Балаклея: Ресей әскері қоршауда қалды
Украина әскері Харьков облысында қарсы шабуылға шығып, қарсыласын ығыстырып барады. Шабуыл аса мұқият дайындалған және сәтті іске асуда дейді мамандар.
Украина басқыншыдан жерін азат ету операцияларын бірнеше ай бойы дайындауда. Қазіргі әрекетін толыққанды қарсы шабуыл деуге келмейді дейді мамандар. Бұл қанды соғыс алдындағы жау шебінің осал тұсын анықтау әрекеттері дегенді айтуда. Алайда қазірдің өзінде Украина әскері бірнеше маңызды елді-мекенді азат етіп, аса маңызды жол тораптарын өз бақылауына алуда.
Украина әскері оңтүстік аймағын толық азат етеміз деген ақпаратты таратқанына бірнеге ай болды. Жүйелі, жойқын шабуыл Херсон маңында іске асады деп болжам жасалды. Херсон маңындағы әскери нысандар, үш маңызды көпір мен штабтарға зымыранмен күні-түні соққы жасалды. Тамыз айының соңында Украина Херсон аймағында бірнеше бағытта шабуылға шығып, Ресей әскері абдырап қалды. Мәскеу дереу арада Херсонға екі бағытта көмек жіберу шешімін қабылдады. Әскери техниканы оккупациядағы Қырымнан әкелсе, жаяу әскерді Харьков пен Донбасс маңынан тапты. Осылайша Харьков пен Донбасстағы әскердің бір бөлігі Херсон маңына жіберілді. Бұл Харьков маңындағы Ресей қорғанысына кері әсерін тигізгені анық.
Украина әскері Ресейдің барлық назары Херсонға ауған сәтте, Харьков бағытында шабуылға шығып, маңызды Балаклея қаласын қоршауға алды. Осы арқылы Ресейдің бірнеше мың әскері толық қоршауда қалу қаупі тұр. Бұл мақсатты іске асыру үшін Украина әскері Изюм бағытында да шабуылды күшейтіп, екі жақтан қысымды арттыруда. Балаклея бағытында бірнеше ауылды қайтарып, қаланың ішіне украин жасақтары кіргені жайлы ақпарат бар. Алайда ақпаратты қорғаныс министрлігі не растамады, не жоққа шығармады.
Украина шабуыл потенциалын арттыру мақсатында Батыстық серіктестерінен қару мен зымырандарды үзбей жеткізуді сұрап отыр. Бүгін АҚШ Украинаға кезекті әсери көмек пакетін жариялайды. Оның құны 675 млн доллар. Көмек ретінде зымырандар мен снарядтар берілмек.
Бүгін Германияның "Рамштайн" базасында Украинаға көмек беру мақсатындағы кезекті кездесу өтеді. Оған АҚШ қорғаныс министрі де қатыспақ. Тараптар қандай қару беретінін, Украинаны қалай қолдайтынын тағы да кеңесіп, талқылайды.
Әскери операциялар жүргізу бойынша үлкен тәжірибеге ие Франция генералы Доминик Тринкван былай дейді: "Ресейліктер украин сарбаздары қолданып жүрген тактикаға таңданыспен қарағаны анық. Украина ресейлік базаларды, қоймаларды, әскери штабтар мен жеткізу жолдарын жою арқылы Ресейдің осы маңдағы әскерін есенгіретіп тастағаны белгілі. Енді Днепрдің батысындағы Ресей әскері жеткілікті оқ-дәрі алмаса, онда қорғану потенциалы төмендейді. Бұл біраз әскери бөлімшенің жағдайын нашарлатып, талқандалуына әкеледі. Украина осылайша Херсонды қсықа дейін қайтаруы мүмкін".
Херсондағы басқыншы әкімшілігі де бқл қауіпті сезетіндей. Бір апта бқрын Херсон бойынша псевдореферендум өткізу бойынша жасалған іс-шараларды уақытша тоқтатты.
Abai.kz