Авиация: Қазақстанды қорғайтын қырандар
Заманауи соғыста авиацияның орны ерекше. Оны Қарабақ, Сирия және Украина соғысы көрсетіп берді. Авиация жау әскеріне соққы жасауға және өз еліңнің әскери нысанын қорғауда басты рөл ойнайды. Авиацияға тек қана ұшақ емес, тікұшақ, соққы жасаушы, барлаушы және камикадзе дрондар да кіреді. Бұл заманауи соғыстың ажырамас бөлігі. Соңғы уақытта ғарыш арқылы барлау жүргізу де авиацияның тиімді әрекет етуіне себепкер болуда. Авиацияның тиімді әрекет етуіне әуе қорғаныс жүйелері мен зымыран шабуылынан сақтау жүйелерінің де әсері бар. Осы ретте Қазақстан авиациясы қандай деңгейде деген сұрақ туындайды.
18 тамыз – Қазақстан Республикасы Қарулы Күштері Әуе қорғанысы күштерінің құрылған күні. Бүгінгі таңда бөлімшелер жоғары технологиялық құрал-жабдықтармен қаруланған, еліміздің аспанын заманауи ұшақтар күзетіп тұр. Қазақстанның әуе шабуылына қарсы қорғаныс күштері қазіргі заманғы ұшақтар мен тікұшақтардың үлгілерімен, зениттік-зымырандық кешендерімен және радиолокациялық станциялармен қаруланған, соңғы байланыс технологиясымен және автоматтандырылған басқару жүйелерімен жабдықталған деуге толық негіз бар.
Еліміздің Әскери-әуе күштері 1992 жылы бұрынғы Кеңес Армиясы аралас 56-авиация корпусының негізінде құрылған еді. Құрамында Су-24 бомбалаушы ұшақтарымен, МиГ-21, МиГ-23, МиГ-25, МиГ-29, МиГ-31 истребительдерімен, МиГ-27 бомбалаушы ұшағымен, Су-17 шабуылдаушы ұшақтарымен қаруланған 10 авиациялық полк, Ми-6, Ми-8, Ми-24 және Ми-26 тікұшақтары, сондай-ақ Ан-12 және Ан-26 ұшақтарымен құрылды.
Бүгінгі күні Әскери-әуе күштерінің авиациялық флоты заманауи ұшақтармен, тікұшақтармен, сондай-ақ ұшқышсыз ұшу аппараттарымен толықтырылды. Авиация L-39, Су-25, Су-27, Су-30СМ сияқты үлгілермен қаруланды. Армия авиациясы Ми-8, Ми-17, Ми-171Ш, UH-1H-II (Хьюи-2), ES-145 көліктік және жауынгерлік тікұшақтармен және Ми-35М жауынгерлік тікұшақтарын алды. Әскери көлік авиациясы Ан-26, Ан-72, С-295, Ту-154, Боинг-757 ұшақтарын алуда. Мемлекеттік қорғаныс тапсырысына сәйкес жақын арада түрік өндірісінің «Анка» ұшқышсыз ұшатын аппараттары, Су-30СМ, С-295 көлік ұшақтары, Ми-35М тікұшақтары қабылданады деп күтілуде. «Анка» дрондары өте тиімді әрі Байрактар соққы жасаушы дрондарынан әлдеқайда тиімді болады деп болжануда.
Авиацияның қауіпсіздігі әуе қорғаныс жүйесімен тікелей байланысты. Ол қаншалықты заманауи болса, соншалықты жау ұшағынан және зымыранынан қорғалған деген сөз. 1995 жылы ақпанда Алматыда қазіргі уақытта Армения, Беларусь, Қазақстан, Қырғызстан, Ресей және Тәжікстан кіретін бірлескен әуе шабуылына қарсы қорғаныс жүйесін құру туралы келісімге қол қойылды. Сол жылы С-300-дің бірінші дивизиясы еліміздің әуе шекарасын қорғау үшін жауынгерлік міндетін атқаруды бастады.
