Әлемнің нұры – әйелдер
Елордадағы Тәуелсіздік сарайында Қазақстан Республикасы Президенті жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссияның қолдауымен, «Қазақстанның іскер әйелдері қауымдастығы» ұйымдастырған Әйелдердің үшінші еуразиялық саммиті өтуде. Оған еліміздің барлық өңірінен 350-ге жуық әйел мен Ресей, Беларусь, Башқұртстан, Өзбекстан, Қырғызстаннан келген қонақтар қатысуда.
оғамның қозғаушы күші
Соңғы он жылдықта еліміздің қоғамдық саяси өмірінде әйелдердің белсенділігі артқаны байқалады. Бұл Елбасы Н.Назарбаевтың 1998 жылы 22 желтоқсандағы Отбасы және әйелдер істері жөніндегі ұлттық комиссиясын құруымен тікелей байланысты. Осы жылдардың ішінде комиссияның атауы бірнеше рет өзгергенімен, заты, мәні сол күйінде қалып, әйелдердің денсаулығын жақсарту, олардың қоғамдық-саяси қызметтерге араласуына, мемлекеттік деңгейдегі шешімдер қабылдауына ықпал ету, экономикалық тұрғыда алға жылжыту және зорлық көрсетудің барлық түрін жою сынды негізгі бағыттарда жұмыс істеп келеді. Осы жылдардың ішінде қанатын кеңге жайған Ұлттық комиссияның елеулі еңбегін, оған мүдделілік таныта алған қазақстандық әйелдердің белсенділігін осы жылдың қазан айының соңын ала Бүкіләлемдік экономикалық форум талдамалық тобы жариялаған материалдан да көруге болады.
Елордадағы Тәуелсіздік сарайында Қазақстан Республикасы Президенті жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссияның қолдауымен, «Қазақстанның іскер әйелдері қауымдастығы» ұйымдастырған Әйелдердің үшінші еуразиялық саммиті өтуде. Оған еліміздің барлық өңірінен 350-ге жуық әйел мен Ресей, Беларусь, Башқұртстан, Өзбекстан, Қырғызстаннан келген қонақтар қатысуда.
оғамның қозғаушы күші
Соңғы он жылдықта еліміздің қоғамдық саяси өмірінде әйелдердің белсенділігі артқаны байқалады. Бұл Елбасы Н.Назарбаевтың 1998 жылы 22 желтоқсандағы Отбасы және әйелдер істері жөніндегі ұлттық комиссиясын құруымен тікелей байланысты. Осы жылдардың ішінде комиссияның атауы бірнеше рет өзгергенімен, заты, мәні сол күйінде қалып, әйелдердің денсаулығын жақсарту, олардың қоғамдық-саяси қызметтерге араласуына, мемлекеттік деңгейдегі шешімдер қабылдауына ықпал ету, экономикалық тұрғыда алға жылжыту және зорлық көрсетудің барлық түрін жою сынды негізгі бағыттарда жұмыс істеп келеді. Осы жылдардың ішінде қанатын кеңге жайған Ұлттық комиссияның елеулі еңбегін, оған мүдделілік таныта алған қазақстандық әйелдердің белсенділігін осы жылдың қазан айының соңын ала Бүкіләлемдік экономикалық форум талдамалық тобы жариялаған материалдан да көруге болады.
Онда гендерлік теңдік бойынша біздің еліміз 135 мемлекеттің ішінде алдыңғы жылдардағы көрсеткіштен 18 саты жоғары көтеріліп, 31-ші орынға тұрақтағаны белгілі болды. Елорда төрінде өткізілген кешегі саммиттің ашылу барысында сөз алған Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссияның төрайымы Гүлшара Әбдіқалықова бұл көрсеткіштің біздің еліміз үшін жақсы жетістік екенін атап өтті. Ол мұндай табысқа Елбасының ана мен баланы қорғау, отбасылық-демографиялық саясатты қолдау бойынша жүргізіліп отырған жүйелі жұмыстарының арқасында, сондай-ақ Президенттің саяси мемлекеттік қызметтегі әйелдер өкілдігін 30 пайыздан кем емес деңгейге жоғарылату туралы тапсырмасына орай арнайы Іс-қимыл жоспарының қабылдануы барысында қол жеткенін мәлімдеді. Төрайым сонымен қатар, еліміздегі әртүрлі басқару құрылымдарындағы әйелдер саны артып келе жатқанын, тек Парламент Мәжілісіне депутат атанған әйелдер санының өзі 24 пайызды құрайтынын алға тартты. Сондай-ақ, бүгінгі таңда атқарушы органдардағы басшы әйелдердің де үлес салмағы өскен.
