Сенбі, 16 Мамыр 2026
Әдебиет 359 0 пікір 15 Мамыр, 2026 сағат 14:19

Дәурен Қуат. «Протон»

Сурет: zhazushyportal.kz сайтынан алынды.

Бас бармағы бүгулі. Сұқ саусағы мен ортаңғы саусақтан өзгесі де бүгулі. Енді тек екі саусақты қайшылап апарып, ауы ақтарылып, биік орындықтың арқасына ілінген кең балақ, сұр шалбардың алдыңғы қалтасына жып еткізіп, сұғып жіберсе болғаны. Кемі елу долларды іліп шығары анық. Ал шалбардың иесі анау, әне – тәтті тамсанып, ұйқыны соғып жатыр. Қаннен-қаперсіз сияқты. «Осы неменің түндегі түмен қорылы жақсы еді, – деп ойлады бұл, – қорылы үдей түсіп, үзілмесе, қалың ұйқының ұйығына әбден батқаны еді. Қазіргісі белгісіз: өтірік көзін жұмғансып, таңғы шырын ұйқыға есі кеткендей болып, мұны аңдып бағуда ма, қалай өзі?..»

«Бәрі ұрлық жасайды, – деп күбірледі Сағым ішінен. – Бала да өзінде жоқты өзгеден көрсе, қызығып, бәлкім, қызғанып, әке-шешесінің кедейлігіне қорынып не сараңдығына, мейірімсіздігіне ызаланып, кіп-кішкентай қолдарын ұрлыққа жұмсайды. Ұрлыққа ұрынбайтын пенде кем».

Бөлмеге қиықтап тарай бастаған таңғы елең-алаңның жарығынан да жылдам ойлардың қамауына түскен Сағым, тегі, ұрлықты кәсіп етуден аулақ. Бірақ ұрлығының алды-арты осы болсын, ауы ақтарылып кетуге шақ тұрған шалбардың қалтасына қос саусағын жалқы рет сүңгітсе, жетеді. Ілінгенін қанағат тұтып, тайып тұрмақ.

Ол бөлмедегі төртеуді көзімен шолып өтті. Түнімен сілелері қатқанша ішкен, даурығып сөйлеген, құтырына билеген, тоқ көңіл, тарқылдақ жігіттер ертеңгі тірлік, қарекетті төсектің аяқ жағына қарай теуіп тастап, алаңсыз ұйқы құшағына көмілген. Сәті келіп-ақ тұр. Әншейін, еппен, екі саусақты анау ырбиған қалтаның аузына апарып, көмейлете тықса… бос қайтпасы белгілі.

Сағым тәуекелге қамшы басқан. Міне, сумақайлау сұқ саусақ ортаншыны ілестіре, жайлап көтерілді. Көтеріліп келеді. Уа, ғажап, тағы да көтерілді! Көтеріліп келеді-ей, кәдімгідей! Қалтаның тұсына дейін көтерілді. Қалтаның тұсынан да өтіп, жоғары көтеріліп барады. Өрлеп барады. «Ойбай, тоқта, ол жақта нең бар еді, құлыным! Қайт кейін, сәл төменде». Сағымның ауаға асылған қолы сылқ етіп құлап түсті.

«Саған «сәл төменде» деп бұйырдым, – деді Сағым күбірлеп. – Сылқ етіп құлап түскенің не, байғұс-ау? Қорқақ, сорлы қолсың ғой сен. Сенің орныңда басқа қол болса, бағоооно-о істі тындырып, ылдым-жылдым қылатын еді. Сенің түрің мынау, міне: қалтырап, дірілдеп, тартынып, икемге келер емессің. Кәне, көтеріл! Көтеріліп бар да, ашық ауыз қалтаның ішіне бір сүңгіп шық. Мол ақшаның буына жылынып қана шықпа, біреуін құлағынан сүйрей шық. Ұмтыл! Көтеріл!».

Ортаншыны «жүр-жүрлеп», сұқ саусақ қайтадан жоғарылаған. Жоғарылап-жоғарылап барып, нысананың алдына жетіп тоқтады. «Жарайсың! – Сағым саусақтарына қарап, шәкірітін ұрлыққа баулып отырған кәнігі баукеспедей ымдап: – Ал, енді тоқтама, іркілме, қалтаның қатпарына қойып кет!» – деді. Деді ме, демеді ме, қапелімде оны нақты білмейді, бірақ, сұқ саусақтың сыбайлас серігі – ортаншы саусақпен бірігіп, қатып қалғанын сезді. Алға жылжымайды. Сағым ұрлыққа білегі мен қарын да қайрап салған. Жоқ, жылжымайды. Бұлар да сіресе қалыпты. Еркіне көнбейді, бағынбайды. Дір-дір етеді. Бүгілген саусақтары да жазылар сыңай танытпады. Осы бейнесінде Сағым дорбадай дәу қалтаны тапаншамен көздеп отырған әлдебір әумесерге ұқсар еді…

* * *

Әжетханасы мен жуынатын бөлмесі ортақ. Үнемі қоңыр ала көлеңке ұйып тұратын дәлізі де ортақ. Екі бөлме. Соның бір бөлмесінде бұл уылжыған жас келіншегі Ақүрпекпен тұрады. Қарсы бөлмеде – ойнақтаған үш қыз. Көгілдір таулардың баурайында қоныс тепкен шағын қаладағы Педагогикалық университеттің жатақханасынан уақытша баспана табылғанына Сағым әуелде қатты қуанған. Келіншегі университетте оқиды. Соның таныстарын жағалап жүріп секцияның бір бөлмесін әрең иеленген-ді…

Алғашқы күндер, апталар, айлар білінбей, көңілді өтіп кетіпті. Үш қыздың үлкендеуі мұны көрген бетте «күйеу бала» жасай қойды да, күлкіден езуі жиналмайтын кейінгі екеуінің еркелігі мен еркіне жығылып, бұл «жезде» атанған. Біріне «күйеу бала», біріне «жезде» болып шыға келгеннен кейін әрі қоңсылас қос бөлмедегі жалғыз еркек кіндікті өзі болған соң, тапқан-таянғанын ортақ қазанға салатын. Ақүрпектің де қолы ашық. Асадалында жарты бөлке нан қалса, соны ауыздарынан жырып, үш қыздың алдына тосады. Соған әбден үйренген үш қыз ырғала басып келеді де, ыңырси сөйлеп отырып, Сағым мен Ақүрпектің түскі асынан түк қалдырмай түгесіп, етектерін қағып түрегелетін әдет тапқан-ды. Арнайы атап шақырғандай, уақытында, кешікпей бас сұғып, кешкі астарына да ортақтасады. Күнде. Апта сайын. Айлар бойы және еш үзбей… Әжетханасы, жуынатын бөлмесі, дәлізі ортақ жатақхана тұрғындары ас-суын да ортақ қазаннан айыратын шығар деп, Сағым әуелде табысын тең бөліске салғаны рас. Әйткенмен де, кейін, жұпыны жас отаудың төрін үш қыз еркін жайлағалы жылға жуықтап, ұннан түбі қағылған қаптардың қабаты қалыңдай түскен кезде ойланды.

