Қазақстан әскері соғысқа дайын ба?
Әлемде геосаяси жағдай сағат сайын құбылып тұр. Кей сарапшылар қырғи қабақ соғысының жаңа кезеңі басталды деседі. Ал әскери мамандар қазір қорғаныс саласына қаржыны көбірек бөліп, әскердің дайындығын пысықтайтын сәт деп дабыл қағуда. Ежелден жау жоқ деме, жар астында қағидатын ұстанып келген қазақ халқы, әлемдік саясаттағы турбуленттіліктің қауіпті екенін жақсы түсінеді. Әскердің кез келген жағдайға дайын болуы мен жоғары технологиямен жабдықталуы маңызды. Бұл тек қана соғыс жағдайында емес, сонымен қатар әлемдегі түрлі дағдарыс салдарынан болуы мүмкін лаңкестік шабуылдар, босқындар легін тоқтату және тағы басқа міндеттерді жылдам әрі тиімді шешуге мүмкіндік береді.
Қазақстан үкіметі экономиканың болжамды баяулауына қарамастан, биылғы жылы қорғаныс шығындарын айтарлықтай арттырды. Қаңтар оқиғасынан кейін және Ресей Федерациясының Украинаға жаппай басып кіруін ескере отырып, құқық қорғау органдары мен төтенше жағдайларды жою құрылымдарының жауынгерлік әзірлігі мен техникасын арттыруға қосымша 441 миллиард теңге (1 миллиард долларға жуық) қаржы бөлді бөлді. Бұл Қорғаныс министрлігіне 2022 жылға жоспарланған жалпы шығындармен салыстыруға болатын айтарлықтай өсім екенін ескеруге тиіспіз.
2022 жылдың қаңтарында Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев елдегі болған қайғылы оқиғалардан кейін, әскерді жаңа заман талабына сай модернизацилау керектігін айтқан болатын. Қазақстан әскері жаңа қарумен жабдықталған, заманауи технологияны меңгерген әскер болуы шарт деген талап қойылды. Осы мақсатта еліміздің әскери саласындағы басты құжаты саналатын әскери доктринаны өзгерту де іске асты. Онда қосымша жаңа терминдер қосылып, жаңа қауіптер аталды.
Ресейдің көршілес мемлекеттері Украинаға жасаған агрессиясынан сабақ алуда. Бұл туралы көптеген зерттеулер де жазылуда. Бұл сөздерге мән беретін болсақ, Ресейдің бауырлас Украинаға жасаған шабуылы басқа елдерге де ауысуы мүмкін.
Қорғанысты қосымша қаржыландырудың едәуір бөлігі құқық қорғау органдарының санын ұлғайтуға және «материалдық-техникалық базаны толықтыруға» бағытталған. Бұл қаңтар оқиғасынан кейі қабылданған міндетті шараның бірі болды.
2021 жылғы жағдай бойынша Қазақстан тұрақты әскер саны бойынша әлемде 166 елдің ішінде 62-ші орында тұр. Халықаралық стратегиялық зерттеулер институты жариялаған The Military Balance жыл сайынғы анықтамалығының деректерінде осылай делінген. Қазақстан армиясында 39 мың адам еңбек етеді, тағы 31,5 мың адам тұрақты әскерлерге қатысы жоқ әскерилендірілген құрамаларда есепте тұр. Әрине бұл аз. Рейтинг бойынша Қазақстан тіпті Орталық Азияда екінші орынға ығысып, Өзбекстанға жол бермек. Рейтингті жасақтау барысында әскер саны, демография, экономика, қару жарақтың саны мен сапасы және тағы басқа көптеген критерийлер қарастырылады.
2021 жылға әскер саны бойынша рейтингте Қазақстаннан жоғары тұрған ТМД елдерінің ішінде – Ресей (5-орын), Украина (21-орын), Әзірбайжан (41-орын), Өзбекстан (57-орын) бар. Көптеген ақпарат көздері Қазақстан армиясындағы артиллерия мен әуе қорғанысыныңтым ескі және модернизациялауды қажет ететіні жайлы жазуда. Қазақстандық әскерлерді көп реттік зымырандық жүйелермен (MLRS), тактикалық зымырандық жүйелермен (ТРК) және әуе шабуылына қарсы қорғаныс жүйелерімен жабдықтаудағы күрделі мәселелер туралы айтылғалы біраз болды.
Қазақстан әуе қорғанысын жақсарту керектігін түсінеді. Зымыран шабуылынан қорғану және әуе шабуылына төтеп беру үшін заманауи қорғаныс жүйелері мен ұшақтар және дрондар қажеттігін біледі. Сол мақсатта өзге елдерден қару алу, оларды игеру бойынша тәжірибені кеңейту бойынша әрекет етуде. Әскери қоймаларды қорғау да басты мақсаттың бірі. Елімізде болған бірнеше әскери қоймадағы жарылыстар, еліміздің қорғаныс саласындағы көптеген мәселелердің барын көрсетті. Сондықтан қоймаларды салу және оны заманауи талапқа сай ету маңызды. Сарапшылар қоймаларды жер астына салу керектігін айтады. Бұл ұзақ уақытта алуы мүмкін, алайда ол қауіпсіз әрі соққыға төтеп береді. Бұл еліміздегі қорғаныс саласы бойынша талқыланып жатқан мәселелердің бірқатары ғана.
Abai.kz