Сенбі, 23 Қараша 2024
Жаңалықтар 2299 0 пікір 13 Қараша, 2012 сағат 09:04

Әзімбай ҒАЛИ, саясаттанушы: «Үлкен қазақ» ұлтын жасау қажет

- Батыстың бір саясаттанушысы «Соңғы бірер жылда әлемде үлкен өзгерістер орын алды. Бұл жағдай халықаралық саясатты өзге арнаға бұрды. Жер-жаһан алпауыт мем­лекеттер тарапынан қайта бөліске түсуде. Демек, жаңа ұстаным, жаңа көзқарастар қалыптастыратын кезеңге келдік» дейді. Бізге де ескі сүрлеуді шиырлай беруден бас тартатын уақыт туған болар. Сіз не дейсіз?
- Екінші Дүниежүзілік соғыстан кейін әлемде орын алған «қырғи-қабақ соғыс» кезеңі шамамен 1989-91 жылдары аяқталды деуге болады. Сол 90-жылдары ТМД кеңістігінде бірқатар жаңа тәуелсіз мемлекеттер пайда болды. Соның бірі - Қазақстан. Содан бері 20 жылдан астам уақыт өтті. Тәуелсіздік тізгіні қолға тиісімен еліміз көп векторлы саясат ұстануға мәжбүр болды. Өйткені сол тұстағы жағдайдың өзі соған тіреген. Бірақ одан ұтыл­ғанымыз жоқ. Ұстанған бағытымыз өзін ақтады. Ұтқанымыз мол десек артық айтпағаным. Мәселен, КСРО тарқағаннан кейінгі уақытта, яғни соңғы жиырма жылда посткеңестік республикалардың ішінде бірқатары, келеңсіз жағдайларға тап болды. Тәуелсіздіктің пайдасынан гөрі, зиянын шекті. Айталық, Молдова При­днес­тровьеден айырылып қалды, Грузия Абхазия, Оңтүстік Осетиядан (береке болғанда Аджарияны қайтарып алды), Армения Әзірбайжаннан Таулы Қарабақты тартып алды, солай бола тұрса да Арменияның да халі мүшкіл деуге болады. Себебі сол тоқсаныншы жылдардан бері Әзірбайжан тарапы­нан агрессия болады деген үреймен күн кешуде, өз халқы сыртқа көшуде. Сондықтан оны қайтарамын деп үнемі соғысқа даярланып жатқан елде қайбір береке бар дейсіз. Грузияның территориялық тұтастығына нұқсан келді. Оңтүстік Осетия мен Абхазия 2008 жылы тамыздағы қысқа қақ­тығыстан кейін жеке мемлекет атан­ды. Тіпті олар тәуелсіздігін жариялап, Ресей бастаған бірқатар ел мойындап та үлгерді. Сол секілді Украи­на да іштен қақ жарылу алдында тұр. Елдің батысы мен шығысы бірін-бірі оншалықты мойындай қоймайды. Көзқарастар, ұстанымдар әртүрлі. Батыс пен Бе­лоруссия арасында да жеккөрінішті көзқарас қалыптасқан. Өйткені Лукашенконың саясатын көп ешкім жақтырып отырған жоқ. Батыс пен Ресей арасында да көзге көрін­бейтін текетірес бар. Әсіресе, Путиннің Мюнхендегі сөзінен кейін Батыспен (бұл ұғымға Европалық одақ пен АҚШ кіреді) Ресей арасында баяғы «қырғи-қабақ соғыс» қайта орнады деуге болады. Кәріқұрлық (толығымен NATO атты әскери-саяси ұжымға бі­рігіп алып) Путин ұстанған саясатпен келіскісі жоқ. Ресей өз тарапынан Батыстың Югославиядағы, Ирактағы, Ливиядағы режимдерді құлатуына қарсы болды, бірақ оның байбаламын ешкім тыңдап отырған жоқ. Міне, Сириядағы билікті құлатуға қарсы, бірақ Ресей Батыс мемлекеттер