«Апырау, біздікі не мырзалық? Қандай жомарттық? Үш қыздың бұларға өткізіп қойған бірдеңесі бар ма еді? Ақүрпекті жігітке жетім үшеудің қатарынан айырып алса, еркімен алды. Екеуі бір-бірін ұнатып қосылып, бас құрады. Дені сау, дерті жоқ азаматтың бәрі жар сүйеді. Сол үшін ол біреудің алдында қарыз өтеп, маңдай тері тамған нәпақасын біреудің аузына тосып, соның қарынын тойдырып отыруы керек пе?

Ішіп-жеп болған соң, ақ адал асына рахметін айтса, бір жөн-ау, үшеуі кейде Ақүрпектің ұсынған дәмін де менсінбейді ғой. «Тамағыңның тұзы кем». «Ішінде түйір ет жоқ». «Сылдыраған сорпа су. Татуы аз», – дейді. «Дастарханыңа салат қоймайсың. Шайға тәтті конфет, печенье, торт ұсынсаң қайтер еді?» – дейді. – Өй, рахметі жоқ тойымсыздар өңшең!».

Сағым жұмыс істейтін баспаханада әйелдер көп еді. Кешке дейін, кейде тосыннан тапсырыс артып кеткенде түн ауғанша, қатын-қалаштың ортасында жүретін ол үш қызды жек көре бастаған. Олардың кірген-шыққанын, айтқан әңгімелерін, ішкен-жегенін ұнатпай, ұнатпағанын Ақүрпекке айта алмай дымы құрығанда, іштей күңкілдеп тынатын. Қоғамдық көлікке аяқ артып, жұмысына бара жатқанда да, діңкелеп, шаршап, жатақүйіне қайтып келе жатқанда да – күйкі тірліктің күңкілінен бір жаңылмайды.

«Ақүрпектің ұсынған дәмін менсінбейді. Жалмауыздар. Ишшо, «торт қайда?» дейді ғой?!.»

Жұмыста да жағалай еститіні осындай сөздер.

– Өзіміз ішіп-жемге жарымай отырғанда, қайнағам абысыным мен бала-шағасын ертіп келіп, екі күн үйімізде жатып алды.

– Осы күні кімнің шекесі шылқып жүр дейсіз, тәте? Біз де сол… балалардың қарнын әрең тойдырамыз. Айтпақшы, естідіңіз бе?

– Нені?

– Зуля: «Балалардың шұлығын, әйелдердің іш кимдерін, еркектердің етігін, швабра, шелек, сосын, сағыз, морожное тағы сондай көп заттарды «реализацияға» беретін танысым бар», – депті.

– Ол қай Зуля?

– Ой, линотиптегі терімші Зуля ше?

– Бетінің бояуы бес батпан боп жүретін Зуля ма?

– Сол.

– Оның танымайтыны жоқ. Шайға шақырып, «реализацияға» заттарын алып сатайық та, құрысын!

«Реализацияға беремін», «Под реализацию алсаңшы»…

Қара базар жайылған қала тұрғындарының ертелі-кеш сарнап айта беретін сөзі бұл күнде – реализация. «Мен саған топтап беремін. Сен оны үстіне ақша қосып, бөлшектеп сат. Соңында тауарымның ақшасын мен сұраған көлемде қайтарсаң болды».

Мұның бәрі – ұсақ саудагерлердің күнкөріс кәсібі еді. Әлгі кәсіпке әйелдер білек сыбана кірісті де, зауыттар, фабрикалар, теміржолдар, автопарктер, құрылыстар мүлде тоқтап, көшелерде сабылып жүретін еркектердің қарасы сап тыйылған. Баспаханадағы бес еркектің бірі – Сағым ғана.

Сағым да Зулядан әйелдердің ішкимдерін «реализацияға» алып, аз ғана тиын-тебен қосып, үш қызға сатқан. «Көзіңмен ішіп-жеп, алды-артымыздың «размерін» әбден біліп алғансың ба – әкелген труси-лифчигің үшеумізге тігін цехы әдейі арнап шығарғандай шақ екен», – деді де, еркетотайлар мұны оп-оңай «лақтырып» кетті. Ақысын бермеді. Содан Сағым: «Қыздар өткендегі ішкиімдердің ақшасын қашан неғылмақ?..» – деп, күмілжіп отырып Ақүрпектен сұрап еді, келіншегі: «Сен еркек емессің бе? Ондайды еркек адам сұрамайды», – деп жауабын қысқа қайырған.

Неге екені… соңғы кездері Ақүрпектің аузынан «сен еркек емессің бе?» деген сөз әредік айтылып қалатын болды. Ал, Сағым – сөздің қарасын алыстан танитын адам. Аққұла алаңғасыр, айранбас ақылсыз емес. Әттең, еркектігін іспен, іспен болғанда, табыспен әйгілеудің ретін таппай дал. Әйтпесе, Ақүрпекпен айқаласқан түндерінде еңіреулі ер екендігін еселеп-ақ дәлелдеген-ді. Өкініштісі: жар төсегінде өрттей лаулаған Сағымды ертеңінде құштарлықтың уызы бойынан әлі тарамаған жас келіншегі Ақүрпектің өзі танымай қалатын. Жоқ, бұл түндегі батыл, өжет, қимылы қауырт, тынымсыз Сағым емес, бұл – басқа жан. Иығы салбыраған, жағы суалған, көзі шүңірейген, шашы үрпиген, ыбылжыған, ынжық біреу. Ақүрпек Сағымға: «Ұсқының неге кетіп қалған? Еңсеңді көтеріп, бойыңды тіктеп жүрсеңші, еркек емессің бе?» – деп, жігерін жанып, қайрауға қанша салса да, ыржиып күледі де қояды ол. Содан соң: «Сауда-саттыққа бейім емеспін. Коммерсант болу қолымнан келмейді. Қалада, білесің, ер азамат істейтін жұмыс қалмады. Зауыттар жабылды. Жау шауып кеткендей бәрі айра-жайра болып жатыр. Баспаханадан басқа қайда барамын?» – дейді қоңқылдап.

