Қазақстан оқушылары топ жарды
Химия саласы бойынша Қазақстан алға шығуды көздеп отырған елдің бірі. Химия саласын дамытуға қажетті ресурстар жеткілікті, енді адами капиталды сол мақсатқа бағыттау маңызды. Мұнай және газ саласының дамуы химия саласының дамуына серпін береді. Химия бойынша Қазақстан оқушылары да түрлі додаларда оқ бойы озық келеді.
Ұлттық құрама химиядан халықаралық олимпиадада (IChO-2022) 1 алтын және 3 күміс медаль жеңіп алды. Биыл бұл жарыс Тяньцзинь қаласында (Қытай) өтті.
Оқу-ағарту министрі Асхат Аймағамбетовтің хабарлауынша, еліміздің атынан Нұр-Сұлтан, Қарағанды, Павлодар және Ақтау қалаларынан 4 оқушы қатысқан. Олар әлемнің 83 елінен келген 322 оқушымен бақ сынасып, төртеуі де беделді олимпиаданың жеңімпазы атанған.
«Ұлттық құрамаға 2017 жылдан бергі алғашқы алтынды Мадияр Қасымалы әкелсе, Санжар Бисенәлі, Санжар Нұрғалиев және Альмира Нұрланова күміс жүлдені еншіледі. Былтыр қоржынымызға үш күміс, бір қола медаль түскен болатын.
Оқушыларымызды жоғары нәтижелермен және лайықты жеңістерімен құттықтаймын! Балаларымыздың математика, физика, химия пәндерінен халықаралық олимпиадалардағы жетістіктері жаратылыстану пәндеріндегі жақсы жетістіктердің көрсеткіші. Команданың табандылығы, білімі, еңбегі және жеңіске деген жігері барлық оқушыға үлгі болары сөзсіз. Оқушыларымызға берген білімдері мен дайындықтары үшін әріптестеріме алғыс айтқым келеді», - деп жазды министр әлеуметтік желідегі парақшасында.
Асхат Аймағамбетов биыл осындай олимпиадалардың жеңімпаздары алғаш рет қолдау шараларына ие болатынын айтты.
«Олар қомақты ақшалай сыйақы алуға және отандық ЖОО-ларға ҰБТ тапсырмай-ақ түсуге мүмкіндік алып отыр. Оқушыларды жарысқа дайындаған ұстаздар да төлемақы алады», - деді министр.
Abai.kz