Жексенбі, 10 Қараша 2024
46 - сөз 3162 10 пікір 9 Тамыз, 2022 сағат 15:07

Бұратана халықтар құнсыз екен...

Өткенде ютубтен украин журналистері түсірген екі деректі фильм көрдім.
Оның "Хроники пекла. Мариуполь" дегені Украинадағы Мариуполь қырғынынан тірі шыққан жандардың айтқан естеліктеріне негізделіп түсірілген екен.Өте аянышты фильм.

Екіншісі - "Тихий Террор. Хроники ада" дегені басқыншылардың қолында қалған Херсон қаласы туралы екен.

Ресей әскері Мариупольді үш тараптан атқылаған екен. Көктен соққы жасап әскери ұшақпен бомбылаған, теңізден және құрлықтан соққы жасап 500 мың халық тұратын әдемі қаланы орктар жер бетінен сүріп жіберген.
Қоршаудағы халық су таппай, тіске басып талғажау қыларлық азық көрмей тентіреп жертөлеге тығылып жан сақтаған екен.

Аш халық алдымен иттерін, мысықтарын сойып жеген, қар ерітіп су ішкен.
Қаладағы шал - кемпір, ауру - сырқау, контузия алған адамдар я бұндай қияметке шыдамаған өзге жандар балконнан секіріп өле берген.
Қала қан сасып өлген адамның мүрдесіне толып кеткен.

Халық түнде жертөлеге тығылады, күндіз азық іздейді. Баланың аты бала, бала болғасын ойнайды, қаладағы Мариуополь балалары теңкиіп көмусіз жатқан өліктердің қасында ойнап жүретін көрінеді.
Қысқасы, өте ауыр фильм.

Жергілікті жұрт сондай жағдайда отырғанда өлген қаланың төсінде тайраңдап құрамында днр, лнр ы бар, басқасы бар, осы ресейлік орк — сарбазсымақтар ішіп алып жертөле кезіп көңіл көтеретін әдемі қыз іздеп жүреді - міс. "Даңқты, азат етуші әскер" қаланы азат етіп болып қызығын көріп жатса керек.

Екінші фильм - орыс қолындағы Херсондағы жағдай туралы.
Онда да қан көп, жазықсыз өлім көп. Қудалау, тінту, азаптау, ату - асу, жабу, ұру - соғу.

Келешекте бұл қалалар азат етілгенде көптеген басқыншының өзге де қылмыстары ашылып Украин үкіметі бұны геноцид деп тану туралы мәселені халықаралық қауымдастықтың алдына қояды. Оған мен еш шәк келтірмеймін.

Сірә, Дмитрий Медведев Грузия мен Қазақстанда да осындай тәртіп орнатқысы келген болар. Оның тәртіп деп тұрғаны осы херсон - мариуполь тәсілі болу керек, мен оны солай түсіндім және Медведевке еш ренішім жоқ.
Олардың пиғылын баяғыдан білемін.

Жалпы, орыс әскерінің айуандығы, қатыгездігі сонау заманнан белгілі еді.
Оны ауған соғысын, шешен соғысын өткерген адамдар біледі.
Ол соғыстарда қаншама бейбіт, жазықсыз тұрғындар қаза болды.
Ауған мен шешен халқы сол кезде өз қайғысын өзі жұтып іштей тынды. Бұлар ешкімге керексіз азия халықтары, жан айғайы сыртқа жетпеді. Әлемдік қауымдастық бұлардың жанкештілігін бағаламады, орысқа жығып берді.
Ауғанстанда бір қышлақтан бір оқ атылса сол қышлақты орекең смерч - градтармен тегістейтін. Бала - шаға, қатын - қалаш, шал... Оған қарамайды.
Баяғыда шешендердің алақандай Гудермес, Шали деген ауылдарын да "террорист жасырды" деген сылтаумен күнде зымыранмен атқылап жататын.
Ол жерде де қанша жазықсыз жанның қаны, көз жасы судай аққаны да белгісіз.

Оның бәрі кавказдық өр халықтың ішінде.
Енді міне, қазір Украина да сол күйді кешіп жатыр.
Уақыттарыңыз болса қарап шығыңыздар бұл фильмдерді.
Жақында буряттардың әйелдері бас көтеріп күйеулерін соғысқа жібермеудің әрекетін жасап жатыр екен.

Сол буряттарды біздегі бір ағайындар аяғандай боп жатыр мыс.
Менің ойымша, бұл буряттар Украинада баудай түсіп қырылып жатқаннан соң олардың әйелдері жанжал шығарып жатқан болар...

Әйтпесе бұл бурят, тыва, қалмақ, кавказдықтар, тіпті сондағы қазақтар, ол жерде Украина жеңілген жағдайда басқыншы сапында алаулатып, жалаулатып кіріп орыс үшін бір тау қопарып әлденені қиратқандай есірер ме еді ... Мақтана "біздің жеңіс" деп еркін халықты таптап азапқа салушы еді.
"Ең жақсы адал құл — өзінің құл екендігін білмейтін, құлдығын сезінбеген құл" деген екен кезінде Ленин.

Бұлар да сондай санадағы халықтар.
Этникалық қазақ болмақ түгел басқасы болса да менің бұларға деген түк аяныш сезімім жоқ.

Бұларды қазір Украин әскері дәлдеп тұрып тұмсықтан ұрып қыңсылатып жатыр, содан бұл сарбазсымақтар құйрықтарын қысып, жан сауғалап қатындарының артына тығылуда.

Және бұл байғұстардың орыстың түрмедегісінен де төмен, түк құны да жоқ, сұрауы да жоқ халықтар екендігін байқаймын.
Осы бурят - суряттары таусылған соң ғана путиннің шабармандары түрме кезіп қапастан соғысқа орыстың қарақшы ерікшілерін іздеп кетті. Түсінгенім; түрмеші орыстың жаны бұл бұратана халықтардан да ардақты боп көрінді, орыны биік екен.

Орыстағы бұратана халықтар соғұрлым құнсыз халық боп шықты, құдай аясын.

Олжас Әбіл

Abai.kz

 

10 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1167
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 2739
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 2778