Аюды үңгірінде тұншықтыру: Ресейдің жеңілісі
Сөз басында Путин Украинаға басып кіру арқылы қандай пайда тапқысы келді, пайда тапты ма немесе не жоғалтты дегенді атап өтуіміз өте маңызды. Өздері айтқандай, «орыс сарбаздарын әйелдері туа береді», сондықтан олар үшін әскери шығындар маңызды емес. Сондықтан Ресей әскери шығынын қаперге алмай айтар болсақ:
1. Олар ең алдымен бронды танктерін, өткен ғасырда екі-үш ұрпақ бойына жасап, қалыптастырған әскери қару-жарақтарын жоғалтты. Украинаның батпағы мен балшығына қаншалықты көп батқан сайын, соғұрлым көп бронды танктері өртке оранды. Нәтижесінде 1956 жылы Венгрияны, 1968 жылы Чехословакияны өз мақсатына зорлап бағындырған қару-жарағының күлі 2022 жылы көкке ұшуда...
Қашан мүмкіндік болып, қандай жолмен жаңа қаруды дамыту мәселесі қайтадан айтылатын болады, әрине. Бірақ ондай мүмкіндік жақын арада Ресейде бола қоюы екіталай. Бір сөзбен айтқанда, өз мүддесін басқаларға зорлықпен мойындататын Ресейдің «геосаяси құралы» осы соғыста таусылып жатыр. Алдағы уақытта Ресейдің өз амбицияларын одан әрі қорғау құралы болып кеңес дәуіріндегі бірнеше ядролық зымырандары ғана қалатын секілді. Бұл қаруларының мәні, бұрынғыдай өз қалауын басқаларға мәжбүрлеу емес, басқалардың қалауына мойынсұнбау бағытында пайдалануға ғана қолайлы болса жақсы ...
Осылайша, қазіргі Ресей Федерациясы бара-бара басқаларға қалауын мәжбүрлей алатын үстемдік қуатынан айырылуда... Иә, өз қалауын мәжбүрлей алмайтын елді империя деп айта аламыз ба?
2. Сонымен қатар Ресейліктер ақшасын жоғалтуда. Экономикалық санкциялар көптеген әлемдік компанияларды ақшаларын алып, Ресейден шығып кетуге мәжбүр етті. Орыстың өз компаниялар да өз елінен еріксіз кетіп, Ресей шекарасы бойында орналасқан елдерге ақшасын аударуға мәжбүр болуда. Нәтижесінде Ресейлік ақшалар тек сыртқа ағылуда.
Ақша дегеніміз үлкен қажырлы еңбектің нәтижесінде пайда болатын нәрсе. Ақша неғұрлым көп болса, соғұрлым күшті боласыз. Бірақ, Ресейдің ақшасы қазір сыртқа кетіп жатыр. Мұның салдары бүгінгі күндері белгісіз болуы мүмкін, бірақ ондаған жылдарға созылса, бұл аса қауіпті мәселе болады.
Егер Ресей экономикасының құлдырауы бұлай жалғаса берсе, онда сөзсіз саяси деградацияға әкеледі. Оның үстіне Батыстағы 640 миллиард доллар ақшасының мұздатылуы да олардың Украинаға шабуыл жасағаны үшінгі төлемінің бір шеті ғана.
3. Ресей «достарынан» да ажырап жатыр. Геосаяси тұрғыдан Ресейдің екі «досы» бар. Батыс жағының «досы» Германия. Германияға «орыс досының» Украинаны басып алып, бүкіл әлемнің жауына айналуы ауыр зиян келтірді. Германия тарихи тұрғыдан алғанда Англия, Франция және Америка Құрама Штаттарына шамадан тыс тәуелділіктен аулақ болу үшін Ресеймен достасу арқылы сыртқы күштер арасында тепе-теңдік орнатып, салыстырмалы түрде өзінің тәуелсіз саясатын жүргізіп келді. Бірақ, бұл тепе-теңдіктің бір жағы бүкіл әлемнің жауы болды, сондықтан Германия біраз ойлана келе Ресейді өзі қаламаған жолдан шығару үшін Ресейге қарсы сызықты кесіп өтуге мәжбүр болды...