Ақүрпектің Сағымға жаны ашиды. «Тұрмысқа ерте шығып, бұл байқұстың бағын байладым ба? Жиырмаға жаңа толды… Әлі де біраз жөн білісіп, жағдайға қарап, жүре тұруымыз керек пе еді?» деп, оңашада ой түбіне шөгіп, үнсіз жылап та алады. Осыдан екі-үш жыл бұрынғы Сағым қандай еді! Екі көзі шоқтай жайнап тұратын. Талдырмаштау бітімі сұңғақ бойымен құп жарасып, алқоңыр жүзі, қыран қабағы, қыр мұрыны, әдемі күлкісі, әрлеп, әсемдеп айтатын әңгімесі арман-қиялындағы болашағын келбетті, келісті жігіттің ғана жетегіне байлаған қыздардың жүрегін жандырушы еді-ау… Екеуі қол ұстасып саябақтарда серуендегенде, қызынып, қызықтырып Джек Лондонның романдары мен әңгімелерін баян қылатын ол.

«Сен жып-жылы үйде мені күтіп отырасың. Мен алтын іздеп, алыс сапарларға аттанамын. Асулары алдырмас алып таулардан аттап өтемін. Тайгалар мен тундраларды кеземін. Теңіз бен мұхит кешемін. Мәңгі мұз құрсаған жерлерге барамын. Сапарымның соңында алтын арқалап қайтамын. Көресің!» – дейтін жайнаңдап.

Сол Сағым бұл күндері Джек Лондонның кішкентай сөреде жығылып жатқан кітаптарының бетін де ашпайды. Телміретіні – теледидар. Көретіні – көбік сериал. Ұрғашы, еркек демей, бір-бірімен шаптығып ұрсыса беретін, бірінің қатынын бірі бауырына басып, байы бола салатын пәруайсыз, ақша мен байлықтан өзге уайымы жоқ ұсақ адамдар туралы теледрамаларға байланған көптің ортасында осы күні Сағым отырады.

Экранындағы бейнелер секірмек ойнап жүрген бала секілді секектеп тоқтамайтын фоэдегі теледидардан Сағымның көретіні – «Санта-Барба». Әредік айтатын әңгімесі де сол: Мейсон, Сиси, Крус, Келли, Сантана, Иден… «Ақымақ Крус әлі күнге бір қылмыскердің қолына кісен салған жоқ. Иденнің соңынан итеңдеп еріп босқа жүр», – деп күйіп-піседі. Кейде: «Бәрінен де ана күйдіргі Мейсон мықты. Соның усойқы сөздеріне риза боламын-ай», – дейтіні бар күліп.

* * *

Сағымның жұмыс істеп жүрген мекемесінен алатын еңбекақысы қолына тимей, Ақүрпек екеуі қара нан мен қара шайға қарап қалған. Он күннен асып барады – түлкіқұрсақ. «Күзетші Әбен шал: «Дүкенге кірсең, нанның иісі шығып тұрады. Сөрелер жылан жалағандай жалаңаштанғанымен, нан бар. Нан үзілмесе, түбі елде тоқшылық болады», – дейді, біз де бір күні жоқшылықтан тоқшылыққа жетерміз» дегенді айтып, Ақүрпектің көңілін аулап қоятын Сағым елеңдеп есік жаққа қарайды.

– Қыздар көрінбей кетті ғой? Қыздар қайда-и?

– Қайда болушы еді? Бөлмелерінде.

– Аштан-аш жата бере ме, бейшаралар? Тамаққа келмей ме?

– Тамаққа келетіндей… менің асым табағымнан асып-төгіліп жатыр ма еді? Әлде екеуміздің сирағымызды үйітіп жей ме?

– Е-е, келсін… әншейінде бар-жоғыңа қарамай, баса-көктеп, кіріп келетін еді ғой? Келсін сөйтіп, төрімізде отырсын. Қара нанымызды болса да бөліп берейік. Кейін бай болғанда, «қара нанды бөліп жегенбіз» дейміз.

– Қайдағы байлық, Сағым? Біз өмірі бай болмайтын шығармыз?

– Боламыз. Бай болғанда қандай! Көресің.

– Заман қиын болып кетті ғой. Заман – алыпсатарлардікі болды. Көзін тауып сауда жасамаған адам кедейліктің құрсауынан шыға алмайтын шығар?

– Мен кедей емеспін.

– Енді кімсің?

– Білмеймін. Білетінім – кедей емес сияқтымын.

– «Баймын. Рухани баймын» деші.

– Иә, сондаймын мен.

– Сонда, «рухани байлық» деген не, Сағым?

– Ол не ғой… көңілдің байлығы. Сосын: оқу, білім, мәдениет.

– Мен осы оқуды қойып, саудаға шықсам ба деймін.

– Қой, Үрпегім, сен оқы. Әке-шешең сені «адам болсын, қатарының алды болсын» деп, алыс ауылдан қалаға оқуға жіберді. Оқы.

– Көкем ауырып қалыпты. Баяғы демікпе дерті қайта қозған көрінеді. Тыныс алуы ауырлап, тұншыға береді дейді. Анам сиыр саууға бара жатып, тайып жығылып, қолын мертіктіріп алыпты. Қазір кішкентай інім қорадағы азын-аулақ малға қарап, сіңлім от жағып, тамақ істейді екен.

– Апыр-ай, қиын болыпты-ау… Менің әкемнің – қайын атаңның жағдайын естідің ғой? Қанқұрт шапқан аяғын дәрігерлер кеспесе болмайды депті.

Пышақтың жүзі тиіп қидаланған жұлым дастарханның бетінде тістелген, шеті қажалған, бірер түйір қатқан қара нан жатыр. Бетіне сілекейленіп жұқа іркінді тұнған қара шай аш адамның асқазанын удай ашытады. Төбедегі электр шамының жарығы да жартылай ашық перденің ар жағындағы меңіреу түнге жұтылып кетердей дір-дір етеді.

Бас-аяғы ықшам қаланы ортасынан жарып өтетін күрежол бар еді. Бір кездегі қым-қуыт қарекетінен бұл күнде ада болып, жұтап қалған қаланың күретамырына сол күрежол ғана қан жүгіртіп тұрған сияқты. Темір-терсекті қорабына бастыра тиеген ауыр жүк машиналары асфальті сынып, уатылып, май қара топыраққа айналған жолды ыңырана басып өтеді. Университет жатақханасының терезесінен тілсіз түнге телмірген электр шамының жарығы автокөліктердің табанына төселіп, үзіліп қалып жататын. Сағымның ендігі ермегі – темір тасыған машиналарды санау болған. Кейде тіпті тоят тауып, Ақүрпектің кеудесінен түсіп, ары қарай аунай берген сәттерінде де: «Осымен қырық бесінші машина өтті. Сонда бұлар осынша көп темірді қайда әкетіп барады, ей?» – дейтін.

Кенет, қыздар тұратын қарсы бөлменің есігі ашылды да, буға көмілген мантының тәбет ашар иісі дәлізді алып кетті. «Қыздар манты жасапты ғой, – деді Сағым қуанып, – жинал, Ақүрпек, қазір бізді шақыратын шығар, қыздардың төрінде шәниіп жатып, мантыға сылқия тойып қайтайық, жинал!» Дәлізден қыздардың жауаптасқан дауысы естілді.