Қоғамымызда кәсіпкер әйелдердің де ықпалы артып келе жатқаны шындық. Мәселен, соңғы уақытта «Даму» кәсіпкерлікті қолдау қоры арқылы, «Жұмыспен қамту-2020» бағдарламасы бойынша шағын несие алатын әйелдердің саны өскен. «Жұмыспен қамту-2020» бағдарламасы бойынша несие алушылардың 40 пайызын әйелдер құрайды екен. «Еліміздің барлық облыстарында әйел кәсіпкерлердің тұрақты өсуі байқалады. Бүгінде ерлермен тең дәрежеде «Жалпыға Ортақ Еңбек Қоғамын» 3 миллионнан астам әйел құруда. Олардың басым бөлігі жеке бизнес бағытында табысты жұмыс істеп жатыр. Жалпы ішкі өнімді қалыптастыруда олардың үлесі 40 пайызға жуық көрсеткішті құрайды. Әйтсе де еліміздің қазіргі таңда Кеден одағына мүше болуына байланысты бұл бағытта туындап отырған мәселелер де жоқ емес. Атап айтқанда, Кеден одағындағы кәсіпкер әйелдердің әлеуеті әзірге толық пайдаланылмай отыр. Бұл бағыттағы жұмыстарды жандандырып, бизнесті дамыту мен бірлескен кәсіпорындарды құрудағы мүмкіндіктерден айырылып қалуға жол бермеу керек», - деді Ұлттық комиссияның төрайымы. Осы орайда Г. Әбдіқалықова идеялар мен тауарлар айналымының, әйелдер жәрмеңкелерін өткізудің аумағын кеңейту қажеттігіне назар аударды.
Самитте БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің «Әйелдер, бейбітшілік және қауіпсіздік» қарарын Қазақстанда іске асыру туралы да айтылды. Бұл өз кезегінде әйелдердің бітімгерлік операцияларға қатысуын қамтиды. Қоғамда аталған қарар тек қақтығыстық ахуал орын алған елдер үшін ғана деген қате түсінік қалыптасқан. Қарар құқық қорғау органдары жүйесіндегі гендерлік реформаны және мемлекеттің аумағында қақтығыс болуына немесе болмауына қарамастан, әйелдердің бітімгерлік операцияларға қатысуын білдіреді. Әйелдер әрқашан отбасында және қоғамда да бітімгер болып келді. Аталған қарарды дұрыс әрі сауатты іске асыру - мемлекеттердегі көптеген қақтығыстарды шешуге мүмкіндік береді.
Саммиттің ашылу салтанатына қатысқан Беларусь Республикасы үкіметінің бұрынғы басшысы Сергей Сидорскийдің негізгі әңгімесі Кеден одағы төңірегінде өрбіді. Ол бірегей экономикалық кеңістіктің қалыптасып келе жатқанын, сондықтан бәсекелестік ортаның дамуы да заңды құбылыс екенін айтып, жұмыс күшінің, капиталдың, экономикалық өсімнің артуынан үмітті екенін жеткізді. «Қазірдің өзінде Беларусь мемлекетінің экономикалық өсімі Кеден одағы аясында екі есе өскенін байқауға болады. Бұл Одақ тек экономикалық байланысты ғана дамытпайды. Одаққа мүше елдер арасындағы достықтың нығаюына да әсер етеді. Неге десеңіз, осындай аралас-құраластыққа жол ашатын алаңқайлар арқылы адамдар бір-біріне етене бола түседі. Оның ішінде әйел-аналардың іскерлік қарым-қатынасының достыққа ұласуы заңды», - деді С.Сидорский.
Жиынға қатысушыларды Премьер-Министрдің орынбасары Қырымбек Көшербаев, «Мархамат» қайырымдылық қорының қамқоршылық кеңесінің төрайымы Гульшат Хамитова (Башқұртстан Республикасы) құттықтады.