Негізінде, Меркель Еуропадағы Ресей мен Американың ықпалын теңдестіру арқылы Еуропа үшін салыстырмалы автономия саясатын сәтті жүргізу қабілетімен абыройлы болды. Бірақ, Путиннің ақылсыздығы бұл тепе-теңдікті құлатты. Ал Германия кенеттен қорғаныс бюджетін 100 миллиард долларға дейін көбейтті. Оны Ресей басқыншылығына байланысты деп түсіндіруде.
Ресейдің әлсіреуі Еуразияда аумағында 1600 жылдардың басындағы Романовтар әулетінің билігіне дейінгі жағдайға алып келеді. Ол кезде «Ұлы Польша» деген болған. Енді Ресей әлсірей берсе, ол қайтадан пайда болатыны сөзсіз.
Германияның бұлай қарулана бастауын АҚШ-тың Ресейді Еуропадан итермелеп, позициясын нығайтуына орай АҚШ-тың саясатынан тыс өзінің дербес саясатсын жалғастыру, сонымен қатар ежелден теңіз державаларының одақтасы болуымен Ресей мен Германияның құрлық күштерінінің нығайып кетуінің «сақтандырғышы» болған Польшаның Шығыс Еуропадағы мықты көшбасшы позициясын қабылдауына кедергі жасау үшін қарулана бастады деп көруге болады.
4. Оның Шығыстағы «досы» Қытай. Қытай Ресейдің одақтасы болғанымен, оған бұл елдің экономикалық маңызы одақтастықтан гөрі маңызды. Сондықтан Қытай Ресейдің қарсы жағында тұрып, өз сөзін сөйледі. Тіптен Азия мен Еуропа жерлері арқылы жүргізілген саудадан да Ресейден тыс қалды. Қытайдың дос екені рас, бірақ сенімсіз, жаман дос...
Жақында Қытайдың жаңадан орнатқан Азияны Еуропамен байланыстыратын сауда жолын бәсеңдету үшін кейбір елдердің инфрақұрылымына АҚШ 600 миллиард доллар салатындықтарын мәлімдеді. Бұл Ресейдің ықпалында болған Орталық Азия үшін Қытай мен Америка бәсекеге түсе бастағанын білдіреді.
Бұл әлем қандай болса да Қытай, Ресей және Америка Құрама Штаттары деген негізігі үш полюстен тұрып келгені өтірік емес. Алайда Ресейдің Украинаға басып кіруі АҚШ үшін Ресейдің қауіп-қатерлері деген сылтаумен Ресейдің ықпалын Еуропадан қыспақтап шығаруына тамаша себеп болды. Сонымен қатар, екінші жағынан Қытай мен Америка Құрама Штаттары Ресейдің ықпалын Орталық Азия кеңістігінен шығару үшін де бірігуде. Бір сөзбен айтқанда, үш полюсті әлемнің екі полюсі - Қытай мен Америка Құрама Штаттары Украин мәселесін пайдаланып, үшінші полюсті итеріп құлатуда деуге болады...
Еуропа және Орталық Азия кеңістігінен ығыстырылып жатқан Ресейде қазір қандай кеңістік қалды? Беларусь және Моңғолия деген мардымсыз екі көршісі ғана қалды. Әлсірей берсе, онда осы екеуінен де айырылып қалатын болады.
Ендеше Путин не пайда табу үшін соғысты бастады? Оның негізгі мақсатын қазіргі жоғалтып жатқандарымен салыстырғанда тамшыдай ғана. Ол тек Украинаның әскери өнеркәсіптерін мен өндірістерін тартып алғысы келген болатын. (Қазір олардың қирандылары ғана қалған болуы керек.)
Алдымен ол күллі Украинаны жаулап алу деген «үлкен» мақсат қойды. Бұл мақсат тым үлкен екенін түсініп, бар күш-жігерін тек басты мақсатқа бағыттай отырып, ол Украинаның қарулы күштерін біршама ығыстыра отырып Украинаның әскери өнеркәсібі шоғырланған өңірді тұтастай басып алуға жақындап қалған болатын.
Енді Путин мырзаға соғыс емес, бейбітшілік қажет болуда. Сондықтан ол Украина үздіксіз қамтамасыз етіп отырған НАТО-ны әскери қақтығыспен, ядролық қаруды қолданамын деп қорқыту арқылы Украинаны келіссөздер үстеліне «шақырып» келтіруге тырысуда. Ресей НАТО-мен соғысқысы келмейді, НАТО-мен тіл табысып келіссөздер үстеліне отырады және соғыс аяқталған соң да қазіргі «қол жеткізгенін» нәрселерін басып жатпа бермек. Бүгінде Путиннің басында дәл осындай ойлар айналып тұрғаны айдан-анық болуда.
