«Қиялшылдар клубы»
Немесе реформалар көші неге жылжымайды?
Осы бізде билік маңайындағы, соның ішінде, президент жанындағы консультативтік-кеңестік құрылымдар тым көбейіп кеткен жоқ па?
Міне, кеше ғана Реформалар жөніндегі жоғарғы кеңестің кезекті отырысы өтті.
Жасыратыны жоқ, осы құрылым құрылғанда өз басым: «Парламент пен үкіметтің түрі анау. Жоғарыдан бір пәрмен болмаса, орнынан қозғала қоймайды. Өкімет маңындағы қыруар қоғамдық құрылымдардың да бағасы белгілі: бәрі де Назарбаев тұсында құрылған, соның сойылын соққан, енді келіп реформашыл бола қоймас. Бір нәрсе шықса, президент Тоқаев өзі жасақтаған осы кеңестен шығар», - деген сыңайда пікір білдірген едім (рас, бір ғана сын-ескертпе айтқанмын, өйткені ЖК құрамында негізінен шенеуіктер бар екен де, қоғамдық ұйымдар өкілдері жоқтың қасы екен, бірақ ол сыныма кім құлақ асты дейсіз).
Сол РЖК құрылғанына 2 жыл боп қалыпты.
Осыншама уақыт ішінде ол несімен есте қалды? Өзі сынды басқа кеңесші органдардан несімен ерекшеленді?
Өзін «реформатормын» деп атаған президенттің елде реформаларды шындап қолға алуына септігін тигізетін нендей нақты бастамалар көтерді?
Ең бастысы – реформалардың (немесе олардың имитациясының) қызығын да, шыжығын да көретін қарапайым халық емес пе?!
Олай болса, ең алдымен, өз жоспарлары мен жобаларымен сол халықты жан-жақты әрі кеңінен таныстырмай ма?
Қарап отырсаңыз, РЖК жұмысы туралы жан-жақты әрі жұрт тұшынар ақпарат жоқ! Құдды бір барша жұрттан жасырынып, айдаладағы бункерде жатып алып, құжаттар жазып жатқан сықылды. Кешегі жиын туарлы ақпаратты да ресми баспасөз релизінен ғана алдық.
Сөйтсек, кеше де бірқатар маңызды мәселелер қарастырылыпты: қаржы саласы, нақты экономиканы қаржыландыру, АЭС салу, еңбек мигранттарының жағдайы.
Сөз жоқ, өзекті проблемалар.
Бірақ, күн тәртібіндегі мәселелер бойынша баяндамалар жасап жатқан кімдер? Осы салаға жауапты министрлер!
Реформаларға қарсы көңіл-күйдің бір негізі нақ сол сала басшыларында жатыр емес пе? Өйткені, реформа, яғни өзгеріс, жасау үшін, ең алдымен, нақты саладағы жағдайға және салалық министрліктің жұмысына мейлінше объективті баға берілуі тиіс. Кемшіліктердің беті ашылуы керек, содан кейін ғана оларды жоюдың жолдары аталады емес пе?
Қай министр өз жұмысына қатысты сын айтады?!
Олай болса, бұл отырыстың үкімет мәжілісінен не айырмашылығы бар? РЖК үкімет жұмысын қайталап отырған жоқ па?
Сонымен бірге, кез келген реформаның ең басты қозғаушы күші – халық! Олай болса, экономика, әлеуметтік және құқықтық, қоғамдық-саяси салалардағы болашақ реформалардың жобалары неге ашық түрде, мүдделі топтардың, білікті мамандар мен тәуелсіз сарапшылар, белсенді азаматтардың қатысуымен талқыланбайды?
Қазіргі зымыран заманда РЖК мүшелері телеэкраннан түспей, Интернет пен әлеуметтік желілерде өздері президентке ұсынғалы жатқан әрбір бастаманы қоғаммен бірге қызу талқылап, елдің қоғамдық-саяси өмірінің ең басты ньюсмейкерлеріне айналуы тиіс емес пе?
Бізде болса, ондай жоқ!
Әйтпесе, яғни сол реформалардың жемісін көру жазған қоғаммен кеңесіп, келісіп, тон пішпесе, бұл кеңес, Тоқаевтың өзі айтқандай, «қиялшылдар клубына» айналып кетуі де ғажап емес!
Ал қиялшылдық пен қиялилықтың арасы – бір қадам!
Әміржан Қосан
Abai.kz