Саммиттің ресми бөлігі аяқталған соң іскер әйелдердің шеруі өткізілді. Шеруге әр облыстың, қаланың делегаттарын бастап келген белсенді әйелдер қатысып, әрқайсысы өз өңірлері атынан қатысушыларды жігерлендіретін бір-бір ауыз лебіздерін жолдады.
Бұл жиынның бір ерекшелігі ретінде отандық өнім өндіруші әйелдердің өнімдерінің көрмесі ұйымдастырылғанын атап айтуға болады. Көрмеге еліміздің әр өңірінен келген әйелдер жетекшілік ететін 50 кәсіпорын қатысты. Соның ішінде астаналық «Столичный» сүт зауытының, алматылық «Aida Kaumenova» сән үйінің, қызылордалық «Маханбет П» ЖК-нің, Павлодар облысының «Гофритора» зауыты, «Ортопрот» фирмасы, «Ромат» фармацевтикалық компаниясының өнімдері үлкен қызығушылық тудырды.
Саммит «Іскерлік және экономикалық дағдыны дамыту жолдарымен әйелдер мүмкіндігін кеңейту» деген тақырыпта конференциямен жалғасты. Оның шеңберінде «Еуразиялық интеграция - тиімді экономикалық даму стратегиясы», «Әйелдер кәсіпкерлігін дамыту және шет елдердің сәтті тәжірибесі», «Мемлекет пен кәсіпкерлік арасындағы әріптестік», «Қоғамды әлеуметтік жаңарту және халықтың өмір сүру деңгейін арттыру» сессиялары үш күн бойы жұмыс істейтін болады.
Сонымен қатар, саммитте имидж, тұлғалық даму, халықтық IPO, сатылым, маркетинг, кәсіпкерлікті дамыту мәселелері бойынша жетекші мамандардың қатысуымен тренингтер және атақты нұсқаушы Александр Левитастың «Партизандық маркетингі» бойынша шеберлік сабақтарын өткізу жоспарланған.
Қатысушылар лебізі:
Алтын ЕШАНҚҰЛОВА,
Оңтүстік Қазақстан облы-сындағы Мақтаарал ауданы әкімінің орынбасары:
- Мақтааралдан үш депутат, бір кәсіпкер, бір мектеп директоры, бір бас дәрігер келдік. Басшы әйелдерді еуразиялық әйелдер саммитінде бір-бірімен танысып, бірінің озық ісін екінші біреулері оқып, үйренсін, тәжірибе алмассын деген мақсатпен іріктеген жайымыз бар. Көріп отырғанымыздай, расында бұған шет елдерден де қонақтар қатысуда. Олармен біздің кәсіпкерлер кездесіп, келешек іс-жоспарларын белгілесіп жатыр. Өңірлерден келген көрмелер арқылы насихатталған өнімдер көп ой салғанын айта кеткен жөн. Сан түрлі саладағы әйелдер мұнда әріптестерімен пікір алмасып, өздерін мазалаған жайттарды қозғау арқылы қоғамның біраз түйткілін шешуге мүмкіндік туатыны белгілі. Бұл жерде көп іс кәсіпкердің іскерлігіне байланысты деп ойлаймын. Мәселен, олардың арасынан басқа өңірлерде өз бизнесін ашқысы келетіндер шығуы әбден мүмкін.
Статистикалық дерек бойынша ауданда 308 мың халық тұрса, соның 158 мыңы әйелдер. Ауданда батыр аналар өте көп. Соңғы алты айдың көрсеткіші бойынша 2319 батыр ана тіркелген. Мырзашөл - дүниеге сәби әкелу жағынан елімізде алғашқы орында тұрған аймақ десек, бір айда 50 шақты әйел бұл тізімді толықтырып отырады. 2314 кәсіпкердің 312-сі, ал 121 мектеп директорының 52-сі әйел болуының өзі өңірдегі нәзік жандыларға деген құрметтің деңгейін айғақтап тұрғандай.