альянсына қарсы тұра алмай келеді. Қысқасы АҚШ Ресейді, Сирияны, Иран мен Солтүстік Кореяны араша­лағаны үшін қарсылас деп тануда. Осыларға салыстырмалы түрде қарағанда Қазақстанның ұстанған саясаты дұрыс болды. Қазақстан Абхазиямен Оңтүстік Осетияның «егемендігін» мойындаған жоқ. Иракта жарылғыш заттарды залал­сыздандыру акциясына қатысып Батыстың алғысын алды, NATO екі келісімшарт жасасып біраз озық қаруды тегінге алды. Сондықтан АҚШ-тың пәлендей Қазақстанға ызасы жоқ. Өзгелерден көш ілгері тұрмыз деуге болады. Біріншіден, егемендігімізді баянды ете алдық. Екіншіден, территориямызға сызат түскен жоқ. Бұл үлкен жетістік. Экономикалық-әлеуметтік ірі реформалар жүрді. 2002 жылы АҚШ Қазақстанның экономикалық және әлеуметтік реформаларын нағыз нарықтық сипатта деп таныды. Та­бысты болдық. Жалпы, өткен жиырма жыл ішінде Қазақстан төрткіл дүние таныған мемлекет ретінде қалыптасты. Дегенмен қазір әлем тез өзгеріп жа­тыр. Сондықтан баяғы ұстанған ұс­таныммен жүруге болмайды. Бізге де заманның ағысына сай өзгеруге тура келеді. Айталық, бұрынғы Варшава келісімшартына мүше болған елдердің барлығы дерлік (Шығыс Еуропада орналасқан мемлекеттер) НАТО құрамына енді. КСРО-ның 15 елінің құрамында болған Балтық жағалауы мемлекеттері де Солтүстік альянстың шеңберіне еніп кетті. Украина мен Грузия да сол одаққа ұмтылу үстінде. Түрікменстан баяғыдан бейтарап ел. Өзбекстан мен Тәжікстан және Қырғызстан арасында су дауы, жер дауы бар. Сондай-ақ айырқалпақты қырғыз көршілеріміздің жиі атқа қонып, мемлекет басшыларын тым-тырақай қуалай беруі де, ол елдің тұтастығына үлкен қауіп төндіруде. Жағдай ушыға беретін болса, оңтүстік және солтүстік болып алақандай қырғыз қақ жарылуы әбден мүмкін. Сәл кең түрде алатын болсақ, қазір көрші жатқан Қытай экономикалық әлеуеті жағынан әлемде АҚШ-тан кейінгі екінші орынға көтерілді. Жымысқы саясаттың шебері бұл елдің айналасындағы көршілері туралы не ойлайтынын, іштерінде қандай әзәзіл жатқанын адам ұқпайды. Азияда жатқан Үндістан мен Пәкстанның текетіресі, Оңтүстік Корея мен Солтүстік Корея дауы, Қытай мен Жапония елінің аралға байланысты тартысы, Иранның ядролық бағ­дар­ламасы жөнінде туындаған айқай-шу, Сириядағы соғыс жағдайы, ол қала берді «Араб көктемі» деген атпен таныс бірқатар араб мемлекеттерінде орын алған төңкерістер, Латын Амери­ка­сында жатқан мемлекеттердің АҚШ-пен тайталасуы айта берсек, көп. Ислам фундаментализмі деп аталып келген экстремистік топтар кедей­шіленіп келе жатқан Өзбекстан мен Тәжікстанды, тіпті қырғыз жерін жайлады. Демек, әлемдік саясат үлкен өзгерістерді бастан кешіруде. Алдағы он жылда әлем қандай болмақ, әзірге тап басып айту қиын. Сондықтан уақыт талабына сай біз де өз ұстанымызды таразылап, бейімдеп отырғанымыз жөн.
