Жұма, 22 Қараша 2024
Әдебиет 4915 3 пікір 26 Шілде, 2022 сағат 13:13

Сартр тірі болса, ісі Ресеймен болар еді...

Сартр қазір тірі болса, ісі Ресеймен болар еді. Жоқ, ол саясат сапырып, ресми биліктің озбырлығын тізумен әуреленбес еді. Ол Путинды қоя тұрып, алдымен орыстың бұқара халқын сынар еді. Ол сынағанда жұрт қашарға жер, кірерге тесік таппай қиналар еді.

Сартрды «экзистенциализм прокуроры» деп атайтындар бар. Еркіндігіңді тергегенде тым қатал, тым әділет­ті. Қырық сылтау айтып ақтала алмайсың. Ситуа­цияңды жіліктеп талдайды да, жалған алибилеріңді бір бірлеп қиратып, диагнозыңды қолыңа ұстатады. Жауапкершілігіңді шыңғыртып мойныңа іледі.
Ол – Мариупольде, Бучада, жалпы осы соғыста қаза болғандардың обалы тек Путинде ғана емес, елдің барлық азаматында екенін ащы дәлелмен, сойқан афоризмдерімен санаңа жеткізіп берер еді. «Халық» деген жалпылама сөз. Ал Сартр тек экзистенциалист емес, ол сондай-ақ феноменолог, персоналист. Яғни бұқараны тұтас сот­тай салмайды. Бұқара ішіндегі әркімнің үлесін, жеке адамның жауапкершілігін ерекшелеп көрсетіп берер еді.

Солдат бәрін командирге жабады: «Бұл әскери тәртіп», «бұйрық солай», «қорғану үшін ат­тым», – дейді. Қалай ақталсаң да мейлі, шүріппені басарда еркің өзіңде болғанын дәлелдеп берер еді «айыптаушы философ». Басқасын былай қойғанда, трибуналға тартылып, сатқын ретінде атылып кетсең де бейбіт адамға оқ жаудырмаудың амалын табар едің. Өлім барда қорлық жоқ. Олай істемеуіңе екі-ақ себеп әсер ет­ті: қорқынышыңды жеңе алмадың немесе құлқыныңды тежей алмадың.

Діншіл бәрін Құдайға жаппақ болады. «Біздің қолда не бар дейсің? Құдайсыз қурай да сынбайды. Мұның бәрі Тәңір ісі», – деп ақталады. Ол да сол екі себептің ықпалымен құдайшылығын айтпады – қорықты немесе жылы орнын сақтап қалғысы келді.

– Менің не кінәм бар? Бізді кім тыңдап жатыр? Ауылда картоп егіп жүрген шаруа­мын. Менен не сұрайсың – дейді мұжық.

– Социум деген болады. Бұқара қозғалу үшін қоғамда оған қажет­ті шарт­тар туу керек. Әйтпесе бір адам ештеңе өзгерте алмайды, – дер бәлкім көзілдірігінің әйнегі жиырма сантиметрді құрайтын ғалымсымақ біреу.

– Адамның еркіндігі шеннің иерархиясына тәуелді. Қызметің неғұрлым жоғары болса соғұрлым еркінсің. Ал біздің еркіміз – Путин, – деп ақталар тағы біреу.

– Адам деген жарықтық, жел айдаған қаңбақ сияқты. Немесе құм даланың бір тал қиыршық тасы. Табиғатымыздан дәрменсіз жаратылыспыз, – дер еді бір натуралист.

– Пугачева бұрқылдап елін тастап кет­ті. Содан бірдеңе өзгерді ме? – дер еді бір скептик.

– Телевизордан естідім, соған сеніп қалдым – дер еді надан.

– Тағдырдың салғанын көрерміз, бірдемесі болар, – дейді көнбіс.

Бірақ Сартрдың өте салқынқанды айып­таушы екенін айт­тық. Ол тіпті тарихты қопарып, бір адамның миллион тағдырға әсер еткен оқиғаларын тізіп те әуре болмайды. Адамда ерік бар екенін көлденең тартып, соны қалай пайдаланғаныңды қайта-қайта сұрар еді.

Көктен Жебірейілдің өзі түсіп, құлағыңа сыбырласа да қабылдаған шешіміңнің жауапкершілігі өзіңнің ғана мойныңда. Жер астынан әзәзіл шығып, желкеңе отырып азғырса да жауапкершілігі саған келеді.