– Биба, дүкенге соқсаң, «үйпи» ала салшы. Мантыдан кейін тоғымызды «үйпи-сок» ішіп басайық.

– Ақүрпек пен Сағымды шақырайын ба?

– Биба, қызықсың… не қыласың оларды мантыға ортақтастырып? Өзіміз жейік те рахаттанып отырып.

– Сони, есікті жапсаңшы. Мантының иісі танауларын қытықтап, қатқан нанды қажалап, қара шай ішіп қақталған көршілеріміз желпілдеп жетіп келер, жап!

– Биба, «үйпиді» ұмытпа. Бәлкім, вино ала келерсің, а?

– Виноны қайтесің, коньяк дұрыс. Қасына шоколад қос. Коньякпен «плиточный» шоколад жақсы жүреді.

– Мақұл.

– Ал, қатқан наның мен қара шайыңа шақыр қыздарды, – деді Ақүрпек булыға үн қатып. – Шақыр, кейін байып кеткен кезіңде «қара нанды бөліп жегенбіз» деп айтып отыратын боласың.

– Маған не қыл дейсің? Сенің қыздарың ғой, бірге оқисыңдар, қатар жүресіңдер. Құрбы-достарың… осы үйге күнде келіп, ас-суымызға ортақтасып тұрады емес пе? Шақыратын шығар деген ойым болды. Шақырмаса, қойсын! – деді Сағым шорт кесіп.

* * *

…Ертеңінде Сағым үйге ыржиып күле кірді. Күйеуінің қабағы жазылып, жадыраған жүзін көріп, оны әлдеқандай жақсылыққа балаған Ақүрпек те жайнап сала берген.

– Сако, көңілдісің ғой? Үнемі осылай күліп кірші үйге! Не, айлығыңды алдың ба? Еңбекақың өсіп пе?

– Қосымша жұмыс таптым, Үрпек!

– Не жұмыс?

– «Жетісу» дейтін аяқ-киім фабрикасы банкрот болыпты.

– Болса, не болыпты?

– Сол фабриканың құрал-жабдығын бұзуға күш керек екен. «Күш» дегенім – «адам» дегенім ғой. Сонау бір жылдары әлгі фабриканы адамдар салды. Енді соны тас-талқан етіп бұзуға да адамдар керек екен. Мына біз керекпіз.

– Фабриканы бұзғаны несі?

– Шикізат жоқ көрінеді. Былғары, қайыс жіп, ұсақ шеге, ұлтан, өкше… «шикізат» дейді мұның бәрін. Түсінесің бе? Шикізат.

– Бұрын болған шикізат бүгін қайда кетіпті? Жел ұшырып кетіп пе?

– И-и, мен қайдан білейін? Жел ұшырып кетті ме, дауыл айдап кетті ме? Білмеймін. Білетінім: «Жетісудан» шыққан аяқкиімдерді қазіргі жұрт кимейді. Модадан қалған-мыс. Сұраныс жоқ. Қатпа қайыстан тігілген бұзаубас бәтеңкелер мен шоқайма өкше сапожкиларды кім кисін? Фабриканың қожайыны: «Мұны сәңкитіп қойғаннан не пайда? Одан да құрал-жабдығын бұзып, сатып, жұмысшылардың айлығын беремін», – депті. Бір есептен онікі де дұрыс-ау. Сәңкиген фабрика сәнге тұра ма?

Ақүрпек Сағымға аңтарыла қараған. Сағым сөзін жалғай түсіп:

– Қызық, – деді. – Қызық, байырғы жұмысшылары фабриканың бір бұрауын алмай қашыпты. «Бұзуға қолымыз бармайды» деген бе, бірдеңелерді айтып, түгел бас тартыпты. Қожайын содан соң біз сияқты қиратқыш, талқандағыш жігіттерді іздеп, газеттерге хабарландыру таратқан екен, алдымен мен бардым. Баспада істейтінімнің пайдасы тиді. Газет оқымайтындар мұны әлі білмейді. Сен де ешкімге айтпа. Атасына нәлет, қожайын ақысын жақсылап төлесе, алып фабриканы жалғыз өзім-ақ алып ұрып, жайғап беремін!

– Сако, қой, құрысын! Ертең пәлесі тиіп жүрмесін саған!

– Кімге? Маған ба? Маған қандай пәлесі тиеді оның? Бұзуға бұйрық берген фабриканың жеке акционері – қожайынның өзі емес пе? Біз енді бәрін шет елдерден сатып аламыз.

– Өзіміз ештеңе өндірмейміз бе алдағы уақытта?

– Өндіргенді айтасың, алдағы уақытта бізде ауыл да, ауылшарушалығы да болмайды. Ауылшаруашылығы не рен-та-бель-но. Пайдасынан шығыны көп. Ұқтың ба? Үкімет басшысы жуырда солай деді. Сен мұны да білмейсің. Білмейсің –өйткені газет оқымайсың. Ешкім газет оқымайтын болды. Бірақ оқу керек. Қызықтың көкесі газеттерде болып жатыр. Сосын – теледидарда. Бізге бұдан былай жанығып өмір сүрудің де қажеті шамалы ма деймін… Себебі, өмірді газеттен оқып, теледидардан көрген жеңіл. Еш қиналмайсың. Рахат. Біздің өмір – «Санта-Барбара», қысқасы.

– Туу, не айтып кеттің, Сағым? Түкке түсінсем, бұйырмасын. Босағада селтиіп тұрып алғаның не? Шешші бәтіңкеңді. Фу, аяғыңды жуып келші… Шуаш… сасығын-ай!.. Мына бәтеңкеңнің өкшесі тесіліп қалған ба? Мә, мынаны қара, қалай байқамағансың, өкшесіне тас кіріп кетіпті. Өткенде ғана базардан сатып алмап па едік? Бәтеңкеңді бөлмеге кіргізбе, дәлізге таста. –Ақүрпек мұқыл сыпыртқының басымен сүріп, Сағымның бәтеңкесін дәлізге итеріп тастады. Аяғын жуып, төрге озған Сағым әзілдеген болды:

– Ай, ол – қытайский, модный бәтеңке. Абайла, қызыққан біреу-міреу дәлізде жатқан жерінен «угон» жасап кетпесін.

Ұйқысын әбден қандырып, баспаханаға қарай түс ауа аяңдайтын Сағым «қосымша жұмыс таптым» деп келген күннің ертеңінде таңмен таласа тұрып, алып фабриканы жайратуға асығып, жорыққа аттанып жүрді.