- Түсінікті. Демек, уақыттың та­лабына сай еліміз ұстанатын саясатын өзгертуі керек дейсіз ғой.
- Иә. Мынаны баса айта кеткен жөн. Иә біз көп векторлы саясат ұс­тандық. Алдағы уақытта да содан ай­нымаған жөн. Сол көп тармақтың ішін­де негізгісі біз үшін Ресей тармағы еді. Әрине, ежелден келе жатқан көр­шілігіміз бар және осы екі мемлекет территориясында өмір сүріп жатқан халықтың өмір сүру ұқсастығы бар. Оның үстіне 70 жыл бір кеңістікте болдық. Экономика да бір-біріне байлаулы болды. Тәуелсіздік жария­лаған кезде осы байланыстар сәл үзіліп (экономикалық байланыс) қалды. Кез келген мемлекет күшті болу үшін алдымен экономикасын жолға қойып алуы керек. Осы тұрғыдан келгенде, бізге сол қарым-қатынасты жолға қою үшін Кедендік одақ, Бірыңғай эко­номикалық кеңестік керек еді. Оған қол жеткіздік, әрине. Сонау тоқ­саныншы жылдар Қазақстан үшін дағдарыстар және реформалар кезеңі болды. Екі мыңыншы жылдардың басы Қазақстанның жедел даму кезеңі. Ал қазір сол дамуды тоқтапай, алға қа­рыштай беру кезеңін өткізудеміз. Ресей мен Белоруссиямен эко­номикалық ынтымақтастықты алмастыра алмайды. Ол үшін қарым-қатынас шеңберін тек Ресеймен шектемей, ең алдымен Дүниежүзілік Сауда Ұйымына кіру қажет. Батыс, Ислам әлемі, Қытай тағы да өзге өркениет көшінің басында тұрған алпауыт елдермен неғұрлым тығыз байланысқа түсу. Сол секілді түркі жұртының бірігуіне көш салу. Сыңаржақты сауда қатынастардың қымбатшылық пен инфляцияға әкелуі таң емес.
- Әрине, көрші елдермен тату-тәтті болған, алыс-берістің дұрыс жолға қойылғаны жөн-ақ. Бірақ соңғы кезде Ресей президенті Путин Еуразиялық одақ дегенді жиі айтатын болды. Мұның астарында баяғы КСРО секілді империя болсақ деген әзәзіл жатқан жоқ па?

<!--pagebreak--><!--pagebreak-->

- Рас, бастапқы кезде инте­грациялық бастаманы көтерген Елбасымыз болды. Оны ешкім жоққа шығармайды. Бірақ екі трактовка байқалды. Мәселен, біз Еуразиялық экономикалық қауымдастық десек, Путин Еуразиялық одақ дегенді ғана айтады. Экономика оны қызықтырып отырған жоқ. Оған саяси кеңістік қана қажет болып тұр. Оның ішкі ойы бел­гілі. Тізгін мен қамшыны қолға алу. Сосын айтқанына күштеп көндіру. Бір өкінішті дүние, біз мұхитта жүзуді емес, теңізде жүзуді қаладық. Бұл қателік деуге де болады. Теңіз деп отырғаным бар-жоғы 170 миллион тұрғыны бар Кедендік одақ. Ал мұхит дегенім Дүниежүзілік Сауда ұйымы. Біз осы сауда ұйымына кіруде кешігіп жатырмыз. Оның пайдасы шаш-етектен. Ал Кедендік одақтан тапқан пайда шамалы. Ұтылыс көп. Эко­но­мистердің есебіне қарасақ, қателікке ұрынғанымызды байқауға болады. Тағы бір бұл жерде еске алатын жайт, ол Ресеймен тым жақындасу бізге