Украина: Қырым көпірін жоямыз...
Медведев Украинаға дөң айбат шегіп, "Қырымға шабуыл жасайтын болса, біз оларға ақырзаман әкелеміз" деп мәлімдеме жасады. Мәлімдеменің жасалу себебі неде? Оған басты себепкер болған Украина әскерінің Қырым көпіріне жақын аралықта соққы жасау мүмкіндігі ашылатыны жайлы ақпараты еді.
Украина Батыс жеткізген HIMARS зымыран кешендерінің көмегімен соңғы екі апта ішінде басқыншы әскерінің маңызды нысандарына соққы жасауды арттырды. Соққы әскери қоймалар және әскери штабтарға жасалуда. Бұл Ресей әскерінің шабуыл жасау мүмкіндігін азайтты және ұрыстың позициялық негізге көшуіне себепкер болды. Өткен аптада Украинаға Батыстан М270 зымыран кешендері келіп жетті. Бұл HIMARS зымыранына ұқсас, айырмашылығы бір мезетте 12 зымыран атуға қабілетті және шынжыр табан болғандықтан жылдамдығы баяу. Ату қашықтығы зымыран түріне байланысты болып келеді. Киев 80 шақырымдағы нысананы жоюға қабілетті зымырандарды алғанын айтады, алайда қанша зымыран кешенін алғанын айтпады.
Украина ұрыс шебінен 80 шақырымда орналасқан Ресей әскерінің маңызды нысандарына нақты соққы жасауды жалғастыруда. Мәскеу әскери нысандарын сақтау мақсатында әскери штабтар мен қоймаларды зымыран жетпейтін аумаққа эвакуациялап жатыр. Бұл мәселені шешу үшін Киев Батыстан 300 шақырымға жететін зымырандарды беруді сұрауда. Батыс пен Украина арасында бұл сұрақ бойынша келіссөздер жалғасуда. Украинаның АҚШтағы елшісі зымыран берілсе де, оны құпия сақтайтынын, жауды соққы жасап, таңдандыру керектігін айтады. Ал Украина қорғаныс министрі "өте жақсы жаңалық бар, алайда айта алмаймын" деген жазба қалдырды. Бұл аталмыш зымыран түрлеріне байланысты болуы ықтимал.
Ресей билігі 300 шақырымға жететін зымырандар келсе, онда Украина Қырым көпірін нысанаға алатынын болжап отыр. Оны Украина тарабы да жоққа шығармайды. Қырым көпірін жою Киев үшін маңызды. Себебі Ресей дәл осы көпір арқылы Қырымға әскери техника мен жеке әскери құрамды тасымалдап, артынша Украинаның Херсон облысына жөнелтуде. Украина Қырым көпірін жойып, Херсон облысында қарсы шабуылға көшсе, Қырым құрлық жолынан айырылады. Ресей оккупацияланған Қырымға тек қана әуе не су жолы ғана баратын болады. Бұл Ресей әскерінің әлеуетін төмендетіп, шабуыл жасау мүмкіндігін азайтады.
Ресей "Қырымға соққы жасалса, Украинаға ес жимастай етіп қарымта жауап береміз" дейді. Алайда соққы жасалу мүмкіндігі барын ескеріп, Қырым көпірі маңына ракетаға қарсы қорғаныс жүйесін қойып, Севастополь портындағы әскери кемелерді Ресейдің Новороссийск портына әкетуде.
Батыс елдері Украинаға көмек беру бойынша 20 шілдеде "Рамштайн-4" кездесуінде бас қосады. Онлайн форматта өтетін кездесуге қырықтан астам елдің қорғаныс министрлері қатысып, қандай қару беру және оны жеткізу мәселесін талқылайды. АҚШ осы аптада Украинаға 700 млн доллар көлеміндегі көмек көрсету бойынша шешімді бекітпек. Оның ішінде HIMARS кешендері де болмақ. Ал ЕО болса Украинаға қару-жарақ сатып алуға арналған бесінші әскери пакетті бекітті, оның құны 500 млн еуро.
Ресей Украина әскері қарымта шабуылға шыққанша, Херсон мен Запарожье облыстарын қосып алу мақсатында жалған референдум ұйымдастыруға барын салуда. Болжам бойынша ол 11 қыркүйекте өтуі мүмкін. Бұл мақсатта Ресей жаппай паспорт таратып, пропагандалықт роликтер әзірлеуде. Осылайша Ресей әлемдік қауымдастыққа "Ресей азаматтарын қорғап жатырмыз, қолдарында Ресей паспорты бар" дегенді насихаттамақ. Дей-тұра оған әлемдік қауымдастық сене қоймас...
Abai.kz