Қазіргі уақытта Қазақстан Республикасы Қарулы Күштері Әуе қорғанысы күштерінің құрамында С-300ПС, С-125, С-75, БУК-М2Е қаруланған зениттік-зымырандық және радиотехникалық әскерлер бар. «Нұр» GM-403, Роса-РБ, П-18M радарлары да ел тыныштығын күзетуде. Мұндай қару-жарақ жаудың қазіргі заманғы әуе шабуылы сәтінде барлық биіктік пен жылдамдық диапазонында анықтау мүмкіндігіне ие. Жақын арада әуе қорғанысы күштері заманауи «ТОР» зениттік-зымырандық кешенімен жабдықталады деп күтілуде. Әуе қорғанысы күштерінің құрамына әуе кеңістігін пайдалануды бақылау, әуе кемелерінің ұшуын тікелей басқару, әуе кеңістігін халық шаруашылығы мен ұлттық қорғаныс мүдделеріне ұтымды бөлу, әуе қозғалысының қауіпсіздігін қамтамасыз ету міндеттері болып табылатын Әуе қозғалысын басқару орталығы да кіреді. «Байқоңыр» ғарыш айлағынан ғарыш аппараттарын ұшыру кезінде де орталық қызметкерлері тәулік бойы кезекшілік атқарады. Бұл да әуе қорғанысы үшін аса маңызды.
Бүгінгі күні Әуе қорғанысы күштері – Қарулы Күштердің ең ұтқыр және техникалық жабдықталған бөлімшесі, оның күнделікті өмірі тек жауынгерлік дайындықпен ғана емес, мемлекетіміздің әуе шекарасын қорғау мақсатында жауынгерлік кезекшілік тапсырмаларын орындаумен де сипатталады. Еліміздің аспанын Әскери-әуе күштерінің жоғары білікті авиация мамандары, әуе қорғанысы күштерінің дайындалған радиотехникалық және зениттік-зымырандық экипаждары күзетіп келеді. Бүгінгі таңда Әуе қорғанысы күштері армияны дамыту мен кәсібилендірудің, әскери қызметтің мәртебесі мен беделін арттырудың, әскерлердің жауынгерлік даярлығы мен техникалық жарақталуының сапасын арттырудың, әскерлердің беделін арттырудың барлық аспектілері бойынша кешенді шараларды жүзеге асыруда.
Әуе қорғанысын мығым етудің тағы бір жолы, жауынгерлердің дайындығын пысықтау мен арттыру, оларға қажетті техниканы алу. Жақында ғана Қазақстандық L-39 жауынгерлік оқу-жаттығу ұшағы Чехияда модернизациядан өтіп, елге оралды. Сондай-ақ мемлекеттік қорғаныс тапсырысы шарты бойынша зауытта әскери кемелер де күрделі жөндеуден өтті.
Модернизациядан кейін ұшақ жаңа сандық авионикалық техниканы, лақтыру жүйесін, объективті басқаруды, байланыстарды және т.б. жарақтанды. L-39 ұшағы курсанттарды ұшқыштық техникаға бастапқы оқытуға арналған. Ол оқу орындары мен бөлімшелердің ұшу құрамын оқытады, әуе нысаналарын ұстауға байланысты жауынгерлік қолдану элементтерін игереді, жердегі нысаналарды талқандау бойынша іс-қимылдарды машықтайды.
«Біз курсанттарды осы ұшақта оқытамыз. Олар үшін тәуелсіз ұшу – маңызды оқиға, ұшқыш шеберлігін меңгеруге жасалған алғашқы қадам. Болашақта қарапайым және күрделі пилотажға, маршрут бойынша, бұлттарда, төмен биіктікте ұшуға қол жеткізу әрекеттері іске асады», - дейді авиациялық оқу орталығының мамандары.
Қазір Әуе қорғанысы күштері Әскери институтының үшінші курс курсанттары жаңартылған ұшақтарда білім алуда. Ұшу әрекеттері басталар алдында болашақ ұшқыштар әуе кемесінің теориялық және материалдық бөлігін, ұшу жұмысын реттейтін құжаттаманы және ерекше жағдайларда әрекет ету тәртібін зерттейді. Тәжірибелі нұсқаушы ұшқыштар оларға жаңартылған L-39 жауынгерлік оқу-жаттығу ұшағын меңгеруге көмектеседі.
Қазақстан әуесін қазақ ұшқыштары қырағылықпен қорғауда. 24 сағат бойы көз ілмейтін қырандар ел тәуелсіздігі мен егемендігінің кепілі.
Abai.kz