кері әсерін тигізеді. Неге десең, Батыс Ресейді онша жақтыра бермейді. Ал оның жетегіне ерген елге де сондай көзқарас ұстанатыны білгілі. Сон­дықтан Елбасының Түркияға барған соңғы сапарында түркі халықтарының бірігуін, түркі одағын құру жөнінде бастама көтеруі өте оңды. Ал Путиннің көксеген мақсатына келер болсақ, баяғы КСРО қайта жанданады деу артық. Ресейден көп есе қуатты КСРО өз одақтасымен (Варшава әскери саяси ұжымы) «қырғи-қабақ соғыс» кезінде Батысқа төтеп бере алмай күйреп қалғаны белгілі. Ал оның жа­нында Ресей сондайлық қуатты һәм қаһарлы мемлекет емес. Оның үстіне соңғы зерттеулерге назар аударсақ, өз елінде Путиннің беделі төмендеп кеткен. Сондай-ақ Қазақстан болсын, өзге болсын баяғы темір тордың ішіне қайта кіруге құлықты емес. Әркім өзінше өмір сүргісі, өзінше саясат ұстанғысы келеді. Тағы бірқауіпті жағдай ол - Ресейде «түрлі түсті» төң­керістің болу ықтималдығы. Бүгінгі Ресейге қарап тұрып, оның болуы мүмкін деген болжам жасауға болады. Егерде Ресей аласапыранға ұрынса, оның әсері Қазақстанға да, өзге де көршілеріне тиеді. Осының бәрін біздің элита таразыға тартып, ішкі саясатты әлі де жөндеуі керек-ақ. Бізде де Батыста да бұған дейін мул­ьти­культурализм концепциясы басым болды. Яғни әрбір ұлттың сұранысына қарай жағдай жасау. Анығында, біздің мемлекетіміз федеративтік емес, оларды ұлт деп атауға да болмайды. Олар этникалық топтар. Сондықтан ұстанымда өзгеріс болғаны жөн. Бірақ «сен орыссың, сен ұйғырсың» деп бөле-жара қарау емес. Қайта оларды ұйыта отырып «Үлкен қазақ» ұлтын жасау қажет. Сен де қазақ, мен де қа­зақ, бәріміз де бір атаның баласындай болайық. Тегіміз де, түріміз де, тағ­дырымыз да бөлек емес, ниетіміз бір дегендей әңгіме айтылуы керек. Әсіресе, өзбек пен қазақ, ұйғыр болып бөлінудің қажеті шамалы. Бірегей ел жасау. Осыған күш салу. Рас, эко­номикалық және әлеуметтік мо­дернизацияны бастан өткердік. Енді ұлттық модернизацияны қолға алатын кез келді. Әлеуметтанушыларымыз сепаратизм туып кетпей ме деген үреймен орысты зерттеді. Өзге ұлттардың өзгешелігін зерттеді. Тек қана қазақтың ежелден келе жатқан діндарлығы, қазақтың ежелден көп құрамды ұлттарды сіңіргені зерт­телмей қалды. Енді осы мәселені қолға алу қажет. Қысқасы, Қазақстанда «үлкен қазақ» ұлтын жасауды көп кешіктірмей қолға алуға тиіспіз. Уақыт соны талап етеді.
- Бір қызығы, қарап тұрсаңыз кезіндегі ТМД шеңберіндегі «түрлі түсті» төңкеріс болған мемлекеттер­дегі еуро-атланттық көзқарастағы бас­шылар орындарынан тайдырылып, Ресейге көзқарасы оң адамдар билік тізгінін ала бастады. Бұл жерде Мәс­кеу белгілі бір деңгейде астыртын тірлік жасап жатқанға ұқсайды. . .
