Сәрсенбі, 15 Шілде 2026
Жаңалықтар 1081 0 пікір 8 Шілде, 2026 сағат 14:53

Сайлау заңнамасына қандай өзгерістер енгізілді

Сурет: gov.kz сайтынан алынды.

Астанада Орталық сайлау комиссиясы жанындағы Сараптамалық кеңестің отырысында жаңа Конституцияға сәйкес әзірленген сайлау заңнамасындағы өзгерістер талқыланып жатыр. Отырыс барысында заңнамадағы негізгі жаңашылдықтар туралы Сараптамалық кеңестің мүшесі Снежанна Имашева айтып берді.

Оның сөзінше, бүгінгі отырыстың басты мақсаты — сайлау заңнамасына енгізілген жаңа нормаларды талқылап, оларды тәжірибеде қолдану тетіктерін пысықтау.

— Жалпы сайлау заңнамасы жеткілікті деңгейде қалыптасқан. Дегенмен сайлау процесінде туындайтын мәселелерге байланысты оны жетілдіру қажеттілігі туындайды. Сондықтан бүгін заңнамаға енгізілген барлық жаңашылдықты талқылап жатырмыз, — деді Снежанна Имашева.

Оның айтуынша, енгізілген өзгерістердің бір бөлігі сайлау процесінде кездескен практикалық мәселелерді шешуге бағытталған.

— Мәселен, аумақтық сайлау комиссиясының мүшесі басқа өңірге көшкен немесе өз міндетін атқара алмайтын жағдайда оның орны қалай және қандай мерзімде толықтырылатыны нақты айқындалды. Сонымен қатар сот шешімімен сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылығын жасағаны анықталған азаматтардың сайлау комиссиясының мүшесі болуына жол берілмейді, — деді ол.

Сондай-ақ заңнамада сайлау науқанын қаржыландыру тетіктеріне қатысты талаптар күшейтілген.

— Саяси партиялар мен кандидаттар үгіт-насихат жұмыстарын тек заңда көзделген қаржыландыру тетіктері арқылы жүргізуі тиіс. Сайлау қорынан тыс қаражатты пайдалануға жол берілмейді. Бұл сайлау процесінің ашықтығын қамтамасыз етуге бағытталған маңызды өзгерістердің бірі, — деді Сараптамалық кеңес мүшесі.

Дереккөзі: inform.kz

Abai.kz

0 пікір