«Баспахананың іші толы қатын-қалаш. Терімшілер түгел – әйел. Терілген әріптерді қалыпқа әкеліп тізетіндер де – әйелдер. Біздікі – дайын газеттерді бумасымен көтеріп апарып орындарына қою. Болды, бітті шаруа. Станоктардың барабандарына оралған газеттердің әрібі мен тақырыптарының бояуын қанықтырып шығаратын да – әйелдер. «Еркектер, сендер бояу-сояуды білмейсіңдер» дейді. Байқасам, баспахана – әйелдердің, фабриканы бұзу – біз секілді тепсе – темір үзетін жігіттердің жұмысы екен. Еркекше құрышың қанып, құлашыңды жазып істейтін жұмысты енді тапқандаймын», – деп құрылғылардың таты мен майы сіңген қолын шала шайып шайға отыратын Сағым тігін машиналары туралы көргенін айтып тауыса алмайтын.

– …Темір үстелдердің бетінде самсап, тізіліп тұр. Төмендегі педаліне табаныңды тигізсең бітті – сақылдай жөнеледі. Инелерін білесің бе, инелері таза болаттан жасалыпты. Сынбайды дейді. Әлі жүз, жүз жылың не, мың жылға дейін жетіп, іс тіге беретін көрінеді.

– Қойшы, Сағым, сен де қайдағыны білгішсініп айта бересің.

– Күнде үзбей жұмысқа салса, істей бермегенде қайтеді? Мен көрген тігін машиналарының, бар ғой, жаны бар сияқты. Бәтеңке ме, бірдеңе тіктіріп көрер ме еді өздеріне… жандары кіріп, зырлап ала жөнелсін. Соның біреуін көтеріп үйге әкелсем қайтеді, Үрпек? Көйлек тігіп аласың…

Ақүрпек ұзын кірпіктерін төгіп, төмен қарады.

– Сако, көйлек демекші, оқуды бітіріп, диплом алатын уақытымызға аз қалды. Бір айдан кейін… Не киіп барамын? Қара кофтам мен қызыл юбкамды түнде жуып, күндіз киемін… дипломдарымызды салтанатты түрде табыстайтын күні де қызыл юбкамды сүйретіп шығамын ба елдің алдына? Бибалар, әне, көйлекті қос-қостан сатып алды.

– «Бір айдан кейін» дейсің бе?.. – Сағым май-май қолымен шекесін қасыды. Сосын, алқымын тырналап, айғыздаған. Қара май шыпылдап тер тепкен маңдайына жабысып, іле жайыла бастады. Аздан соң термен араласып, самайына, қабағына құлады. Сағым сонда маңдайын қара түнге тосқан бейнеткеш жанға ұқсап үлгерген-ді. Ал, алқымын айғыздаған қара май етінен арылып, шодырайған төс сүйегіне іркіліп, жұқалтаң жігітті жүдете түсіпті. Ол маңдайы мен кеудесін қара бояуға малып, алдағы бейүміт күндеріне тесіле қарап отыр.

– «Бір айдан кейін» дейсің бе?.. – Сағым бағанағы сұрағын қайталады. – Бір айдан кейін бір мәнісі боп қалар. Саспа, салтанатты жиыныңа жалаңаш жібермеспін сені.

* * *

Кеше ме еді, оның арғы күні ме еді… Ақүрпек ертеңгі сабағын пысықтап, Сағым темір-терсек тасыған машиналардың гүріліне құлақ тігіп, «бүгін бұл көшемен жетпіс үш машина өтті» деп отырғанда, дауыстары жарқын-жарқын естіліп, шулап-шұрқырап, бөлмеге үш қыз кіріп келді.

– Ур-пеша-а (қыздар Ақүрпекті осылай атайтын), біз шопинг жасап келдік. Міне, көр! – деді үш қыздың үлкені Биба діріл араласып тұратын дауысын созып. – Күйеубала, сен де көр. Көр де көрімдігіңді бер!

– Көйлек-көншекке көрімдік сұрамайды, – деді Сағым жақтырмаған жүзін ашыққа салып.

– Өлә-ә, күйеу, бермесең қой көрімдігіңді!

– Көйлек-көншекке көрімдік сұрамайды, – деді Сағым тағы да, – байғазы сұрайды.

– Көрімдік, байғазы – какая разница? Дани, алдымен сен көрсетші көйлектеріңді. Даниден кейінгі кезек – Сонидікі. Мен – соңынан.

Бұрынғы совхоз директоры – заманының алдын шалып, ірі шаруашылықты жекешелендіріп алған алпауыттың қызы Дани – Дәния күлімсіреп, бүйірі қампиған ала сөмкесінің сыдырмасын тартып отырып сөйледі:

– Папым мен мамым базарға шығарып үш өгіз, екі сиыр саттық дейді. Сол сатылған малдың бар ақшасын саған түпе-түгел жібердік дейді. Дипломыңды алмай тұрып бастан-аяқ киін дейді.

Ақүрпек Дәнияның ала сөмкесінен ақтарылған қымбат киімдерден қарыққандай көзін тайдырып:

– Қыздар, «физика ағайдың» емтиханына дайынсыңдар ма? – деп сұрады. Қыздар күлді.

– «Физика ағайдың» кеңірдегінен баяғыда-ақ біздің үйден бір жылқы, екі бұқа, жиырма бес қой өтіп кеткен.

Мұғалімдер дайындайтын Пед.Универде, есебін ешкім білмейді, қаншама жылдардан бері бұзаулар, торпақтар, сиырлар, өгіздер, қойлар, жылқылар «оқитын». Студенттердің орнына аудиторияларда көркем көйлектер отырады.

Сағым қытай бәтеңкесін қонышынан басып, сыртқа ұмтылды. Сыртта, күрежолдың бойымен, күншығысты бетке алып, кузовтарын темір-терсекке толтырған ауыр жүк машиналары күңірене тартып барады.

«Мыналардың қарасы күн өткен сайын көбейе түсті ғой. Осыншама темір-терсек пен қаңғырлаған қаңылтырларды қайда апарып төгеді, ей?» Күнделікті сұрағына жауап іздеген Сағым жатақхананың кіреберісіндегі маңдайшаға, маңдайшадағы жазуға қараған. «1994. Хош келдің, Жаңа жыл!». Көктемнің жазға ұласар шағы. Әріптері алюминий темірден иіліп жасалған, электр сымына оралған мына жазу әлі орнында. Жатақхананың шамы түгел сөнгенде, осы жазу ғана түн қараңғысында жымың-жымың етіп тұратын. Сағымның соған қарап жыны қозады. Сосын: «1994-і «Хош келдің, Жаңа жылымен» қоса жұлып алып, анау темір тиеген машиналардың қорабына лақтырып жіберер ме еді» дейтін алакөзденіп.