- Рас, бұл жерде Ресейдің қол­таңбасын байқауға болады. Өйткені 2003 жылғы Грузиядағы раушан, Украинадағы (2004) алқызыл, Қырғыз еліндегі (2005 қызғалдақ төңкерістері кезінде еуро-атланттық көзқарастағы басшылар, топтар билікке келді. Қай-қайсы да АҚШ-қа арқа сүйеді. Бірақ олар билікте ұзақ қала алмады. Көп ұзамай олардың орнын Ресейге бүйрегі бұратын топтар басты. Әрине, бұл жерде Ресей қарап жатпағаны кәдік. ТМД кеңістігінде өз дегендерін жүр­гізу үшін аянбай жұмыс істеді. Жақтастарын билікке әкелуге тырысқаны анық. Несін жасыратын бар, бізде де ресейшіл күштер жеткілікті. Бірақ біз олардың ық­палында кетпедік. Бұл тұста Елбасының сындарлы жүргізген саясатын мойындауымыз қажет. Тұтастыққа селкеу түсірген жоқпыз. Дегенмен оларға келгенде біз тізгінді бостау ұстаудамыз. Олар өздерінің тірлігін қайта жандандыру үстінде. Мәселен, ұлтқа байланысты біраз тірліктерге қарсы болды. Соның кесірінен оралмандар бағдарламасы тоқтады. Қазір анти-фашистік комитет пайда болды. Тіл мәселесін көтергендерді көп ұзамай олар «фашист» деп те атауы мүмкін. Олар қазір шетелге барып Қазақстан туралы айқай-шу туғызып жүр. Бір өкініштісі ол ұйымның мүшелерін біз білмейміз, қояр талабы да белгісіз. Шетелге барып шулағанша, бетпердесін ашып, «бізге мынау ұнамайды, мынадай талабымыз бар» деп ашық айтпай ма? Тірлігі беймәлім топ. Қазақстанның имиджін сыртта түсіріп жүрген, ондай жасырын топтарды ұстап, соттау қажет. Мұны еліміздің тыныштығына, тұтастығына іріткі салу үшін сырттан жасалып отырған лас саяси технология деуге болады.
- Бұдан бірнеше жыл бұрын, Қазақстанды сырт елдер «қаймағы бұзылмаған, тыныш, бейбіт ел» дейтін. Қызығатын және қызғанатын. Бірақ соңғы бірер жылда елімізде түрлі оқиғалар болды. Лаңкестер бас кө­терді. Жарылыстар жасалды. Жалпы, тыныштығымызға селкеу неден түсті. Ар жағында не жатыр?
- Қазақстан ұзақ уақыт атеистік мемлекет болды. Мынаған назар аударыңыз, мәселен, тәуелсіздікке дейін елімізде қырық шақты ғана намазхана болды. Жұрт келіп, намаз оқып, әңгімелесіп қайтатын. Қазір мешіттердің саны үш мыңнан асты. Бұл өте жақсы үрдіс. Мешітке ке­летіндердің дені жастар. Сол жас­тардың тазалыққа, алкогольден иман­дылыққа бет бұрып жатуы мені қуан­тады. Әрине, көпшілік арасында бірлі-жарды түрлі ағыстарға бой алдырып алған жастар да кездеседі. Бірақ оған трагедия деп қарамау керек. Заңдылық. Бұл өмір. Саусақпен санарлық басбұзар шықты екен деп, діннен безуге бола ма? Ислам жас дін, энергиясы мол дін. Имандылыққа, та­залыққа шақыратын дін. Одан бойды аулақ салуға болмайды. Анау Еуропа­ны, мынау Азияны қараңыз, өз іште­рінде түрлі қақтығыстар, шерулер, на­ра­зылықтар болып жатыр ғой. Бірақ олар оны қасірет деп қарап, содан бір үлкен драма жасап жатқан жоқ. Мемлекет болған соң, бізде де болады. Көндігу керек, заңдылық деп қабылдау керек. Сондықтан мен еліміздің ты­ныштығы бұзылды деп ойламаймын. Әрине, еліміздегі тыныштықты қа­ламайтындар, жүздеген ұлт өкіл­де­рінің арасына май құйып, жанжал ту­ғызғысы келетіндер, жеріміздің тұтастығын бөлшектегісі келетіндер жоқ деуге болмас. Олар елдегі кейбір топтарға ақша төгу арқылы да шырқымызды бұзғысы келеді. Бірақ оған ел болып қарсы тұру керек. Өйткені іргесі бұзылған елдің өркениетке жетуі неғайбіл.
