Жексенбі, 24 Қараша 2024
Жаңалықтар 3988 0 пікір 10 Желтоқсан, 2012 сағат 09:37

Казактар Қазақты қашанғы қорлайды?!

Ұраны  Алаш қазақ баласына!
Барша ұлттық ұйымдардың назарына!

Ұраны  Алаш қазақ баласына!
Барша ұлттық ұйымдардың назарына!

Сібір казактарының әскери жасағы 1582 жылы 6 желтоқсанда құрылған көрінеді. Олай болатын себебі IV Иоан Грозный Ермакқа Сібірді алғаны үшін алғыс білдіріп, «Патша ағзамға адал қызметі үшін» атағын беріпті. Тарихтан белгілі, орыс Сібірді алған соң ұлы далаға - дәшті қыпшақ даласына, бүгінгі қазақ жұртына қарай қадам басты. Ол кезде әйгілі Алтын Орда империясының атақонысында Тәуекелдей баһадүр хан отырды. Орыс патшасы Тәукелмен ашық ұстасуға батпады, бірақ мысықтабандап жақындай берді, бекіністер салды. Сол бекіністің бірі кейін Қызылжар шаһарына келіп орныққан қазіргі Петропавл қаласы болды. Міне, енді    2-нші желтоқсан күні Солтүстік Қазақстан облысының орталығы Қызылжар қаласында Сібір казак әскерінің құрылғанына  430 жыл толуын Қазақстандағы казак ұйымдары бірігіп, мерекелік іс-шара ұйымдастырып, атап өтті. Шығу тегі күмәнді, ешбір халықтың құрамына кірмейтін, ұлт болып есептелмейтін бұрынғы Ресей патшасының құзырындағы қауым (сословие) дәрежесінде  өмір сүріп келе жатқан казактар Мемлекеттік Тәуелсіздігіне 21 жыл болса да саяси жалтақтық пен қорқақтықтан арыла алмай, балақтағы битті басқа шығарған бүгінгі биліктің осалдығы мен жалпақшешейлігін және көпұлттымыз деп көлбектейтін саясатын пайдаланып, ойына келгенін істеп жатыр. Сібір казак әскерінің құрылғанына  430 жыл толуын тойлауы соның тағы бір айқын дәлелі. Бұл аз десеңіз, казактардың мерекелік концертін ұйымдастырушы әрі өткізуші Қызылжар қалалық әкімдігі екен. Ал, ендеше!
Қызылжар қаласының әкімі  Болат Жұмабеков дейтін азамат. Облыс әкімі  Серік Біләлов. Казактар тайраңдап, той тойлап жүрген өңірдің екі лауазымды шенеунігі осылар.
Облыс пен қала әкімі білмесе керек, патшалық Ресей қазақты қырып, қазақ жерін отарлауды тап осы казактардың қолымен іске асырған. Қазақстандағы отарлық бекіністерді де казактарға салғызып, оларға қазақтарды қалай қырсаң да, не істесеңде өз еркің деп ерік берген. Со казактардың қазақты аяусыз қырғанын, тонағанын айғақтайтын тарихи деректер мұрағаттарда қайысып тұр. Демек, қазақтың қанын арқалаған казактарға Тәуелсіздіктің 21 жылдығында той тойлатқан орталық және жергілікті биліктің Тәуелсіз Қазақстан мен оның иесі қазаққа көзқарасы айқын көрініс тапқандай.

Биліктен қайыр жоқ! Оған көзіміз әбден жетті! Мәскеуде өткен шеруге 4-ші қарашада Алматыда жиналып қолдау көрсеткен казактар мәселесіне қатысты мақала жазып, Бас прокуратураның назарына жолдағанбыз. (http://www.russianskz.info/russians/4012-yubiley-sibirskomu-kazachemu-voysku-430-let.html) Содан бері ай өтті. Заң бойынша аталған құзырлы орган 15 күнде жауап беруі тиіс еді. Бірақ, әлі үнсіз.  Бұл заңды қадағалайтын органның ісі!
Орталық һәм жергілікті биліктен қайыр болмайтындығын білгендіктен, казактардың бассыздығы мен жүгенсіз әрекетіне тыйым салып, тәубесіне түсіру, Қасиетті Қазақ Шаңырағын көрсетіп қою - әрбір қазақ баласы мен ұлттық ұйымдардың парызы деп санап, қайырылып отырмыз!
Мемлекеттің Тәуелсіздігі мен оның түп иесі Қазақтың арқа сүйері -  әрбір Алаш баласы екенін естен шығармайық! Тәуелсіздікке ниеті харам, пиғылы теріс казактар секілді топтардың кеудесін басып, елдің тұтастығын сақтау -  бәріміздің қасиетті борышымыз!

«Abai.kz»

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1491
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3259
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5572