Оразгүл ШЫЛМЫРЗАЕВА,
кәсіпкер:
- Әйелдердің Үшінші еуразиялық саммитіне қатысып отырғаныма өте қуаныштымын. Себебі, болашақта көптеген идеяларымды жүзеге асыру үшін, бизнесімді жандандыруға мұндай басқосулар өте-мөте пайдалы. Әйелдерді елорданың төріне шығарған Елбасының сарабдал саясатына алғысымыз шексіз. Менің бұл салада қызмет істеп жүргеніме он жылдың жүзі болып қалды. Бұрын Ресейдегі әріптестеріммен көп жұмыс жасадым. Ал мына саммитте Белоруссиядан келген кәсіпкерлермен кездесіп жатырмыз. Келешекте ондағы тоқыма фабрикасымен бірлесіп жұмыс істеуге ниеттіміз. Олармен осы кездесу барысында келісім- шартқа отырсам ба деген ойым бар. Жақында 30 адам жұмыс істейтін халыққа қызмет көрсету орталығын аштым. Бұл да болса Президенттің 20 тапсырмасын жүзеге асыру барысындағы оң қадамымыз болып табылады.
Жанат АСАБАЕВА,
Қазақстан халқы Ассамблеясы Атырау облыстық хатшылы-ғының меңгерушісі:
- Билікте, әсіресе, мемлекеттік деңгейде шешім қабылдауда әйелдердің көбірек болуын қалаймын. Қазіргі біздің деңгей Скандинавия, Норвегия сынды елдермен салыстырғанда, әлдеқайда төмен. Соның ішінде Атырау облысында әйелдердің биліктегі үлесі 12 пайыз деп айтуға болады. Әрине, біз осындай келелі жиындарда тек қана әйелдердің саясаттағы орнын, әлеуметтік мәртебесін немесе экономикалық жетістіктерін сөз етіп, оның басқа қырын ұмытпауымыз керек. Әйелдерді жан-жақты көтеру мәселелері қозғалуы керек деп ойлаймын.
Ал енді менің тікелей өз басым «бұл саммит әйелдерге не береді?» деген сауалға былайша жауап бергім келеді. Бұл саммиттің ерекшелігі, негізінен кәсіпкер әйелдерді жинауында. Тіпті Ресейден, Башқұртстаннан, Беларусь мемлекетінен келген қонақтар арасында да кәсіпкер әйелдер баршылық. Сондықтан жиында бизнес саласындағы әйелдердің біліктілігі көтеріледі деп ойлаймын. Олардың кәсіпкерлігін дамытуға қатысты қаншама құнды ойлар айтылатынына, әр адам өзіне сенімді жаңа серіктес табатынына сенімдімін.
Вера СУХОРУКОВА,
«Ертіс» ӘКК АҚ басқармасы төрағасының орынбасары:
- Әйелдердің саммиті нәзік жаратылыс иелерінің қоғамдағы белсенділігі мен олардың бизнестегі рөлін арттыруда маңызды орын алады деп есептеймін. Негізінен мұндай ірі басқосулар әйелдің қолынан қыруар іс келетінін, өмірдегі көп жетістіктер әйелдер белсенділігінің арқасында жүзеге асатынын айқын сезіндіре түсетіні шындық. Өйткені, еліміздің түкпір-түкпірінен келген әріптестердің жанайқайына құлақ түруге мүмкіндік туады. Мұнда қазір біз сан салада жұмыс істейтін замандас, құрбыларымызды толғандыратын мәселелерді қызу талқылау үстіндеміз. Саясаттағы, бизнестегі, басқа да саладағы толып жатқан проблемалар мен түйткілдердің түйінін шешуге жиылған жұрттың арасында 20 шығысқазақстандық әйелдің де алға тосар мәселелері аз емес. Өңірдегі әйелдердің дені бюджеттік салада қызмет істейтіндіктен, мұндағы қордаланған ойларды саммиттің барысында барынша тарқатып айтуға тырысып бағамыз. Ауыл шаруашылығы саласында жұмыс істеп жүрген құрбылардың, сондай-ақ, бұрын құрметті еңбек демалысына шыққан зейнеткерлердің жалақысы мен зейнетақысына қатысты ұсыныс-тілектеріміз да тиісті орындардың құлағына жетеді деген сенімдемін.
