Тоқаевтың сөзі: Әлемдік БАҚ не дейді?
Президент Тоқаевтың Петерборда сөйлеген сөздеріне Ресаейлік БАҚ пен саясаткерлердің бірсыпыра пікірін «Ресей Қазақстанға қарсы ақпараттық соғыс бастады», - деп жазған едік. Ал әлемнің өзге де есті жұрты не деді? Біз бір шолып шықтық...
Путинді одақтастары қолдаған жоқ
The Washington Post:
Путиннің айтуынша, Ресей Украинаның шығысындағы өңір - Донбасстағы Донецк және Луганск халық республикалары болашағына қатысты таңдауды «өздері жасайды» екен. Бірақ, сол жерде сепаратистік аумақтар Ресейдің 2014 жылы Қырымды аннексиялағаны сияқты Ресейге қосылу үшін дауыс береді деген ұсыныстар үнемі айтылып отырды. Екі облыстың сепаратистік басшылары осындай референдум өткізуге ниет білдірді.
Ресей бұл екі аумақты Украинаға әскер жіберуден бірнеше күн бұрын «Тәуелсіз мемлекеттер» деп таныды, бірақ одақтастарының ешқайсысы Путиннің ісін әлі қолдаған жоқ. Жұма күні Санкт-Петербургтегі форумда Путинмен бірге отырған Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Орталық Азия мемлекеті бұлай жасай алмайтынын айтты және өзін-өзі тәуелсіз деп жариялаған республикаларды «квазимемлекеттік аумақтар» деп атады.
Bloomberg.com:
Ресей президенті Владимир Путин жұма күні өзінің флагмандық экономикалық форумында халықаралық құқыққа сәйкес Украинадағы соғысын заңды деп ақтауға тырысты. Бірақ, оның жанында бірге отырған негізгі одақтасы мұнымен дипломатиялық түрде келіспеді.
Путин Украинаға шабуыл жасаудан бұрын өзін-өзі тәуелсіз деп жариялаған Украинаның шығысындағы Донецк және Луганск халық республикаларының тәуелсіз деп таныған. Қазір сол жердегі орыс тілділерді қорғап жатқанын айтып болған соң, Кремль қаржыландыратын RT телеарнасының басшысы, модератор Маргарита Симонян Президент Қасым-Жомарт Тоқаевқа «Ресейдің көзқарасын қолдайсыз ба?» - деп сұрақ қойды.
Ол қолдаған жоқ.
«Біздің көзқарасымыз бойынша «квазимемлекеттік аумақтар» болып саналатын Луганск пен Донецк аумақтарын Қазақстан мойындамайды", - деді Тоқаев. Оның айтуынша, егер жүздеген жаңа елдер пайда болса, әлемде «хаос» болар еді.
Indiatoday.com:
Ресейдің одақтасы Қазақстан Донецк және Луганск республикаларын тәуелсіз деп танудан бас тартты.
Жұма күні Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Президент Путинмен бірге өткен пленарлық отырыста Кремль үшін сирек кездесетін пікірді білдірді.
«Егер халықтардың таңдағаны іске аса берсе, әлемде БҰҰ құрамына енетін 193 ел емес, жер бетінде 600 мемлекет болар еді. Әрине, бұл хаосқа айналады», - деді Тоқаев Петербург Халықаралық экономикалық форумында.
«Біздің көзқарасымыз бойынша «квазимемлекеттік аумақтар» болып саналатын Луганск пен Донецк аумақтарын Қазақстан танымайды», - деді Тоқаев.
Бұдан әрі ол Қазақстан Тайваньды, Косовоны, Оңтүстік Осетия мен Абхазияны танымайтынын айтып, оның Донецк пен Луганскіге де қатысты екенін түсіндірді.
Украинская правда:
Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Ресей президенті Владимир Путиннің көзінше Донбастағы «квазимемлекеттік құрылымдарды» мойындамайтынын мәлімдеді.
Тоқаевтың Санкт-Петербург Халықаралық экономикалық форумында Ресейдің насихатшысы Маргарита Симонянның Ресейдің Украинаға қарсы соғысы туралы сұрағына жауап берді.
«Жалпы алғанда, егер әр халық өзін-өзі жариялай беретін болса, қазір БҰҰ құрамына кіретін 193 мемлекеттің орнына жер бетінде 500-ден астам не 600 мемлекет пайда болар еді. Әрине, бұл хаосқа апарады. Сондықтан біз Тайваньды да, Косовоны да, Оңтүстік Осетияны да, Абхазияны да мойындамаймыз. Әлбетте, бұл қағидат біздің пікіріміз бойынша квазимемлекеттік бірлестіктер болып табылатын Луганск және Донецкіге де қатысты қолданылатын болады»,- деді Тоқаев.
Тоқаев Ресей президенті Владимир Путиннің жанында Санкт-Петербургтегі Халықаралық экономикалық форумда отырды. РФ басшысы Тоқаевтың жауабынан кейін ештеңе қоспады, еш түсініктеме берген жоқ.
Dailysabah.com:
Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев жұма күні Санкт-Петербургтегі Халықаралық экономикалық форумда Қазақстан Шығыс украиналық сепаратистік Донецк және Луганск облыстарын тәуелсіз мемлекеттер ретінде танымайтынын мәлімдеді.
БҰҰ кепілдік берген өзін-өзі анықтау құқығы мемлекеттердің аумақтық тұтастық құқығына қайшы келеді, сондықтан Тайвань, Косово, Абхазия немесе Оңтүстік Осетия мойындалмайды.
«Бұл принцип Донецк және Луганск облыстары сияқты квазимемлекеттік аумақтарға да қатысты», - деді Тоқаев.
Тоқаев бұл пікірі Ресей президенті Владимир Путиннің пікіріне қайшы келді. Тоқаев Путиннің құрметті қонағы ретінде Санкт-Петербургтегі трибунада бірге отырды. Ресей Донецк және Луганск халық республикаларын мойындады, оларды қорғауды Украинаға қарсы соғыс себептерінің бірі деп атайды.
Коммерсанть:
Үлкен залда Владимир Путинге осындай сөздерді айта алатын бір адам болды.
«Біз Тайваньды да, Косовоны да, Оңтүстік Осетияны да, Абхазияны да мойындамаймыз. Шамасы, бұл қағидат, Луганск және Донецк сияқтя квазимемлекеттік аумақтарға қатысты да қолданылатын болады. Бұл сіздің ашық сұрағыңызға ашық жауап», - деді Тоқаев Симоньянның сұрағына жауап беріп.
Осы жерде Владимир Путин жауап беруі керек еді. Бәрін қызықтырғаны сол болды. Бірақ Маргарита Симоньян әңгімені бұрып әкетті. Путин «жағынан қойып қалған жұдырыққа» жауап бермеді.
Айжан Темірхан
Abai.kz