Алматының "Алтын белгілері" марапатталды
Оқушылар үшін ерекше есте қалатын сәттің бірі мектеп бітіру кеші. Құшақ-құшақ гүл шоқтары, естеліктер мен мектепті қимас тәтті сағыныш сезімі, ұстаздарға алғыс және білім басқармасы тарапынан табысталатын марапаттар.
Алматы қаласы білім деңгейі бойынша алдыңғы қатарда тұрған қала. Мектеп оқушылары жыл сайын республикалық және халықаралық олимпиадада көш бастап, топ жарып келеді. Алтын белгіге бітірушілер саны да жетерлік.
Алматыда Республика сарайының алдында қала басшысы Ерболат Досаевтың қатысуымен мектеп түлектерін «Алтын белгі» белгісімен марапаттау рәсімі өтті. Іс-шараға сондай-ақ Қазақ ұлттық педагогикалық университеті директорлар кеңесінің төрайымы Гүлмира Исимбаева, еңбек ардагерлері, мектептің үздік педагогтары және т.б. қатысты.
Биыл қала мектептерін 12 мыңнан астам түлек бітіріп, оның ішінде 605 оқушы «Алтын белгі» иегері атанды. Алматы әкімі Ерболат Досаев қаланың үздік түлектерін құттықтап, оларға жоғары оқу орындарына түсу кезінде табыс тіледі.
«Ұлы Абай «Атаңның баласы болма, адамның баласы бол» деп айтқандай жоғары білімді, білікті маман болып, болашақта еліміздің, қаламыздың өркендеуіне лайықты үлес қосады деп сенеміз. Жолдарың ашық, келешектеріңіз жарқын болсын», – деді Алматы қаласының әкімі Ерболат Досаев.
«Бұл марапатты алып, ең жақсыға лайық екенімді алдымен өзіме дәлелдедім. Сол үшін мектебіміздің ұстаздарына, ата-анама шексіз алғыс. Әсіресе сынып жетекшімнің еңбегі зор. Ол кісі мені кішкентайымнан қолдап, маған сеніп келді», – деді «Алтын белгі» иегері Әмина Нұртазина.
«Көптен күткен медальды алғаныма сондай ризамын! Әрдайым қолдап отырған ата-анама, әсіресе әкеме рахмет айтамын. Мұғалімдерге мың алғыс», – деді «Алтын белгі» иегері Еркін Шахдияр.
Abai.kz