- Неге екенін қайдам, қазір қоғам­да «сенімсіздік синдромы» деген дерт пайда болды. Өйткені басшылықта отырғандардың көпшілігі алдағы күнге сенбейді. Билікте уақытша отырмыз деп санайды. Алдағы күнге үреймен қарайды. Сәл бір нәрсе болса, шетел асып кетуге даяр. Бұл дерттің емі бар ма?
- Рас, алғашқы кезде билікке келгендердің бәрінде романтика болды. «Тәуелсіздікке қол жеткіздік. Енді керемет мемлекет құрамыз. Өзіміз би, өзіміз қожамыз» деп ой­лады. Халық та сондай ойда болды. Осылайша көп кателіктерге бой ал­дырдық. Оны жұртшылық сынамады. «Билік айтты, болды, бәрі дұрыс» деп санады. Өкініштісі сол. Әу баста-ақ қоғамда қалыптасқан барлық түйт­кілді дер кезінде шешу керек еді, астамсып бара жатқандарды аяғынан тартып өз орнына қойып отыру керек еді. Біз бұлай істей алмадық. Диалог болмады. Енді оның диагнозын тап басып қою қиынның қиыны. Бір ғана жол ол - жемқорлықпен мейлінше қатаң күрес жүргізу. Егер қолы таза, ары таза болса шенеунік неге шетел асып қашады? Қашпайды. Елі үшін қызметін ары қарай жалғастыра беретін еді ғой. Сыртқа кетті, демек, олардың ары да, қолы да таза емес.
- Бір қызық жайт, қазір қоғамда «сенімсіздік синдромымен» қатар «сақалдылар синдромы» деген ұғым пайда бола бастады. Сақалды көрсе болды жұрт террорист деп ойлатын халге жетті. Бұған не жеткізді? Өйткені жер-жерде болған «атыс-шабыс, жарылыстардың бәрінің артында дін жолына түскен сақалды топтар тұр» деген әңгіме жиі айтылады. Бұл мешітке барып, имандылық жолға бұрыла бастаған жастарымызға кері әсер беріп жүр мей ме?
- Біріншіден, біз қазақ кон­сер­ватизмін, қазақ фундаментализмін қорғауымыз қажет. Бұл қазақылықты қорғау деген сөз. Мысалы, Иеруса­лимде дәстүрлі өмір салтын сақтаған еврейлер кварталы бар. Сол секілді бізде де ата-баба дәстүрін жал­ғастырамын, сақалды қоямын, не болмаса шашымды тықырлап алып тастаймын, қазақша сөйлеймін, қазақша құшақтасып амандасамын дейтіндер табылуы мүмкін. Мейлі жүрсе жүре берсін. Одан келіп кетер қауіп жоқ. Қоғамға зияны тиіп жатпаса шек қоюға болмайды ғой. Жалпы, қоғамда гармония болғаны жөн. Дәс­түрді де сақта, алға да жылжы. Мен Үндістанда болдым. Бәрі өз тілінде сөйлейді. Бірақ оларды ағылшынша білмейді деп айта алмайсыз. Қажеттілік болған жағдайда ғана шет тілінде сөйлеседі, бірақ таза ана тілінде бәрі ағып тұр. Дәстүрді жақсы ұстаған. Теңіз жағасында суға түскенде тым жа­лаңаштанып алған ешкімді көр­медім. Көбі тәнін көрсетпес үшін фут­болка киімімен, шортымен, көйлек-көн­шекпен шомылып жатыр. Мо­дер­ни­зация қажет, бірақ дәстүрді ұмытып кетуге де болмайды. Сол секілді бүкіл қазақстандықтарға дәстүрлі өмір салтымен жүріңдер деп айта ал­майсыз. Сол секілді жаһан­данудың реті осы екен деп жалаңаш­танып кетуге де болмас. Әр нәрседе шек болғаны жөн. Сөздің қысқасы тақия киген, не болмаса сақал қой­ғандардан үркудің реті жоқ. Мәселе соның са­қалында емес, мәселе оның ұлт­жандылығында.