Рәшкүл ОСПАНӘЛИЕВА,
Оңтүстік Қазақстан облыстық мәслихатының депутаты, «Береке» корпорациясының президенті:
- Оңтүстіктен саммитке отызға жуық делегат қатысудамыз. Өзім өңірдегі саясаткер әйелдердің төрайымы қызметін атқарамын. Оның 25 белсенді мүшесі бар. Облыстық мәслихаттағы елу депутаттың ішіндегі жалғыз әйелмін. Ер-азаматтарын қай жерде жүрсе де сыйлап, бірінші орынға қоятын қазақ қызының ұяңдығынан мұндағы жағдай басқа өңірлерге қарағанда сәл басқашалау. Сол үшін де бүгінде әйелдердің саясаттағы рөлін арттыру мәселесі біздерді қатты толғандырады. Әрине, мұнда іскер, кәсіпкер әйелдер жеткілікті. Елдің демографиясын өсіруге де оңтүстіктің әйелдерінің қосып жатқан үлесі өлшеусіз. Бір сөзбен айтқанда, жан-жақты деген теңеу осы біздің жақтың әйелдеріне қаратып айтылғандай. Бірақ та соған қарамастан олардың басшылық қызметтердегі үлес салмағы өте мардымсыз. Аудан басшыларын айтпағанның өзінде аудан әкімінің орынбасары қызметінде жүрген қыз-келіншектер бірлі-жарым ғана, болмаса жоқтың қасы. Кәсіпкер әйелдердің жағдайын жақсарту үшін не істеу керек десек, әйелдерге айғайлатып ешқандай жақсылық жасаудың қажеті жоқ, тек бизнесті жаңадан бастап келе жатқан құрбыларыма ешқандай кедергі келтірілмесе екен дер едім. Балалардың құқық бұзушылық фактілерінің көбейіп кету себебі, әйелдердің сыртта жұмыс істеп, бала тәрбиесімен айналыспауынан деген сыңаржақ пікір қалыптасқан. Бұл - дұрыс емес. Кейде тіпті әйелдің көбі базарда, болмаса мемлекеттік қызметте, ал 70 пайызы көлік айдайды, ер адамдардың жұмысының бәрін әйелдер тартып алып жатыр деген сияқты жаңсақ ойларды құлағымыз шалып қалатыны рас. Ал мен былай деп айтар едім, оңтүстіктің әйелдерінің қолынан дүниеге сәби әкелу де, ұрпақ тәрбиесімен айналысу да, сонымен қатар, жұмыс істей білу де келеді. Біздің әйелдер жан-жақты, бірақ сәл-пәл батылдық жетпей жататыны тағы бар.
Ұлбосын АХМЕТОВА,
Маңғыстау облысындағы
«Қайсар-сервис» ЖШС-нің бас директоры:
- Киелі Маңғыстау топырағынан бұл саммитке үш әйел келдік. «Өсер елдің ұлдары бірін-бірі батыр дейді, өсер елдің қыздары бірін-бірі асыл дейді», деп халқымыз бекер айтпаған. Сондықтан қыз-келіншектердің ең іскер, белсенді дегендерін жинаған мына саммитті ұйымдастырушыларға алғысымды білдіргім келеді. Көбіміз мұнда өзара пікір, тәжірибе алмасуға, болашаққа бірге жоспар құру үшін келдік. Өзім 1986 жылдан бері жеке кәсіпкерлікпен айналысамын. 1996 жылдан бастап құрылыс бизнесімен шұғылданып, 2004 жылға дейін он тұрғын үйді іске қостық. 687 отбасын пәтермен қамтамасыз еттік. Қазір аумағы 3,5 мың шаршы метр болатын медициналық орталық салып жатырмыз. Бұйыртса, келесі жылы жазда іске қосылады деп күтілуде. Жалпы, менің кейбір ер азаматтардың өзі тәуекел ете алмайтын мұндай қиын кәсіпті таңдауыма отбасымның жағдайы түрткі болды. Бес баламмен бір бөлмелі пәтерде тұрдым. Дүниеге сәби әкелгеннен кейін әр ата-ана олардың әрқайсысының жеке тұратын өзінің бір бұрышы болса деп армандайды. Қазір ол арманымның бәрі орындалды. Бес бөлмелі үйге қол жеткен уақытта ұл-қыздарым өз алдарына отбасын құрып жатыр. Бүгінде бес немере сүйген өзімнен асқан бақытты ана бар ма деп ойлаймын. Саммитке келсек, жер-жерден келген құрбыларымның, жалпы жер бетіндегі аналардың бәрінің ойлайтын бір-ақ арманы бар шығар. Ол - елдің бейбіт өмірі мен тыныштығы. Ең басты байлық осы.
«Егемен Қазақстан»