* * *

Баспаханадан тиесілі еңбекақысы тағы да кешігіп, фабриканың қожайыны: «Құрал-жабдықтар толық сатылмай ақшадан дәметпеңдер», – деген соң, Сағым Боркенттегі жолдасы – коммерсант Байбатырды ойлаған.

«Байбатыр шылқа байып кетіпті» дейтін сөзді ортақ таныстары жиі айтатын. Айтқанда, ауыздарының суы құрып айтады. «Байбатырдың мінгені мокро асфальтовый «Жигули-девятка», – дейді олар. – Алматыдан екі-үш пәтер алып тастапты. Қалтасы толы – доллар. Ақшаны уыстап шашып жүр. Бірақ не істеп байығаны жұмбақ. Әйтеуір, бай».

Байбатыр – көрші ауылдың баласы еді. Сағым екеуі бокстан аудандық, ауданаралық жарыстарға бірге қатысып, кейде бір салмақта қолғап түйістіріп жүріп, жақсы жолдас болып кеткен. Аздап өркөкіректеу, ұрдажықтау демесең, өзі былай, аңқылдаған жақсы жігіт. Сағым Байбатырдан қарыз алуды ойлады. Елу доллар. Елу доллар берсе, жетеді. «Ер мойнында қыл арқан шірімес», қайтарады ғой. Осы ойын Ақүрпекке білдіріп еді, ол жабыраңқы қабағы жазылмай:

– Байбатыр досың жарылқаса, жақсы болар еді, – деді жай ғана.

– Е-е, не бопты? Ескі дос қой, жағдайымды ескерер.

– Ескі дос жағдайды ескерер болса, Сәния ескерер еді ғой… Өткенде қыздар киімдерін шашып көрсетіп, қызықтырып кеткеннен кейін сыралғы досым ғой деп, оңашада Сәниядан ақша сұрап едім, білесің бе ол не деді?

– Иә, не деді?

– «Менің папам – балық зауытының директоры. Маған ақша жалько емес. Бірақ мен солай екен деп, ақшаны оңды-солды жұмсамаймын. Ешкімге қарыз да бермеймін. Сендерге тем более бермеймін. Өйткені сендер оны еш уақытта қайтара алмайсыңдар», – деді.

– Тап осылай деді ме?

– Тап осылай деді.

– Ендеше оның тап әкесінің аузын ұрайын!

Баспаханадағы басшыларынан бір жұмаға сұранған Сағым ерте күнді кеш қылмай, «Боркент, қайдасың?» деп ертеңінде шұғыл жиналып, жолға түскен.

Күнбатыс пен күншығыстың ортасында жонын Күнге тосып, күңсіген күрежол жатыр. Сол күңсіген күрежолдың бойында қорабына темір-терсек басқан ауыр жүк машиналары керуен тартып, тізбектеліп өтетін. Ыңырана керуен тартқан машиналар жолдың ой-шұңқырына ұрынған сайын селк-селк етеді. Сілкінеді. Бірақ селкілдейтін де, сілкінетін де машиналар емес, жат өлкеге бет алған темірлер сияқты. Олар да іске жарап, игілікке қызмет еткен кездерін қимайтын сияқты. Олар да алдағы күндерін ойлап, уайымдайтын сияқты… Олар да «Байбатыр меселімді қайтармаса екен» деп, жіңішке тілектің жетегіне ерген Сағым сияқты… үлкен кеденнің ауданы ат шаптырым ауласына келіп енді.

…Құдай сәтін салса, қиыспайтын тірлік кем. Сағым Байбатырды қалаң саудагерлердің ортасынан оңай жолықтырған. Тамағынан жарықшақтанып шығатын Байбатырдың дауысын да көптің ішінен жазбай таныған. Құлағы сынып, бітеу біткен біреуге ол: «братан, братан» деп, әлденені қолын сермей түсіндіріп тұр екен, бұл жанына жақындай бергенде-ақ, құшағын айқара ашып, бас салды.

– Өй, Сако, сен мұнда қайдан жүрсің?

– Темір тиеген машиналардың соңынан ілесіп едім, салпақтатып осында алып келді ғой.

– Сен де темір сатумен айналысып кеттің бе?

– Е-е, жоқ, а! Біздікі – баяғы баспахананың жұмысы.

– Баспаханаңа бірдеңе алуға келдің бе?

– Жоқ, саған келдім.

– Жүр, ендеше, менің машинама кіріп отырып әңгімелесейік.

Байбатыр машинасына жайғасқан бетте қалтасынан бір бума АҚШ долларын суырып алды да, саусақтарына шырт түкіріп, санауға кірісті. Санап отырып та ауызы сөзден босамады.

– Осындамын, әкессс…н! Осындағы посттарды қарайтын жігіттермен әмпей-жәмпеймін. Қазақстанда не көп – темір көп екен ғой, әкессс…н! Соның бәрін тұз-түгел қытайға айдап жатырмыз. Тіпті, үлгере алмаймыз. Машиналар кезектің кептелісіне тұрып қалады. Соларды ретін тауып, посттардан өткізіп жіберемін. Машина басы – жүз доллар. Жаңа әзірде он машинаны жолға салғанмын, бауырым. Көзді ашып-жұмғанша, міне – мың доллар. Мә, саған елу доллар! Жолың жеңіл екен.

«Шіркін-ай, елу доллар! Осы еді ғой алыстан арып-ашып іздеп, тіленіп келгенім. Байбатырым-ай, бар бол, батырым!».

Сағым іштей еміреніп кетті. Аузына жөндемді сөз де түспей апалақтап: – Жігітсің, Байбатыр, жарайсың, дүниені шайқап жүр екенсің ғой, – дей берді.

– Дұрыс айтасың, – деді Байбатыр, – Сако бауырым, дұрыс айтасың. Дүниені шайқап өмір сүру керек. Менде қазір бәрі бар. Жүр, тарттық Алматыға!

Сағым байқап үлгерді: бұрыннан менменшіл Байбатыр қазір мүлде ықты-жарға қарамайтын болыпты. Сағымды машинасына отырғызды да, Алматыға апаратын жолға лыпыл қаққан көлігін жүйткіте әкеліп салды. Алдымен Боркенттегі әйдік сауда үйіне бас сұғып, шыттай боп киінген. Жаздық спорттық киімдерінің үстіне қосып мойнына алтын бұраулы шынжыр байланды. Өзі құлжа мойын құж желке, бұлшық еттері бұлт-бұлт ойнаған апайтөс жігіт болыпты. Сағым алкеуде Байбатырға қарап отырып, енді онымен жұдырық түйістіре алмасын бек түсінді. Күре жолдың бойымен күншығысты бетке алып темір тасыған машиналардың да қайда кетіп, қай аранға құлап жатқанын да түсінді.