- Осы жерде қазақтың бет-бейнесі қандай болуы керек деген әңгіме шығатындай.

<!--pagebreak--><!--pagebreak-->

- Шындығы сол, өзбек десең ала шапанды, тақиялы адам елестейді, қырғыз десең айрықалпақты, түркімен десең сеңсең бөрік киген жан көз алдымызға келе қалады. Ал қазақты осындай өзгеше түрде елестету қиын. Тым мәдениеттеніп, еуропашалап кеттік. Тек бір тойларда ғана қазақы шапан, камзол кигендерді көруге болады. Бірақ ол, жалпы, ұлттың бет-бейнесін бере алмасы хақ. Не істеу керек? Демек, фундаметалды қазақтың бейнесін жасау үшін, бұл жерде эт­нографтар жұмыс істегені дұрыс-ау. Мәселен, Үндістанда қыздар мен ке­ліншектердің бәрі дерлік сари киеді, яғни дәстүрлі киімін киіп күнделікті күн кешеді. Оңтүстік Кореяның про­фессорлары тек корейше ғылыми баяндама жасайды екен, аудармашы ағылшыншаға аударғаннан кейін, таза ағылшынша сұрақтарға жауап береді. Еуропадан, Америкадан өз еліне оралған еврейлердің өздері-ақ, «е, біздің ата-бабамыз осылай киінген екен ғой, біз неге сол дәстүрге бет бұрмасқа» деген ойда қалады. Сол секілді бізде де сондай кварталдар бой көтеріп жатса, жаман болмас еді-ау. Бірақ енді бұл арман ғой. Біз өте салғырт, бойкүйез ұлтпыз. Жаңашыл болғанға ұмтыламыз, ал мәдениетімізді жаңғыртуға, дәстүрімізді сақтауға келгенде олақпыз, енжармыз.
- Жалпы, қоғамға не жетпейді деп ойлайсыз?
- Байқап тұрсаң, қоғамда тап күресі байқалды. Мәселен, Маңғыстаудағы жағдай. Еңбекте әділ ақы бөліс керек. Сонда елдің тап тарапынан қақ жа­рылуы тоқтайды. Екінші бір мәселе, қоғам орысшыл қазақ, қазақшыл қазақ деп бөліне жаздады. Құдайға шүкір қазір бұл процесс тоқтады. Қазір орыстілді қазақтардың өзінде отан­шылдық мінез пайда болды. Олар қазақ номенклатурасының мемле­кетшілдері күресте алда тұр десек те болады. Жал­пы, менің ойымша ұлтқа бөлінуді қою керек-ау деймін. Ең маңыздысы үлкен қазақ ұлтын жасау керек. Бар күш соған арналғаны дұрыс. Мәселен, соңғы он жылда ұйғыр ұлты 26 пайызға өсуі керек еді. Бірақ олар бар-жоғы 7 пайызға өсті. Қалғаны қайда кетті дейсіз ғой, себебі олар қазақ болып жазылып жатыр. Өздерін қазақ ретінде сезіне бастады. Сол секілді өзбектер арасында да сондай үрдіс басталуда. Мұндай жағдайға жету үшін мек­тептерді орыс-қазақ-өзбек деп бөлмей бірегей мектеп жасау қажет. Бағыт-бағдар қазақша болуы шарт. Сонда біз «Үлкен қазақ» дейтін жаңа ұрпақ даярлай аламыз. Сонда ұлт ішіндегі бәсеке мери­ток­ратия принципімен, яғни тегіне қарай емес талантына қарай жалғасады.

 

"Айқын" газеті

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1482
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3254
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5485