Жаланы аффектіге, үрейге, аңғалдығыңа, бейсанаға, бұйрыққа, заңға, дәстүрге, тәрбиеңе, дініңе, дінсіздігіңе, темпераментіңе, психикаңа, бала- шағаңның аш жатқанына, шешеңнің аузына су тамызу керек болғанына, өзіңді біреу өлтірем деп бопсалап жатқанына, олай етсең қоғамнан шет­теп қалатыныңа, жетім өскеніңе, ерке өскеніңе, өскен ортаң сондай болғанына жаба алмайсың.

Саған тек ақыл-есіңнің кем болуы ғана жеңілдік бере алады.
«Мен журналист едім, тек ақпарат таратумен айналысамын», «Блогермін, ботпын, тарысы піскеннің тауығы болам», «Дәрігермін – қолымнан емдеу ғана келеді, саясат­ты түсінбеймін», «Әншімін, билікке қарсы шықсам сахнамның есігі жабылады», «Мұғаліммін, мен тек сайлау кезінде ғана саясатқа еріксіз араласам», «Спортшымын. Жұрт көшеге шықпай жатыр, әйтпесе мен де шығар ем», – деп ақтала алмайсың. Сартрге ондай уәж өтпейді. Бәлкім, оның орнында Камью болса түсіністікпен қарар. Бірақ Сартрда Мүңкір-Нәңкірдің сипаты бар.

Оның тілімен айтқанда: «Адам таңдау жасауға ерікті. Жай ғана ерікті емес, ерікті болуға мәжбүр. Человек осужден быть свободным. Яғни еркіндігіңнен бас тарту да еркіндігіңді пайдалану арқылы іске асатын акт».
Бірақ қайтесің енді, Сартр жоқ. Еуропада батырып айтатын философ та қалмады.

Әрине, ол тірі болса, Украина туралы да бірер сөз айтар еді. «Мы никогда не были так свободны, как во времена немецкой оккупации» деген сөзі француздан гөрі, украиндарға көбірек келеді. Арғы-бергі тарихта украиндардың дәл бұлай еркін болған кезін білмеймін.

Бұл өзі халық үшін ауыр кезең болғанымен, болмыстың ашылуына таптырмайтын мүмкіндік. Кьеркегард айт- пақшы «не бүк, не шік боласың». Таңдау алдына тұрған адам ғана шын мәнінде тірі жан. Болмыс – таңдау жасау арқылы ғана ашылады.

Зеленскийдің орыс әскері Украинаға кірерден бір күн бұрын «мен басқа адам едім» дейтіні бекер емес. Бір кездегі сайқымазақ әртіс қазір еуропалық лидерлер рейтингінде бірінші тұр. Біліктілігі, білімділігі, парасат-пайымы, шебер саясаты, тактикалық жеңісі үшін емес (!), жасаған таңдауы мен тәуекелі үшін.

Яғни тығырыққа тірелгенде ғана, қасіретпен бетпе-бет келгенде ғана болмыстың түлеуіне мүмкіндік ашылады. Адамның шынайы еркіндігі де осындай сәт­те өрге қалқып шығады. Ал былайғы кездегі еркіндік туралы түсінігіңнің бәрі әншейін бос сөз немесе «тұтынушылық еркіндік».
Бұл тұрғыдан Украина өте биік рухани деңгейге көтеріліп, ұлт­тық бірлікті сезінді. Бейбіт заман элита арасында залымдар мен алаяқтардың, фарисейлердің жасырынып жүруіне көп мүмкіндік береді. Керемет адамның маскасын киіп алып, ауық-ауық популистік ұран атып, экономика үшін алаңдап, елдің әлеумет­тік жағдайы үшін көкірегің қарс айырылғандай кейіп танытып отырсаң жеткілікті. Бірақ былайғы кезде оның кім екенін әшкерелеу қиын. Өйткені ол жерде тәуекел жоқ, таңдау жоқ. Соғыс басталған күні Украина сондай арамзалардан бір тазарып алды. Кеме суға батарда егеуқұйрықтар бір күн бұрын секіреді. Басқарушы элита мен бизнесмендердің біразы елден табанын жалтырат­ты. Дәл қазір әлемде тұтастығы украиндай ел бар ма екен?!

Сәкен Нұрқабекұлы

Дереккөзі: Қазақ Әдебиеті

Abai.kz

3 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1455
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3218
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5270