Бірақ, екінші тараптың Путин қалағандай келіссөздерге қатысу ықтималдығы өте аз. Себебі батыстық оқыту, ұйымдастыру және қару-жарағымен қаруланған Украинаның «заманауи» үлкен армиясы бір айдың ішінде ұрысқа дайын болуда. Бұл күш ұрыс алаңына шыққан кезде, орыстар «қол жеткізген» нәрселерін басып ұстап тұра алуы екіталай! Ал орыстарға «қол жеткізуге тиіс» нәрселеріне қол жеткізіп алып соғысты жеңімпаз ретінде тоқтатуға мүмкіндігі тек дәл осы кез ғана болғандықтан олар алдағы күндері НАТО-мен тіл табысу үшін әртүрлі оқыс «шешімдер» ұсынуда. Ал НАТО-ның ол «шешімдерді» елеп ескеруі қалай болар екен!
Қалай болғанда да, орыстар Украина балшығына өз империясының тәжін құлатып былғап алды және енді оны қайта басына кие алмайтын жағдайға жетті.
Ресей Украинаның индустриалды дамыған өңірлері түгілі, тіптен бүкіл Украинаны басып алса да, тапқан пайдасы жоғалтқанының ширегіне де жетпес еді. Алайда, бұл Украинаға толық басып алу түгілі, оның индустриалды дамыған аймақтарын да тартып ала алмай, қуылып шығуға шақ қалды.
Сондықтан Ресейдің ыдырауы сөзсіз.
Ресейдің мерзімі көп ұзамай жараланған аюды аулау үшін аңшының аюдың үңгіріне кіру-кірмеуіне байланысты болады. Әрине, егер аю құйрығын бұтына қысып, үңгіріне кіріп тыныш жатар болса, аңшы тиісті төлемін төлейді. Бірақ, аю сөзсіз өледі. Немесе аңшы аюдың үңгіріне кіріп, зардап шекпейтін сценарийді де қарастыруға болады. Түпкі нәтижесінің еш айырмашылығы жоқ, тек ғана аюдың өмір сүру мерзімі сәл ұзарады.
Бұл дегеніміз, өткен 300 жыл ішінде Ресейдің басқыншылығына қарсы кектеніп өскен халықтарға өздерінің «ұлттық мәселелерін» шешуге көмектесу арқылы Кавказдағы, Қазақстанның солтүстігіндегі шекаралас өңірлеріндегі немесе тіпті Беларуссиядағы сепаратистік қозғалыстарға дем беру, орыстың ішіндегі ұлттардың бөлініп шығу қозғалыстарын қолдау тәрізді аймақтық деңгейде жалғасқан қақтығыс-соғыстар, толқулармен орыс аюын апанында тұншықтырады деген сөз.
Әрине, барлық осы соғыстармен қатар ресейдің ішкі демократиялық күресі де болатыны сөзсіз. Бір сөзбен айтқанда, жараланған аюды үңгірінде аңшы иттермен талатады. Бұл вариант ондаған жылдарға созылуы ықтимал процесс болуы да мүмкін.
Ақыр соңында, Ресейдің ыдырауы Еуразиялық геосаяси жағдайды «романовтарға дейінгі кезеңге» қайтарады. Бұл бір жағында Польша арқылы шоғырланған Шығыс Европа, екінші жағында көшпелілер кеңістігіндегі ресейлік қысым жойылып, бұл кеңістікте үлкен күшті мемлекеттің қалыптасуына негіз болады дегенді білдіреді.
Бірақ көшпелілердің кеңістігінде қайсысы басымдық алады?! Ол бөлек әңгіме...
Егер «Нұр-Отанның» «аманатын» орындап жүрген бүгінгі Қазақстан билігінен орыстың «темір ноқтасын» қытайдың заманауи «электронды ноқтасымен» ауыстыру үшін жанталасып жүгіретіндер шығатын болса, көшпелілер кеңістігіндегі басымдық туралы қиялдап та қажеті жоқ...
Амантай Тойшыбайұлы
Abai.kz