* * *

Байбатыр сөзінен айнымады. Расында Алматыға жетісімен ол сайранды салды кеп, салды… Сағымды дедектетіп Көктөбенің басына шығарды. Медеу шатқалында шалқыған «Азия дауысы» концертін тамашалатты. Түн жарымында Алматының төріндегі пәтеріне әкеліп, түрлі тағамдар мен «отты суларға» тапсырыс беріп, алдырды. «Отты сулармен» бірге от құшақ сұлуларға да үй толды. Соның бәрінде Сағым «тұқымың өскір елу доллар қалтамнан түсіп қалмаса екен» деп, алаңдаумен болды.

Байбатыр «Жигулиін» құтырына айдағанда қалтасының аузын басып отырған. Көктөбеге шыққанда да, «Азия дауысының» жартылай жалаңаш әншілерін көріп, еліргенде де, қалтасының үстінен басып, байқастап, кейде қолын жүгіртіп, бар-жоғын тексеріп, ұстап көріп, барынша сақсынып баққан. Қолы қалтасына сүңгіп шыққан сайын «саусағыма ілініп, сыртқа түсіп қалған жоқ па деп» және алаңдайды. Жоқ, орнында. Төрт бүктеліп қалтасының терең түкпірінде жатыр. Кейде соны «қағазға қалыңдап орап алсам бұлай әуреленбес едім, томпайып, білініп тұрар еді-ау» деген ойға кетіп, сұлу сылқымдардың әзіл-әңгімелеріне ілесе де алмай қалады. Сөйтіп, бұл түнді Сағым әупіріммен өткерген. Байбатыр: «Қызмет ақысын төлеп қойғанмын, алаңсыз құшып жата бер» деген бикешті де қасына жуытпай, «көңілім шаппай тұр, шарашадым» дегенді сылтау қылып, елу доллар салған қалтасын жамбастап ұйқыға бас қойды. Ұйықтап жатып та елу долларын ұмытпады. Бай-бағыландардың қыздарынан әлдеқандай кемдік көріп, жасыған, жүдеген Ақүрпектің жүзі де жұмылған көздерінің қарашығына батып, мұңая қарап тұрып алды.

* * *

Байлығы тасыған адамның қасына ілесіп жүру – азаптың азабы екен. Басында қиқу қосып, қызық көргенімен, Сағым аптаға жетпей Байбатырдың қасынан кетіп, қарасын батыруға асыққан. Алайда Сағымның күйіне сәт салған Байбатыр жоқ. «Кеттік», – дейді. «Ішеміз-жейміз, шайқаймыз», – дейді. Иә, екі дос ішті, жеді, шайқады. Қымбат мейрамханаларды шетінен сүзіп шықты. Кабакханалар мен барларды кезді. Түнгі клубтардан «түнгі көбелектерді» аулады. Бірақ Сағым еш серпіле алмаған. Сауық-сайранды ортаға бойы да жуыспады. Сауық-сайранды өмірге өзінің сіңе алмайтынын ұқты. Ондай өмірге өгей екенін де әбден білді. Себебі, Сағым Ақүрпектің салтанатты жиынға шыт жаңа көйлек киіп баруын ғана тілейтін. Ол Ақүрпектің ғана қуанышына қуана алатын. Оған Ақүрпектің қуанышы мен шаттығы ғана түсінікті еді, өйткені…

Сиыр сәскеде ұйқысынан әрең оянған Байбатыр:

– «Барахолкадан әкейге табаны қалың былғары бәтеңке сатып әперемін» деп уәде қылған едім, барып қайтайықшы, – деді бас жазып отырып.

– Барсақ, барайық.

Қара базар – құмырсқаның илеуіндей құжынап, қайнап жататын сауданың ортасы екен. Алыпсатарлардан айналып өту қиын. Көлденеңдеп кеп жолыңды тосады. Жеңіңнен тартып жібермейді. Бәрі Байбатырға үйір. Мойнына алтын шынжыр таққан, көзіне Күннің өткір жарығын қағып өткізбейтін жылтыр қара көзілдірік киген Байбатыр саудагерлерді сонадайдан арбайды. Әсіресе, әйелдерді. «Крассавчик, мұнда кел, сен іздеген зат менен табылуы мүмкін», – дейді олар жамырай үн қатып. Екеуі ер адамдардың аякиімдері тізілген қатарды жағалап келе жатқан. Байбатыр бір әдемі келіншектің ләпкесіне бұрылды.

– Крассавчик, – деді әдемі келіншек бұратылып, – менен ештеңе сатып алмсаң да, қасымда бірер минут аялдап кетші. Сенің еркек иісіңе қанып қалайын.

– Мынау қанша тұрады? – деп сұрады Байбатыр кірпіш табан ботинканы қолына ұстап көріп.

– Елу доллар, – деді әйел үзіліп.

– Мұны кім киеді?

– Мұны сен сияқты мафиозниктің әкесі киеді.

– Ендеше аламын.

– Мен де ендеше… сен сұрасаң, беремін. Сен сұрасаң, бәрін беремін.

– Рас па?

– Рас айтамын, сұлу жігіт!

– Елу доллар дейсің бе?

– Иә, елу доллар. Сендей мафиозникке елу доллар сөз болып па? Алшы!

Байбатыр шолақ шалбарының қалтасына қолын жүгіртті. Бәденді келіншек оған көзін аударып-төңкеріп, ішіп-жеп қараған. Содан соң көзін Байбатырдың қалтасынан төмен құлдилатып, тіленген дүниесін әп-сәтте түгел тінтіп те шықты. «Мафиозник жігіт» болса, былқылдаған былғары әмиянын қалтасынан суырып, сыдырмасын ағытты да, ал кеудесін ұмсындырып, қасына тақай берген саудагер келіншектің бетіне күлімсірей қарады. Күлімсірей қарап, әмиянына саусақтарын салды. Жоқ. Әмиянының ішіне үңіліп қарады. Жоқ. Әмиянының ішін ақтарып қарады. Жоқ. Бірақ саспады.

– Сағым, – деді тамағынан жарықшақтанып шығатын дауысын созып. – Сағым, саған елу доллар беріп едім ғой, соны қайтаршы маған. Шалға мына бәтеңкені ала барайын, «Байбатырым әперді» деп, киіп жүрсін.

Сағым сөзге келмеді.

Байбатыр жырқылдап күлді.

– Ха-ха-ха! Хи-хи-хи! Сағым, прикинь, менің ақшам бітіп қалыпты. Прикинь, менде ақша жоқ. «Байбатырда ақша жоқ» дегенге кім сенеді? Айтшы, кім сенеді? Сенен ақша сұрадым ғой мен. Ха-ха-ха! Хи-хи-хи! Мұндай да болады екен-ау, бауырым!

