Бейсенбі, 26 Желтоқсан 2024
46 - сөз 4670 6 пікір 30 Маусым, 2022 сағат 15:53

Ноғай мен қазақ туралы

ФБ желіде ноғай ұлты өкілінің "құжатыма қазақпын деп жаздырдым, діліміз-дәстүріміз-дініміз бір" деп жазған посты талқыланыпты.
Оған көптеген ұлтшыл қазақтар "Қолдаймыз" деп жатыр екен.
Дұрыс па, әлде, бұрыс па?
Осыны талдап көрейін (өз пікірім):

- Кезінде бүгінгі қазақ рулары Қазақ мемлекеттігін құрып, "қазақ" атауымен бірікті. Тіл, діл, салт-дүстүр ортақтығы ол бірігу үрдісін жылдамдатты. Осылайша бүгіндегі "қазақ" ұлты пайда болды. Өкінішке орай, сол кездегі күшті Ноғай елі (рулық қауымдастық) жаңадан пайда болған Қазақ хандығына өз қуаты жағынан парапар болғандықтан, хандықты мойындамады. Бөлек кетті, "Ел айырылған" заман жалғасты.

Ал, ол заман Ел болып қалу үшін мемлекеттік қажет екендігі анықталған (күшейген) тұс болатын. Нәтижесінде тілі бір, ділі бір, салты бір ноғайлар өздерінің мемлекеттігін ұстап қала алмады. Ноғай Ордасы жерін тұтастай Қазақтар алды. Ноғайлардың Орда құру кезеңі Қазақ хандығының құрылуының алғышарты, немесе, бастапқы үлгісі (прообраз) болды десек - бұл шындыққа сәйкес келеді.
Алайда, Ноғай Ордасы геосаяси мүдделер тоғысқан территорияда қалғандықтан, Орданы сақтап қала алмады.
Оның бар мүмкіндігін бүгінде Қазақстан, яғни, Қазақ ұлты жалғастыруда!
"Ештен кеш жақсы" деген бар, Қазақтардың ноғайларға құшағы әрқашанда ашық!

Алайда, дәл қазіргі геосаси жағдайда барлық ноғайларға "қазақ болып жазылыңдар" деп үндеу тастау қателік болар еді. Әрі, бұл қазіргі жағдайда еш мүмкін емес. Себебі, ондай үндеу негізі Ресейде өмір сүріп жатқан ноғай халқына қарсы жаңа "ұлыорыстық этноцидке" алып келуі мүмкін.
Себебі, Ресей билігі тарапынан ресейлік ноғайлардың бұл талпынысы ашық түрдегі сепаратистік бағыт деп бағаланатыны сөзсіз. Соған сәйкес, Ресей билігі ноғайлардың бұл қадамына жауап ретінде ноғайларды ассимиляцияландырудың өте дөрекі тәсілдерін ушықтырады. Олардың "орыс әлемі" деген жаңа саясаты оған кеңінен жол ашады.
Одан бөлек, Ресей Қазақстанды "ішкі ісімізге араласты", "Ресей тұтастығын ыдыратуды ойлайды" деп, "орыс әлемі" саясатын Қазақстанға қарай көшіруге барынша күш салатыны анық.

Онсыз да, өткенде Санкт-Петерборда, Мәскеуде Қ.К.Тоқаев Қазақстанның Халықаралық қауымдастықтың толық Тәуелсіз субьектісі, яғни, дербес мемлекет екендігі туралы батыл айтқан сөздерінен кейін, Ресей тарапы "Қазақстандағы орыс тілі" мәселесін қайтадан қаузай бастағаны анық...

Сондықтан, бұл мәселенің екі жағы бар:
Біріншісі, Қазақстан азаматтары болып табылатын Ноғай ұлты өкілдерінің өздерін "қазақпыз" деп жазуына ешқандай құқықтық және моралдік кедергі жоқ. Қазақ ұлты құрамында онсыз да "ноғай" руы бар. Олар сол қатарды толықтырады.

Екіншісі, Ресейде "Ноғай ұлты" атымен өмір сүріп жатқан халықты "қазақтандырудың" еш қажеті жоқ. Қайта, керісінше, бізге олардың "ноғай ұлты" болып қалуының маңызы зор. Себебі, олар, түптің түбінде, "ноғай" атымен қазаққа ортақ мәдениетті басқа елдерде танытушы "ұлттық-мәдени субьект" ретінде қала береді.

Ендеше, Қазақстан ноғай мәдениетінің дамуына Халықаралық қатынас аясында ықпалын тигізіп отыруы тиіс. Қазақстан ресейлік ноғайлардың орыс мәдениетіне толық сіңіп кетпеуіне көмек қолын созып отыруы тиіс.
Бұл жерде ешбір халықаралық заң нормаларын бұзу жоқ.
Бұл Қазақстанның тәуелсіздігі үшін де қажет шара.

Ал, егер, Ресей өзінің агрессорлық саясаты арқасында өзі іштей ыдырау жағдайына жетіп жатса, онда Ноғай халқының да өз алдына дербес мемлекет болуына еш кедергі жоқ.

Тарихи таңдау олардың өздерінде болмақ!

 

Әбдірашит Бәкірұлы

Abai.kz

6 пікір

Үздік материалдар

46 - сөз

Тибет қалай Тәуелсіздігінен айырылды?

Бейсенғазы Ұлықбек 2036