Заңы - Жаңа Қазақстан, сайлауы - Ескі Қазақстан
Биыл еліміздің бірқатар ауылында әкімдердің өкілеттік мерзімі аяқталуына байланысты ауыл әкімдерін сайлау науқаны жүріп жатыр.
2021 жылдан бері ауыл басшысын сайлау жаңа заң жобасы негізінде іске асырыла бастады. Ауылдың көшбасшысын бұрынғыдай жергілікті мәслихат депутаттары дауысқа салып, өздері сайламай, халыққа сайлау құқығын берді.
Ендігі жерде жұрт алдына келген үміткерлерден іріктеп, өзі қалаған әкімін сайлап алатын болды. Ауыл әкімдігіне кандидаттарды ұсынудың жаңа тәртібі енгізілді. Бұрын үміткерлерді аудан әкімі ғана ұсынған болса, былтырдан бастап талапқа сай келген үміткер өзін-өзі ұсына алады немесе партия ұсынады. Осылайша ауыл әкімін сайлаудың бірқатар талаптары өзгерген.
Көңілге қонымды заң қағаз жүзінде бар, ал оның іс жүзінде орындалуы қалай жүріп жатыр? Президент Тоқаевтың өзі айтқан «Жаңа Қазақстан – Әділетті Қазақстан» болып өзгерді ме, әлде сайлау науқаны ескі жүйедегідей «бармақ басты, көз қыстымен» өтіп жатыр ма? Дәл солай. Әкім сайлауы әлеткі «Ескі Қазақстанның» салып кеткен сүрлеуімен өтіп жатыр. Әлеуметтік желілер мен БАҚ-та бұған мысал көп. Соның бірі – таяуда Қарағанды облысының Абай ауданына қарайтын Ақбастау ауылында өткен ауыл әкімін сайлау кезінде №435 сайлау учаскесінде өрескел заң бұзушылықтар болған. Ол туралы басқа-басқа Парламенттің дәудей дәліздерінде айтылды. Мәжіліс депутаты Азат Перуашев Орталық сайлау комиссиясының төрағасы Нұрлан Әбдіровке 12 тармақтан тұратын заң бұзушылықтарды әшкерелеген депутаттық хат жолдады.
Азат Перуашевтың айтуынша, заң бұзушылықтар бейнекамераға жазылған. Төменде хаттың толық нұсқасын жарияладық.
Былтырғы асығып-аптығып жүріп өткізген ауыл әкімдерінің сайлауы туралы айттық жоғарыда. Бұл тәуелсіз Қазақстан тарихындағы алғашқы ауыл әкімдерін сайлау тәжірибесі. Жалпы бұл демократиялық құндылығы қалыптасқан, азаматтық қоғамы қарыштап дамыған елдерде бар құбылыс. Қазақстан оған енді қадам басып жатыр. Еуропа елдерінде президенттен бастап қала, ауыл, аудан, тіпті мектеп және университет ректорлары мен директорларын сайлап келе жатқанына жарты ғасырдан асты. Нәтижесінде Еуропа дамыған, халқы бай елге айналды. Ал бізде ше? Бізде жағдай баяғыша... «Бұрынғы жартас – сол жартас». Заң өзгерді, тек қағаз жүзінде. Ал іс жүзінде, түк те өзгерген жоқ.
Abai.kz