Сенбі, 13 Тамыз 2022
Алаң 1829 0 пікір 24 Маусым, 2022 сағат 11:33

Соғысқа төрт ай...

Ресейдің тілі ұқсас, діні бір, тарихы тамырлас бауырына басып кіргеніне міне төрт айдың жүзі болды. Төрт айдың ішінде біз көзсіз ерліктің, отанға деген сүйіспеншілік пен шексіз махаббаттың куәсі болдық.

1. Ресей әскері Киевті 48 сағатта аламын дегені іске аспады. Блицкригтің "Б" әрпі де қалмады және жылдам соғыс тым ұзаққа созыларын білмеді. "Қырым сценарий сияқты болады, халық гүлмен қарсы алады, ал Зеленский билігі Киевтен Кәрі құрлыққа тайып тұрады" деген дәмелері Джавелиннің ұңғысында мылжа-мылжасы шықты. Ресей Киевті алуға барын салып, ел астанасына 20 шақырым қалған сәттер болды. Алайда Украина әскері тойтарыс беріп, қырып жіберді. Әлгі Киев бойындағы ел айтқан, әлемдік пресса шулаған, Ресейлік арналар мақтанышпен көрсеткен 64 шақырымға созылған әскери колонна қайда? Дұрыс. Жартысы қырылды, жартысы шегінді.

2. Әлемнің екінші рейтингтегі әскері әлемнің 22-орындағы әскерінен оңбай соққы алып, Сум, Киев, Чернигов бойынан қашты. Алайда аталмыш облыстарда сұмдық әскери қылмыс болды. Буча, Ирпень қырғыны әлемнің жағасын ұстатты. Бұл қылмыстан кейін Украина бмлігі де, қоғамы да Ресеймен байланыс жасауды, келіссөз жүргізуді құптамады.

3. Мариуполь қорғанысы бұл соғыстың мүлде бөлек тақырыбы. Азовстальды қорғаған жауынгерлер өздерінің тарихи миссиясын мүлтіксіз орындады. Украина астанасына бағытталуы тиіс жойқын соққының тең жартысын өздеріне қарай бағыттауға мәжбүр етіп, табандылықпен шайқасты. Аз ғана жауынгерді талқандауда қиналған Ресей Мариупольді жермен жексен етті, ондаған мың бейбіт тұрғын қаза тапты.

4. Украина 24 ақпанда соғыс басталғалы бері жерінің 13 пайызы басқыншы қолына өтті. Оның ішінде үш ірі қаланы айтсақ болады. Херсон, Мелитополь және Мариуполь. Ресей басып кірген алғашқы айда бұл көрсеткіш 18 пайыз болатын. Иә, қазір өте ауыр шайқастар ел шығысында өтіп жатыр. Ол Северодонецк пен Лисичанск маңы. Ресей ақырындап мысықтабандап алға жылжуда, ал елдің оңтүстігінде керісінше Херсон маңында Украина әскері қарымта шабуылдап, жауды тықсыруда. Харьков маңында Украина әскері бірнеше бағытта Ресей шекарасына шықты.

5. Киев бірнеше сәтті соққылар жасады. Ол әскери маңызға қарағанда саяси-идеологиялық маңызға ие шабуылдар еді. Сәуірдің басында Белгород қаласына кіріп (Ресейдің), мұнай базасын соққыға алды, артынша Қара Теңіз флотының флагманы саналған "Мәскеу" крейсерін су тубіне сүңгітіп жіберді. Осы аптада Ростов маңында мұнай өңдеу зауытына дронмен соққы жасап, Қара теңіздегі мұнай бұрғылау кешенін зымыранмен ұрды. Бұл Ресейлік ПВО мен ПРО жүйелерінің тиімділік мәселесінде сұрақ туындатты.

6. Украина қоғамы үлкен дағдарыс үстінде. Елден халықтың 8 млнға жуығы кетті, кейін бір миллионнан астамы қайта оралды. Оның басым бөлігі ер азаматтар. Бір жағынан бала-шағаңның қауіпсіз аймақта екенін білсең, психологиялық тұрғыдан жаның да тыныш болады, бар мақсатың жау қосынын талқандау болмақ. Елдегі ғимараттың 20 пайызы зақымданған, жолдар, көпірлер, порттардың көбісі талқандалған. Соғыс аяқталғаннан кейін "Украинаны қалпына келтіру жоспары" қабылданбақ.

7. Украинаны халықаралық қолдау артты. АҚШ ұйықты болып, Германияның әскери базасы "Рамштайнда" ай сайын серіктестер жиналып, Украинаға қару жіберуді талқылап, шешім қабылдауда. Үш мәрте кездесу өтіп, әр кездесуге кемі 40-тан астам ел қатысқан. Ауыр артиллерия, зымыран кешендері, снарядтар мен жағағай қорғаныс жүйесі және т.б Украинаға келіп жатыр. Бұл нақты қолдау үлгісі.

8. Ресей 2014 жылы Украинада соғыс отын жаққан сәтте, басты себептің бірі Киевтің "Еуразиялық экономикалық одаққа емес, Еуропалық Одаққа бағыт аламыз" дегені болатын. Алайда араға сегіз жыл салып, кеше Украинаға ЕО-ға ресми кандидат болды. Бұл Украина қоғамы мен билігінің жеңісі. Сәйкесінше Ресейдің жеңілісі. Ресей "Украинаны НАТО-ға кіргізбейміз, ол шекарамызда тұр" деді. Енді міне агрессиялық әрекеті Ресеймен 1200 шақырым шекарасы бар Финляндияны, ешқашан блоктарға қосылмаймын деген Швецияны НАТО-ға итермелеп отыр. Олар сөзсіз кіреді. Қазақ "мүйіз сұраймын деп, құлақтан айырылды" дейтін бе еді?

Иә, айта берсек сөз де, әңгіме де көп. Төрт ай табанды шайқасты өздеріңіз де көріп, оқып отырсыздар.  Бір ғана дүниені түсінуге тиіспіз: Украина Ресей әскери авантюрасын қаншалықты талқандаса, Ресейдің өзгелерге деген дөң айбаты соншалықты азаяды.

Асхат Қасенғали

Abai.kz

0 пікір

Үздік материалдар

Алашорда

Алаш-арман

Бейбіт Қойшыбаев  2216
Білгенге маржан

Хилда Хукхэм және Ұлы қолбасшылар

Бейсенғазы Ұлықбек 2044
Әдебиет

Түс

Ерғали Бақаш 1728
Әне, көрдің бе?

Архимед кімді қорғаштайды?

Жайберген Болатов 2782