртында түрмелерде сотталғандардың компьютерлік сауаттылығын ұштап жатқандарына куә болғандығын қосты.
Бұған қоса, оның ойынша, сотталғандардың кейбірін аудармашы және осымен байланысты басқа да жұмыстарға алуға болатындай: «Мен бөлмелерді аралағанымда, кейбірінің ағылшын және басқа шет тілдерін үйреніп жүргенін көрдім. Яғни қолдары бос болғандықтан, олар уақытты текке кетірмей, оқудан өтуде. Егер бұл адамдар шет тілдерді жақсы меңгеретін болса, оларды осы тұрғыдан да үдеріске тартуға болады ғой?!» деген ұсыныс білдірді депутат ханым. Оның айтуынша, бұл еңбек ресурсына мемлекет саралай қарауы керек: олардың арасында тек бастапқы білімі барлары да жететін көрінеді. Мемлекет ондай жандардың білімін жетілдіру, қайта оқыту, елге керекті мамандықтарды игеруіне жәрдемдесу шараларын қабылдағаны жөн. «Ертең сонда олар ел үшін лайықты еңбек ресурсына айналады. Өйткені темір тордың ар жағында отырғандардың негізгі бөлігі 25-тен 40 жасқа дейінгі азаматтар. Демек, оларды оқыту, осы үдеріске тарту - біздің мемлекеттің еңбегі болар еді» деп түйді Мәжіліс депутаты Айгүл Соловьева.
Жиын аясында мәлім етілгеніндей, бас бостандығынан айыру орындарынан жыл сайын 15 мың адам босап шығады екен. Осының алдында Тәуелсіздіктің 20 жылдығына орай кең ауқымды рақымшылық жарияланғаны мәлім. Сонда, кем дегенде 19 мың сотталған еркіндікке қол жеткізіпті.
- Сүрінбейтін тұяқ жоқ, - дейді Шымкент қаласы әкімінің орынбасары Баһадұр Нарымбетов. - Заңды бұзған адамдар өз қателіктерін түсініп, қоғамға шыққан екен, олар қоғамның толыққанды азаматы ретінде қабылдануы керек. Осы себепті биылғы жыл басында Шымкент қаласында түрмеден босап шыққандарды сауықтырып, бейімдейтін орталығы ашылды. Осы бейімдеу орталығына жыл басынан бері 300-ден астам адам келіп отыр. Соның ішінде 100 адамды біз жұмысқа орналастырдық. Оның 25-і - әлеуметтік жұмыстарға тұрды, 69-ы - тұрақты жұмыс орнымен қамтылды.
Шымкент қаласы әкімі орынбасарының айтуынша, түрмеден шыққандарды жұмысқа орналастыруда олардың тұрғылықты тіркелген орнына («прописка») қатысты құжаттарын рәсімдеу қиындық тудырады екен. Сондықтан бұл орталық ондай жаза басып, жазасын өтеп шыққандарға заңдық көмек беріп, құжаттарын реттейтін көрінеді. «Ары қарай олармен психологтар жұмыс істейді. Бұл жерде атап өткім келеді: бізде психологтар тек олармен ғана емес, олар баратын отбасылармен жұмыс істейді. Кей кездері отбасылары арада көп жыл өткеннен кейін, оларды суық қабылдайтын жағдайы бар. Біз соның алдын алу үшін отбасы мүшелерімен жұмыс жүргіземіз» деген Б.Нарымбетов бұл ретте кездесер үлкен бір қиындық - бас бостандығынан айыру орындарынан босағандардың көбісінің тұратын жерінің болмауы екендігін жеткізді. «Туыстары барлар, жағдайы жақсылардың бейімделуі жеңіл өтеді. Қазақтың ұлттық менталитеті сол, туысқанын далаға тастамайды. Ал орталыққа келетіндердің негізі - өзге ұлттың өкілдері және барар жері жоқ азаматтар» деді Баһадұр Мадалиұлы. Жиында мемлекет бұл проблеманы шешу үшін осы контингентке арналған жатақханалар салатындығы жарияланды.
Аймақтардың жергілікті биліктері Ұлттық форумда абақтының ар жағындағы адами ресурстарды пайдалану үшін оларды елге керекті мамандықтарға оқытуға өздерінің мүмкіндіктері барлығын айтып жатты.
- Жағдай қазір түбегейлі өзгерді, - дейді «Еңбек-Атбасар» ұйымы филиалының директоры Егор Саваль. - Сотталғандардың арасында жұмыс істегесі келетіндер өте көп. Адам жұмыс істегенде, оның көңілі де, күйі де басқаша болады. Олар сыртқа шыққан соң, біраз демалып, жұмысқа кірісуді ойлайды. Өйткені бұл - қаржы, әрі бұл оның мәртебесі! Бірақ ол адамдар кіріс табулары үшін жұмыс ауқымы қажет. Бізде қазір жұмыс ауқымын табуда қиындық бар, - деп мойындады осындай жандармен тікелей жұмыс істейтін ұйым жетекшісі. Демек, темір тордағы және одан шыққандарды Үдемелді индустрияландыру жұмыстарына жұмылдыру мәселесі бекер көтеріліп отырмағандай.
Айтқандай, Норвегияның Қазақстандағы елшілігінің жобасы аясында Мәжілістің Заңнама және сот-құқықтық реформа комитеті мен PRI (Халықаралық түрме реформасы) ұйымының Орталық Азиядағы Өкілдігі бірлесіп ұйымдастырған кешегі Жергілікті билік органдарының ұлттық форумында облыстар мен қала басшылықтары бас бостандығынан айыру орындарынан босаған тұлғаларды қайта әлеуметтендіру міндетін қалай орындағандары жайында алғаш рет парламентарийлер мен қоғамдық ұйымдар алдында есеп берді. Президент Жарлығымен 2010 жылдан бастап осы функция әкімдердің құзырына берілген екен.
"Абай-ақпарат"