Күлкіге көмілген Байбатырды бір топ жігіт қаумалап, қоршай алған. Шетінен балуан денелі, кірпі бас жігіттер. Байбатырдың достары екен. Сол күні олар тағы да тойлады. Сағым да сілтеп ішті. Бәрін ұмытып ішті. Бірақ бәрібір құлқын сәріден оянып алып, ауы ақтарылған шалбардың аузын аңдып отыр.

* * *

Бас бармағы бүгулі. Сұқ саусағы мен ортаңғы саусақтан өзгесі де бүгулі. Енді тек екі саусақты қайшылап апарып, ауы ақтарылып, орындықтың арқасына ілінген кең балақ, сұр шалбардың алдыңғы қалтасына жып еткізіп, сұғып жіберсе, болғаны. Кемі елу долларды іліп шығары анық. Ал шалбардың иесі тәтті тамсанып, ұйқыны соғып жатыр. Қаннен-қаперсіз сияқты.

«Бәрі ұрлық жасайды, – деп күбірледі Сағым ішінен. – Бала да өзінде жоқты өзгеден көрсе, қызығып, бәлкім, қызғанып, әке-шешесінің кедейлігіне қорынып не сараңдығына, мейірімсіздігіне ызаланып, кіп-кішкентай қолдарын ұрлыққа жұмсайды. Ұрлыққа ұрынбайтын пенде кем».

Сағым тәуекелге қамшы басқан. Міне, сумақайлау сұқ саусақ ортаншыны ілестіре, жайлап көтерілді. Көтеріліп келеді. Уа, ғажап, тағы да көтерілді! Көтеріліп келеді-ей, кәдімгідей! Қалтаның тұсына дейін көтерілді. Қалтаның тұсынан да өтіп, жоғары көтеріліп барады. Өрлеп барады. «Ойбай, тоқта, ол жақта нең бар еді, құлыным! Қайт кейін, сәл төменде».

Сағымның ауаға асылған қолы сылқ етіп құлап түсті.

«Ұрлыққа қолым жүрмейді екен, – деді ол тізесін құшақтап отырып. – Кешір, Ақүрпек, қара кофтаң мен қызыл юбкаңды түнде жуып қойсаң, күндіз кеуіп тұрады ғой. Үтікпен үстінен жүріп өтсең, қыртысы жазылып кетеді, білесің».

…Алматыдағы «Сайран» автобекетінен автобусқа билет алып, қалтасындағы қара бақырын кассаға тастаған Сағым тұнжырап, ойға қамалды. Ой болғанда, жауабы бұған әзірге белгісіз бір сұрақтан суырыла озып, тығырыққа тірей беретін ой. «Менің қашан, қайткенде жолым болады?» дейді ол. Ал жол шіркін қызыл «Икарустың» алдынан алқына шығып, соңында созылып қалып жатыр. Ешқашан бітпейтін, таусылмайтын, аяқталмайтын жол. Бұл жол – бағы жанғанға да, соры қайнағанға да ортақ жол. Жалпы да, жалқы да осы жолды кешіп өтеді. Жол – қашықтықтардың ғана өлшемі емес, жол – тағдырлардың тоғысы. Тағдырларға жон арқасын төсеп, жол жарықтық жосылып жата береді. Жол жайына көңілі ауған Сағым Джек Лондонның кейіпкерлерін есіне түсірді.

«Олар үйлеріне алтын арқалап оралушы еді ғой. Мен ше, мен сонда, сапарлардан құр қол қайтамын ба? Сәтсіз сапар – бос сандалу, адасу. Бәлкім, сәтсіз сапар деген болмайтын шығар, тек сапарға аттанатын жолын дұрыс таңдай алмайтын мен секілді адасқақ жандар ғана болатын шығар… Әлде менің сәтті сапарым ұлы кітаптар патшалығына бастап баратын жолдарда жатыр ма?»

Сағым Джек Лондонның кітаптарын бұрын жата-жастана оқушы еді. Өзі де ұлы жазушыға ұқсап оқиғасы шетін, кейіпкерлері шетінен ер боп келетін шығармалар жазуды армандайтын.

Кенет, ол аспаннан әлдебір беймәлім ноқаттың құлдилап, құлап келе жатқанын көрді. Әуелде зау биікте айналып ұшатын алып қара құстардың бірі ме деп шамалаған. Жоқ, мынау асқан жылдамдықпен төне түсіп, зымырап келеді. Осы зымыраған бетінде қызыл «Икарусты» іліп әкетіп немесе оған кеудесін ұрып күл-парша болуға асыққандай үрейлі бір сыңай аңғартады. Жолаушылар жанұшыра жүргізушіге жалынды.

– Шопыр бала, қаш! Сай-жыраның біріне қаш, тығыл!

– Жылдамдат автобусыңды!

– Мына темірқанат құс төбемізге құласа, біттік, жер жастандық!

– Қаш, ойбай, қаш!

– Жоқ, тоқтай қал, бәлкім, тұсымыздан зулап өтіп, басқа жерден шаң қабар.

Қара ноқат бірте-бірте айқындалып, оқтұмсық зымыранның бейнесінде әуеде қалбалақтап сәл шайқалды да.., төгілді. О, ғажап! Аспаннан темір жауды. Кесек-кесек, білем-білем темірлер автобустың төбесіне сатырлата жауып өте шықты.

«Темір! Темір! – деп шулады енді жолуашы біткен. – Тоқтат автобусты! Қымбат темірлер ғой мыналар. Теріп әкетіп, қытайға өткіземіз. Байимыз. Байлыққа кенелеміз. Тоқтат автобусты!»

Айқара ашылған автобустың есігінен жұлқына шыққан жолаушылармен бірге Сағым да жүгіріп келеді. Ол бәрінен шапшаң жүгірді. Ол бәрінен жүйрік екен. Ол қанатына «Протон» деп жазылған қалың қаңылтырға көптен бұрын жетті. Көптен бұрын жетті де, «Протонның» үстіне қарғып мініп алды. Сосын естанды халде айқайлай берген.

– Бұл – менікі. Мен мұны жатақханама шейін сүйреп барамын. Кеденде Байбатыр досым бар. Байбатыр екеуміз мұны мол ақшаға, долларға сатамыз! Ақүрпекті үлде мен бүлдеге орайтын болдым. Жоламаңдар! Бұл – менікі. Менің «Протоным» – бұл.

Темір-терсектің қалың үйіндісіне екі өкпесін қолына алып, зорығып, зорға жеткен кәрі-құртаң, бала-шаға, қатын-қалаш Сағымға қызғана әрі қызыға қарап қалыпты.

Abai.kz

0 пікір

Үздік материалдар

Әдебиет

Өлген кітаптар

Тұрдыхан Айдарханұлы 2794
Әне, көрдің бе?

Американың қаржылық жүйесін кімдер ұстап тұр?

Бейсенғазы Ұлықбек 1901