Сенбі, 23 Қараша 2024
Масқара! 3801 7 пікір 17 Маусым, 2022 сағат 15:02

Қостанай шенділері Ахаң туған үйді бұзып тастады

Ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсыновтың Қостанайдағы туып-өскен үйін мердігерлер түгін қалдырмай бұзып тастаған. 2009 жылы ауыл тұрғындары Байтұрсыновтың кіндік қаны тамған тамның іргетасынан жоғары бойлай ескерткіш ретінде екі бөлмелі үй көтерген.

Олар баспананы тарихи жәдігер ретінде сақтап, күтіп ұстаған. Бірақ биыл мамыр айында Байтұрсыновтың туған үйі тендерге түсіп, мердігерлер баспананың астаң-кестеңін шығарып бұзып тастап, құрылыс жұмысын бастайды.

«Мынау арада Ахметтің бұрынғы үйінің ізі болған. Фундаменті бұның қара шымнан кесектен салынған еді. Міне, қарап отырсаңдар жобасы осы жерден. Мынау арада пешпен бөлінген еді. Сол пешпен бөлінген бұрышта біздің Ахмет атамыздың үйіндегі әжеміз осы жерде Ахмет атамызды дүниеге әкелді-ау деп өзіміз ойлайтын едік. Астан-кестені шыққан. Ізі де қалмаған, дымы да қалмаған. Ең соңғы Ахметтің өзімізде бар ескерткішінен айырылып қалып тұрмыз», – Ахмет Байтұрсынұлы ауылының тұрғыны Жақсыбек Әбдісалық.

Не себепті екені белгісіз 22 миллион теңге бөлінген құрылыс орта жолда тоқтап қалады. Әрі нысанды жаңғырту жауапкершілігі жүктелген мекеменің сапасыз материал пайдаланғаны туралы әлеуметтік желіде бейнежазбалар тарады. Құрылысқа адам қолы тисе үгітіліп қоя беретін құм кірпіштер қолданылғаны айтылды.

Ал, шенеуніктер «Ахметтің үйін бұзуды жергілікті тұрғындар сұрады», дейді. «Екі ауылдың тұрғындары үйдің апатты жағдайда екенін айтып, мәселе көтерді. Аудан, облыс әкімдіктеріне жүгінді. Сондықтан біз осындай шешім қабылдадық», – деді Ахмет Байтұрсынұлы ауылының әкімі Нұрсұлтан Байділдин.

Қазір Ұлт ұстазының үйін қайта салу үшін жаңа мердігерлер іздестіріліп жатыр және жобаның құны 37 миллионға дейін өскен.

«Жоба бойынша 149 шаршы метр. Тұрғын үйді музей үй етіп, қайта қалпына келтіру жұмыстарын жүргізеді. Жобасы 20 маусымда алынады. ПСД-ны жобалауға 1,2 млн теңге демеушілер атынан істеледі. Ал енді үйдің құны 37 млн боп тұр. Экспертизаға дейін. Енді ол өзгелерді әлі», – Жангелді аудандық құрылыс бөлімінің басшысы Әділбек Иманғалиев.М

Өзге елдер тарихи құндылығын шашау шығармай жинап, бірнеше ғасырлық мұрасын барынша өз қалпында сақтауға тырысады. Жасандыдының аты жасанды екенін терең ұғынады.

Осы оқиға туралы жазушы Елдос Тоқтарбай өзінің инстаграм парақшасында былай деп жазды:

«Ұлт ұстазы, ғасыр перзенті, мемлекет және саяси қайраткер Ахмет Байтұрсынұлы туған тарихи үйдің іргетасын көргенмін. Тарих еді!

Неше күннен бері Торғайдан жеткен видеоны көріп, жүрек ауырады. Ақсақал жылап тұр! Оның жүрегі жылап тұр! Можантопайлар тарихи үйдің іргетасын қопарып, жермен-жексен етті. Тарихтың қойып кеткен көзіндей болған құндылықты құлатты да тастады. Жер құрып қалғандай сол үйдің іргетасын бұзып, соның үстіне үй салатындай не күн туды басымызға?!

Құрметті Президент!

Күндер зулап, айлар зымырап өтіп жатыр… өтіп жатыр… ұлт ұстазының тойы 5 қыркүйек те өтеді… не дайындығымыз бар өзі?! Алаң көңіл… Торғай-Ана қашан теңдігін алып, өз алдына бөлек облыс болады?! Қазақтың құты болған қарашаңырақ қашанғы Қостанайға телміріп тұрар екен?!

Жаңа Қазақстан әділетсіздікті қалпына келтіреді дейді. Торғайға келгенде қашан әділетті болар екен…

Қайран, Ахмет көке! «Ел - бүгіншіл, менікі - ертең үшін» деп өтіп едіңіз осы ұрпақ үшін… сол қадіріңе жете алмадық… Өзің айтқандай, «Дүниенің кілті қолымда болса, қазаққа ұжмақ қылар едім!» демекші, біздің де қолда сол кілт болса, ұжмақ қылып, тойыңды кемшіліксіз өткерер едік… Кеш бізді, кеше гөр, Ардақтым!» - деп жазды жазушы.

Abai.kz

7 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1472
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3248
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5435