Сенбі, 25 Маусым 2022
46 - сөз 744 2 пікір 22 Маусым, 2022 сағат 14:26

Қажылық неге сонша қымбат?

Бұл өзі көптен бері ойда жүрген мәселе еді. Жазудың реті бүгін келді. Аллаға сенген иманды жан үшін қасиетті мекен Меккеге жетіп, қағбаны көзбен көріп құлшылық жасау - ұлы арман. Бес парыздың бірі қажылыққа шамасы жеткен баратыны тағы бар.

Екі жылдық үзілістен кейін биыл Сауд Арабиясы үлкен қажылыққа рұқсат беріп, мүмкіндік жасауда. Қазақстан үшін 3000-нан астам орын да бөлінді. Алайда “қажылық неге қымбат” деген мәселе жыл сайын жиі айтылады. Тіпті, жер-жерде “мүфтиге хат жолдайық, қажылық бағасын арзандатсын” деген бастамалар да көтеріліп жатыр. Биыл қажылық бағасы орташа 6500$. Теңгемен, 2,8-3 млн теңге. 2016 жылы ҚМДБ қажылық миссиясы құрамында үлкен сапарға барып-қайтқан адам ретінде, қажылық компанияларына хабарласу арқылы “неге қымбат” дегенді түсіндіріп көрейін.

Біріншіден, қажылық - туризм емес. Ақысын төлеп шетелге барып қайтатын жай сапар емес. Алла шақырған, қалаған пенденің ғана қасиетті жерге табаны тиеді. Дәл осы қажылық уақытында миллиондаған мұсылманды қабылдайтын Сауд Арабиясы қызметтер мен қонақ үй, қауіпсіздік, әуе рейстері сияқтылардың ақысын көтереді. Биыл олар ҚҚС 15% көтеріп тастады. Әдетте, 600-700 доллар болатын әуе билеттер қажылықта 1600-1700$ болады. Себебі, бұл - табыс көзі.

Екіншіден, Саудия Қазақстанды әл-ауқаты бар, дәулетті, бақуатты ел санайды. Сондықтан ешқандай жеңілдік, қайырымдылық жасалмайды. Тіпті, қажылық квотасы 3000 емес, 5000-6000 сұралса да рұқсат етеді. Бірақ елдегі қажылық компаниялар 3000 адамды ғана игеріп жүр. Көпшілік көршілес Өзбекстан, Қырғызстан, өзге Азия елдерімен салыстырады. Аталған елдер Қазақстаннан 1000-2000$ шамасында арзанға барады қажылыққа. Оның басты себебі, Сауд Арабиясы ол елдерге түрлі жеңілдіктер қарастырған. Тұрмысы төмендеу, экономикасы аса дамымаған деп біледі. Ол елдерден баратын қажылар әл-Харам мешітінен қашықтау, қарапайым жатақхана сияқты баспаналарда тұрады. Демеушілер ас береді.

Үшіншіден, қажылық уақытында барлық қызмет ақысы доллармен немесе жергілікті валюта риалмен төленеді. Ал доллар жазғы демалыс кезінде аспандайды. Бір апта бұрын 430 тг шамасында болған АҚШ ақшасы қазір 450-ден асты. Бұл жолдама ақысына әсер етеді.

Мысалы, Tawaf Travel деген компания басшысымен сөйлестім. “Қажылық сапарын бизнеске айналдырды, бағасы тым қымбат, неге мүфтият тегін апармайды” деген көпшілік көкейіндегі сауалдарды қойдым. Сондағы жауап: Қажылық сапарды ұйымдастыру - бұл белгілі деңгейде бизнес. Компанияда бірнеше менеджер жұмыс істейді. Саудиядан қонақ үй, көлік, тамақ мәселесін ұйымдастыру, Қазақстанда жүздеген адамға құжаттар рәсімдеу, киім тіктіріп, түрлі оқу құралдары мен баспа өнімдерін әзірлеу, билет алу сияқты қыруар жұмыс бар. Валюта бағамы ойнап тұрғанда артық төлем жасап, шығын болатын кездер де бар. Білікті имамдардан гид тағайындау, оларды тегін алып бару тағы бар. Себебі өмірінде бір рет баратын сапар сапалы, дұрыс, шариғатқа сай болу керек. Сонда осынша жұмысты ұйымдастыру нәтижесінде, бәрі дұрыс болса, ешқандай оқыс оқиға болмаса әр адамнан 200$ шамасында пайда көреміз дейді компания басшысы.
Ең маңыздысы, қажылыққа жаппай бару, барлық қалаған адам бару мүмкін емес. Мал-мүлкі, дүниесі жеткендер, Алла нәсіп еткендер ғана барады. Сондықтан қажылық қайырымдылық емес, жауапты сапар. Сосын, елде кейбір дәулетті жандар әкемді жібермекші едім, шешем барса деп едім деп қажылық компаниялардан барынша жағдай жасалған комфорт жолдама сұрайды. Қағбаның түбінде болсын, бес мезгіл тамақ болсын, Арафатта кондиционері бар шатырда болсын деп талап етеді. Ондай жолдама, әрине, арзан емес. Шамамен, биыл 10 мың $. Ал мұндай ақша оларға сөз емес. Олар 6500$ тұратын жолдаманы менсінбейді. Осыдан келіп, қазақтар ауқатты, олар қымбат бағаға да келе береді деп ойлайды саудиялықтар. Биыл мүфтият арнайы сапармен Сауд Арабиясына барып әуе билеттерінің бағасын 50$ арзандатып, өзге де қызметтерге барынша жеңілдік сұрап қайтты.

Тоқетері, қажылық бағасын арзандату мүфтияттық, қажылық компанияларының немесе мемлекеттің қолынан келетін шаруа емес. Соны ұқтым. Демек, бағаны арзандатыңдар, неге тегін апармайсыңдар деп даурығудың қажеті аз. Шамаңыз жетсе, барыңыз. Жетпесе, намазыңызды оқып, оразаңызды ұстап жүре беріңіз! Ал қажылық сапарға ниет еткен барша жанға сапар сәтті болып, қажылық қабыл болсын дейміз. Меккені көру өзге мұсылмандарға да бұйырсын. Әумин!

UPD Бірден ескертейін. Жазбада ешқандай мүдде жоқ. Пост үшін бір тиын төленбеген. Сосын қажылық бағасы арзандаса қуанамын, арзандауына еш қарсылығым да жоқ. Біреуді кінәлағым да келмейді.

Постта аты аталған компаниямен әкемізді қажылыққа жіберу жоспарда бар. Жұрт қатарлы айтылған ақшаны төлейміз. Неге қымбат дегенді сіздер сияқты компаниядан сұрадым. Соны пост етіп жаздым. Астар іздеп әуре болмаңыздар.

Жарас Ниязбек

Abai.kz

2 пікір